3) туындыларды және сабақтас құқықтар объектiлерiн нақты пайдалануына қарай осы тармақтың 2)-тармақшасында аталған соманы шегерiп отырып, жиналған сыйақыны бөлуге және ұдайы төлеп отыруға тиiс.
2. Осы Заңның 45-бабының 1-тармағында көзделген сыйақыны ұйымның жинауына өкiлеттiк бермеген авторлық және сабақтас құқықтар иелерi жүргiзiлген бөлуге сәйкес ұйымнан өздерiне тиесiлi сыйақының төленуiн талап етуге, сондай-ақ бұл ұйым пайдаланушыларға берген рұқсаттардан өз туындылары мен сабақтас құқықтар объектiлерiн шығарып тастауға құқылы.
47-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметiн бақылау
1. Авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйым өз қызметiне бақылау жасайтын уәкiлдiк берiлген орынға өз қызметi туралы мынадай ақпарат беруге мiндеттi:
1) мұндай ұйымның жарғысына және өзге де құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерiстер туралы;
2) мұндай ұйымның осыған ұқсас құқықтарды басшылыққа алған шетелдiк мекемелермен жасасқан екiжақты және көпжақты келiсiмдерi туралы;
3) жалпы жиналыстың шешiмдерi туралы;
4) талап етiлмеген сыйақылар туралы мәлiметтердi қоса алғанда, осындай ұйымның жылдық балансы, жылдық есебi және оның қызметiн аудиторлық тексеру туралы;
5) осындай ұйымның атынан уәкiлдiк берiлген адамдардың тектерi туралы.
2. Мүлiктi құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың жұмысын бақылайтын уәкiлдiк берiлген орган мұндай ұйымнан оның қызметiнiң осы Заңға, қоғамдық бiрлестiктер туралы заңға және өзге де заңдарға, сондай-ақ мұндай ұйымның жарғысына сәйкестiгiн тексеру үшiн қосымша қажеттi ақпарат талап етуге құқылы.
V Тарау. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау
48-бап. Авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуы
Осы Заңда көзделген авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық, қылмыстық және әкiмшiлiк жауаптылық туындайды.
49-бап. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау
1. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды сот:
1) құқықтарды тану;
2) құқық бұзылғанға дейiнгi жағдайды қалпына келтiру;
3) құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауiп төндiретiн әрекеттердi тыю;
4) айырылып қалған пайданы қоса алғанда, шығындардың орнын толтыру;
5) құқық бұзушы авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу салдарынан тапқан табысты өндiрiп алу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген, жалақының жиырмадан елу мыңға дейiнгi ең төменгi мөлшерi, ал ЭЕМ-ға арналған бағдарламаның немесе деректер базасы авторларының құқығын бұзғаны кезде жалақының бес жүзден елу мыңға дейiнгi ең төменгi мөлшерi сомасында өтем төлеу арқылы жүзеге асырылады. Зиянның орнын толтырудың немесе табысты өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi;
7) олардың құқықтарын қорғауға байланысты заң актiлерiнде көзделген өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады.
Осы тармақтың 4), 5), 6)-тармақшаларында аталған шаралар авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң таңдауына қарай қолданылады.
2. Iс қаралғанға дейiн судья туындылар мен фонограммалардың контрафактiлiк деп жорамалданған даналарын жауапкердiң дайындауына, көшiрмелеуiне, сатуына, пайдалануына тыйым салу туралы жеке-дара ұйғарым шығаруға құқылы. Судья туындылар мен фонограммалардың контрафактiлiк деп жорамалданған даналарын, сондай-ақ оларды дайындау мен көшiрмелеуге арналған материалдар мен жабдықтарды пайдалануға тыйым салу және алып қою туралы ұйғарым шығаруға да құқылы.
3. Сот туындының немесе фонограмманың контрафактiлiк даналарын, сондай-ақ оларды көшiрмелеуге пайдаланылатын материалдар мен жабдықтарды тәркiлеу туралы шешiм шығаруға құқылы. Туындының немесе фонограмманың контрафактiлiк даналары оның талап етуi бойынша авторлық немесе сабақтас құқықтардың иесiне берiлуi мүмкiн не соттың шешiмi бойынша жойылуға тиiс. Оларды көшiрмелеуге пайдаланылған материалдар мен жабдықтар соттың шешiмi бойынша жойылуға не мемлекет кiрiсiне берiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының