2. Сотталғандардың тәрбиелiк сипаттағы жүргiзiлген шараларға белсендi қатысуы көтермеленедi және түзелу дәрежесiн айқындау кезiнде ескерiледi.
51-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
адамдарға қолданылатын көтермелеу шаралары
1. Жақсы мiнез-құлқы мен еңбекке адал қарағаны үшiн түзеу орталығының әкiмшiлiгi сотталғандарға мынадай көтермелеу шараларын қолдана алады:
алғыс жариялау;
бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу;
демалыс және мереке күндерiн түзеу орталығының шегiнен тыс жерлерде өткiзуге рұқсат беру;
демалысын түзеу орталығының шегiнен шығып өткiзуге рұқсат беру;
ақшалай сыйлықақы.
2. Сотталғандар осы Кодекспен белгiленген тәртiппен шартты мерзiмiнен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсақ жазамен ауыстыруға ұсынылуы мүмкiн.
52-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
адамдарға қолданылатын жазалау шаралары
1. Жазаны өтеу тәртiбiн бұзушы сотталғандарға түзеу орталығының әкiмшiлiгi мынадай жазалау шараларын қолдана алады:
сөгiс;
бiр ай мерзiмге дейiн тәулiктiң белгiлi бiр уақытында жатақханадан шығуға тыйым салу;
Iшкi тәртiп ережелерiне сәйкес 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге тәртiптiк оқшаулау орнына орналастыру.
2. Жазасын өтеуден қасақана жалтарушы адамдар жөнiнде түзеу орталығының әкiмшiлiгi бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы мәселенi шешу үшiн сотқа материалдар табыс етедi.
53-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
адамдарға көтермелеу және жазалау шараларын
қолдану тәртiбi
1. Көтермелеу және жазалау шаралары жазбаша түрде қолданылады.
2. Жазалау шараларын қолдану кезiнде құқық бұзушылық жасалған мән-жайлар, сотталушының жеке басы мен оның iс-әрекет жасалғанға дейiнгi мiнез-құлқы ескерiледi. Қолданылатын жаза сотталушының жасаған iс-әрекетiнiң сипаты мен ауырлығына сәйкес болуы тиiс. Жаза iс-әрекет анықталған күннен бастап 10 тәулiктен кешiктiрiлмей, ал егер iс-әрекетке байланысты тексеру жүргiзiлсе, оның аяқталған күнiнен бастап, бiрақ iс-әрекет жасалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей қолданылады. Жаза, әдетте, бiрден, ал ерекше жағдайларда - ол қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей қолданылады.
3. Осы Кодексте көзделген көтермелеу және жазалау шаралары құқығын толық көлемiнде түзеу орталығының бастығы немесе оның орнында қалған адам пайдаланады. Отряд бастығының сотталушыға алғыс жариялауға құқығы бар. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын оны қолданған адам алып тастай алады.
54-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуден
қасақана жалтару және бас бостандығын шектеу түрiндегi
жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзу
1. Сотталушының: дәлелдi себептерсiз, өз бетiнше түзеу орталығының аумағынан шығып кетуi; жазаны өтеу орнына оралмауы немесе мерзiмiнде оралмауы; сондай-ақ жұмыс орнынан немесе тұрып жатқан жерiнен кетiп қалуы бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтару болып табылады.
2. Еңбек тәртiбiн, қоғамдық тәртiптi немесе сотталушы үшiн белгiленген тұру ережелерiн кемiнде үш рет бұзу, әрбiр келесi жасалған тәртiп бұзушылық алдыңғысына жаза қолданылған соң жасалған жағдайда жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелер бұзылған болып табылады.
55-бап. Сотталғандарды қадағалау және бас бостандығын
шектеу түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбiн
бұзушылықтың алдын алу шаралары
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушiлердi қадағалауды түзеу орталығының әкiмшiлiгi жүзеге асырады және сотталғандарды олардың тұратын жерi мен жұмыс орны бойынша, сондай-ақ жұмыстан бос уақытында байқау мен бақылауды қамтамасыз етедi. Қадағалауды жүзеге асыру тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
2. Құқық бұзу туралы хаттама толтыру үшiн қоғамдық тәртiптi бұзуды болғызбау, материалдарды дұрыс және уақтылы қарауды қамтамасыз ету, сондай-ақ сотталушыны айықтыру не тиiстi медицина мекемесiне жiберу мақсатында сотталушы жазалау шараларын қолдану туралы мәселе шешiлгенге дейiн тәртiптiк оқшаулау орнына орналастырылуы мүмкiн, бiрақ бұл жиырма төрт сағаттан аспауы керек.
3. Сотталушыға бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселенi шешу кезiнде оны iшкi iстер органы прокурордың санкциясымен жазаны өтеуден жалтаруды болғызбау және материалдарды сотқа беру мақсатында 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстауы мүмкiн.
4. Жазаны өтеуден қасақана жалтаратын сотталушыны iшкi iстер органы прокурордың санкциясымен жалтару себептерiн анықтау үшiн 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстауы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iшкi iстер органы ұсталушыны жазаны өтеу орнына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар үшiн белгiленген тәртiппен жiбередi және жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны туралы деректер болған жағдайда сотталушыға бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмiн бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселенi шешу үшiн сотталушының ұсталған жерi бойынша материалдарды сотқа жiбередi.
9-тарау. ҚОСЫМША ЖАЗАЛАРДЫ АТҚАРУ
56-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық
шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк
сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан
айыру туралы сот үкiмiн атқару
1. Сотталушыны арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру туралы үкiм шығарған сот үкiм заңды күшiне енген соң оның көшiрмесiн сотталушыға атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi, бiлiктiлiк сыныбын берген және оны мемлекеттiк наградамен марапаттаған лауазымды адамға жiбередi.
2. Лауазымды адам белгiленген тәртiппен тиiстi құжаттарға сотталушыны арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы жазба жасайды, сондай-ақ оны тиiстi атағы, шенi, дәрежесi, сыныбы бар адамдар үшiн көзделген құқықтар мен жеңiлдiктерден айыру жөнiнде шаралар қолданады.
3. Запастағы әскери қызметшi жөнiндегi сот үкiмiнiң көшiрмесi оның әскери есепке алынған орны бойынша әскери комиссариатқа жiберiледi.
4. Лауазымды адам үкiмнiң көшiрмесiн алған күннен бастап бiр айдың iшiнде үкiмдi шығарған сотқа оның орындалғаны туралы хабарлайды.
57-бап. Мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн атқару
тәртiбi
1. Сотталушының мүлкiн тәркiлеу туралы үкiм шығарған сот ол заңды күшiне енген соң атқару парағын, мүлiк тiзiмiнiң көшiрмесiн және үкiмнiң көшiрмесiн атқару үшiн сот атқарушысына жiбередi, бұл туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлайды. Iсте сотталушы мүлкiнiң тiзiмi болмаған жағдайда мүлiк тiзiмi жүргiзiлмегенi туралы анықтама жiберiледi.
2. Мүлiктi тәркiлеу түрiндегi жазаны орындауды мүлiктiң тұрған жерi бойынша сот атқарушысы жүргiзедi.
Ескерту. 57-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 23.06.2000 N 57 Заңымен.
Ескерту. 57-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 24.12.2001. N 276 Заңымен.
58-бап. Тәркiлеуге жататын мүлiк
1. Сотталушының мүлкi, соның iшiнде оның ортақ немесе бiрлескен меншiктегi үлесi, ақшасы мен бағалы қағаздары, сотталушының банктердегi салымдары мен кез келген меншiк нысанындағы активтерге өзге де салымдары сот үкiмi бойынша тәркiленуге жатады.
2. Сотталушының сот үкiмi бойынша тәркiленуге жатпайтын мүлiктiң Тiзбесiнде аталған мүлкi тәркiленуге жатпайды (қоса тiркеледi).
3. Соттың үкiмi бойынша тәркiленуге жататын мүлiктiң кiмге тиесiлi екендiгi туралы даулар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешiледi.
59-бап. Сот атқарушысының мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн
атқару жөнiндегi iс-әрекетi
1. Сот атқарушысы атқару парағын алған соң дереу тiзiмде көрсетiлген мүлiктiң бар-жоғын тексередi, тәркiлеуге жататын басқа мүлiктi анықтайды, сөйтiп оны тiзiмге кiргiзедi. Егер мүлiктiң тiзiмi жүргiзiлмеген болса, сот атқарушысы сотталушының тәркiленуге жататын мүлкiн анықтауға шара қолданады, сөйтiп оны тапқан жағдайда қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мүлiктiң тiзiмiн жасайды.
2. Тiзiмде әрбiр заттың толық және дәл атауы, оның айырым
белгiлерi, соның iшiнде түсi, мөлшерi, тозу дәрежесi мен жеке
сипаттамасы көрсетiледi. Тiзiмделген заттар сүргiленедi, мөрленедi және
сақтауға берiледi, бұл туралы тiзiмге белгi соғылады.
3. Сот атқарушысы тәркiленуге жататын және тiзiмге алынған мүлiктi сақтауға қажеттi шаралар қолданады.
4. Мүлiктiң сот атқарушысы жасаған тiзiмiн судья бекiтедi.
5. Сотталушының ортақ және бiрлескен меншiктегi үлесiн сот атқарушысының ұсынуы бойынша сот атқарушысының өзi тұратын сот азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен анықтайды.
60-бап. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру
1. Сотталушының тәркiленген мүлкiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған қойылатын барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн жүргiзiледi. Тәркiленген мүлiк есебiнен қанағаттандыруға жататын талаптар жөнiнде мемлекет оны сатудан алынған қаражат шегiнде жауап бередi.
2. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 60-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 23.06.2000 N 57 Заңымен.
Ескерту. 60-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 24.12.2001. N 276 Заңымен.
61-бап. Тәркiленуге жататын мүлiкке байланысты үшiншi
тұлғалардың мiндеттерi
1. Өзiнде сот үкiмiмен тәркiленуге жататын мүлiк бар ұйымдар мен азаматтар бұл туралы сотқа немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға мiндеттi.
2. Аталған мүлiктiң жасырылуына, бүлiнуiне немесе ұрлануына кiнәлiлер заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Ескерту. 61-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 23.06.2000 N 57 Заңымен.
Ескерту. 61-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 24.12.2001. N 276 Заңымен.
62-бап. Үкiмдi атқарудан кейiн анықталған мүлiктi тәркiлеу
Үкiм барлық мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде атқарылып, бiрақ айыптау үкiмiн атқарудың заңмен белгiленген өтеу мерзiмдерi бiткенге дейiн сотталушының оған үкiм шығарылғанға дейiн немесе үкiм шығарылғаннан кейiн ол тәркiлеуге жататын қаражатқа сатып алған тәркiленбеген мүлкi табылған жағдайларда, үкiм шығарған сот немесе үкiмдi атқару орны бойынша сот, егер мүлiк заң бойынша тәркiленуi мүмкiн болса, сот атқарушысының ұсынуымен табылған мүлiктi тәркiлеудi атқаруға жiберу туралы қаулы шығарады.
III БӨЛIМ. ҚАМАУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
10-тарау. ҚАМАУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУДЫҢ
ТӘРТIБI МЕН ЕРЕЖЕЛЕРI
63-бап. Қамау түрiндегi жазаны өтеу орындары
1. Қамауға сотталған адамдар жазаны соттау орны бойынша қамау үйлерiнде өтейдi.
2. Сотталушы жазаның бүкiл мерзiмiн, әдетте, бiр қамау үйiнде өтейдi.
3. Қамауға сотталушы бiр қамау үйiнен екiншiсiне көшiруге ол ауырған жағдайда не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ сотталушының сол қамау үйiнде одан әрi болуына кедергi жасайтын өзге де ерекше мән-жайлар кезiнде жол берiледi.
64-бап. Қамау түрiндегi жазаны атқарудың тәртiбi
мен ережелерi
1. Қамауға сотталғандар қатаң оқшаулау жағдайында ұсталады. Күзетпен ұсталатын адамдардың өзге санаттарынан еркектер, әйелдер, кәмелетке толмағандар, сондай-ақ бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және соттылығы бар адамдар бөлек орналастырылады.
