1) қатардағы құрам:
қаржы полициясының қатардағы қызметкерi;
2) кiшi басшы құрам:
қаржы полициясының кiшi сержанты;
қаржы полициясының сержанты;
қаржы полициясының аға сержанты;
қаржы полициясының старшинасы;
3) орта басшы құрам:
қаржы полициясының кiшi лейтенанты;
қаржы полициясының лейтенанты;
қаржы полициясының аға лейтенанты;
қаржы полициясының капитаны;
4) аға басшы құрам:
қаржы полициясының майоры;
қаржы полициясының подполковнигi;
қаржы полициясының полковнигi;
5) жоғары басшы құрам:
қаржы полициясының генерал-майоры арнайы атағы берiледi.
69. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне арнайы атақтар олардың біліктiлiгiн, білімiн, қызметке қатынасын, еңбек сiңiрген жылдарын және атқарып жүрген штаттық лауазымын, сондай-ақ осы Ережеде көзделген басқа да талаптарды ескере отырып, кезекпен дербес берiледi.
70. Берiлу кезектiлiгiне қарай арнайы атақтар алғашқы және кезектi деп бөлiнедi.
Басшылық құрамның кезектi арнайы атағын қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi және қызметтiк мiндеттерiн үлгiлi орындағаны үшiн көтермелеу ретiнде бұған дейiнгi атақта еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi аяқталғанға дейiн мерзiмiнен бұрын немесе атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғарылатып беруi мүмкiн.
71. Кiшi, орта, аға басшы құрамның алғашқы арнайы атақтарын, уәкiлеттi органның басшысы бередi.
72. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнайы атақтарын алдыңғы атақтағы белгiленген еңбек сiңiрген мерзiмi аяқталғаннан кейiн қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы, ал кiшi басшы құрамға уәкiлеттi орган басшысының уәкiлеттi орынбасары бередi.
73. Аға және жоғары басшы құрамның басқарушы лауазымына қабылданған азаматқа, әдетте, егер оның қапас бойынша неғұрлым жоғары әскери атағы болмаса, қаржы полициясы подполковнигiнен жоғары емес алғашқы арнайы атағы берiлуi мүмкiн.
74. Кiшi, орта және аға басшылық құрамның кезектi арнайы атақтары осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, кезектi атақ атқарып келген штаттық лауазымы бойынша көзделген атаққа сәйкес келген жағдайда және алдыңғы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi аяқталуына қарай кезектi тәртiппен берiледi.
75. Басшы құрамның арнайы атақтарында еңбек сiңiру жылдарының мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
- қаржы полициясының кiшi сержанты атағында - 1 жыл;
- қаржы полициясының сержанты атағында - 2 жыл;
- қаржы полициясының аға сержанты атағында - 3 жыл;
- қаржы полициясының кiшi лейтенанты атағында - 1 жыл;
- қаржы полициясының лейтенанты атағында - 2 жыл;
- қаржы полициясының аға лейтенанты атағында - 3 жыл;
- қаржы полициясының капитаны атағында - 3 жыл;
- қаржы полициясының майоры атағында - 4 жыл;
- қаржы полициясының подполковнигi атағында - 5 жыл.
76. Қаржы полициясының қатардағы қызметкерi, старшинасы және полковнигi атақтарында, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында еңбек сiңiру мерзiмдерi белгiленбейдi.
77. "Қаржы полициясының лейтенанты" алғашқы арнайы атағы жоғары оқу орнын бiтiрген бойда берiлген және қаржы полициясында оқу орнында алған немесе тектес мамандық бойынша қызмет атқарып жатқан қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi үшiн қаржы полициясының лейтенанты атағында еңбек сiңiру мерзiмi бiр жыл болып белгiленедi.
78. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұрған азаматқа ол қаржы полициясы органдарындағы басшы құрамның лауазымына тағайындалғаннан кейiн оның әскери атағынан төмен емес арнайы атақ берiледi.
79. Арнайы атақ атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген атақ шегiнде мерзiмiнен бұрын берiледi, ал ғылыми дәрежесi немесе ғылыми атағы және оқу орнында штаттық лауазымы бар қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне арнайы атақтағы еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғары атақ берiлуi мүмкiн.
80. Арнайы атақтар мерзiмiнен бұрын алдыңғы арнайы атақта еңбек сiңiру жылдарының белгiленген мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн және берiлетiн арнайы атақ атқаратын штаттық лауазымында көзделген атаққа сәйкес болған жағдайда берiледi.
81. Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғары кезектi арнайы атақ алдыңғы арнайы атақта еңбек сiңiру жылдары мерзiмдерiнiң кемiнде бiр жарым мерзiмi өткеннен кейiн берiледi. Бұл ретте арнайы атақтар мерзiмiнен бұрын және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделгеннен бiр саты жоғары атақ берiлуi, әдетте қаржы полициясында қызмет өткерген барлық кезеңiнде әрбiр негiз бойынша бiр реттен артық емес жүргiзiледi.
82. Арнайы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмi осы атақ берiлгенi туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледi.
83. Қаржы полициясы органдарының орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған кiшi басшы құрамның атағы бар қызметкерлерi сол атақтағы еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан, орта басшы құрамның бiрiншi арнайы атағына ұсынылады.
84. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кезектi арнайы атақтар тиiсiнше кадрлар резервiнде болған кезде лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, ақтайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылғанға дейiн, қызметтiк тергеу аяқталғанға дейiн (бiрақ бiр айдан аспай) берiлмейдi.
85. Қарамағындағы қызметкерге кезектi арнайы атақ берiлуiн негiзсіз кешiктiрген қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.
86. Арнайы атақтың бiр сатысына төмендетудi:
кiшi басшы құрамының атақтары барларға - қаржы полициясы уәкiлеттi органы басшысының уәкiлеттi орынбасары;
орта және аға басшы құрамының атақтары барларға - қаржы полициясы уәкiлеттi органның басшысы қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн тәртiптiк жазалау ретiнде жүргiзедi.
Бұл жағдайда арнайы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмi арнайы атақты бiр сатысына төмендету туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледi.
87. Қаржы полициясы органдарының арнайы атағы төмендетiлген кiшi, орта және аға басшы құрамдағы қызметкерлерiнiң бұрынғы арнайы атағы төмендетiлген күннен бiр жыл өткеннен кейiн атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, қаржы полициясы уәкiлеттi органы басшысының бұйрықтарымен қайта қалпына келтiрiледi.
88. Қаржы полициясы органдарының қызметкерiне бұрынғы арнайы атағы қайта қалпына келтiргенге және оған кезектi арнайы атақ берiлгенге дейiн арнайы атақтан қайта төмендету жүргiзiлмейдi.
89. Қызметкерлерге қатысты арнайы атақтарынан айыру туралы заңды күшіне енген соттың айыптау үкімін орындауды:
кiшi басшы құрамға қатысты - кiшi басшы құрамның арнайы атағын беру құқығы берiлген бастықтар жүзеге асырады;
орта және аға басшы құрамға қатысты - уәкiлеттi органның басшысы жүзеге асырады;
жоғары басшы құрамға қатысты - қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қызметтiк тәртiп
90. Қаржы полициясындағы қызметтiк тәртiп қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, қаржы полициясының органдары мен мекемелерi, оқу орындары басшыларының бұйрықтарымен және осы Ережемен белгiленген нормалар мен ережелердi сақтауын бiлдiредi.
91. Бастық өз қарамағындағылар арасындағы қызметтiк тәртiптiң жағдайы үшiн жауап бередi. Бастық оларға жоғары талап қоюмен қатар:
1) қарамағындағылардың еңбегi, демалысы және біліктiлiгiн арттыруы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды;
2) қарамағындағылардың қызметтiк мiндеттерiн орындау үшiн жауапкершiлiк сезiмiн тәрбиелейдi;
3) қарамағындағылардың қызметтiк әрекетiн бағалауда жариялылық пен объективтiлiктi қамтамасыз етедi;
4) қарамағындағылардың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн құрметтейдi;
5) жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың туындауына, жеке сипаттағы себептер бойынша немесе қаржы полициясының органдарының қызметіндегі кемшiлiктердi сынағаны үшiн қарамағындағы қызметкерлердi қудалауға жол бермейдi.
92. Мiндеттерiн үлгiлi орындағаны және қызметiнде жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi үшiн қаржы полициясының қызметкерлерiне және оқу орындарының тыңдаушыларына көтермелеудiң мынадай түрлерi көзделедi:
1) алғыс жариялау;
2) ақшалай сыйлық беру;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) толық жазылған ту жанында түсiрiлген жеке фотосуретiмен марапаттау;
5) Құрмет Тақтасына енгізу;
6) грамотамен марапаттау;
7) Құрмет грамотасымен марапаттау;
8) кезектi арнайы атақты мерзiмiнен бұрын беру;
9) атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бiр саты жоғарғы арнайы атақ беру;
10) қаржы полициясы органдарының кеудеге тағатын белгiсiмен марапаттау;
11) Құрмет Кiтабына енгізу.
Қаржы полициясы органдары грамоталарының және кеудеге тағатын белгiлерiнiң сипаттамасы мен оларды беру тәртібін уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
93. Қызметтiк борышын орындау кезiнде көрсеткен ерлiгi мен батылдығы, мемлекет алдындағы айрықша сiңiрген еңбегi үшiн қаржы полициясының қызметкерлерi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы мүмкiн.
94. Қаржы полициясы органдары мен мекемелеріндегі тәртiптiк жазалар тәртiптiк жауапкершiлiк шарасы болып табылады. Тәртiптiк жазалау жасалған ағаттықтың ауырлығын, ол жасалған кездегi мән-жайларды, сондай-ақ қаржы полициясы органы қызметкерiнiң оған дейiнгi мiнез-құлқы мен қызметiне деген қатынасы ескерiле отырып қолданады.
95. Қызметтiк мiндеттердi тиесiлi орындамағаны үшiн қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне мынадай жаза түрлерi қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) толық емес қызметтiк сәйкестiгi туралы ескерту;
5) лауазымынан төмендету;
6) арнайы атағын бiр саты төмендету;
7) қаржы полициясы органдарынан шығару.
96. Көтермелеу мен тәртiптiк жазаларды қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары өз құзыретi шегiнде қолданады.
97. Көтермелеулер мен тәртiптiк жазалар бұйрықтармен жарияланады. Қабылданған шешiм туралы жазаланған тұлғаны қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң, оқу орындарының кадр бөлiмшелерi үш күн мерзiмде (қол қойғызып) хабардар етедi.
98. Тәртiптiк жаза тәртiп бұзу жасалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей қолданылады.
Қызметтiк тергеу жүргiзiлген, сотта қаралған қылмыстық iс немесе әкiмшiлiк құқық бұзу туралы iс қозғалған жағдайда - айыпкердiң ауыруы бойынша жұмыста болмаған немесе демалыста, iссапарда болған күндерiн есептемегенде, тиiсiнше, тергеу аяқталған, қылмыстық iс бойынша немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу шешiмдерi қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
99. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер ағаттық жасалған күннен берi алты айдан астам уақыт өткен болған жағдайда оған тәртiптiк жаза қолданылуы мүмкiн емес.
Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған ағаттық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болған болса, жаза қолданудың бiр айлық мерзiмiн қолдануды тоқтата тұрады.
100. Жаза қолданылғанға дейiн жауапқа тартылатын қаржы полициясы органдарының қызметкерiнен жазбаша түсiнiктеме талап етiлуi тиiс. Бұзушылық фактiлерi бойынша қызметтік тергеу жүргiзiледi. Ағаттық жасаған адамның түсiнiктеме беруден бас тартуы жаза қолдану үшiн кедергi бола алмайды.
Өзiне қатысты қызметтiк тергеу жүргiзiлiп жатқан қызметкердi қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары жауапкершiлiгi туралы мәселе шешiлгенге дейiн, бiрақ он төрт күннен аспайтын мерзiмге лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
101. Қызметтiк тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бiр ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкiн.
102. Қаржы полициясы органдарының қызметкерiне қолданылған тәртiптiк жазалардың мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспауы тиiс. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңа тәртiптiк жазаға ұшырамаса, онда оның тәртiптiк жазасы алынған болып саналады.
Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн көтермелеу ретiнде тәртiптiк жазаны мерзiмнен бұрын алып тастау қолданылуы мүмкiн.
103. Арнайы атағын төмендету түріндегі тәртiптiк жаза қолданылған жағдайда бұрынғы атағы бiр жыл өткеннен кейiн осы Ережемен белгiленген тәртiппен қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
104. Егер қаржы полициясы органдарының қызметкерiне, оның құқықтарының шегiнен шығатын көтермелеу немесе жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда бастық бұл туралы жоғары тұрған басшыдан өтiнiш жасайды.
105. Жоғары тұрған басшы, егер бұрын жарияланған жаза жасалған ағаттықтың ауырлығына сәйкес келмесе төмен тұрған бастық қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқылы.
106. Өзiне берiлген көтермелеу және тәртiптiк жазалар қолдану жөніндегі құқықтарын асыра пайдаланған бастық бұл үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады, ал көтермелеулер мен жазалар туралы бұйрықтың күшiн қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы жояды.
107. Қаржы полициясы органдарының қызметкерi өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасай алады.
7. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң
демалыстары мен әлеуметтiк кепiлдiктерi
108. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлері мен оқу орындарының тыңдаушылары үшiн демалыстардың мынадай:
1) жыл сайынғы;
2) оқумен байланысты демалыс (оқу орындарының курсанттарының тыңдаушыларына, сырттай оқитын қызметкерлерге);
3) қосымша (еңбек сiңiрген жылдары үшін);
4) жүктi болуына және босануына байланысты, баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге);
5) шығармашылық;
6) заңнамада көзделген басқа да демалыс түрлерi белгiленедi.
109. Заңнамада жұмыс емес күндерi болып белгiленген жалпы мемлекеттік мереке күндерi демалыс ұзақтығын айқындау кезiнде есепке алынбайды.
110. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайынғы демалыстар берiлген кезде қызметкердiң Қазақстан Республикасы шегiнде демалыс өткiзетiн жерiне бару және керi қайту жолына арналған белгiленген демалыс ұзақтығының үстiне қосымша уақыт берiледi.
111. Өзге жоғары оқу орындарының сырттай (кешкi) оқу бөлiмдерiнде оқитын қызметкерлерге, еңбекақысын, оқу орнына бару жол ақысын төлеу мәселелерi "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен реттеледi.
112. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайын ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн демалыс берiлдi.
113. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң шешiмдерiмен экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткерiп жүрген қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалар ұзақтығы және беру тәртібі қолданыстағы заңнамалық кесiмдермен айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыс алуға құқықтары бар.
Жыл сайынғы демалыс алуға құқығы бар қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне оны бөлiп пайдалануға рұқсат етiледi.
114. Жыл сайынғы демалыс күнтiзбелiк жылдың iшiнде жыл сайынғы демалыстар кестесiне сәйкес әрбiр қаржы полициясы органдарының қызметкерiне берiлуi тиiс.
115. Қаржы полициясы органдарында қызметке кірген жылғы жыл сайынғы демалыстың ұзақтығы қызметке кiрген күннен басталған кезеңге әрбiр толық ай үшiн демалыстың он екiден бiр бөлiгi есебiмен жұмыс iстеген уақытында теңбе-тең есептеледi.
116. Қызметкердiң демалыс кезеңіндегі уақытша еңбекке жарамсыздығы кезiнде, жыл сайынғы демалысы (оның бөлiгi) ауыстырылады немесе ұзартылады, бiрақ, бұл ретте демалыс уақытына келетiн күндер үшiн ақшалай үлес сақталады.
Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне жыл сайынғы демалысқа шыққанда сауығуына арналған екi айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.
117. Әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларға сырқаттануы бойынша демалыс берiлуi мүмкiн.
Госпитальдарда, ауруханаларда, стационарларда және басқа емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан, сырқаттануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық жөніндегі босату парағы негiзiнде, сондай-ақ отбасының ауру мүшелерiн күтiп-бағуға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі қызметтiк мiндеттерiн босату парағы негiзiнде қызметтен босатылған немесе сырқаттануы бойынша демалысқа шыққан қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
Қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалардың қызметтiк мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде алған жарақатына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емдеуде болу уақыты шектелмейдi. Медициналық куәландыруға аталған қызметкерлер емдеу аяқталғаннан кейiн немесе аурудың беталысы анықталған жағдайда жiберiледi.
Ұзақ ауырған қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларды қаржы полициясы органдарының кадр бөлiмшелерi, егер, әдетте, еңбекке жарамсыз күндерiнiң саны үзiлiссiз 2 айға дейiн жетсе немесе жыл iшiнде үзiлiстермен 3 айға дейiн созылса, оларды емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң ұсынуы бойынша қызметке жарамдылығын анықтауды медициналық растау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiбередi.
Қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын орындау кезiнде алған жарақатына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емделiп жатқан қызметкерлерге ақшалай үлес емделуде болған уақытына, олар лауазымдық мiндетiн атқаруға кiрiскенге дейiн немесе қаржы полициясы органдарынан шыққанға дейiн төленедi.
Қаржы полициясы органдары кадрларының резервiнде тұрған кезеңде сырқаттанып қалған қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
Қаржы полициясы органдарының бала күтуi бойынша қосымша демалыстағы қызметкерлерiне, егер осы демалысқа шыққанға дейiн олар осындай өтемақы алып келген болса, тұрғын-үй және коммуналдық қызметтердi ұстауға ақшалай өтемақы төленедi.
Бала күтуi бойынша демалыс аяқталғаннан кейiн қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне қызметке кiрiскен күнiнен бастап әрбiр толық қызмет айының он екiден бiр бөлiгi есебiмен ағымдағы жылдың жыл сайынғы демалысы берiлуi мүмкiн.
118. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне зейнетақы тағайындау кезiнде ескерiлетiн еңбек сiңiрген жылдары үшiн (күнтiзбелiк есеппен) қосымша ақылы демалыс берiледi:
1) бес күнтiзбелiк күн - 10 жыл қызметтен кейiн;
2) он күнтiзбелiк күн - 15 жыл қызметтен кейiн;
3) он бес күнтiзбелiк күн - 20 жыл қызметтен кейiн.
119. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыстар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген бала немесе қыз асырап алған әйелдерге (еркектерге) берiлетiн демалыстар Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес берiледi.
Мұндай демалыстарда болудың уақыты арнайы атақтағы еңбек сiңiрген мерзiмге және лауазымдық жалақысына коэффициент белгiлеу стажына және зейнетақы тағайындау үшiн қосылады.
120. Күндiзгi адъюнктурада оқитындардан немесе диссертациялық жұмысты бiтiру, оқулық жазу үшiн докторантурада дайындықтан өтiп жүргендерден басқа, және басқа жағдайларда қызметкерлерге ақысы төленетiн шығармашылық демалыстар уәкiлеттi орган басшысы анықтайтын тәртiппен берiледi.
121. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кейiнге қалдыруға болмайтын әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелердi шешу үшiн, ең алдымен, сырқаттануына, туыстық парызын орындауға байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша демалыс өткiзетiн жерге баруға және керi қайтуға жолда жүру уақыты есепке алынбастан 10 күнтiзбелiк күнге дейiн қысқа мерзiмдi демалыстар берiледi. Қысқа мерзiмдi демалыс жыл сайынғы демалыс есебiне кiрмейдi.
122. Қатардағы және басшы құрамдағы әйел адамдарға жүктiлiгi және босануы бойынша демалысы кезiнде ақшалай үлес Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен төленедi.
123. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн жыл сайынғы демалыстан негiзсiз қайта шақырып алуға тыйым салынады. Қызметтiк қажеттiлiк жағдайында демалыс беруге құқығы бар бастықтың жазбаша бұйрығы негiзiнде қызметкердiң келісімiмен оларды қайта шақыруға жол берiледi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi, әдетте, қызметкердiң қалауы бойынша ағымдағы жылы берiледi. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi 10 күнтiзбелiк күн және одан да көп болса, қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамындағы тұлғаларына жол жүру уақыты берiледi. Қызметкердiң қалауы бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi келесi жылдың жыл сайынғы демалысына қосылуы мүмкiн.
124. Қаржы полициясы оқу орындарының күндiзгi бөлiмiнiң тыңдаушыларына мынадай:
1) ұзақтығы 14 күнтiзбелiк күн қысқы каникулдық демалыс;
2) ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн жазғы каникулдық демалыс;
3) ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн оқу орнын аяқтағанына байланысты демалыстар берiледi.
Қаржы полициясы органдары оқу орындарының оқу бойынша берешегi бар тыңдаушыларына каникулдық демалыс, оқу бағдарламаларымен белгiленген демалыс өткізу мерзiмдерiнiң шегiнде оны өтегеннен кейiн берiледi. Бұл ретте жазғы каникулдық демалыстың ұзақтығы 15 күннен кем болмауы тиiс.
Оқу орнының күндiзгi бөлiмiн бiтiруiне байланысты бiтiрушiлерге демалыс олар қаржы полициясы органында жеке бөлу орны бойынша лауазымға тағайындалғаннан кейiн берiледi.
Қаржы полициясы оқу орындарының тыңдаушыларына жыл сайынғы және қосымша демалыстар берiлмейдi.
Азаматтық жоғары оқу орындарына түсушiлерге түсу емтихандарын тапсыру үшiн ұзақтығы 15 күнге дейiн ақшалай үлесi сақталмайтын демалыс берiледi.
125. Адъюнктураға түсушi қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшiн ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күн ақшалай үлесі сақталмайтын оқу демалыстары берiледi.
126. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне еңбек сiңiрген жылдарына қарай лауазымдық жалақысына коэффициент белгiлеуге құқық беретiн жұмыс стажына қызметіндегі үзiлiстерге қарамастан, мыналар есептеледi:
1) қаржы полициясы (салық полициясы) органдарының, Iшкi iстер министрлігінiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Қорғаныс министрлігінiң оқу орындарында және Мемлекеттік кiрiс министрлігінiң жанындағы салық полициясы органдарының қызметкерлерiн даярлау, қайта даярлау және олардың біліктiлiгiн жетiлдiру жөніндегі курстарда оқыған уақыты;
2) қаржы полициясы, ұлттық қауiпсiздiк, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетi, iшкi iстер, прокуратура, Президенттiң Күзет қызметi, кеден қызметi, Мемлекеттік өртке қарсы қызметi, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгi, Әдiлет министрлігінiң қылмыстық-атқару жүйесi комитетi органдарында қызмет атқарған уақыты, сондай-ақ судья ретiнде жұмыс істеген уақыты;
3) бұрынғы ССРО-ның және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде (Кеңес Армиясында және Әскери-Теңiз флотында), Республикалық ұланда, iшкi әскерлерде және Қазақстан Республикасының басқа да әскери арнаулы құрамаларында қызмет атқарған уақыты;
4) лауазымдық жалақыларына еңбек сiңiрген жылдары үшiн үстемақы алуға және зейнетақы тағайындауға құқық берген салық полициясы (милиция) органдарындағы жұмыс стажы;
5) 1992 жылғы 1 қаңтарға дейiн Қазақ КСР-нiң және Қазақстан Республикасының партия, кәсiподақ және комсомол органдарында жұмыс iстеген уақыты;
6) егер олар белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік билiгiнiң орталық органдарына iссапарға жiберiлген болса қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қаржы полициясы органдарының кадрларында болған уақыты;
7) мемлекеттік қызмет стажы;
8) қаржы полициясының оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның лауазымындағы педагогикалық стажы.
127. Қаржы полициясы оқу орындарының қызметкерлерiне заңнамада белгiленген тәртiппен тиiстi дипломы болған кезде ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерi үшiн қосымша ақы белгiленедi.
128. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне мүгедектiгi бойынша жәрдемақы заңнамада белгiленген тәртiппен iшкi iстер органдары қызметкерлерi үшiн төленедi.
129. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы) немесе мертiгуi жағдайында Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес кепiлдiк берiледi.
130. Қаржы полициясы органдарының қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерiн және зейнеткерлерiн жерлеу үшiн үш айлық ақшалай үлес мөлшерiнде бiр жолғы өтемақы төленедi.
131. Қаржы полициясы органдары қызметкерiнiң қызметтiк мiндетiн орындауға байланысты оның мүлкiне келтiрiлген залалдың заңнамада белгiленген тәртiппен орны толтырылады.