6. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеу түрiнде, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкiн.
7. Үкiммен тағайындалған түзеу мекемесiнiң нысанын өзгертудi Қазақстан Республикасының құқықтық-атқарушылық заңдарына сәйкес сот жүргiзедi.
49-бап. Өлiм жазасы
1. Өлiм жазасы-ату жазасы адамның өмiрiне қол сұғатын ерекше ауыр қылмыстар үшiн, сондай-ақ соғыс кезiнде немесе ұрыс жағдайында мемлекеттiк сатқындық, бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс және ерекше ауыр әскери қылмыстар жасағаны үшiн ғана ең ауыр жаза ретiнде қолданылуы мүмкiн.
2. Өлiм жазасы әйелдерге, сондай-ақ он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және сот үкiм шығарған сәтте алпыс бес жасқа толған еркектерге тағайындалмайды.
3. Кешiрiм жасау тәртiбiмен өлiм жазасы жазаны ерекше режимдегi түзеу колониясында өтеу арқылы өмiр бойы бас бостандығынан айырумен немесе жиырма бес жылға бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкiн.
4. Өлiм жазасы туралы үкiм ерте дегенде ол күшiне енген сәттен бастап бiр жылдан кейiн орындалады.
50-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық
шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк
сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру
1. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн соттау кезiнде сот айыпкердiң жеке басын ескере отырып, оны құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн соттаған ретте сот үкiм шығарған кезде ол сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, бiлiктiлiк шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзудiң орындылығы туралы мәселенi шешедi.
51-бап. Мүлiктi тәркiлеу
1. Мүлiктi тәркiлеу дегенiмiз сотталған адамның меншiгi болып табылатын мүлiктiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн мемлекеттiң меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз алу.
2. Мүлiктi тәркiлеу пайдакүнемдiк ниетпен жасалған қылмыс үшiн белгiленедi және осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкiн.
3. Қылмыстық-атқарушы заңдарда көзделген тiзбеге сәйкес сотталған немесе оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiк тәркiленбеуге тиiс.
IV бөлім. Жаза тағайындау
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында белгiленген шекте және осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыс жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыс үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. Жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi баптарда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарына сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi баптарда көзделгеннен қатаңдығы төменiрек жаза тағайындау үшiн негiз осы Кодекстiң 55-бабында белгiленедi.
3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi айыпкердiң жеке басы, сонымен бiрге оның қылмыс жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.
53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн
мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады:
а) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс жасау;
б) айыпкердiң кәмелетке толмауы;
в) жүктiлiк;
г) айыпкердiң жас балалары болуы;
д) қылмыс жасағаннан кейiн зардап шегушiге тiкелей медициналық және өзге де көмек көрсету, қылмыс салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залал мен моральдiк зиянның орнын өз еркiмен толтыру, қылмыспен келтiрiлген зиянды жоюға бағытталған өзге де iс-әрекеттер;
е) жеке басындық, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлар тоғысуының салдарынан не жаны ашығандық себебiмен қылмыс жасау;
ж) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгi себептi қылмыс жасау;
з) қажеттi қорғанудың құқықтық дұрыстығының шартын бұзу, аса қажеттiлiк қылмыс жасаған адамды ұстау, негiздi тәуекел, бұйрықты немесе өкiмдi орындау жағдайында қылмыс жасау;
и) қылмыс жасау үшiн түрткi болып табылған жәбiрленушiнiң заңға қайшы немесе адамгершiлiкке жатпайтын қылығы;
к) шын жүректен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмысты ашуға, қылмысқа басқа қатысушыларды әшкерелеуге және қылмыс жасау нәтижесiнде алынған мүлiктi iздеуге белсендi жәрдемдесу.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза қолдану кезiнде жеңiлдетушi ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
3. Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында қылмыс белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайталап ескерiле алмайды.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң д) және к) тармақтарында көзделген жеңiлдетушi мән-жайлар болып, ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаның мерзiмi немесе мөлшерi осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi бапта көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшiнен аспауға тиiс.
54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық-жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
а) қылмыстарды әлденеше рет жасау, қылмыстардың қайталануы;
б) қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтiру;
в) адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасау;
г) қылмыс жасағанда айрықша белсендi рөл атқару;
д) айыпкер үшiн психикасы бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi алдын ала белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыс жасауға тарту;
е) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздың себебi бойынша, басқа адамдардың заңды iс-әрекетi үшiн кектенушiлiктен, сондай-ақ басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыс жасау;
ж) жүктiлiк жағдайы айыпкер үшiн алдын ала белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не айыпкерге тәуелдi адамға қатысты қылмыс жасау;
з) белгiлi бiр адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiби немесе қоғамдық борышын өтеуiне байланысты оған немесе оның туыстарына қатысты қылмыс жасау;
и) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинап қылмыс жасау;
к) қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттар, жарылғыш немесе оларды бейнелеушi құрылғылар, арнайы дайындаған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармокологиялық дәрi-дәрмектер пайдаланып, сондай-ақ күш көрсетiп немесе психикалық мәжбүрлеу не жалпы қауiптi әдiс қолданып қылмыс жасау;
л) төтенше жағдайды, табиғи немесе өзге де қоғамдық нәубет жағдайларын пайдаланып, сондай-ақ жаппай тәртiп бұзушылық кезiнде қылмыс жасау;
м) алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уытқылық елiту жағдайында қылмыс жасау. Сот қылмыстың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлатушы деп танымауға құқылы;
н) адамның өзi қабылдаған антын немесе кәсiби антын бұза отырып қылмыс жасауы;
о) қылмыскердiң қызметi жағдайына немесе шартқа байланысты өзiне көрсетiлген сенiмдi пайдаланып қылмыс жасауы;
п) өкiмет өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжатын пайдаланып қылмыс жасау.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында қылмыс белгiсi ретiнде көрсетiлген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайталап ескерiлмеуi керек.
3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлатушы мән-жайлар деп тани алмайды.
55-бап. Белгiлi бiр қылмыс үшiн көзделген жазадан гөрi
неғұрлым жеңiл жаза қолдану
1. Әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, айыпкердiң рөлiне, оның қылмыс жасау кезiндегi немесе одан кейiнгi мiнез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және әрекеттiң қоғамдық қауiптiлiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ топтық қылмысқа қатысушы топ жасаған қылмыстарды ашуға белсене жәрдемдескен кезде жаза осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген ең төменгi шектен төмен тағайындалуы мүмкiн, не сот жазаның осы бапта көзделгеннен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн.
2. Жазаны жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, сондай мән-жайлар жиынтығы да ерекше мән-жай деп танылуы мүмкiн.
56-бап. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде соның себебiнен қылмыс ақырына дейiн жетпеген мән-жай ескерiледi.
2. Қылмысқа дайындалғаны үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнде аяқталған қылмыс үшiн тиiстi бапта көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң жартысынан аспауы керек.
3. Қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi бапта ерекше қылмыс үшiн көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрiнен ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшiнен аспауы керек.
4. Қылмыс жасауға дайындалғаны үшiн және қылмыс жасауға оқталғаны үшiн өлiм жазасы мен өмiр бойы бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
57-бап. Қатысып жасалған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Қатысып жасалған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыс мақсатына жету жөнiндегi мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiруi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпал ескерiледi.
2. Қатысушылардың бiреуiнiң жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол қатысушыға жаза тағайындау кезiнде ғана ескерiледi.
58-бап. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Қылмыстардың жиынтығы кезiнде сот әрбiр қылмыс үшiн бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, түпкiлiктi жазаны жеңiлiрек, қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сiңiру жолымен немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара қосу жолымен белгiлейдi.
2. Егер қылмыстар жиынтығында кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс қамтылса, онда түпкiлiктi жаза жеңiлiрек, қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сiңiру жолымен не жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалады. Бұл жағдайларда жазаларды қосу кезiнде түпкiлiктi жаза жасалған қылмыстардың iшiндегi ең ауыр қылмыс үшiн көзделген жазаның ең жоғары мерзiмi мен мөлшерiнен аспауы керек.
3. Егер қылмыстардың жиынтығында орташа ауырлықтағы қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс қамтылса, түпкiлiктi жаза жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалады. Бұл орайда бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жаза жиырма жылдан аспауы керек.
4. Егер қылмыстардың жиынтығында осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы не өмiр бойы бас бостандығынан айыру көзделген, ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс қамтылатын болса, түпкiлiктi жазалау iшiнара немесе толық қосылып тағайындалады. Бұл орайда бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазалау жиырма бес жылдан аспауға тиiс.
5. Қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты құрайтын қылмыстар үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкiн. Жекелеп немесе толық қосылған жағдайда түпкiлiктi қосымша жаза осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiнiң сол жазалау түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмiнен немесе мөлшерiнен аспауы керек.
6. Егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған басқа бiр қылмысқа айыпты екенi анықталса, жаза нақ сол ережелермен тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жазалау мерзiмiне есептеледi.
59-бап. Қылмыстардың қайталануы жағдайында жаза тағайындау
1. Қылмыстардың қайталануы, қауiптi қайталануы және аса қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзетушiлiк ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жай, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.
2. Қылмыстардың қайталануы жағдайында жасалған қылмыс үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi жасалған қылмыс үшiн көзделген ең қатаң жаза түрiнiң ең жоғары мерзiмi мен мөлшерiнiң жартысынан төмен, ал қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында - үштен екiсiнен төмен, ал қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында - төрттен үшiнен төмен болмауы керек.
3. Егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң бабында (бабының бөлiгiнде) айқындаушы белгi ретiнде қылмыс жасаған адамның соттылығына сiлтеме болса, сондай-ақ осы Кодекстiң 55-бабында көзделген ерекше мән-жайлар болған кезде қылмыстың қайталануы, қауiптi қайталануы немесе аса қауiптi қайталануы кезiнде жаза осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген ережелердi ескермей тағайындалады.
60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыс жасаса, сот соңғы үкiм бойынша сот тағайындаған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.
2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiндегi осы жазалау түрi үшiн көзделген жазалардың ең жоғары мерзiмiнен немесе мөлшерiнен аспауы керек.
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жаза жиырма бес жылдан аспауы керек. Егер адам үкiмдердiң жиынтығында осы Кодекстiң 58-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған қылмыстардың бiреуiн болса да жасаған деп танылған үкiм қамтылатын болса, бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза отыз жылдан аспауы керек.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза қайта жасалған қылмыс үшiн тағайындалған жазадан да, соттың оның алдындағы үкiмi бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуы тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу осы Кодекстiң 58-бабында көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 61-бап өзгертілді
61-бап. Мерзiмдердi қосу кезiнде оларды белгiлеу тәртiбi
1. Қылмыстардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде бас бостандығынан айырудың бiр күнiне:
а) қамаудың немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың бiр күнi;
б) бас бостандығын шектеудiң екi күнi;
в) түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудiң үш күнi;
г) қоғамдық жұмыстарға тартудың төрт сағаты сәйкес келедi.
2. Айыппұл салу белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру, сондай-ақ мүлiктi тәркiлеу оларды бас бостандығын шектеумен, түзеу жұмыстарымен, қамаумен, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 62-бап өзгертілді
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, түзеу жұмыстарының, әскери қызмет бойынша шектеудiң, бас бостандығын шектеудiң, қамаудың, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың, бас бостандығынан айырудың мерзiмi айлармен және жылдармен, ал қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзiмi сағатпен есептеледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жазаларды ауыстыру немесе қосу кезiнде, сондай-ақ жазаны есепке алу кезiнде мерзiм күндермен есептелуi мүмкiн.
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қамауда ұстау бас бостандығынан айыру, қамау, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жаза мерзiмiнiң бiр күнiне бiр күн есебiмен, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға - екi күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге - үш күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазалау мерзiмiне - қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты қамауға ұсталған бiр күн есебiмен есептеледi.
4. Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды қамауда ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасы шегiнен тыс жерлерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу уақыты адам осы Кодекстiң 8-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
5. Сот қарағанға дейiн қамауда ұсталған сотталушы адамға айыппұл, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны тағайындау кезiнде сот қамауда ұсталған мерзiмдi ескере отырып, тағайындалған жазаны жеңiлдетедi немесе оны осы жазаны өтеуден толық босатады.
6. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық аурумен науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне есептеледi.
63-бап. Шартты түрде соттау
1. Егер түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау жазасын тағайындағанда сот сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген қорытындыға келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттау қолданылған жағдайда сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, айыптының жеке басын, соның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
3. Шартты түрде соттау тағайындалған кезде сот сотталған адам мiнез-құлқымен өзiнiң түзелгенiн дәлелдеуге тиiс сынақ мерзiмiн белгiлейдi. Сынақ мерзiмi бiр жылдан үш жылға дейiнгi ұзақтықта тағайындалады.
4. Шартты түрде соттау кезiнде жазаның мүлiктi тәркiлеуден басқа қосымша түрлерi қолданылуы мүмкiн.
5. Сот шартты түрде соттауды тағайындай отырып, сотталған адамға белгiлi бiр мiндеттердi орындауды: шартты түрде сотталған адамның мiнез-құлқын бақылауды жүзеге асырушы арнаулы мемлекеттiк органға хабарламай тұрақты тұратын, жұмыс iстейтiн, оқитын жерiн ауыстырмауды, белгiлi бiр орындарға бармауды, маскүнемдiктен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, соз ауруларынан немесе ВИЧ/ЖҚТБ-дан емделу курсынан өтудi, отбасына материалдық көмек көрсетудi жүктеуi мүмкiн. Сот шартты түрде сотталған адамға оның түзелуiне септiгiн тигiзетiн басқа да мiндеттердi орындауды жүктей алады.
6. Шартты түрде сотталған адамның мiнез-құлқын бақылауды оған уәкiлдiк берiлген мамандандырылған мемлекеттiк орган, ал әскери қызметшiлер жөнiнде әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. Шартты түрде сотталған адамның мiнез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынысы бойынша сынақ мерзiмi iшiнде сот шартты түрде сотталған адам үшiн бұрын белгiленген мiндеттердi толық немесе iшiнара бұзуы не толықтыруы мүмкiн.
64-бап. Шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе
сынақ мерзiмiн ұзарту
1. Егер шартты түрде сотталушы сынақ мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң түзелгенiн дәлелдесе, шартты түрде сотталушының мiнез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыратын органның ұсынысы бойынша сот шартты түрде сотталудың күшiн жою және сотталған адамнан соттылықты алып тастау туралы қаулы ете алады. Бұл орайда шартты түрде сотталудың белгiленген сынақ мерзiмiнiң кем дегенде жартысы өткен соң күшi жойылуы мүмкiн.
2. Егер шартты түрде сотталған адам өзiне сот жүктеген мiндеттердi орындаудан жалтарса немесе сол үшiн өзiне әкiмшiлiк жаза салынған қоғамдық тәртiптi бұзса, сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған органның ұсынысы бойынша сынақ мерзiмiн ұзарта алады, бiрақ ол бiр жылдан аспауы керек.
3. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде өзiне сот жүктеген мiндеттердi ұдайы немесе әдейi орындамаған, сол сияқты қоғамдық тәртiптi ұдайы немесе қасақана бұзылған жағдайда сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған органның ұсынысы бойынша шартты түрде сотталудың күшiн жою және сот үкiмiмен тағайындалған жазаны орындау туралы қаулы етедi.
4. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде абайсызда қылмыс жасаған не кiшiгiрiм ауырлықты қасақана қылмыс жасаған жағдайда шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындалған кезде шешедi.
5. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда сот шартты түрде сотталудың күшiн жойып, оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
V бөлім. Қылмыстық жауаптылықтан және
жазалаудан босату
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 65-бап өзгертілді
65-бап. Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан
босату
1. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе, немесе қылмыс келтiрген зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
2. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қоспағанда, қылмыс жасаған адам, егер ол ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмыстарда болғызбауға, ашуға немесе тергеуге, ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмысқа басқа да қатысушыларды анықтауға белсендi түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлар болған кезде басқа санаттағы қылмыс жасаған адам тек осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында арнайы көзделген реттерде ғана қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
66-бап. Қажеттi қорғану шегiнен асқан кезде қылмыстық
жауаптылықтан босату
Қоғамдық қауiптi қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғану шегiнен асқан адамды сот iстiң мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
67-бап. Жәбiрленушiмен татуласуына байланысты қылмыстық
жауаптылықтан босату
Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықты қылмыс жасаған адам, егер ол жәбiрленушiмен татуласса және жәбiрленушiге келтiрген зиянның есесiн толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
68-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық
жауаптылықтан босату
1. Қылмыс белгiлерi бар әрекет жасаған адамды, егер iстi сот қараған кезде жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауiптi емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейiнгi мүлтiксiз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауiптi деп есептеле алмайтындығы белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
69-бап. Ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық
жауаптылықтан босату
1. Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
а) кiшiгiрім қылмыс жасағаннан кейiн екi жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейiн бес жыл;