5. Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртiбiмен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды (осы Заңның 11-бабының 2-тармағы) жасауға бұл баптың ережелерi қолданылмайды.
15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар
1. Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:
1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);
2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);
3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғуға жол бермеу, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың ар-ожданына яки беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).
2. Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.
Қызметтiк туындыларды жасаған кезде бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.
3. Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөнiндегi айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.
4. Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.
5. Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
16-бап. Мүлiктiк құқықтар
1. Туынды авторының немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң сол туындыны кез-келген нысанда және кез-келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бар.
2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:
1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез-келген әдiспен тарату; сату, жалға өткiзу, көпшiлiкке уақытша пайдалануға беру және басқалар (тарату құқығы);
3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
9) туындыны аудару (аудару құқығы);
10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы) құқықтарын бiлдiредi.
3. Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.
Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:
1) ноталық мәтiн түрiндегi музыкалық туындының;
2) фонограммаға түсiрiлген туындының;
3) дыбыс-бейнежазу туындысының;
4) деректер базасының;
5) ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.
4. Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.
5. Туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн авторлық сыйақының мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартта, сондай-ақ пайдаланушылар мен авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдар жасайтын шарттарда белгiленедi.
6. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға орынсыз зиян келтiрмей, автордың заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18-26-баптарымен белгiленедi.
17-бап. Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы
1. Бейнелеу өнерi шығармасының авторы туындының меншiк иесiнен өз туындысының көшiрмесiн жасау құқығын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруiн талап етуге құқылы (қол жеткiзу құқығы). Бұл орайда туындыны меншiк иесiнен туындыны авторға жеткiзiп берудi талап етуге болмайды.
2. Бейнелеу өнерi туындысының түпнұсқасын жария түрде (аукцион, бейнелеу өнерiнiң галереясы, көркемдiк салоны, дүкен және сол сияқтылар арқылы) қайталап сатқан әрбiр жағдайда мұндай бейнелеу өнерi туындысын меншiктену құқығынан бiрiншi рет айырылғаннан кейiн автордың немесе оның мұрагерлерiнiң сатушыдан қайталап сату бағасының бес процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар (қадағалау құқығы). Авторды тiрi кезiнде аталған құқықтан айыруға болмайды және ол заң бойынша немесе қалдырған өсиетi бойынша авторлық құқық мерзiмiнде тек қана автордың мұрагерлерiне көшедi.
18-бап. Туындыны жеке мақсатта автордың келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу
1. Заңды түрде жарияланған туындыны автордың келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей жеке тұлғаның тек өз мақсаты үшiн, осы Заңның 26-бабында көзделген реттердi қоспағанда, жалғыз дана етiп көшiрмелеуiне жол берiледi.
2. Осы баптың 1-тармағының ережесi:
1) үйлер және солар сияқты ғимараттар түрiндегi сәулет өнерi туындыларын көшiрмелеуге;
2) деректер базаларын немесе олардың елеулi бөлiктерiн көшiрмелеуге;
3) осы Заңның 24-бабында көзделгендерден басқа реттердi қоспағанда, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды көшiрмелеуге;
4) кiтаптарды (толығымен) және нота мәтiндерiн репродукциялауға қолданылмайды.
19-бап. Туындыны автордың келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану
Автордың келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайданылатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:
1) заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;
2) заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде пайдалану;
3) ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;
4) көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
5) ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
6) заңды түрде жарияланған туындыларды бедерлi-нүкте жазумен немесе зағип адамдарға арналған басқа да арнайы тәсiлдермен, осылайша көшiрмелеу үшiн арнайы жасалған туындыларды қоспағанда, пайда таппай көшiрмелеу.
20-бап. Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану
Автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдаланылатын автордың есiмi мен қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, туындының жалғыз данасын:
1) заңды түрде жарияланған туындыны кiтапханаларда және архивтерде қалпына келтiру, жоғалып кеткен немесе бүлiнген даналарды ауыстыру, өз қорындағы туындыны белгiлi бiр себептермен жоғалтып алған басқа кiтапханаларға туындының даналарын беру үшiн;
2) кiтапханалар мен архивтердiң жинақтарда, газеттерде және басқа мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жеке мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардан қысқаша үзiндiлердi (суретпен немесе суретсiз) жеке тұлғалардың оқып-үйрену және зерттеу мақсатындағы сауалдары бойынша;
3) жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардың қысқаша үзiндiлерiн (суретпен немесе суретсiз) бiлiм беру мекемелерi дәрiсханалардағы сабаққа пайдалану үшiн, пайда алмай репродукциялауына жол берiледi.
