Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының
1997 жылғы 5 наурыздағы N 77-1 Заңы
Осы редакция ҚР 2003 ж. 16 мамырдағы N 416-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңмен бағалы қағаздардың шығарылуы мен айналыста болуы, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыру, бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу процесiнде туындайтын қатынастар реттеледi.
I тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан
Республикасының заңдары
Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы заңнан бағалы қағаздар шығаруға және олардың айналысына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтiн өзге де заңдардан, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес шығарылатын мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2-бап. Негiзгi ұғымдар
Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
антеррайтер - бағалы қағаздар рыногында делдалдық және дилерлiк қызметке лицензиясы бар және эмитенттiң бағалы қағаздарын онымен жасасқан ережелерiне сай орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
Белгiлi бiр тұлғаның аффилиирленген тұлғасы ("аффилиирленген тұлға") - қоғамның белгiлi бiр тұлғаның шешiмiн тiкелей және/немесе жанама айқындауға және/немесе ол қабылдайтын шешiмге ауызша уағдаластықты қоса алғанда, шарттың немесе өзге бiр мәмiленiң күшi арқылы ықпал етуге құқығы бар кез келген заңды немесе жеке тұлға (өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде сол тұлғаның қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ оған қатысты осы тұлғаның осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға. Акционерлiк қоғамның лауазымды адамдарды, қоғамның дауыс беретiн акцияларының он және оның одан да көп процентiн (ашық халықтық қоғамдар үшiн - бес және одан да көп процентiн) иеленетiн акционер мiндеттi түрде акционерлiк қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылады;
брокер - сыйақы үшiн шарт негiзiнде iс-қимыл жасайтын, клиенттердiң тапсырмасы бойынша, солардың есебiнен және мүдделерiн көздеп бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi жүзеге асырушы делдал;
бағалы қағаздардың қайталама рыногы - бұрын шығарылған бағалы қағаздардың айналысы процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында қалыптасатын қатынастар, бұған бағалы қағаздардың бастапқы рыногының қатынастары қосылмайды;
бағалы қағаздарды материалсыздандыру - бағалы қағаздармен куәландырылатын мүлiктiк құқықтарды растау әдiсiн өзгерту, бұл орайда арнаулы тiзiлiмдердегi жазбалар бұл құқықтарды растау болып табылады;
бағалы қағаздар депозитарийi - бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi есепке алу және оларды орындау, сондай-ақ бағалы қағаздарды материалсыздандыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым;
депонент - депозитарийдiң клиентi болып табылатын тұлға, ол бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерге қызмет көрсету жөнiндегi депозитарийдiң қызметтерiн шарт негiзiнде пайдаланады;
бағалы қағаз ұстаушы - бағалы қағаздың меншiк иесi және/немесе нақтылы ұстаушысы;
дивиденд - акционерлiк қоғамның таза пайдасының акционерлер арасында олардың меншiгiндегi акциялар санына қарай бөлiнетiн бөлiгi;
дилер - бағалы қағаздарды кейiн қайта сату немесе олармен өзге
де мәмiлелер жасау нәтижесiнде пайда табу мақсатымен өз атынан және
өз есебiнен бағалы қағаздармен мәмiлелер жасайтын кәсiпқой қатысушы;
инвестор - өз қаражатын бағалы қағаздарға салуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
институционалдық инвестор - өзi тартқан ақшаны көбiнесе бағалы қағаздарға инвестициялайтын заңды тұлға;
кастодиан - клиенттердiң сенiп тапсырған бағалы қағаздары мен ақшаны сақтау және есепке алу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын кәсiпқой қатысушы;
бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу жөнiндегi клиринг-бағалы қағаздармен мәмiле жасаудың нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiн есепке алу;
баға кесу - қор биржасында және басқа да ұйымдасқан бағалы қағаздар рыноктарында бағалы қағаздардың бағамын (рыноктық бағасын) белгiлеу;
биржадан тыс бағалы қағаздар рыногындағы баға кесу ұйымы - бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құратын, заңды тұлға мәртебесi бар, бағалы қағаздарға баға кесу және биржадан тыс рынок айналысындағы бағалы қағаздармен сауда жасауды техникалық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
листинг - эмитенттiң бағалы қағаздарын қор биржасындағы немесе өзге де бағалы қағаздардың басқа да ұйымдасқан рыноктарындағы саудаға жiберу;
бағалы қағаздарды бiр iзге түсiрудiң ұлттық жүйесi (NSIN) - Қазақстан Республикасы аумағында айналымға жiберiлген бiр эмиссиядағы бағалы қағаздарды әрiптiк-сандық кодификациялау жүйесi;
ұйымдастырылмаған рынок - мәмiле нысанасына және оның қатысушыларына ұйымдастырылған рынок талаптарына сақтамай бағалы қағаздармен мәмiлелер жүзеге асырылатын бағалы қағаздар айналымы өрiсi;
бағалы қағаздардың нақтылы құны - бағалы қағаздың оны шығару кезiнде белгiленген құнының ақшалай түрi;
нақтылы ұстаушы - шартқа сәйкес және бағалы қағаздар иесiнiң мүдделерiн көздеп, өз атынан және меншiк иесi есебiнен бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыратын кәсiпқой қатысушысы;
бағалы қағаздар айналысы - бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногы - бағалы қағаздардың айналым өрiсi, онда бағалы қағаздармен мәмiле жасау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мәмiлелерге қатысушылар үшiн сауда-саттықты ұйымдастырушылар белгiлеген рәсiммен және шарттармен реттелген;
бағалы қағаздардың бастапқы рыногы - бағалы қағаздарды шығару және орналастыру процестерiнде, бiр жағынан, эмитенттiң немесе оның тапсыруы бойынша бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысының және, екiншi жағынан, инвесторлардың арасында қалыптасатын қатынастар;
бағалы қағаздар портфелi - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң меншiгiндегi не басқаруындағы алуан түрлi бағалы қағаздардың жиынтығы;
бұйрық - бағалы қағаздарды ұстаушы немесе сатып алушы бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысына беретiн, бағалы қағаздармен мәмiле жасасуға негiзделген және бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыруға арналған бағалы қағаздар мен ақша жөнiндегi белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыру жөнiнде нұсқаудан тұратын стандарттық үлгiдегi құжат;
эмиссия проспектi - эмитент, оның қаржылық жай-күйi және шығарылған бағалы қағаздар туралы ақпараттан тұратын құжаттар жиынтығы;
бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары - бағалы қағаздар рыногында кәсiпқой қызметтiң бiр немесе бiрнеше түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар;
туынды бағалы қағаздар - басқа бағалы қағаздар арқылы бiлдiрiп құнға ие болатын бағалы қағаздар;
тiркеушi - бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
бағалы қағаздар рыногы кәсiпқой қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымы - бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құрған, олардың кәсiби мүдделерiн бiлдiру және қорғау, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногы инфрақұрылымының неғұрлым тиiмдi жұмысы үшiн жағдайлар жасау мақсатымен, олардың ерiктi қатысуы негiзiнде әрекет ететiн ұйым;
бағалы қағаздар сертификаты - меншiк иесiне оның бағалы қағаздарға құқықтарын растауға эмитент беретiн, бағалы қағаз болып табылмайтын құжат;
өзiндiк капитал - шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң өз мiндеттемелерiн шегерiп тастағаннан кейiнгi активтерi;
бағалы қағаздар эмиссиясының құрылымы - эмиссияның мөлшерi, бағалы қағаздардың нақтылы құны, шығару нысаны, шығарылатын бағалы қағаздардың саны, олардың түрi туралы мәлiметтер;
бағалы қағаздар портфелiн басқарушы - бағалы қағаздар портфелiн сондай-ақ бағалы қағаздар сатып алуға арналған ақшаны басқару жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
қор биржасы - қызметiнiң ерекше түрi қаржы құралдарымен сауда жасауды ұйымдастыру болып табылатын, ол қызметтi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес және биржа белгiлеген ережелерге сәйкес жүзеге асыратын заңды тұлға;
эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр эмиссия шегiнде бiртектес белгiлерге және реквизиттерге ие болатын, осы эмиссияға арналған бiрыңғай ережелер негiзiнде орналастырылатын және айналысқа түсетiн бағалы қағаздар;
эмиссия бағалы қағаздарды шығару және орналастыру;
эмиссиялық синдикат - эмитенттiң бағалы қағаздарын орналастыру мақсатында құрылған бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының бiрлестiгi;
эмитент - қолданылып жүрген заңдарға сәйкес бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын және бағалы қағаздардың иеленушiлерi алдында өз атынан мiндеттемелерi болатын заңды тұлға.
Ескерту. 2-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11.
N 154 Заңымен.
Ескерту. 2-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан
Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен.
Ескерту. 2-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16.
N 436 Заңымен.
3-бап. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар
1. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар мыналар болып табылады:
биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымы;
қор биржасы;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ұйымдар.
2. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар қызметiн уәкiлеттi орган лицензиялауға тиiс.
4-бап. Бағалы қағаздар рыногының объектiлерi
Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар рыногының объектiлерi мыналар болып табылады:
акциялар, облигациялар және заңдарда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган бағалы қағаздар деп танылған бағалы қағаздардың басқа да түрлерi;
Заңдарға сәйкес осындай деп танылған туынды бағалы қағаздар;
басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған, Қазақстан Республикасы аумағындағы айналысына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен рұқсат етiлген шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздары;
ипотекалық куәлiктер, коносаменттер және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаз мәртебесi болған өкiмдiк құжаттардың басқа да түрлерi.
5-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi
Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi:
инвесторлар;
эмитенттер;
бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары;
өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар болып табылады.
6-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы инвесторлар
1. Бағалы қағаздар рыногында:
инвесторлар - жеке және заңды тұлғалар;
институционалдық инвесторлар болуы мүмкiн.
Мемлекет Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе Қаржы министрлiгi арқылы бағалы қағаздар рыногында инвестор ретiнде iс-қимыл жасайды.
2. Бағалы қағаздар портфелiн қалыптастыру үшiн өздерi тартқан қаржыны пайдаланушы субъектiлер:
инвестициялық қорлар;
банктер Қазақстан Республикасы заң актiлерiнде көзделген жағдайларда;
мемлекеттiк емес зейнетақы қорлары;
сақтандыру ұйымдары;
Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес басқа да ұйымдар Қазақстан Республикасындағы институционалдық инвесторлар болып табылады.
Ескерту. 6-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11.
N 154 Заңымен.
7-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысаны
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар мынадай:
- құжаттандырылған;
- құжатсыздандырылған нысандарда шығарылуы мүмкiн.
2. Бағалы қағаздар шығарылуы құжатсыздандырылған нысаны - бағалы қағаздарға мүлiктiк құқықтар тiзiлiмде тiркелетiн шығару нысаны және бұған қоса олар материалдық таратушыларға (қағазға және басқа да материалдарға) шығарылады.
3. Бағалы қағаздар шығарудың құжатсыздандырылған нысаны - бағалы қағаздарға мүлiктiк құқықтар бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiнде тiркелетiн шығару нысаны.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысанын эмиссияны мемлекеттiк тiркеуге табыс етiлген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзе отырып, эмитенттiң жоғарғы басқару органының шешiмi бойынша эмитент өзгертуi мүмкiн.
Ескерту. 7-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10.
N 282 Заңымен.
8-бап. Бағалы қағаздар иелерiнiң құқықтарын растау
1. Құжаттандырылған нысанда шығарылған бағалы қағаздар иелерiнiң құқықтары осы бағалы қағаздарды көрсетуi арқылы расталады.
2. Құжаттандырылмаған нысанда шығарылған бағалы қағаздар меншiк иелерiнiң құқықтарын тiркеушiлер немесе нақтылы ұстаушылар растайды.
3. Бағалы қағаздарды иелерiнiң талап етуi бойынша тiркеушi немесе нақтылы ұстаушы оларға бағалы қағаздарға өздерiнiң құқықтарын растайтын құжаттар беруге мiндеттi.
9-бап. Бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер
1. Бағалы қағаздармен мәмiлелер ұйымдасқан және ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында жасалады.
2. Кәсiпқой қатысушылар ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердi өз атынан немесе клиенттiң атынан, өз есебiнен немесе клиенттiң есебiнен бағалы қағаздар сатып алу немесе сату арқылы жасайды.
Бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты тараптардың бiрiнiң талап етуi бойынша нотариалдық куәландырылуға тиiс.
3. Бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында жасалатын мәмiлелердi инвесторлардың өздерi де, бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қызметiн пайдалана отырып та жүзеге асыруы мүмкiн.
