356-бап. Судьяға және қылмыстық процеске қатысушыларға
қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы
мәлiметтердi жария ету
1. Судьяға, сот приставына, сот атқарушысына, жәбiрленушiге, куәгерге, қылмыстық процеске басқа да қатысушыларға қатысты, сол сияқты олардың туыстарына қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария ету, егер бұл әрекеттi аталған мәлiметтер сенiп тапсырылған немесе оның қызметтiк жұмысына байланысты белгiлi болған адам жасаса -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен төрт жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан төрт айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
357-бап. Хатталған немесе иелiк етуге тыйым салынған не
тәркiлеуге жататын мүлiкке қатысты заңсыз әрекеттер
1. Хатталған, тыйым салынған немесе иелiк етуге шектеу қойылған мүлiктi осы мүлiк сенiп берiлген адамның жасаған ысырап етуi, иелiктен шығаруы, жасарып қалуы немесе заңсыз беруi, сол сияқты несие ұйымдары қызметкерiнiң тыйым салынған, не жұмсау операциялары тоқтатылып қойылған ақша қаражатымен (салымдармен) банк операцияларын жүзеге асыруы -
жүз айлық есептiк көрсеткiштен екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айдан төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соттың үкiмi бойынша тәркiлеуге жататын мүлiктi жасырып қалу немесе иемденiп кету, сол сияқты мүлiкке тәркiлеу тағайындау туралы соттың заңды күшiне енген үкiмiн орындаудан өзге де жалтару -
жетi жүз айлық есептiк көрсеткiштен мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның жетi айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл сала отырып, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
358-бап. Бас бостандығынан айыру орнынан, тұтқындаудан
немесе қамаудан қашу
1. Жазасын өтеушi немесе алдын ала қамаудағы адам жасаған бас бостандығынан айыру орнынан, тұтқындаудан немесе қамаудан қашу -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекет:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданылып, не осындай күш қолданамын деп қорқытумен;
в) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттар қолданылып жасалса -
жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қашқан сәтiнен бастап жетi күн мерзiмде бас бостандығынан айыру немесе қамау орнына өз еркiмен қайтып оралған адам, егер өзге жаңа қылмыс жасамаса және қашуы осы баптың екiншi бөлiгiндегi б) және в) тармақшаларында көзделген әрекеттермен ұштасып жатпаса қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
359-бап. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын өтеуден
жалтару
Бас бостандығынан айыру орнынан қысқа мерзiмге шығуға рұқсат етiлген сотталған адамның шығу мерзiмi бiткеннен кейiн, сол сияқты айдауылсыз құқығын пайдаланушы, не қадағалауда жүрген сотталған адамның бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын одан әрi өтеуден жалтару мақсатында жасалған түзеу мекемесiне қайтып оралмауы -
екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
360-бап. Қылмыстық-атқару мекемесi әкiмшiлiгiнiң талаптарына
қасақана бағынбау
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеушi адамның қылмыстық-атқару мекемесi әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарына қасақана бағынбауы -
екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
361-бап. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететiн мекемелердiң
қалыпты қызметiнiң тәртiбiн бұзу
1. Бас бостандығынан айыру орнының немесе қамауда ұстау орнының қызметкерiне қатысты, сондай-ақ сотталған адамның түзетiлуiне кедергi жасау немесе оның қоғамдық мiндеттердi орындағаны үшiн кек алу мақсатында оған қатысты күш қолданумен қорқыту -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға өмiрге және денсаулыққа қауiпсiз күш қолдану -
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша не өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып жасалған әрекеттер -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 362-бап толықтырылды
362-бап. Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн
орындамау
1. Заңды күшiне енген сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн қасақана орындамау, сол сияқты олардың орындалуына кедергi жасау -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Өкiмет өкiлi, мемлекеттiк қызметшi, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының қызметкерi, сол сияқты мемлекеттiк мекеменiң коммерциялық немесе өзге де ұйымның қызметкерi жасаған дәл сол әрекеттер -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен төрт жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан төрт айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн қасақана бұзуы, сол сияқты қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерiнен өз бетiмен кетiп қалуы немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босағаннан кейiн таңдап алған тұрғылықты жерiне әкiмшiлiк қадағалаудан жалтару мақсатымен белгiленген мерзiмде бармауы -
бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
363-бап. Қылмысты жасыру
Ауыр немесе аса ауыр қылмысты алдын ала уәде берместен жасыру -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары жасаған қылмысты күнi бұрын уәде берместен жасырғаны үшiн адам қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды
364-бап. Қылмыс туралы хабарламау
Дайындалып жатқан немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс туралы хабарламау -
жүз айлық есептiк көрсеткiштен екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан шектеуге жазаланады.
Ескерту. Қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары қылмыс туралы, сондай-ақ дiни қызметшiлер өзiне сенiп сырын ашқан адамдардың қылмыстары туралы хабарламағаны үшiн осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.
365-бап. Адвокаттар мен өзге де адамдардың азаматтарды қорғау
және оларға заңгерлiк көмек көрсету жөнiндегi заңды
қызметiне кедергi жасау
Адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процестерде азаматтарды қорғау, сол сияқты азаматтар мен ұйымдарға заңгерлiк көмек көрсету жөнiндегi заңды қызметiне кедергi жасау, не бұл қызметтiң дербестiгiн және тәуелсiздiгiн өзге де бұзу, егер бұл әрекеттер азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, не қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса -
бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан шектеуге жазаланады.