2. Сотталғандарға түрмеде жалпы режим жағдайында бас бостандығынан айыруды өтеушi адамдар үшiн осы Кодексте белгiленген ұстау жағдайлары қолданылады. Адвокаттармен кездесулердi қоспағанда, сотталғандардың кездесуiне болмайды; посылка, сәлемдеме, бандерольдер алуға рұқсат етiлмейдi, бұған олардың бiрiншi кезекте қажеттi заттары мен маусымдық киiм-кешек салынғаны қосылмайды. Сотталғандарды жалпы және кәсiптiк оқыту жүзеге асырылмайды; күзетсiз жүруiне рұқсат етiлмейдi. Сотталғандар жеке шотында бар қаражатына ай сайын бiр айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сомаға тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға құқығы бар.
3. Сотталғандар күн сайын ұзақтығы бiр сағаттан кем емес, ал кәмелетке толмағандар - бiр жарым сағаттан кем емес сейiлдеудi пайдаланады.
4. Ерекше жеке мән-жайлар кезiнде қамауда ұстауға сотталғандарға жақын туыстарымен /жұбайымен, зайыбымен/ телефон арқылы сөйлесуге рұқсат етiлуi мүмкiн.
65-бап. Қамау түрiндегi жазаны өтеушi адамдарды еңбекке тарту
Қамауды атқарушы қамау үйiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарды ұзақтығы аптасына төрт сағаттан аспайтын уақытқа қамау үйлерiне шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындауға ақы төлемей тартуға құқылы.
66-бап. Қамауға сотталған адамдарға қолданылатын
көтермелеу және жазалау шаралары
1. Жақсы мiнез-құлқы үшiн сотталғандарға алғыс, бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу, телефон арқылы сөйлесуге рұқсат ету түрiнде көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Жазаны өтеу тәртiбiн бұзғаны үшiн қамауда ұстауға сотталғандарға сөгiс немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге айыптылық, оқшаулау орнына шығару түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Қамауда ұстауға сотталғандарға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану тәртiбi осы Кодекстiң 110 және 113-баптарымен реттеледi.
67-бап. Қамауға сотталған адамдарды материалдық-техникалық
жағынан қамтамасыз ету және оларға медициналық
қызмет көрсету
1. Қамауға сотталғандарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жазасын жалпы режимдегi түрмелерде өтеушi адамдар үшiн - белгiленген нормаларға сәйкес, ал кәмелетке толмағандар үшiн тәрбиелеу колониялары үшiн белгiленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қамауға сотталғандар медициналық көмекпен қамтамасыз етiледi.
IV БӨЛIМ. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI
ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
11-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI
ЖАЗАНЫ АТҚАРУДЫҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРI
68-бап. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны
атқару орындары
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазаны қамалғанға дейiн өздерi тұрған немесе өздерi сотталған облыстың Қазақстан Республикасының түзеу мекемелерiнде өтейдi. Сотталғандардың денсаулық жағдайы бойынша немесе олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн ерекше жағдайларда, сондай-ақ өздерiнiң келiсiмi бойынша олар жазаларын өтеу үшiн басқа облыстың тиiстi түзеу мекемесiне жiберiлуi мүмкiн.
2. Қамалғанға дейiн тұрған жерi бойынша немесе сотталған орны бойынша тиiстi түрдегi түзеу мекемесi болмаған жағдайда сотталғандар жақын маңайдағы түзеу мекемелерiне жiберiледi.
3. Қылмыстарды өте қауiптi қайталау жағдайында сотталғандар, өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, жазаны түрмеде өтеуге сотталғандар, өлiмге кесу түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар, сотталған әйелдер, сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар жазаны өтеу үшiн тұратын жерi бойынша тиiстi түзеу мекемелерiне жiберiледi.
69-бап. Түзеу мекемелерiнiң түрлерi
1. Түзеу колониялары, тәрбиелеу колониялары, түрмелер түзеу мекемелерi болып табылады. Тергеушiлiк оқшаулау орындары шаруашылықтық қызмет көрсету жөнiндегi жұмысты орындауға қалдырылған сотталғандар жөнiндегi түзеу мекемелерiнiң мiндетiн атқарады (осы Кодекстiң 72-бабы).
2. Түзеу колониялары кәмелетке толып сотталғандардың бас
бостандығынан айыру жазасын өтеуiне арналған. Олар жалпы, қатаң және
айрықша режимдегi колония-қоныстар, колониялар болып бөлiнедi.
3. Колония-қоныстарда абайсызда жасаған қылмысы үшiн жетi жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ сотталғандардың осы Кодекстiң 73-бабының 2-тармағы негiзiнде және сонда белгiленген тәртiп бойынша жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан ауыстырылғандары жазасын өтейдi.
4. Жалпы режимдегi түзеу колонияларында әдейi жасаған кiшiгiрiм немесе орта ауырлықтағы қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар, сондай-ақ абайсызда жасаған қылмысы үшiн жетi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар және қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу алты айға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар жазасын өтейдi.
5. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған, сондай-ақ сотталушы бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстар қайталанған жағдайда сотталған еркектер мен қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда әйелдер жазасын өтейдi.
6. Айрықша режимдегi түзеу колонияларында қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда еркектер, өмiр бойы бас бостандығынан айырылғандар, сондай-ақ өлiмге кесу түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар жазасын өтейдi.
7. Мәжбүрлеп және міндетті емдеудi жүзеге асыратын түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 16-бабының 1 және 4-тармақтарында аталып өткен сотталғандар жазасын өтейдi.
8. Түрмелерде ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшiн, қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда бес жылдан астам мерзiмге сотталған, сондай-ақ жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзып, түзеу колонияларынан ауыстырылған адамдар жазасын өтейдi.
9. Тәрбиелеу колонияларында бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ жиырма жасқа жеткенге дейiн тәрбиелеу колонияларында қалдырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
Ескерту. 69-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 05.05.2000 N 47 заңымен.
70-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
жазасын өтеуге жiберу
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi соттың үкiмi заңды күшiне енгенi туралы хабарламаны алған күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей жазасын өтеуге жiберiледi. Осы мерзiм iшiнде сотталушының туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесуге құқығы бар. Сотталғандарды түзеу мекемелерiне жiберу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi белгiлейдi.
2. Тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша туыстарының бiрiн не заңды өкiлiн оның жазасын өтеу үшiн қайда жiберiлiп отырғаны туралы хабардар етуге мiндеттi.
71-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
орнын ауыстыру
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына жiберiледi және бiр жазасын өтеу орнынан екiншiсiне айдап апару арқылы ауыстырылады.
2. Сотталғандарды айдап апару арқылы орнын ауыстыру ұстау ережелерi сақтала отырып: еркектер әйелдерден бөлек, кәмелетке толмағандар - ересектерден бөлек; өлiм жазасына кесiлгендер - сотталғандардың басқа санаттарынан бөлек; бiр қылмыстық iс бойынша өтушi тергелiп-сотталғандар - бөлек-бөлек, өкпе туберкулезiнiң ашық түрiмен ауыратындар немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпегендер, жүйкесi ауыратындар, СПИД-пен ауыратындар және ВИЧ жұқтырғандар - бiр-бiрiнен бөлек және денi саулардан бөлек, қажет болған жағдайда дәрiгердiң қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерiнiң ерiп жүруiмен жүзеге асырылады.
3. Сотталғандарды айдап апару арқылы орнын ауыстыру кезiнде олар қажеттi тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етiледi.
4. Сотталғандарды орнын ауыстыру кезiнде оларды мекеме (жөнелтушi орган) маусымдық киiммен, аяқ киiммен, сондай-ақ жолдағы бүкiл кезеңде сотталғандар үшiн белгiленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етедi.
5. Сотталғандардың орнын ауыстыру мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
6. Сотталғандардың орнын ауыстыру тәртiбi осы Кодекске сәйкес қабылданатын нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
72-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды тергеушiлiк
оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдыру
1. Жазасын өтеу жалпы режимдегi түзеу колониясына тағайындалған, бес жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар ерекше жағдайларда өздерiнiң келiсiмiмен шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн.
2. Сотталғандарды шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қалдыру сотталушының жазбаша келiсiмi болған жағдайда тергеушiлiк оқшаулау орны немесе түрме бастығының қаулысымен жүргiзiледi.
3. Тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қалдырылған сотталғандар жалпы режимдегi түзеу колониялары үшiн осы Кодексте көзделген жағдайларда өзге адамдардан оқшау жабылмайтын жалпы камераларда ұсталады.
4. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша тергеу iс-әрекетiн жүргiзу қажет болған жағдайда жазасын түзеу колониясында немесе тәрбиелеу колониясында өтеумен бас бостандығынан айыруға сотталушы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген мерзiмге тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн.
5. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша сот қарауына қатысу қажет болған жағдайда сотталушы соттың қаулысы бойынша iстi сотта қарау уақытында тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн.
6. Егер сотталушы басқа iс бойынша қылмыстық жауапқа тартылып, ол жөнiнде қамауға алу түрiнде тыйым салу шарасы таңдап алынған болса, оны тергеушiлiк оқшаулау орнында ұстау мерзiмдерi Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарына сәйкес белгiленедi.
7. Сотталушы түзеу мекемесiнен тергеушiлiк оқшаулау орнына немесе түрмеге осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында аталған негiздер бойынша ауыстырылуы мүмкiн.
73-бап. Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға мiнез-құлқына және еңбекке көзқарасына қарай түзеу мекемесiнiң түрi өзгертiлуi мүмкiн.
2. Өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн:
сотталғандар түрмеде сот үкiмi бойынша тағайындалған мерзiмiнiң кемiнде жартысын өтегеннен кейiн түрмеден түзеу колониясына;
ұстаудың жеңiлдетiлген жағдайларындағы сотталғандар жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтегеннен кейiн, ал аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталғандар немесе бас бостандығын айыруды өтеуден шартты мерзiмiнен бұрын босатылған және жазаның өтелмей қалған кезеңiнде жаңа қылмыстар жасаған сотталғандар жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейiн жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан колония-қонысқа ауыстырылуы мүмкiн.
3. Мыналар:
қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар;
өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар;
өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар;
мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ жабық үлгiдегi медицина мекемелерiнде арнайы емдеудi талап ететiн сотталғандар;
колония-қонысқа ауыстыруға жазбаша түрде келiсiм бермеген сотталғандар колония-қонысқа көшiрiлуге жатпайды.
4. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар болып табылатын сотталғандар:
колония-қоныстан бұрын сот айқындаған түрдегi түзеу колониясына;
сот үкiмi бойынша өздерi жiберiлген колония-қоныстан жалпы режимдегi түзеу колониясына;
жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан түрмеге өздерi жiберiлген режим түрiндегi түзеу колониясында жазаның қалған мерзiмiн өтеуге үш жылдан аспайтын мерзiмге түрмеге ауыстырылуы мүмкiн.
5. Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгертудi түзеу мекемесi бастығының ұсынуы негiзiнде сот жүзеге асырады.
74-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу
мекемелерiне қабылдау
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу мекемелерiне Iшкi тәртiп ережелерiнде белгiленген тәртiппен түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қабылдайды.
2. Түзеу мекемелерiне келген сотталғандар он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге карантин бөлiмшесiне орналастырылады. Сотталғандар карантин бөлiмшесiнде болған кезеңiнде әдеттегi жазаны өтеу жағдайларында болады.
75-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу
мекемелерiнде бөлек ұстау
1. Түзеу мекемелерiнде бас бостандығынан айыруға сотталған еркектер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленедi.
2. Бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген сотталғандардан бөлек ұсталады. Бiр түзеу мекемесiнде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған әйелдер бұл жазаны бұрын өтеген әйелдерден бөлек ұсталуы мүмкiн. Қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда сотталғандар; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар; өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар басқа сотталғандардан оқшау, сондай-ақ бөлек ұсталады.