Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы
2004 жылғы 28 ақпандағы № 528-II
Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.29.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
2007.15.05. № 252-III ҚР Заңымен күші жойылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (4 - 11 баптар)
саласындағы мемлекеттік басқару
3-тарау. Еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға (12 - 16 баптар)
қызметкерлер құқықтарының кепілдіктері
4-тарау. Қызметкер мен жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі (17 - 20 баптар)
және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
5-тарау. Еңбек қауіпсіздігін және (21 - 23 баптар)
еңбекті қорғауды ұйымдастыру
6-тарау. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі (24 - 33 баптар)
және еңбекті қорғау туралы заңдарының
сақталуын бақылау
7-тарау. Қорытынды ережелер (34 - 35 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және еңбек қызметi процесiнде еңбек қауіпсiздігін қамтамасыз етуге, қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған, сондай-ақ еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi принциптерiн белгілейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы киім - қызметкерді зиянды және қауіпті өндірістік факторлардан қорғауға арналған киім, аяқ киім, бас киім, қолғап;
2) ауыр қол еңбегі - ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызмет түрлері не 360 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсалатын басқа да жұмыстар;
3) еңбек гигиенасы - қызметкерлердің денсаулығын сақтау, өндірістік ортаның және еңбек процесінің қолайсыз әсерінің алдын алу жөніндегі санитарлық-гигиеналық шаралар мен құралдар кешені;
4) еңбек қауіпсіздігі - еңбек қызметі процесінде қызметкерлерге зиянды және қауіпті әсерді болдырмайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген қызметкердің қорғалу жай-күйі;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - еңбек қатынастары саласындағы өкілеттікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - аумақтық бөлімшелер) - еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде еңбек қатынастары саласындағы өкілеттікті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері;
7) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мониторингі - өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесі, сондай-ақ республикадағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау және болжау;
8) еңбек қауіпсіздігінің жағдайлары - еңбек процесінде қызметкердің жұмысқа қабілеттілігі мен денсаулығына әсер ететін өндірістік орта мен еңбек процесі факторларының жиынтығы;
9) еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және өзге де іс-шаралары мен құралдарын қамтитын, еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе;
10) еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектор - ұйымның кәсіподақ органы, ал ол болмаған кезде қызметкерлердің жалпы жиналысы тағайындайтын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер өкілі;
11) еңбектің қауіпсіз жағдайлары - қызметкерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсері жоқ не олардың әсерінің деңгейі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген қауіпсіздік нормаларынан аспайтын, жұмыс беруші жасаған еңбек жағдайлары;
12) жеке қорғану құралдары - қызметкерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар;
13) жұмыс орны - қызметкердің еңбек қызметі процесінде өзінің еңбек міндеттерін орындау кезіндегі тұрақты немесе уақытша болатын орны;
14) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайы - белгілі бір өндірістік факторлардың әсері қызметкердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
15) зиянды өндірістік фактор - оның әсері қызметкердің сырқаттануына немесе еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
16) кәсіби ауру - қызметкердің еңбек (қызмет) міндеттерін орындауымен байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауруы;
17) қауіпсіздік нормалары - қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдық, техникалық, санитарлық-гигиеналық биологиялық және өзге де нормаларды, ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын, өндіріс және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштер;
18) қауіпті (ерекше қауіпті} еңбек жағдайлары - еңбекті қорғау ережелері сақталмаған жағдайда белгілі бір өндірістік факторлардың әсерін тигізуі қызметкер денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе жарақаттануына не өліміне әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
19) қауіпті өндірістік фактор - әсерін тигізуі қызметкердің еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе мүлдем айрылуына (еңбек жарақатына немесе кәсіби ауруына) немесе өліміне әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
20) қызметкерлер өкілдері - қызметкерлері уәкілеттік берген кәсіптік одақтардың және олардың бірлестіктерінің органдары, ал олар болмағанда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған өзге де өкілдер немесе ұйымдар;
21) өндірістегі жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындау кезінде қызметкердің жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуына, кәсіби ауруға шалдығуына не өліміне әкеп соқтырған өндірістік фактордың әсері;
22) өндірістік жабдық - машиналар, тетіктер, аппараттар мен өзге де техникалық құралдар;
23) өндірістік жабдықтың қауіпсіздігі - өндірістік жабдықтың өз функцияларын орындауы кезінде нормативтік-техникалық және жобалау құжаттамасында белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігі;
24) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндірістік объектілерді, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын оларда орындалатын жұмыстардың қауіпсіздігінің, зияндылығының, ауырлығының, қауырттылығының жай-күйін, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбектің қауіпсіз жағдайларына нормативтеріне сәйкестігін айқындау мақсатында оларды бағалау жөніндегі қызмет;
25) өндірістік процестің қауіпсіздігі - өндірістік процестің нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігі;
26) өндірістік санитария - зиянды өндірістік факторлардың қызметкерлерге әсерін болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру ic-шаралары мен техникалық құралдар жүйесі;
27) өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты берілген өкілеттік шегінде іске асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
28) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс істейтін екі және одан да көп адамды зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен бір мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар.
2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiлeнce, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының азаматтарына, еңбек қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
2. Жұмыс берушiлер мен қызметкерлер арасында еңбек қатынастары туындаған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бәрi орындауы міндеттi.
3. Жеке еңбек шартында, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушiнiң актілерінде көзделген жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау жағдайлары осы Заңда көзделген еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау деңгейiнен төмен болмауға тиiс.
2-тарау. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару
4-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік басқару, бақылау және қадағалау
Еңбек қауiпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды, бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен өзге де уәкілетті органдар жүзеге асырады.
5-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясат:
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу мен қабылдауға;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды әзірлеуге;
3) еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды әзірлеу мен жақсарту, қауіпсіз техника мен технологияларды әзірлеу және енгізу, еңбекті қорғау, қызметкерлердің жеке және ұжымдық қорғану құралдарын шығару жөніндегі қызметті экономикалық ынталандыру жүйесін құруға және іске асыруға;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мониторингті жүзеге асыруға;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізуге;
6) өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алудың бірыңғай тәртібін белгілеуге;
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңдары талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалау мен бақылауға;
8) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға жәрдемдесуге;
9) өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан зардап шеккен қызметкерлердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің заңды мүдделерін қорғауға;
10) өндірістің және еңбекті ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық деңгейінде жойылмайтын ауыр жұмыс үшін және еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыс үшін өтемақылар белгілеуге;
11) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсарту жөніндегі жұмыстың отандық және шетелдік озық тәжірибелерін таратуға;
12) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға;
13) еңбек жағдайлары туралы, сондай-ақ өндірістік жарақат, кәсіби ауру туралы және олардың салдары туралы мемлекеттік статистикалық есептілікті ұйымдастыруға;
14) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
15) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған.
6-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі принциптер
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі принциптер мыналар болып табылады:
1) өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты алғанда қызметкердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;
2) қызметкердің өмірі мен денсаулығына өндірістік факторлардың зиянды әсерінің қайтымсыз салдарына жол бермеу;
3) қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықтарын қорғауға мемлекеттің кепілдік беруі;
4) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау арқылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында бірыңғай талаптарды белгілеу;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу;
6) уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері және жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдері арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы келісілген iс-қимылдарды қамтамасыз ету;
7) еңбек қауіпсiздiгiнің және еңбекті қорғаудың жай-күйi туралы ақпараттың жариялылығы, толымдылығы және дұрыстығы;
8) мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға, нормативтiк құқықтық актiлерді әзiрлеуге, еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау саласында ғылыми жұмыстар мен зерттеулер жүргiзуге мемлекеттiң қатысуы;
9) қызметкерлер өкiлдерiнiң еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегi мемлекеттік бағдарламаларды қалыптастыруға, еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау нормаларынан тұратын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға қатысуы.
7-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік нормативтiк талаптар
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі мемлекеттік нормативтiк талаптар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерімен белгіленедi және олар қызметкерлердiң еңбек қызметi процесінде өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздік талаптарынан, ережелерден, рәсiмдерден және өлшемдерден тұруға тиіс.
2. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асырған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі талаптарды орындауға мiндеттi.
3. Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актiлерді әзірлеуi мен бекітуінің тәртібiн Қазақстан Республикасының Үкіметi белгілейді.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгі бағыттарын әзiрлейдi және оның iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзiрлеудi және оның орындалуын ұйымдастырады;
3) еңбек қауіпсiздігі және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұйымдастырудың және жүргiзудің тәртібін белгілейді;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласында деректер банкiн құра отырып ақпарат берудiң және мемлекеттік статистика жүргізудiң тәртібін айқындайды;
5) еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау проблемалары бойынша зерттеулер жүргізудi қамтамасыз етедi.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.