21-бап. Еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған туындыларды еркiн пайдалану
Туындыны бейнелеу осындай көшiрмелеудiң, эфирге таратудың немесе жалпы жұрттың назарына кабель бойынша хабарлаудың негiзгi объектiсi болатын немесе туындыны бейнелеу коммерциялық мақсат үшiн пайдаланылатын реттердi қоспағанда, еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған сәулет, суретке түсiру, бейнелеу өнерi туындыларын автордың келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеуге, эфирге таратуға немесе жалпы жұрт назарына кабель бойынша хабарлауға жол берiледi.
22-бап. Туындыларды ресми және өзге де рәсiмдер кезiнде көпшiлiк алдында орындау
Заңды түрде жарияланған музыкалық туындыларды ресми және дiни рәсiмдер, сондай-ақ өлiктi жерлеу кезiнде көпшiлiк алдында сол рәсiмдердiң сипатына сәйкес келетiн көлемде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге де иесiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей орындауға жол берiледi.
23-бап. Туындыларды сот және әкiмшiлiк мақсаттар үшiн көшiрмелеу
Туындыларды сот және әкiмшiлiк iс жүргiзу үшiн осындай мақсатқа белгiленген көлемде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге де иесiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеуге жол берiледi.
24-бап. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және деректер базасын еркiн көшiрмелеу. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды керi жазып шығу
1. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге айрықша құқықтар иесiнiң рұқсатын алмай және қосымша сыйақы төлемей туындыны пайдалануға:
1) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына оны пайдаланушының техникалық құралдарында жұмыс iстеу мақсатында ғана жүзеге асырылатын өзгерiстердi енгiзуге, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының жұмыс iстеуiне байланысты оның мақсатына сәйкес кез-келген iс-әрекеттi, соның iшiнде ЭЕМ-нiң (бiр ЭЕМ немесе жүйенi бiр пайдаланушы) зердесiне жазу мен сақтауды, сондай-ақ автормен жасалған шартта өзгеше көзделмесе, көрiнеу қателердi түзетудi жүзеге асыруға;
2) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының көшiрмесiн тек қана архивтiк мақсатқа және ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының түпнұсқасы жоғалып, жойылып кеткен немесе пайдалануға жарамай қалған жағдайларда заңды түрде алынған дананы ауыстыру үшiн ғана жасауға құқылы. Бұл орайда ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының көшiрмесiн осы тармақтың 1)-тармақшасында көрсетiлгеннен басқа мақсаттарға пайдалануға болмайды және ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының данасын иелену заңды деп тану тоқтатылған жағдайда ол жойылуға тиiс.
2. ЭЕМ-ге арналған бағдарлама данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге де айрықша құқықтар иесiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей объект кодын көшiруге және бастапқы мәтiнде өзгертуге (ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны керi жазып шығуға) немесе, егер олар осы адамның ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасаған бағдарламасының керi жазылып шыққан бағдарламамен өзара iс-әрекет жасай алатын өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажет болса, мынадай шарттарды сақтаған жағдайда ол бұл iс-әрекеттi жүзеге асыруды өзге адамдарға тапсыруға құқылы:
1) өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажеттi, бұл адам бұрын басқа деректерден ала алмаған ақпарат;
2) аталған әрекеттер ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның керi жазылып шыққан, өзара iс-әрекет қабiлетiне жету үшiн қажеттi бөлiктерi жөнiнде ғана жүзеге асырылады;
3) керi жазып шығу нәтижесiнде алынған ақпаратты ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн ғана пайдалануға болады, ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның басқа бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн қажет болатын жағдайларды қоспағанда, оны өзге адамдарға беруге болмайды, сондай-ақ оны өзiнiң түрi жағынан ЭЕМ-ге арнап керi жазылып шыққан бағдарламаға едәуiр ұқсайтын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны әзiрлеу үшiн немесе авторлық құқықты бұзатын басқа да кез-келген әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдалануға болмайды.
3. Бұл баптың ережелерiн қолдану ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны немесе деректер базасын қалыпты пайдалануға орынсыз залал келтiрмеуге тиiс және автордың немесе ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына айрықша құқықтың өзге де иесiнiң заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамауға тиiс.
