Сот баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің көшірмесін шешім шығарған орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органға жіберуге міндетті.
Бала асырап алу азаматтық хал актілерінің мемлекеттік тіркеуі үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.
78-бап. Асырап алынуға тиісті балаларды және бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу
1. Асырап алынуға тиісті балаларды есепке алу осы Заңның 101-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу жергілікті атқарушы органдар белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алу Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.
79-бап. Бірнеше бала асырап алу
1. Бір адамның ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) болып табылатын немесе өзара туыстық қатынасы жоқ бірнеше баланы асырап алуына болады.
Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалыінілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) сияқты құқықтар мен міндеттер пайда болады.
2. Асырап алу балалардың мүдделеріне сай келетін жағдайларды қоспағанда, ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді (қарындастарын) әртүрлі адамдардың асырап алуына жол берілмейді.
80-бап. Бала асырап алуға құқығы бар адамдар
1. Бала асырап алуға бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дамуы, тәрбиеленуі және білім алуы үшін жағдайлар болған кезде рұқсат етіледі.
2. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот біреуін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған ерлі-зайыптыларды;
3) сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
4) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;
5) егер өз кінәлары бойынша сот шешімімен бала асырап алудың күші жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдарды;
6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады. Баланы асырап алуға, оны қорғаншылығына (қамқоршылығына) алуға, патронатқа алуға болмайтын адамның бойындағы ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардың белгілі бір баланы бірлесіп асырап алуына болмайды.
81-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың арасындағы жас айырмасы
1. Некеде тұрмайтын асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуы тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
2. Өгей әкесі (өгей шешесі) бала асырап алғанда, осы баптың 1-тармағында белгіленген жас айырмасы талап етілмейді.
82-бап. Бала асырап алуға ата-аналардың, қорғаншылар мен қамқоршылардың келісімі
1. Баланы асырап алу үшін оның ата-аналарының келісімі қажет. Жасы он алтыға жетпеген, кәмелетке толмаған ата-аналардың баласын асырап алғанда, сондай-ақ олардың ата-аналарының немесе қорғаншыларының (қамқоршыларының), патронат тәрбиешілерінің келісімі, ал ата-аналары немесе қорғаншылары (қамқоршылары) болмаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келісімі қажет.
2. Бала асырап алуға ата-аналардың келісімі нотариат куәландырған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын мекеменің басшысы растаған не бала асырап алу жүргізілген орындағы немесе ата-ананың тұрғылықты жеріндегі қорғаншы және қамқоршы орган бекіткен арызда көрсетілуге тиіс, сондай-ақ бала асырап алу ісін жүргізу кезінде сотта тікелей білдірілуі мүмкін.
Бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылғанға дейін ата-аналар бала асырап алуға өздері берген келісімінің күшін жоюға құқылы.
3. Ата-аналар нақты адамдарға не нақты адамды көрсетпей-ақ баланы асырап алуына келісім беруі мүмкін. Қорғаншы және қамқоршы органдар сотқа баланы асырап алудың бала мүдделеріне сай келетіні туралы қорытынды береді. Мұндай қорытынды баланы оның өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған кезде талап етілмейді.
4. Қорғаншылықта (қамқоршылықта) тұрған балаларды асырап алу үшін олардың қорғаншыларының (қамқоршыларының) жазбаша түрдегі келісімі қажет. 5. Патронат туралы шарт бойынша тәрбиеленіп жатқан балаларды асырап алу үшін патронат тәрбиешілерінің жазбаша түрдегі келісімі қажет.
6. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және тәрбие, емдеу мекемелері мен басқа да мекемелердегі балаларды асырап алу үшін осы мекемелер басшыларының жазбаша түрдегі келісімі қажет.
7. Сот баланың мүдделерін көздей отырып, оны асырап алу туралы осы баптың 1, 4-6-тармақтарында аталған адамдардың келісімінсіз шешім шығаруға құқылы.
83-бап. Баланы ата-аналарының келісімінсіз асырап алу
Егер ата-аналарын:
1) сот белгісіз немесе өлген, хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;
2) сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;
3) сот ата-ана құқықтарынан айырса (осы Заңның 69-бабының 7-тармағындағы талаптар сақталған жағдайда);
4) баламен бірге тұрмайтын және сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен асыраудан жалтарып жүрсе, олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.
84-бап. Асырап алуға баланың келісімі
1. Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
Баланың асырап алынуға келісімін сот белгілейді.
2. Егер бала асырап алу туралы арыз берілгенге дейін бала асырап алушының үйінде тұрып, оны өзінің ата-анасы деп есептейтін болса, асырап алуға баланың келісімі бар деп ұйғарылады.
85-бап. Бала асырап алуға ерлі-зайыптылардың біреуінің келісімі
1. Егер баланы ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей асырап алмаса, баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде бала асырап алуға ерлізайыптылардың екіншісінің жазбаша келісімі талап етіледі.
2. Егер ерлі-зайыптылар отбасылық қатынастарды іс жүзінде тоқтатып, бір жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса және екінші жұбайының тұрғылықты жері белгісіз болса, бала асырап алу үшін екінші жұбайдың келісімі талап етілмейді.
86-бап. Асырап алынған баланың аты, әкесінің аты және тегі
1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесінің аты және тегі сақталады.
2. Бала асырап алушының өтініші бойынша, егер бұл баланың мүдделеріне қайшы келмейтін болса, асырап алынған балаға бала асырап алушының тегі, сондай-ақ ол ұсынған ат беріледі. Асырап алынған баланың әкесінің аты болып, егер бала асырап алушы еркек болса, асырап алушының аты, ал егер асырап алушы әйел болса, асырап алынған баланың әкесі ретінде сол әйел ұсынған адамның аты танылады. Егер бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың тектері әртүрлі болса, бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың келісімдері бойынша, асырап алынған балаға олардың біреуінің тегі беріледі.
3. Баланы некеде тұрмайтын адам асырап алған жағдайда, оның өтініші бойынша туу туралы кітапқа асырап алынған бала шешесінің (әкесінің) тегі, аты мен әкесінің аты осы адамның (бала асырап алушының) көрсетуі бойынша жазылады.
4. Бала асырап алудың құпиялылығы талап еткен жағдайларды қоспағанда, он жасқа жеткен асырап алынған баланың тегі, аты мен әкесінің аты тек сол баланың келісімімен ғана өзгертілуі мүмкін.
5. Асырап алынған баланың тегі, аты және әкесінің аты өзгертілгені туралы оны асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
87-бап. Асырап алынған баланың туған күні мен туған жерінің өзгертілуі
1. Бала асырап алудың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін бала асырап алушының өтініші бойынша асырап алынған баланың туған күні, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жері өзгертілуі мүмкін.
Асырап алынған баланың туған күнін өзгертуге үш жасқа дейінгі бала асырап алынған кезде ғана жол беріледі.
2. Асырап алынған баланың туған күнінің және (немесе) туған жерінің өзгертілуі жөнінде бала асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
88-бап. Бала асырап алғандарды асырауға алынған баланың ата-анасы ретінде жазу
1. Бала асырап алушылардың өтініші бойынша сот туу туралы жазбалар кітабына бала асырап алушыларды өздері асырап алған баланың ата-анасы ретінде жазу туралы шешім қабылдай алады.
2. Осы Заңның 84-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған асырап алынған балаға қатысты мұндай жазба жасау үшін оның келісімі қажет.
3. Мұндай жазба жүргізу қажеттілігі жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
89-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары
1. Асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер жағынан тегі бір туыстарға теңестіріледі.
2. Асырап алынған балалар өздерінің ата-аналарына (өздерінің туыстарына) қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарынан айрылады және олар жөніндегі міндеттерден босатылады.
3. Баланы бір адам асырап алған жағдайда, егер бала асырап алушы еркек болса, шешесінің тілегі бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесінің тілегі бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттердің сақталуы мүмкін.
4. Асырап алынған баланың меншігіндегі мүліктің сақталуы үшін бала асырап алушы жауапты болады. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда бұл мүлікті қайтару жөніндегі міндет те бала асырап алушыға жүктеледі.
5. Асырап алынған баланың ата-анасының біреуімен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастары сақталуы жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың, осы баланың туу туралы акт жазбасындағы бала асырап алушылардың ата-анасы ретінде жазылуына қарамастан, құқықтық салдары пайда болады.
90-бап. Асырап алынған баланың зейнетақы мен жәрдемақы алу құқығының сақталуы
Асырап алынар кезінде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзіне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.
91-бап. Бала асырап алудың құпиялылығы
1. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады.
Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған, бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркіне қарамай жария еткен адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.
92-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
1. Бала асырап алу:
1) асырап алу туралы шешім жалған құжаттар негізінде қабылданған;
2) заң бойынша міндетті болса да (осы Заңның 82-бабы), бала асырап алу ата-аналардың келісімінсіз жасалған;
3) некеде тұрған адам жұбайының келісімінсіз бала асырап алған;
4) осы Заңның 80-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртібімен жүргізіледі.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы істі сот қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қарайды.
93-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талап етуге құқығы бар адамдар
Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алынушының ата-аналары, асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншы және қамқоршы орган қоюға құқылы.
94-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп танудың салдары
1. Бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, асырап алынған баланың және асырап алушылардың (бала асырап алушылар туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер мұны баланың мүдделері қажет етсе, баланың және оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі.
3. Ата-ананың талап етуі бойынша балаға бұрынғы аты, әкесінің аты және тегі беріледі.
4. Сот бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.
95-бап. Бала асырап алудың күшін жоюға негіздер
1. Бала асырап алушылар өздеріне жүктелген міндеттерін орындаудан жалтарған, ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған, асырап алынған балаға қатал қараған, соның ішінде оған күш қолданып немесе психикалық зорлықзомбылық етіп, жыныстық пәктігіне қастық жасаған, маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған жағдайларда, баланы асырап алудың күші жойылуы мүмкін.
2. Сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, басқа да негіздер бойынша баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.
96-бап. Бала асырап алудың күшін жою
1. Бала асырап алудың күшін жою сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Бала асырап алудың күшін жою туралы іс қорғаншы және қамқоршы органның, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады.
3. Бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.
Сот бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.
97-бап. Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге құқығы бар адамдар
Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге оның ата-аналарының, бала асырап алушылардың, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншы немесе қамқоршы органның, сондай-ақ баланың мүдделеріне сай прокурордың құқығы бар.
98-бап. Бала асырап алудың күшін жоюдың салдары
1. Сот бала асырап алудың күшін жойған кезде, асырап алынған баланың және баланы асырап алғандардың, бала асырап алушылар туыстарының өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер баланың мүдделері талап етсе, бала мен оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі.
2. Бала асырап алудың күші жойылған кезде бала сот шешімі бойынша атаанасына беріледі. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-анасына беру оның мүдделеріне қайшы келсе, бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына беріледі.
3. Сот баланың асырап алынуына байланысты оған берілген аты, әкесінің аты және тегі сақталу-сақталмау мәселесін де шешеді.
Он жасқа толған баланың атын, әкесінің атын немесе тегін тек оның келісімімен ғана өзгерту мүмкін болады.
4. Сот баланың мүдделерін негізге ала отырып, осы Заңның 125 және 127баптарында белгіленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы асырауға қаражат төлеп тұруға міндеттеуге құқылы.
99-бап. Асырап алынған бала кәмелетке толғаннан кейін бала асырап алудың күшін жоюға жол бермеу
Егер бала асырап алудың күшін жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, баланы асырап алудың күшін жоюға жол берілмейді, бұған мұндай күшін жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың өзара келісімі, сондай-ақ асырап алынған баланың ата-анасының, егер олары тірі болса, сот ата-ана құқықтарынан айырмаған немесе әрекетке қабілетсіз деп танымаған болса, олардың да келісімі болған жағдайлар қосылмайды.
4-бөлім. Қорғаншылық және қамқоршылық
13-тарау. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған
балаларды анықтау және орналастыру
100-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау
1. Ата-анасының қайтыс болуы, олардың ата-ана құқықтарынан айырылуы, олардың ата-ана құқықтарының шектелуі, ата-анасының әрекетке қабілетсіз деп танылуы, ата-анасының сырқаттылығы, ата-аналарының ұзақ уақыт болмауы, ата-аналардың балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруы, соның ішінде ата-аналардың тәрбиелеу, емдеу және басқа да осыған ұқсас мекемелерден өз балаларын алудан бас тартуы, сондай-ақ ата-аналардың қамқорлығы болмаған өзге де жағдайларда, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледі.
2. Қорғаншы және қамқоршы органдар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтайды, осындай балалардың есебін алуды жүргізеді және ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негізге ала отырып, балаларды орналастырудың нысандарын таңдайды (осы Заңның 102-бабы), сондай-ақ оларды асырау тәрбиелеу және білім беру жағдайларына одан әрі бақылау жасауды жүзеге асырады.
Қорғаншы және қамқоршы органдардан басқа, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру жөніндегі заңды және жеке тұлғалардың қызметіне жол берілмейді.
101-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және есепке алу
1. Осы Заңның 100-бабының 1-тармағында аталған балалар туралы мәліметтер бар мекемелердің (мектепке дейінгі білім беру, жалпы білім беру, емдеу және басқа да мекемелердің) лауазымды адамдары және өзге де азаматтар олар туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға балалардың нақты тұрған жерін хабарлауға міндетті.
Қорғаншы және қамқоршы орган осындай мәліметтер алған күннен бастап үш күн ішінде баланың тұрмыс жағдайына зерттеу жүргізуге және ата-аналарының немесе оның туыстарының қамқорлығы жоқ екендігі фактісі анықталған кезде баланы орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар тұратын тәрбие, емдеу және басқа да мекемелердің басшылары, баланы отбасы тәрбиесіне беру мүмкін екендігі белгілі болған күннен бастап жеті күн мерзім ішінде бұл туралы осы мекеменің тұрған жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті.
3. Қорғаншы және қамқоршы орган осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған мәліметтер түскен күннен бастап бір ай ішінде баланы орналастыруды қамтамасыз етеді (осы Заңның 102-бабы) және баланы отбасына тәрбиелеуге беру мүмкіндігі болмаған кезде орталықтандырылған есепке алу үшін және кейіннен баланы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматының отбасына тәрбиелеуге орналастыруға жәрдем көрсету үшін осындай бала туралы мәліметті тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің білім беру басқармасының органына жібереді. Балаларды орталықтандырылған есепке алуды ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін, сондай-ақ бала туралы көпе-көрнеу жалған мәліметтер бергені үшін лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.
102-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар асырап алынып, отбасына тәрбиеленуге, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) немесе патронат шарты бойынша, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде, жетім балаларға немесе атааналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі (тәрбие, емдеу және басқа да) мекемелерге берілуге тиіс.
Баланың мүддесіне сай оны орналастыру кезінде оның этникалық шығу тегі, белгілі бір дінге және мәдениетке жататындығы, ана тілі, тәрбие мен білім берудегі сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін.
2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, осы баптың 1-тармағында аталған отбасына немесе мекемеге тәрбиелеуге орналастырылғанға дейін балаларға қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерін атқару қорғаншы және қамқоршы органдарға уақытша жүктеледі.
14-тарау. Қорғаншылықты және қамқоршылықты
белгілеу тәртібі
103-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық белгіленетін адамдар
1. Қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (осы Заңның 101-бабының 1-тармағы) балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру мақсатында, сондай-ақ олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленеді.
2. Қорғаншылық және қамқоршылық әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін де белгіленеді.
104-бап. Қорғаншылық
1. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ психикалық аурудың салдарынан немесе ақыл-есінің кемдігінен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға белгіленеді.
2. Қорғаншылық қайтыс болған немесе соттың шешімімен өлді немесе хабарошарсыз кеткен деп танылған кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның мүлкіне тағайындалады.
Егер қорғаншылық және қамқоршылық белгіленген адамның басқа жерде мүлкі болса, онда осы мүлікті басқару үшін қорғаншы және қамқоршы органдар мүліктің тұрған жерінде қорғаншы тағайындай алады.
105-бап. Қамқоршылық
1. Қамқоршылық он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға белгіленеді.
2. Денсаулығының жай-күйіне байланысты өзінің құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын және міндеттерді орындай алмайтын кәмелетке толған әрекет қабілеттілігі адамдардың арызы бойынша оларға қамқоршылық белгіленуі мүмкін.
106-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдар
1. Жергілікті атқарушы органдар қорғаншы және қамқоршы органдар болып табылады.
2. Аудандық және қалалық атқарушы органдар өздерінің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі міндеттерін халыққа білім беруге, оны әлеуметтік қорғауға және оның денсаулығын сақтауға уәкілеттік берілген органдары арқылы жүзеге асырады, ал поселкелік, селолық, ауылдық атқарушы органдар бұл қызметтерді дербес жүзеге асырады.
3. Қорғаншы және қамқоршы органдар баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларына зерттеу жүргізуге және зерттеу актісін сотқа табыс етуге міндетті.
4. Қорғаншы және қамқоршы органдар өздерінің міндеттерін осы органдар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ереже негізінде жүзеге асырады.
107-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу
1. Қорғаншы және қамқоршы органдар қорғаншылық пен қамқоршылықты қажет ететін адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық белгілейді. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық пен қамқоршылық қорғаншының (қамқоршының) тұрғылықты жері бойынша белгіленуі мүмкін.
2. Адамды әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш күн ішінде сот бұл туралы оған қорғаншылық және қамқоршылық белгілеу үшін сол адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті.
3. Адамға қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу қажеттігі туралы тиісті органдарға белгілі болған кезден бастап бір ай ішінде қорғаншылық және қамқоршылық белгіленеді.
4. Қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға мүдделі адамдар сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.
108-бап. Қорғаншылар мен қамқоршылар
1. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдарды;
3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;
4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушыларды;
5) денсаулығының жай-күйіне байланысты (осы Заңның 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы) баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, екі жыныстың да кәмелетке толған адамдары қорғаншылар (қамқоршылар) бола алады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы тек оның келісімімен ғана тағайындалуы мүмкін.
Егер бұл қорғаншылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншыны немесе қамқоршыны тағайындауда жұбайының, ата-анасының, туыстарының немесе қорғаншылыққа алынушыға жақын басқа да адамдардың басым құқығы болады.