қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша жазаны атқаруға байланысты құжаттарды табыс етуге;
сотталушымен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайда бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
26-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген
рұқсатты қайтып алуға құқықты органдардың
мiндеттерi
1. Сотталғандарды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкiмiнiң талаптары қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар сот үкiмiнiң көшiрмесiн немесе қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысуға құқық беретiн тиiстi құжатты қайтарып алуға және бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлама жiберуге мiндеттi.
27-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр
қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi
жазаны атқару мерзiмдерiнiң есептелуi
1. Негiзгi жаза ретiнде немесе айыппұлға, қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ шартты соттау кезiнде қосымша жаза түрi ретiнде тағайындалған белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзiмi, егер бұл жағдайда қосымша жазаның атқарылуы кейiнге қалдырылмаса, сот үкiмi заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға, бас бостандығынан айыруға немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жаза қолдану кезiнде ол жазаның аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң бүкiл уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi оларды өтеу кезiнен бастап есептеледi.
28-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi
бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру
түрiндегi жазаға сотталушының мiндеттерi
Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаға сотталғандар сот үкiмiнiң талаптарын орындауға, қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша аталған жазаны атқаруға байланысты құжаттарды беруге, жұмыс орны, оның өзгергенi және одан босағаны туралы инспекцияға хабарлауға, сондай-ақ шақыру бойынша инспекцияға келуге мiндеттi. Сотталушы келмей қалған жағдайда оған ерiксiз келтiру қолданылуы мүмкiн.
29-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi
бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы
сот үкiмiн орындамаудың салдары
Соттың белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкiмiнiң орындалмауына кiнәлi өкiмет өкiлдерi, мемлекеттiк қызметшiлер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының қызметшiлерi, мемлекеттiк мекемелердiң, коммерциялық немесе өзге де ұйымдардың қызметшiлерi, сондай-ақ сот үкiмiнiң талаптарын бұзушы сотталғандар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТАРТУ ТҮРIНДЕГI
ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
30-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi
жазаны атқару тәртiбi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен жергiлiктi атқару органдары немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары белгiлейтiн объектiлерде қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза жөнiндегi сот үкiмi соттың тиiстi өкiмi үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесiмен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келiп түскен күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей атқарылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
оларға жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн түсiндiредi;
жергiлiктi атқарушы органдармен немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен қоғамдық жұмыстардың объектiлерiн келiседi;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды;
жазаны өтеуден жалтарған сотталғандарды ұстау туралы шешiм қабылдайды;
олардың атқарған уақытының жиынтық есебiн жүргiзедi және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшiн қаржы қаражатының тиiстi бюджеттерге уақытылы түсуiн бақылайды.
31-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
атқару ережелерi
1. Сотталғандар:
жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбi мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға;
өздерiне белгiленген объектiлерде жұмыс iстеуге және сот белгiлеген қоғамдық жұмыстардың мерзiмiн атқаруға;
тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға мiндеттi.
2. Сотталушыға негiзгi жұмыс орны бойынша кезектi демалыстың берiлуi қоғамдық жұмыстар орындауды тоқтатпайды.
3. Сотталушы бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек деп танылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын одан әрi өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел жүктi болған жағдайда - оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
32-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза
мерзiмiнiң есептелуi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаның мерзiмi сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттармен есептеледi.
2. Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндерi мен сотталушы негiзгi жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндерi - төрт сағаттан; жұмыс күндерi - жұмыс немесе оқу аяқталған соң екi сағаттан, ал сотталушының келiсiмiмен - төрт сағаттан аспауы керек. Қоғамдық жұмыстар уақыты апта iшiнде, әдетте, он екi сағаттан кем болмауы керек. Дәлелдi себептерi болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушыға апта iшiнде саны аз сағат жұмыс iстеуге рұқсат беруге құқылы.
33-бап. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi
жазаны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң
мiндеттерi
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеу орны бойынша ұйымдардың әкiмшiлiгiне сотталғандардың өздерiне белгiленген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс iстелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлау жүктеледi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаға сотталғандардың еңбегiн пайдаланушы ұйымдардың әкiмшiлiгi сотталғандардың орындаған жұмысы үшiн тиiстi бюджетке қаржы қаражатын ай сайын аударып отырады. Сотталғандардың орындаған жұмысының құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша айқындалады.
34-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
өтеуден қасақана жалтару
Сотталушы:
қоғамдық жұмыстарға дәлелдi себептерсiз бiр айдың iшiнде екi реттен астам шықпаса;
еңбек тәртiбiн бiр айдың iшiнде екi реттен артық бұзса;
жазаны өтеуден жалтару мақсатымен жасырынса, қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарған деп танылады.
35-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
өтеушi адамдардың жауаптылығы
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзғаны үшiн қылмыстық-атқару инспекциясы оған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапты болатынын ескертедi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.
7-тарау. ТҮЗЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
36-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны
атқару тәртiбi
1. Түзеу жұмыстары сотталушының негiзгi жұмыс орны бойынша
өтеледi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеуге қылмыстық-атқару инспекциясына үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесi мен соттың тиiстi өкiмi келiп түскен күннен бастап он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тартылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциялары:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн түсiндiредi;
сотталғандардың жазаны өтеу ережелерiн сақтауын және сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң үкiм талаптарын атқаруын бақылайды;
сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзедi;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды, қажет болған жағдайда оларды еңбекке орналастыру үшiн жұмыспен қамту орталықтарына жiбередi;
шақыру бойынша немесе тiркелуге дәлелдi себептерсiз келмеген сотталғандарды ерiксiз келтiру туралы шешiм қабылдайды;
сотталғандарды iздеу жөнiндегi алғашқы шараларды жүргiзедi, тұратын жерi белгiсiз сотталғандар туралы материалдарды әзiрлеп, тиiстi қызметке бередi;
жазаны өтеу кезеңiнде өз қалауы бойынша жұмыстан босауға рұқсат бередi.
37-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеу ережелерi
1. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбi мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға, өздерiне қылмыстық-атқару инспекциясы жүктеген мiндеттердi орындауға және оның шақыруы бойынша тiркелу үшiн айына екi рет келуге мiндеттi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың табысынан сот үкiмiмен белгiленген мөлшерде ақы ұсталып қалады.
3. Жазаны өтеу мерзiмi iшiнде сотталғандарға қылмыстық атқару инспекциясының жазбаша рұқсатынсыз өз қалауы бойынша жұмыстан босауына тыйым салынады. Рұқсат жұмыстан босау себептерiнiң негiздiлiгiн тексерген соң берiлуi мүмкiн. Жұмыстан босауға рұқсат беруден бас тарту дәлелденуге тиiс. Бас тарту туралы шешiмге заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Сотталушы қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс орны мен тұратын жерiнiң өзгергенi туралы он күн мерзiмде хабарлауға мiндеттi.
5. Сотталушы жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi жазаны өтеу уақытында қылмыстық-атқарушы инспекцияның келiсiмi бойынша кезектi демалыс, сондай-ақ он күнге және одан да көп күнге қосымша демалыс бередi. Сотталғандарға еңбек заңдарында көзделген демалыстың өзге түрлерi жалпы негiздерде берiледi.
38-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жаза мерзiмiнiң
есептелуi
1. Түзеу жұмыстарының мерзiмi сотталушы жұмыс iстеген және оның табысынан ақы ұсталып қалған жылдармен және айлармен есептеледi. Сотталушының жұмыс iстеген күндерiнiң саны соттың жаза мерзiмiн белгiлеген әрбiр айындағы жұмыс күндерiнiң санынан кем болмауға тиiс. Егер сотталушы көрсетiлген күндер санында жұмыс iстемесе және жұмыс iстелмеген күндердi жаза мерзiмiне есептеу үшiн осы Кодексте белгiленген негiздеме болмаса, түзеу жұмыстарын өтеу сотталушының тиiстi жұмыс күндерiнiң санында толық жұмыс iстегенге дейiн жалғастырылады.
2. Ұйым әкiмшiлiгiнiң сот үкiмiнiң (қаулысының) көшiрмесiн алған күнi жазаны өтеу мерзiмiнiң басталуы болып табылады.
3. Сотталушының дәлелдi себептермен жұмыс iстемеген уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Бұл мерзiмге сотталушы ресми түрде жұмыссыз деп танылған уақыт та есептеледi.
4. Сотталушы қатарынан төрт айдан астам ұзақ ауырған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын өтеуден босату туралы ұсыныс жасайды.
5. Жазаны өтеу кезiнде сотталушы әйел жүктi болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жүктiлiгi бойынша демалыс берiлген кезден бастап оның жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебi қолданылатын ұйымдарда жұмыс iстейiн сотталғандардың жазасын өтеу мерзiмi есептi кезең үшiн белгiленген жұмыс сағатының санынан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы негiзге ала отырып есептеледi.
7. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының жұмыс iстемеген уақыты; алкогольдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаңдаудан болған немесе соларға байланысты iс-әрекеттерден болған ауыру уақыты; қамау түрiндегi әкiмшiлiк жазаны өтеу, сондай-ақ жазаны өтеу кезеңiнде басқа iс бойынша тыйым салу шарасы тәртiбiнде қамау уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептелмейдi.
39-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны
бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiне:
сотталушының табысынан ұсталып қалатын ақыны дұрыс және уақтылы жүргiзу мен ұсталған сомаларды белгiленген тәртiппен аударып отыру;
сотталғандардың өндiрiстегi мiнез-құлқына бақылау жасау және сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзуде инспекцияға жәрдемдесу;
осы Кодексте көзделген жазаны өтеудiң ережелерiн сақтау;
қылмыстық-атқару инспекциясына сотталушыға қолданылған көтермелеу және жазалау шаралары туралы, оның жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлап отыру, сондай-ақ басқа қызметке ауыстырылуы мен босатылуы туралы алдын ала хабарлау жүктеледi.
40-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың жалақысынан
ұстап қалуды жүргiзу тәртiбi
1. Қылмыстық-атқару инспекциясы, сотталушының өзi немесе ол жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi оның материалдық жағдайы нашарлаған ретте жалақысынан ұстап қалу мөлшерiн кемiту туралы сотқа өтiнiш жасауға құқылы. Ұстап қалу мөлшерiн кемiту туралы шешiм сотталушының барлық табыстары ескерiле отырып шығарылады.
2. Ұстап қалу жалақы төлеу кезiнде әрбiр жұмыс iстелген ай үшiн атқару құжаттары бойынша, сотталушыға талаптардың болуына қарамастан, негiзгi жұмыс орны бойынша жалақының барлық түрiнен жүргiзiледi.
3. Сотталғандардың жалақысынан ұстап қалуды жүргiзу кезiнде оның ақшалай және заттай бөлiгi ескерiледi. Ұсталған ақша сомалары ай сайын мемлекет кiрiсiне аударылып отырады.
4. Ұстап қалу әлеуметтiк сақтандыру және әлеуметтiк қамсыздандыру тәртiбiмен алатын жәрдемақылардан, бiр жолғы сипаттағы төлемдерден жүргiзiлмейдi.
5. Түзеу жұмыстарына сотталғандарға еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы сот үкiмiмен тағайындалған ұстап қалу шегерiлiп тасталғандағы жалақысынан есептеледi.
6. Iстiң қысқартылуымен сот үкiмiнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда сотталушының жалақысынан артық ұсталған сомалар оған толық қайтарылады.
7. Қылмыстық-атқару инспекциясы сотталғандардың жалақысынан дұрыс және мерзiмiнде ұстап қалуға және ұсталып қалған соманың мемлекет кiрiсiне аударылуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
41-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеушi
адамдарға қолданылатын көтермелеу шаралары
Өзiнiң түзелгенiн көрсеткен сотталғандар осы Кодексте көзделген тәртiппен шартты мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынылуы мүмкiн.
42-бап. Еңбекпен түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң
тәртiбi мен шарттарын бұзғаны үшiн және жазаны
өтеуден қасақана жалтарғаны үшiн жауаптылық
1. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзу мыналар болып табылады:
жазбаша ескертуден кейiн дәлелдi себептерсiз қылмыстық-атқару инспекциясына келмеу;
жазбаша ескертуден кейiн осы Кодексте белгiленген мiндеттердi бұзу;
жұмысқа келмеуi немесе мас күйiнде немесе нашақорлық не уытқұмарлық масаң күйде келу.
2. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзғаны үшiн сотталушыларға түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында аталғандардың кез келгенiн бұзғаны үшiн жазбаша ескерту хабарланған соң түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн қайталап бұзуға жол берген, сондай-ақ тұратын жерiнен жасырынған, жүрген жерi белгiсiз адам түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы деп танылады.
4. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.
8-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ
АТҚАРУДЫҢ ТӘРТIБI МЕН ЕРЕЖЕЛЕРI
43-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны
өтеу орындары
1. Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдар жазаны, әдетте,
тұрақты тұратын немесе сотталған орны бойынша облыстың шегiнде
арнаулы мекемелерде - түзеу орталықтарында өтейдi.
2. Бас бостандығын шектеу өзге жазаны ауыстыру тәртiбiмен қолданылған адамдар жазасын өтеу үшiн басқа облыстың түзеу орталығына жiберiлуi мүмкiн. Тұрақты тұратын жерiнде түзеу орталықтары жоқ сотталғандар жазасын өтеу үшiн дәл осындай тәртiппен жiберiледi.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар бас бостандығын шектеудi атқарушы органдарға жазасын өтеуге жiберiлген адамдардың еңбек пен тұрмыстық жайластырылуына жәрдемдесуге мiндеттi.
44-бап. Сотталғандарды жазасын өтеу орнына жiберу
1. Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдар немесе бұл жаза өзге жазаны ауыстыру тәртiбiмен қолданылған адамдар жазасын жаза өзге жазаны ауыстыру тәртiбiмен қолданылған адамдар жазасын өтеу орнына мемлекеттiң есебiнен өздерi барады. Iшкi iстер органы сот үкiмiнiң немесе ұйғарымының негiзiнде сотталушыға жазасын өтеу орнына баруы туралы пәрмен бередi. Сотталушы пәрмен алған күннен бастап үш күннен кешiкпей жазасын өтеу орнына жүрiп кетуге және оған жүруi туралы пәрменде көрсетiлген жолда жүруге қажеттi мерзiм iшiнде жетуге мiндеттi.
2. Сотталушы жазасын өтеу орнына баруы туралы пәрмендi алудан жалтарған немесе белгiленген мерзiмде жүрiп кетпеген жағдайда сотталушыны iшкi iстер органы прокурордың санкциясымен жазасын өтеу орнына барудың тәртiбiн бұзу себептерiн анықтау үшiн 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстайды. Дәлелдi себептерсiз жүрiп кетпеген жағдайда iшкi iстер органы ұсталған адамды жазасын өтеу орнына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар үшiн белгiленген тәртiппен жiбередi.
3. Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлiгi бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға ауыстырылған сотталушылар қамаудан босатылып, түзеу орталығына мемлекет есебiнен өзi барады. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушыға, сондай-ақ кейiн түзеу орталығына өзi келедi деп жолда болу уақытын есепке алмай, бес тәулiкке дейiн қысқа демалыс мерзiмiне рұқсат етуге де құқылы.
4. Сотталушының жеке басы, түзеу мекемесi мен түзеу орталығының орналасу орны ескерiле отырып, сотталушы соттың ұйғарымы бойынша түзеу орталығына айдап апарылуы мүмкiн.
5. Осы баптың 3-тармағында аталған жағдайларда түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушыға берiлген қысқа мерзiмдi демалыс пен түзеу орталығына жету уақытын ескере отырып, бару маршрутын көрсетiп, жазасын өтеу орнына баруы туралы пәрмендi табыс етедi.
6. Бас бостандығын шектеуге сотталушы жазасын өтеу орнына келмеген жағдайда сотталушыны iздеу жүзеге асырылады.
7. Ұсталған соң сотталушы жазасын өтеу орнына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар үшiн белгiленген тәртiппен жiберiледi не бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшiн материалдар сотқа берiледi.
45-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жаза
мерзiмiнiң есептелуi
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаның мерзiмi сотталушыны түзеу орталығына есепке қойған кезден бастап есептеледi.
2. Сотталушының жұмысқа немесе тұрғылықты жерiнде бiр тәулiктен артық өз бетiмен болмаған уақыты жаза мерзiмiне есептелмейдi.
46-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны
өтеу тәртiбi
1. Жергiлiктi атқарушы органдар жазаны атқарушы органның ұсынуы бойынша түзеу орталығы аумағының шекарасын айқындайды және халықтың осы аумақтардағы жүрiс-тұрыс тәртiбiн белгiлейдi.
2. Сотталушылар жөнiнде түзеу орталығында Әділет министрлiгi бекiткен Iшкi тәртiп ережелерi қолданылады.
3. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi адамдар қадағалауда болады және:
түзеу орталықтарындағы iшкi тәртiп ережелерiнiң талаптарын орындауға;
түзеу орталығының әкiмшiлiгi жiберген жерде жұмыс iстеуге;
үнемi түзеу орталығының шегi iшiнде болуға, әкiмшiлiктiң рұқсатынсыз оның аумағынан шықпауға мiндеттi. Бас бостандығын шектеу неғұрлым жұмсақ жазаға ауыстыру тәртiбiмен қолданылған адамдарға қажет болған жағдайларда түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушыны тiкелей есепке қойғаннан кейiн оның орналасқан шегiнен, егер мұндай шығу түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi босатқаннан кейiн осы Кодекстiң 44-бабының 3-тармағына сәйкес қысқа мерзiмдi демалыс берiлмесе, бес тәулiкке дейiн шығуға рұқсат бере алады;
әдетте, өздерi үшiн арнайы арналған жатақханаларда тұруға және түнгi уақытта одан түзеу орталығы әкiмшiлiгiнiң рұқсатынсыз шығып кетпеуге;
үйлердi және түзеу орталығының аумағын көркейту жөнiндегi жұмыстарға кезектiлiк тәртiбiмен, әдетте, жұмыстан тыс кезiнде ұзақтығы аптасына екi сағаттан аспайтын уақыт еңбегiне ақы алмай қатысуға;
белгiленген үлгiдегi жеке басын куәландыратын құжаты болуға мiндеттi.
4. Бас бостандығын шектеу неғұрлым жұмсақ жазаға ауыстыру тәртiбiмен тағайындалған адамдар мен бұл жаза соттың үкiмiмен тағайындалған адамдарды әдетте бiр түзеу орталығында ұстауға болмайды.
5. Бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеген және соттылығы бар адамдар өзге сотталғандардан бөлек ұсталады; қылмысты бiрлесiп жасаған адамдар жазасын бөлек өтейдi.
6. Сотталғандарға айналысы Қазақстан Республикасының заңдарымен және Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленген нәрселердi, бұйымдар мен заттарды сатып алуға, сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Сотталғандардан мұндай нәрселер, бұйымдар немесе заттар табылған жағдайда, олар түзеу орталығы бастығының қаулысы бойынша алынып қойылуға тиiс және прокурорға қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн не сақтап қоюға берiледi, не соттың шешiмi бойынша жойып жiберiледi немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылады.
7. Iшкi тәртiп талаптарының бұзылуына жол бермейтiн және отбасы бар сотталушыларға түзеу орталығы бастығының қаулысы бойынша жалға алынған немесе өзiнiң тұрғын алаңында отбасымен тұруға рұқсат етiлуi мүмкiн. Бұл адамдар тiркелу үшiн түзеу орталығына айына бiр реттен төрт ретке дейiн келiп тұруға мiндеттi; тiркелу кезеңi түзеу орталығы бастығының қаулысымен белгiленедi.
8. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi сотталғандарға жазаны өтеу орны бойынша облыс шегiнде орналасқан жоғары және арнаулы орта оқу орындарында сырттай оқуға рұқсат етiледi.
Ескерту. 46-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 16.07.2001. N 244 Заңымен.
47-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны
өтеушi адамдардың еңбек жағдайлары
1. Сотталғандар түрлi меншiк нысандарындағы ұйымдарға еңбекке тартылады.
2. Бас бостандығын шектеуге сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен реттеледi, бұған қабылдау, босату, басқа жұмысқа ауыстыру ережелерi қосылмайды.
3. Сотталғандарды басқа жұмысқа, оның iшiнде басқа жерге
ауыстыру түзеу орталығы әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен сотталушының
пiкiрiн ескере отырып жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Қажеттi мамандығы жоқ сотталғандар үшiн кәсiптiк даярлау ұйымдастырылады.
48-бап. Түзеу орталығы әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
1. Түзеу орталығының әкiмшiлiгi сотталғандардың есебiн жүргiзедi; жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн түсiндiредi; сотталғандардың еңбекке және тұрмыста орналасуын ұйымдастырады; жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi; жазаны өтеудiң тәртiбiн қадағалауды және оны бұзудың алдын алу шараларын жүзеге асырады; сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзедi; заңмен белгiленген көтермелеу және жазалау шараларын қолданады; сотталғандарды босатуға әзiрлеу жөнiндегi жұмысты жүргiзедi.
2. Аталған мiндеттердi жүзеге асыру тәртiбi осы Кодекспен, және
өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
49-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдар
әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдардың әкiмшiлiгi оларды денсаулық жағдайы мен мүмкiндiгiнше олар игерген мамандықты ескере отырып, еңбекке тартуды қамтамасыз етедi, кәсiптiк даярлауды ұйымдастырады және қажеттi тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасауға қатысады.
2. Ұйымдардың әкiмшiлiгiне бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi адамдарды түзеу орталығы әкiмшiлiгiнiң келiсiмiнсiз жұмыстан шығаруға тыйым салынады.
50-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны
өтеушi адамдармен тәрбие жұмысы
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi адамдармен түзеу орталығының әкiмшiлiгi, сондай-ақ сотталғандар жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi тәрбие жұмысын жүргiзедi.