25-бап. Туындыларды қысқа мерзiмге пайдалану үшiн эфирге хабар тарату ұйымдары жүзеге асыратын жазбалар
Эфирге хабар тарату ұйымы автордың немесе авторлық құқықтардың өзге де иесiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей осы ұйымның эфирге таратуға құқы алған туындыны қысқа уақытқа пайдалану үшiн жазбасын мынадай жағдайларда;
1) жазбаны эфирге хабар тарату ұйымы өз жабдықтарының көмегiмен және өз хабарлары үшiн дайындаған;
2) егер жазылған туынды авторымен неғұрлым ұзақ мерзiмге келiсiлмесе, мұндай жазбаны ол әзiрленгеннен кейiнгi алты ай iшiнде жойылған жағдайларда жазуға болады. Егер жазбаның құжаттық мәнi ерекше болса, мұндай жазба туынды авторының келiсiмiнсiз-ақ ресми мұрағаттарда сақталуы мүмкiн.
26-бап. Туындыны авторлық сыйақысын төлеп, автордың келiсiмiнсiз жеке мақсатта көшiрмелеу
1. Туынды авторының, орындаушының және фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз, бiрақ оларға сыйақы төлеп, дыбыс-бейнежазу туындысын немесе туындының дыбыстық жазбасын жеке мақсатта көшiрмелеуге жол берiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған көшiрмелеу үшiн сыйақыны осындай көшiрмелеу үшiн пайдаланылатын жабдықтарды (дыбыс және бейнемагнитофондарды, өзге де жабдықтарды) және материалдық жеткiзгiштердi (дыбыс және (немесе) бейнетаспалармен касеттер, шағын дискiлер, өзге де материалдық жеткiзгiштер) дайындаушылар немесе импорттаушылар төлейдi.
3. Бұл сыйақыны жинау мен бөлудi авторлардың, фонограмма жасаушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiреуi осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабы).
4. Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы мынадай шамада бөлiнедi: авторларға - қырық процент, орындаушыларға - отыз процент, фонограмма жасаушыларға - отыз процент.
5. Сыйақының мөлшерi және оны төлеудiң шарттары, бiр жағынан аталған дайындаушылар мен импорттаушылардың және екiншi жағынан авторлардың, фонограмма жазушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдар арасындағы келiсiмде белгiленедi, ал тараптар мұндай келiсiмге келе алмаған жағдайда - Қазақстан Республикасының уәкiлдiк берiлген органы белгiлейдi.
6. Осы баптың 2-тармағында аталған, экспортқа шығаруға болатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштер, сондай-ақ үй жағдайында пайдалануға арналмаған кәсiптiк жабдықтарға сыйақы төленбейдi.
27-бап. Туындыларды жеке мақсатта шет елге шығару
Шетке шығарылған жағдайда республиканың ұлттық мүдделерiне зиян келтiрiлетiн, тiзбесi белгiленген тәртiп бойынша анықталатын туындыларды қоспағанда, туындының данасын автордың немесе өзге де құқық иесiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей тек қана жеке адамның өз мақсаттары үшiн шет елге шығаруына жол берiледi.
28-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Авторлық құқық, осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды.
2. Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.
3. Өсиеттi орындаушы тағайындайтын тәртiп бойынша автор өзi қайтыс болғаннан кейiн өзiнiң авторлық құқығын, есiмінiң құқығын және өзiнiң беделiн сақтау құқығын қорғауды жүктейтiн адамды көрсетуге құқылы. Ол адам өз өкiлеттiгiн өмiр бойы атқарады. Мұндай нұсқаулар болмаған жағдайда автор қайтыс болғаннан кейiн оның авторлық құқығын, есiмнiң құқығын және беделiн қорғау құқығын қорғауды оның мұрагерлерi, егер мұрагерлерi жоқ болса, немесе олардың авторлық құқығы тоқтатылса, Қазақстан Республикасының мұндай қорғауды жүзеге асыратын уәкiлдiк берiлген органы жүзеге асырады.
4. Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды. Егер аталған мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк атпен шығарылған туындының авторы өзiнiң шын есiмiн немесе оның кiм екенi ендiгi жерде күмән тұғызбаса, осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылады.
5. Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды.
6. Автор қайтыс болғаннан кейiн отыз жыл iшiнде бiрiншi рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды.
7. Егер автор қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталса, онда құқық қорғаудың осы бапта көзделген мерзiмi ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.
8. Осы бапта көзделген мерзiм сол мерзiмнiң басталуы үшiн негiз болып табылатын заңды факт болған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептеле бастайды.
29-бап. Туындылардың қоғамдық игiлiкке айналуы
1. Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуi олардың қоғамдық игiлiкке айналғандығын бiлдiредi.
2. Қазақстан Республикасының аумағында ешқашан қорғауға алынбаған туындылар да қоғамдық игiлiкке айналған болып саналады.
3. Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды кез-келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiнiң құқығы мен оның беделiн қорғау құқығы сақталуға тиiс.
4. Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды пайдаланушылар авторлардың шығармашылық қызметiне ықпал ету, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында авторлардың кәсiби қорына немесе авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдарға қаржы аударуға ерiктi.
30-бап. Авторлық құқықтың ауысуы
1. Авторлық құқық шарт бойынша және мұра ретiнде берiледi.
2. Авторлық құқық мұрагерлiк тәртiбiмен заң бойынша немесе өсиет бойынша ауысады.
3. Автордың осы Заңның 15-бабында көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтары мұрагерлiк бойынша ауыспайды. Автордың мұрагерлерi мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүзеге асыруға құқылы. Мұрагерлердiң аталған заңды құқықтарының мерзiмi шектелмейдi.
4. Өсиет орындаушыны тағайындайтын тәртiп бойынша автор өзiнiң мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүктейтiн адамды көрсетуге құқылы. Мұндай адам өз өкiлеттiгiн өмiр бойы атқарады. Автордың мұндай нұсқауы болмаған жағдайда автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды оның мұрагерлерi, егер мұрагерлерi болмаса немесе олардың авторлық құқығы тоқтатылған болса, Қазақстан Республикасының мұндай қорғауды жүзеге асыратын уәкiлдiк берiлген органы атқарады.
31-бап. Мүлiктiк құқықтың берiлуi. Авторлық шарт
1. Осы Заңның 16-бабында аталған мүлiктiк құқықтар, осы Заңның 18-26-баптарында көзделген реттердi қоспағанда, тек қана авторлық шарт бойынша берiлуi мүмкiн. Мүлiктiк құқықтар беру айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт негiзiнде немесе айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт осы құқықтар берiлген адамға ғана туындыны белгiлi бiр әдiспен және шартта белгiленген шекте пайдалануға рұқсат етедi және мұндай адамға басқа адамдардың туындыны осылайша пайдалануына тыйым салу құқығын бередi. Егер айрықша құқықтар берiлген адам бұл құқықты қорғауды жүзеге асырмаса, басқа адамдарға туындыны пайдалануға тыйым салу құқығын туындының авторы жүзеге асыра алады.
3. Айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт пайдаланушыға осындай құқықты берген айрықша құқық иесiмен және (немесе) осы туындыны сондай әдiспен пайдалануға рұқсат алған басқа адамдармен туындыны тең жағдайда пайдалануға рұқсат етедi.
4. Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер шартта тiкелей өзгеше көзделмесе, айрықша емес құқықтар деп есептеледi.
32-бап. Авторлық шарттың ережелерi. Авторлық шарттың нысаны. Авторлық шарт бойынша жауапкершiлiк
1. Авторлық шартта:
1) туындыны пайдалану әдiстерi (осы шарт бойынша берiлетiн нақты құқықтар);
2) құқық берiлетiн мерзiм мен аумақ;
3) сыйақы мөлшерi және (немесе) туындыны пайдаланудың әрбiр әдiсi үшiн сыйақы мөлшерiн белгiлеу тәртiбi, оны төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ тараптар осы шарт үшiн маңызды деп есептейтiн басқа да жағдайлар көзделуге тиiс.
2. Авторлық шартта құқықтың берiлу мерзiмi туралы ереже болмаған жағдайда, егер пайдаланушыға бұл жөнiнде шарттың бұзылуына дейiн алты ай бұрын жазбаша хабарланған болса, автор шартты ол жасалған күннен бастап бес жыл өткен соң бұза алады.
3. Авторлық шартта құқық берiлетiн аумақ туралы ереже болмаған жағдайда шарт бойынша берiлетiн құқықтың қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.
4. Туындыны пайдалануға авторлық шарт бойынша тiкелей берiлмеген құқықтар берiлмедi деп саналады.
5. Шарт жасалған кезде белгiсiз болған туындыны пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды.