Конституциялық заң күшi бар Қазақстан Республикасының
Конституциялық Кеңесi туралы Қазақстан Республикасы
Президентiнiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Жарлығы
Осы редакция 2004 жылғы 24 қарашадағы N 604-II Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Конституциясының қағидаларын жүзеге асыру мақсатында осы Жарлықты шығарамын.
I ТАРАУ
Жалпы Ережелер
1-бап. Конституциялық Кеңестiң мәртебесi
Конституциялық Кеңес мемлекеттiк орган ретiнде Республиканың бүкiл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары тұруын қамтамасыз етедi:
1) өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде дербес және мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға тәуелсiз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрi саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды;
2) Республика Конституциясы мен осы Жарлықты басшылыққа ала отырып, соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуге бармай-ақ өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
2-бап. Конституциялық Кеңестiң құрамы
Конституциялық Кеңес жетi мүшеден, соның iшiнде Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан тұрады. Бұған қоса Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.
3-бап. Конституциялық Кеңестi құру тәртiбi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
2. Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн Республиканың Президентi, екi мүшесiн Парламент Сенатының Төрағасы және екi мүшесiн Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң жартысы әрбiр үш жыл сайын жаңартылып отырады.
4-бап. Конституциялық Кеңес мүшелiгiне
кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Конституциялық Кеңестiң құрамына отыз жасқа толған, Республика аумағында тұратын, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар Республика азаматы тағайындала алады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар Республиканың экс-Президенттерiне қолданылмайды.
5-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң өкiлеттiк мерзiмi
1. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгi алты жылға созылады.
2. Шығып қалған немесе қызметте болу мерзiмi аяқталған жағдайда Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституцияда және осы Жарлықта белгiленген тәртiппен тағайындалады.
3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi қызметтерiне адамдардың шығып қалған немесе осы қызметтерде болу мерзiмi аяқталған күннен бастап бiр ай iшiнде тағайындалады.
4. Егер Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшелерiне өкiлеттiк мерзiмi олардың қатысуымен Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселенi қарау кезеңiнде аяқталса, онда олардың өкiлеттiгi қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн сақталады.
6-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң анты
Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнен олар тағайындалғаннан кейiн Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында салтанатты жағдайда Республика Президентi мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң төрағасы (мүшесi) мiндетiн адал атқаруға, әдiл болуға және басқа ешкiмге, еш нәрсеге емес, тек Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға салтанатты түрде ант етемiн".
7-бап. Конституциялық Кеңестiң отырыстары
1. Конституциялық Кеңестiң отырысы егер оған Конституциялық Кеңес құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы болады.
2. Конституциялық Кеңестiң отырыстарын қажетiне қарай Конституциялық Кеңестiң Төрағасы, ал ол болмаған кезде оның уәкiлдiк беруi бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының мiндетiн атқарушы шақырады.
8-бап. Конституциялық iс жүргiзу
Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша iс қарау мен шешiмдер қабылдау Конституцияда және осы Жарлықта белгiленген конституциялық iс жүргiзу тәртiбiмен жүзеге асырылады.
9-бап. Конституциялық Кеңес туралы заңдар
1. Конституциялық Кеңестiң мәртебесi, құзыретi, қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi Республика Конституциясымен және осы Жарлықпен белгiленедi.
2. Конституциялық Кеңес өз қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiнiң Конституциямен және осы Жарлықпен реттелмеген мәселелерi бойынша Конституциялық Кеңестiң регламентiн қабылдайды.
II ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң
Төрағасы мен мүшелерiнiң мәртебесi
10-бап. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi
мемлекеттiң лауазымды адамдары ретiнде
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары болып табылады, олардың мәртебесi Конституциямен және осы Жарлықпен, сондай-ақ Конституция мен осы Жарлықта реттелмеген бөлiгiнде мемлекеттiк қызмет туралы нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
11-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң тәуелсiздiгi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi өз мiндеттерiн орындау кезiнде тәуелсiз болады және тек Конституция мен осы Жарлыққа ғана бағынады. Басқа ешқандай да актiнiң олар үшiн сөзсiз мiндеттi күшi болмайды.Олардың қызметiне қандай болса да араласуға, сондай-ақ оларға қандай түрде болса да қысым жасауға немесе басқадай ықпал етуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
2. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң конституциялық iс жүргiзу мәселелерi жөнiндегi қызметi есеп беруге жатпайды. Өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру мәселелерi бойынша олардан есеп талап етуге ешкiмнiң хақы жоқ.
3. Қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн Конституциялық Кеңестiң қарауына арқау болып отырған мәселелер бойынша ешкiмнiң де пiкiр немесе кеңес сұрауға, ал Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң, Конституциялық Кеңестiң отырысынан басқа кезде, пiкiр айтуға немесе кеңес беруге хақы жоқ.
4. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi өкiлеттiк мерзiмi iшiнде ауыстырылмайды. Олардың өкiлеттiгiн, осы Жарлықта көзделген жағдайларды қоспағанда, тоқтатуға немесе тоқтата тұруға болмайды.
5. Егер Конституциялық Кеңестiң қарауындағы мәселеге тiкелей жеке немесе жанама мүдделiгiне байланысты өзiнiң әдiлдiгiне күмән тууы мүмкiн болса, Конституциялық Кеңестiң Төрағасы немесе мүшесi бұл мәселенi қараудан бас тартуға мiндеттi, мұны Конституциялық Кеңес қанағаттандыруға тиiс.
6. Конституциялық Кеңес мүшесiнiң сотта немесе өзге құқық қолдану органдарында, заңды өкiлдiктен басқа, қорғауды немесе өкiлдiктi жүзеге асыруға, құқықтарды жүзеге асыру мен мiндеттерден босату iсiнде қандай адамдарға болса да қамқоршылық жасауға хақы жоқ.
12-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiне ешкiмнiң тиiспеуi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасалған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi анықтау мен тергеудi жүзеге асыратын республикалық мемлекеттiк органның басшысы ғана қозғай алады. Iстi тергеу барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Республиканың Бас Прокуроры жүзеге асырады, ол Парламентке Конституциялық Кеңестiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм беру туралы ұсыныс енгiзедi. Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi Республика Жоғарғы Соты қарайды.
3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды.
4. Конституциялық Кеңестiң мүшесiн, егер осы Жарлыққа сәйкес оның өкiлеттiгi тоқтатыла тұрмаған болса, Конституциялық Кеңестiң отырысына қатысудан шеттетуге ешкiмнiң хақы жоқ.
13-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы
мен мүшелерi құқықтарының теңдiгi
Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселелердi қарауда және олар бойынша шешiмдер қабылдауда, осы Жарлықтың 33-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тең құқықтарға ие болады.
14-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының,
мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру
1. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн Конституциялық Кеңестiң өтiнiшi бойынша оны тағайындаған адам, мынадай жағдайларда егер ол:
1) дәлелдi себептерсiз кемiнде қатарынан үш рет Конституциялық Кеңестiң отырыстарына қатыспаса;
2) денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы өз мiндеттерiн орындай алмаса;
3) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша хабар-ошарсыз жоқ болған деп танылса, тоқтата тұруы мүмкiн.
2. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi сол сияқты, егер заңда белгiленген тәртiппен оны қамауға алуға, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартуға, сотта медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану туралы тиiстi шағым қозғауға келiсiм берiлген жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
3. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм өкiлеттiктi тоқтатуға негiздер байқалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қабылданады.
4. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгi осы өкiлеттiктi тоқтата тұруға негiздер дәйексiз болып қалғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
15-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының,
мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтату
1. Тиiсiнше:
1) Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгiн Республика Президентi тоқтатады;
2) Конституциялық Кеңес мүшесiнiң өкiлеттiгiн оны тағайындаған лауазымды адам тоқтатады.
2. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi:
1) орнынан түсуi туралы өтiнiшiнiң қанағаттандырылуы;
2) Жоғарғы соттың ол жөнiнде заңды күшiне енген айыптау үкiмiнiң болуы;
3) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы;
4) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның өлген деп танылуы;
5) оның қайтыс болуы;
6) осы Жарлықтың 10-бабының 2-тармағында көзделген шарттардың сақталмауы;
7) антты бұзуы, Республика Конституциясы мен осы Жарлықтың талаптарын орындамауы, оның жоғары мәртебесiмен сыйыспайтын атына кiр келтiретiн қылық жасауы;
8) Конституция мен осы Жарлықта белгiленген талаптар бұзыла отырып тағайындалуы;
9) қызметте болуының Конституцияда белгiленген мерзiмiнiң аяқталуы;
10) алпыс жасқа, ерекше жағдайларда алпыс бес жасқа толуы, Республиканың экс-Президенттерi бұған кiрмейдi;
11) саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партияға немесе өзге де қоғамдық бiрлестiкке кiруi нәтижесiнде тоқтатылады.
16-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен
мүшелерiнiң қызметiн қамтамасыз ету
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнiң жалақыны Республика Президентi Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында анықталған тәртiппен белгiлейдi.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн тұрғын үймен, көлiкпен және өзге де қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
III ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң және
оның лауазымды адамдарының құзыретi
17-бап. Конституциялық Кеңестiң құзыретi
1. Конституциялық Кеңес дау туған жағдайда Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес:
1) Республика Президентi сайлауының;
2) Парламент депутаттары сайлауының;
3) республикалық референдумның дұрыс өткiзiлгендігi туралы мәселенi шешедi.
2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2)-3)-тармақшаларына сәйкес:
1) Парламент қабылдаған заңдарға Президент қол қойғанға дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн;
2) Республиканың халықаралық шарттары бекiтiлгенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды.
3.Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 4)-5)-тармақшаларына сәйкес:
1) Конституция нормаларына ресми түсiндiрме;
2) Парламент тиiсiнше республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметiнен босату туралы шешiм, Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн - белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.
4. Конституциялық Кеңес:
1) егер сот Конституцияның 78-бабына сәйкес қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп қараса, Конституцияның 72-бабы 2-тармағына сәйкес соттардың актiнi конституциялық емес деп тану туралы өтiнiштерiн қарайды;
2) Конституцияның 53-бабы 1-тармағы 11)-тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Парламентке Республикадағы конституциялық заңдылықтың жайы туралы жолдау жiбередi.
18-бап. Конституциялық Кеңестiң өзге де өкiлеттiктерi
Конституциялық Кеңес:
1) құзыретi шегiнде барлық мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан құжаттар, материалдар мен өзге де ақпараттар сұратуға және алуға, сондай-ақ белгiленген тәртiппен сарапшылық және ғылыми-консультациялық жұмысқа мамандар тартуға хақылы;
2) Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы өтiнiш жасайды және осы Жарлықта белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
19-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы:
1) Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылдаған мәселелердi қарауға даярлықты басқарады;
2) Конституциялық Кеңестiң отырысын шақырады, iс жүргiзуге қабылданған мәселелердi олардың қарауына енгiзедi және Конституциялық Кеңестiң отырыстарында төрағалық етедi;
3) Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң мiндеттерiн бөледi, Конституциялық Кеңес мүшелерi мен оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады;
4) отырыс өткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды белгiлейдi;
5) Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы Конституциялық Кеңестiң жолдауын жария етедi;
6) Республика Президентiнiң талап етуi бойынша оған елдегi конституциялық заңдылықтың жайы туралы ақпаратты табыс етедi;
7) Конституциялық Кеңес отырыстарының шешiмдерi мен хаттамаларына қол қояды;
8) Конституциялық Кеңестiң бекiтуiне оның регламентiн табыс етедi;
9) Конституциялық Кеңестiң аппараты туралы Ереженi, бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде - Конституциялық Кеңес аппаратының құрылымы мен штат кестесiн бекiтедi;
10) Конституциялық Кеңес аппараты қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) осы Жарлыққа және Конституциялық Кеңес регламентiне сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
2. Өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Конституциялық Кеңестiң Төрағасы бұйрықтар мен өкiмдер шығарады.
IV ТАРАУ
Конституциялық iс жүргiзу
20-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар
1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар болып өтiнiштерi бойынша конституциялық iс қозғалып отырған мына адамдар мен органдар танылады:
1) Республика Президентi;
2) Парламент Сенатының Төрағасы;
3) Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы;
4) өздерiнiң жалпы санының кемiнде бестен бiрi болатын Парламент депутаттары;
5) Премьер-Министрi;
6) Республика соттары;
7) актiлерiнiң конституциялылығы тексерiлетiн мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар.
2. Қажет болған жағдайда конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар Конституциялық Кеңеске өз өкiлдерiн жiбере алады, олардың өкiлеттiгi азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен ресiмделедi.
21-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың
құқықтары мен мiндеттерi
1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар өкiлеттiгi шегiнде тең iс жүргiзу құқықтарын пайдаланады.
2. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:
1) iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардың қысқаша үзiндiлерi мен көшiрмелерiн алуға;
2) дәлелдер келтiруге, оларды зерттеуге қатысуға және өтiнiштерi мен қарсылықтарының негiзi ретiнде өздерi сiлтеме жасап отырған мәнжайларды дәлелдеуге;
3) конституциялық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өздерiнiң дәйектерi мен ойларын Конституциялық Кеңеске айтуға;
4) өтiнiштерiн мәлiмдеуге және мәлiмденген өтiнiштер бойынша өз пiкiрiн айтуға;
5) Конституциялық Кеңеске ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге хақылы.
3. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушы:
1) өтiнiшi бойынша конституциялық iс қозғалған қатысушының Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмi қабылданатын отырысы басталғанға дейiн өтiнiшiнiң негiзiн өзгертуге, оның көлемiн ұлғайтуға немесе азайтуға, өтiнiшiнен бас тартуға хақылы;
2) соның актiлерiне орай конституциялық iс қозғалған қатысушының өтiнiшiнде мәлiмделген талаптарды толық немесе iшiнара мойындауға не оларға қарсылық бiлдiруге хақылы.
4. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:
1) өз құқықтарын адал пайдалануға мiндеттi. Олардың Конституциялық Кеңеске көрiнеу жалған мәлiметтер хабарлауы немесе Конституциялық Кеңес талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты бермеуi Конституциялық Кеңестi құрметтемеу ретiнде бағаланады және заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады;
2) Республика Конституциясына, Конституциялық Кеңеске, оның талаптарына және Конституциялық Кеңесте қабылданған рәсiмдерге құрметпен қарауға;
3) төрағалық етушiнiң отырыс тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға мiндеттi.
22-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш
берудiң нысаны мен мазмұны
1. Конституциялық Кеңеске өтiнiш жазбаша түрде берiледi.
2. Өтiнiште мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) Конституциялық Кеңестiң атауы;
2) өтiнiш жасаушының атауы,тұрғылықты жерi, мекен-жайы және ол туралы өзге де қажеттi деректер;
3) өтiнiш жасаушының өкiлiнiң атауы, мекен-жайы және қызметi бойынша өкiлдiктi қоспағанда, оның өкiлеттiгi туралы өзге де деректер;
4) егер өтiнiште оларды өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселе қойылған ретте, Президент, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдум өткiзуге байланысты актiлерге қол қойған немесе оларды шығарған мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдардың атауы, тұрғылықты жерi және мекен-жайы;
5) егер өтiнiште Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, заңдардың атауы, қабылданған күнi;
6) егер өтiнiште Республиканың халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, Республиканың халықаралық шарттарының, Қазақстан Республикасы немесе оның мемлекеттiк органдары атынан оларға қол қойылған лауазымды адамдардың аты, оларға қол қойылған күн мен орын;
7) өтiнiште ресми түсiндiрме беру туралы мәселе қойылып отырған Республика Конституциясының нормалары;
8) егер соттың ұсынысында актiнi конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылса, егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп таныса, актiге қол қойған немесе оны шығарған мемлекеттiк органның, лауазымды адамның аты, тұрғылықты жерi мен мекен-жайы, заңның немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнiң атауы, нөмiрi, қабылданған күнi, жарияланған көздер және өзге де реквизиттер;
9) Конституцияның 47-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент құрған комиссияның атауы, құрамы және оның қорытындысы; Республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметтен босату туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердiң атауы, қабылданған күнi және мазмұны;
10) Президенттi қызметтен кетiру туралы мәселенi қозғауға түрткi болған депутаттардың саны туралы мәлiметтер; Парламент Палаталарында дауыс берудiң нәтижелерi туралы мәлiметтер; Президентке қарсы тағылған айыпты тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер; тағылған айыптың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Соттың қорытындысы жөнiндегi мәлiметтер; Республика Президентiн қызметтен кетiру туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердің атауы, қабылданған күнi және мазмұны;
11) өтiнiштiң мәнi;
12) өтiнiш жасауға негiз болатын және оның негiздiлiгiн растайтын өзге де деректер, мән-жайлар мен айғақтар;
13) Республика Конституциясы мен осы Жарлықтың Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасау құқығын беретiн нормалары;
14) қоса тiркелiп отырған құжаттар тiзбесi.
3. Өтiнiшке тиiстi субъект қол қоюға тиiс, ал Конституциялық Кеңеске сот өтiнiш жасаса, оған тиiстi соттың төрағасы қол қояды.
4. Өтiнiшке мыналар қоса тiркеледi:
1) Өтiнiш берген субъектiлер сiлтеме жасаған актiлер мәтiндерiнiң көшiрмесi;
2) өкiлдiк лауазым бойынша жүзеге асырылатын жағдайдан басқа реттерде өкiлдiң өкiлеттiгi туралы құжаттар;
3) он дана мөлшерiнде өтiнiш пен оның қосымшаларының көшiрмесi.
5. Конституциялық iс жүргiзу тiлдерiнде жазылмаған құжаттарға олардың қазақша немесе орысша аудармалары қоса тiркелуге тиiс.
23-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш берудiң салдарлары
Конституциялық Кеңеске төменде көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте:
1) Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның қорытындыларын шығару тоқтатыла тұрады;
2) Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 3)-тармақшаларында көрсетiлген тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады;
3) Конституцияның 78-бабында көрсетiлген iс жүргiзу тоқтатыла тұрады.
24-бап. Конституциялық Кеңестiң өтiнiштердi қарау мерзiмдерi
Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарап, өтiнiш келiп түскен күннен бастап бiр ай iшiнде ол жөнiнде қорытынды шешiм шығарады. Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмаса, Республика Президентiнiң жазбаша нысанда жасаған талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
25-бап. Өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдау
немесе оны қабылдаудан бас тарту
Конституциялық Кеңестiң Төрағасы келiп түскен өтiнiштi Конституциялық Кеңестiң қарауына енгiзедi, оның отырысы ол келiп түскен күннен бастап үш күн мерзiмде өткiзiледi. Конституциялық Кеңес өтiнiштi тексерiп, егер
1) өтiнiш осы Жарлықта белгiленген өтiнiш нысаны мен мазмұнына сәйкес келмесе немесе тиiстi субъектiден туындамаса;
2) өтiнiштiң мәнi Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жатпаса;
3) өтiнiште көрсетiлген мәселенiң конституциялылығын Конституциялық Кеңес бұрын тексерiп қойған болса және Конституциялық Кеңестiң заңды күшiн сақтайтын шешiмi бар болса;
4) өтiнiште көрсетiлген мәселе Конституцияда шешiмiн таппаса;
5) конституциялығы талас тудырып отырған акт тоқтатылған немесе күшiн жойған болса, өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартып, оны қайтарып бередi.
26-бап. Iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi
Конституциялық Кеңестiң отырысында
қарау үшiн материалдар әзiрлеу тәртiбi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы өз өкiмiмен Конституциялық Кеңестiң отырысына материалдар әзiрлеудi жүзеге асыратын Конституциялық Кеңестiң мүшесiн белгiлейдi. Келiп түскен өтiнiштiң айрықша күрделiлiгiне, не оның аса маңыздылығына немесе жеделдiгiне орай материалдарды әзiрлеу Конституциялық Кеңестiң бiрнеше мүшесiне тапсырылуы мүмкiн.
2. Бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше өтiнiш келiп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес оларды бiр конституциялық iске бiрiктiру туралы шешiм қабылдай алады. Бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешкен кезде олардың бiрi - Конституциялық Кеңестiң, ал басқалары өзге мемлекеттiк билiк органдарының қарауына жататын болса, Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жататын өтiнiштер ғана қаралуға тиiс.