4. Кәсiпқой қатысушының бағалы қағаздармен мәмiле жасауға өкiлеттiгi оның клиентпен жасасқан мәмiлелердi жасау және орындау үшiн қажеттi талаптарды айқындайтын шартымен расталады.
5. Бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау рәсiмi және оларды тiркеу ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстейтiн ұйымдардың ережелерiмен белгiленедi.
Ескерту. 9-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан
Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен.
II тарау. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу
10-бап. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк
реттеу негiздерi
Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу:
бағалы қағаздар рыногы субъектiлерi қызметiне мiндеттi талаптар белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер шығару;
эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды тiркеу мен оларда көзделген шарттар мен мiндеттердi эмитенттердiң сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылар және олардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары қызметiн лицензиялау;
биржадан тыс рыноктағы айналыстағы бағалы қағаздардың бағасын белгiлеудi және оның саудасын техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын қор биржалары мен ұйымдардың қызметiн лицензиялау;
бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесiн ұйымдастыру және олардың құқықтарын эмитенттер мен бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылардың сақтауына бақылау жасау;
бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылар қызметiне бақылау жасау және бағалы қағаздар рыногын реттейтiн заңдарды бұзғаны үшiн тиiстi санкцияларды қолдану;
бағалы қағаздар рыногында заңдарды бұзатын адамдарды анықтау және жауапкершiлiкке тарту жөнiндегi шаралар қолдану;
бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың кәсiптiк және бiлiм деңгейiн арттыру жөнiндегi жүйелердi ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады.
Ескерту. 10-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10.
N 282 Заңымен.
11-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды
реттеу жөнiндегi мемлекеттiк орган
Мемлекеттiк орган арқылы мемлекет бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттiк реттеу мен бақылауды жүзеге асырады.
Бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Президентi бағалы қағаздар рыногын реттеу мен бақылау және акционерлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган (одан әрi - уәкiлеттiк орган) құрады, ол өз қызметiнде Конституция нормаларын, бағалы қағаздар рыногы туралы заңдар мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алады және Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ережелер негiзiнде қолданылады.
Ескерту. 11-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10.
N 282 Заңымен.
12-бап. Бағалы қағаздар эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу
Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды және басқа да бағалы қағаздарды шығару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк тiркеуге жатады.
III тарау. Бағалы қағаздардың бастапқы рыногы
13-бап. Бағалы қағаздардың эмиссиясы
Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (акцияларды, облигацияларды) жарияланған жарғылық капиталды құру және өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында эмитент жүргiзедi.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен.
14-бап. Мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясы
Мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясын жүзеге асыру тәртiбi және эмиссия көлемi Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледi.
15-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы
қағаздар эмиссиясы
Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясы:
бағалы қағаздар шығару туралы эмитенттiң шешiм қабылдауын;
уәкiлеттi органда бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеудi;
инвесторлар үшiн эмиссия проспектiсiнде болатын ақпараттар ашуды;
бағалы қағаздар шығаруды және орналастыруды;
бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi табыс етудi қамтиды.
Ескерту. 15-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10.
N 282 Заңымен.
16-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды мемлекеттiк тiркеу
шарттары мен тәртiбi
1. Осы баптың 3-тармағында көзделгеннен басқа жағдайларда мынадай акциялардың эмиссиясы мемлекеттiк тiркеуге жатпайды:
заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда, акционерлiк қоғамдардың үлгiсiне қарамастан, олардың акцияларының бастапқы эмиссиясы;
жабық акционерлiк қоғамдардың акцияларының кейiнгi эмиссиясы;
ашық акционерлiк қоғамдар акцияларының жабық немесе жеке тәсiлмен орналастырылатын акцияларының кейiнгi миссиясы.
2. Ашық орналастыруды жүзеге асыратын ашық акционерлiк қоғамдардың және осы баптың 3-тармағында көрсетiлген қоғамдардың акцияларының эмиссияларын мемлекеттiк тiркеудiң, сондай-ақ акцияларды шығару және орналастыру қорытындысы туралы есеп беру рәсiмi мен тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Акционерлiк қоғамдардың - банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру ұйымдарының бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының, бағалы қағаздар саудасын ұйымдастырушылардың, инвестициялық қорлардың, жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың және Орталық депозитарийдiң акцияларының барлық эмиссиялары мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
4. Акционерлiк қоғамның акцияларын кез келген әдiспен орналастыруға осы акциялар эмиссиясында уәкiлеттi орган берген ұлттық сәйкестендiру нөмiрi болғанда ғана рұқсат етiледi. Бағалы қағаздар эмиссиясына ұлттық сәйкестендiру нөмiрлерiн берудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
1998.07.10. N 282 Заңымен.
17-бап. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар
эмиссияларының мемлекеттiк тiзiлiмi
1. Бағалы қағаздардың тiркелген шығарылымы және олардың эмитенттерi туралы мәлiметтер бағалы қағаздардың Мемлекеттiк тiзiлiмде енгiзiледi, оны жүргiзудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Бағалы қағаздардың Мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлмеген бағалы қағаздар эмиссиялары жарамсыз болып табылады.
3. Уәкiлеттi органның мемлекеттiк бағалы қағаздарға бiр iзге түсiру нөмiрлерiн беру үшiн олардың эмиссиялары туралы ақпараттар беру тәртiбi заңдарға сәйкес белгiленедi.
18-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын тiркеудi оның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган жүргiзедi.
Уәкiлеттi орган бағалы қағаздар эмиссияларын тiркеудi заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу органдарына беруге құқылы.
2. Бағалы қағаздар шығарылымын тiркеуге:
табыс етiлген құжаттарды қарау және эмитенттiң қаржылық жай-күйiн тексеру;
Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне бағалы қағаздар эмиссиясы мен эмитенттер туралы ақпараттарды енгiзу;
эмиссияны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк беру кiредi.
3. Бұрын шығарылған бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептер бекiтiлмейiнше, бағалы қағаздардың кейiнгi эмиссиялары тiркеуге жiберiлмейдi.
4. Бағалы қағаздар эмиссиялары туралы құжаттарды уәкiлеттi орган бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеуге құжаттар бумасы табыс етiлген кезден бастап 30 күн iшiнде қарайды. Оларды ресми тiркеуден бас тартылған және тiркеу үшiн ұсынылған жағдайда құжаттарды қарау мерзiмi жаңадан белгiленедi.
5. Бағалы қағаздар эмиссиялары туралы құжаттарда жалған, нақты емес, үстiрт мәлiметтер бергенi үшiн эмитент және оның лауазымды адамдары қолданылып жүрген заңдарда көзделгенiндей жауапты болады.
6. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар уәкiлеттi органға бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу үшiн құжаттарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң сараптау қорытындысын алғаннан кейiн табыс етедi.
7. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар эмитент болған жағдайда, эмиссияның проспектiсiндегi өзгертулердi тiркеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның сараптама қорытындысын алғаннан кейiн уәкiлеттi органға бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу үшiн құжаттарды табыс етедi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы эмитент болған жағдайда эмиссия проспектiне өзгерiстердi тiркеу сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 18-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11.
N 154 Заңымен.
Ескерту. 18-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10.
N 282 Заңымен.
Ескерту. 18-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.18.
N 128 Заңымен.
19-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясын
тiркеуден бас тарту
1. Бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеуден дәлелдi бас тарту үшiн ұсынылған құжаттар қолданылып жүрген заңдарға және эмиссия проспектiсiне енгiзiлген мәлiметтердiң эмитенттiң нақты қаржы жағдайына сәйкес келмеуi негiз болып табылады.
2. Бағалы қағаздар шығарудың мақсатқа сай еместiгiн дәлел етiп, тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеуден бас тарту жөнiнде сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
20-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясын
тоқтата тұру
1. Бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұруға:
бағалы қағаздар эмиссиясы ережелерiнiң эмиссиялардың тiркелген ережелерiне, осы Заңға және нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес келмеуi;
эмиссия ережелерiн едәуiр өзгертетiн ақпараттың уәкiлеттi органға келiп түсуi;
эмиссияның тiркелген көлемiнiң артып кетуi;
уәкiлеттi органның талаптарын эмитенттiң белгiленген мерзiмде орындамауы негiз болады.
2. Бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұру:
эмитенттiң бағалы қағаздарды одан әрi орналастыруына тыйым салуды;
рынокта орналастырылған бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердiң тiркелуiн жүзеге асыруға тыйым салуды;
осы эмиссияның бағалы қағаздарын орналастыру жөнiндегi жарнама науқанын тоқтатуды бiлдiредi.
3. Бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұру туралы шешiмдi уәкiлеттi орган қабылдайды.