9-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкiлеттi орган:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары бойынша зерттеу бағдарламаларын әзірлейді;
3) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде мониторинг өткізеді;
4) басқа мемлекеттік органдармен, сондай-ақ қызметкерлердің және жұмыс берушілердің өкiлдерiмен еңбек қауiпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету саласында үйлестірудi және өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге сүт, емдік-профилактикалық тамақтандыру рациондарын, арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа да жеке қорғану құралдарын беру нормаларын әзірлейді және бекітеді;
6) мемлекеттік еңбек инспекторларын оқытуды және аттестаттауды жүргізеді;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) жұмыс берушілердің ұйымда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нұсқаулықтарды әзірлеу мен бекіту тәртібін белгілейді;
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау туралы заңдарының сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өндiрiстегi жазатайым оқиғаларға дер кезiнде және объективті тергеу жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады;
9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
10) еңбектің физиологиялық негізделген нормаларын әзірлейдi және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) қызметкерлердi жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен, емдеу-алдын алу құралдарымен жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етудiң тәртібін белгiлейдi;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды
13) мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіреді.
10-бaп . Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің құзыретi
Аумақтық бөлімшелер:
1) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздiгі және еңбектi қорғау туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) өндiрiстiк жарақаттанудың, кәсiби аурудың себептерiне талдау жүргізедi және олардың алдын алу жөнiнде ұсыныстар әзірлейді;
3) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен тергейді;
4) уәкiлетті орган бeкіткeн ережелерге сәйкес ұйымдағы еңбек қауiпсiздiгiн және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен адамдардың еңбек қауiпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерi бойынша біліміне тексеру жүргізеді;
5) өндірістік мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегі комиссияның құрамына қатысады;
6) қызметкерлердiң, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерiнiң еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi жөніндегі өтініштерiн қарайды;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасын жетiлдiру мәселелерi бойынша кәсіподақтармен және жұмыс берушiлердің бiрлестіктерiмен өзара iс-қимыл жасайды;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
11-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегi іс-шараларды қаржыландыру
Еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердің есебінен жүзеге асырылады. Қызметкерлер бұл мақсатқа шығыстаp шығармайды.
Жұмыс беруші жыл сайын еңбек қауiпсіздігіне және еңбекті қорғауға қажетті қаражат бөледi. Қаражат көлемi жеке және (немесе) ұжымдық шарттарда белгіленедi.
3-тарау. Еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға
қызметкерлер құқықтарының кепілдіктері
12-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегі еңбек қауiпсіздiгіне және еңбекті қорғауға құқықтарының кепілдіктерi
Жеке еңбек шартының талаптары Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау туралы нормативтiк құқықтық актілерiнiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
Азаматтарды олардың денсаулық жағдайына терiс әсер ететiн жұмысқа қабылдауға тыйым салынады.
Қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторларды қоса алғанда, жеке еңбек шартында жұмыс орнының шынайы сипаттамасы, Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау туралы заңдарында және ұжымдық шартта көзделген осындай жағдайларда жұмыс iстегенi үшiн берiлетін жеңiлдiктер мен өтемақылар көрсетiлуге тиiс.
Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарға қабылдау кезiнде жұмыс беруші қызметкердi кәсiби аурудың туындау мүмкiндігі туралы ескертуге мiндеттi.
13-бап. Қызметкерлерді мiндеттi медициналық тексерулер
1. Ұйымдарда зиянды (ерекше зиянды), қауiптi (ерекше қауіптi) және қолайсыз өндiрістiк факторлары бар жұмыстарға, сондай-ақ жер асты жұмыстарына адамдар қабылдауды жұмыс берушi олар алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейiн және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген талаптарға сәйкес денсаулық жағдайына қайшы келмейтiнi айқындалғаннан кейiн жүзеге асыруға тиіс.
2. Он сегiз жасқа толмаған адамдар мiндеттi алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейiн ғана жұмысқа қабылданады және одан әрi, он сегіз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс.
3. Жұмыс берушi еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерді мерзiмдiк медициналық қаралудан және тексеруден өткізудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өз қаражаты есебiнен ұйымдастыруға мiндеттi.
4. Қауiптілігі жоғары өндiрiстiк жабдықтармен байланысты жұмыстармен айналысатын қызметкерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиiс. Ауысым алдындағы медициналық куәландыруды талап ететiн кәсiптердiң тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілеттi орган айқындайды. Медициналық қаралудан және тексеруден өтуден жалтарған қызметкерлер жұмысқа жіберiлмейдi.
14-бап. Қызметкерлердің еңбек қызметi процесiндегі еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға құқықтарының кепілдiктерi
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ұйымдардағы, әрбiр жұмыс орнындағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жағдайлары еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
2. Ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзуы салдарынан жұмысын тоқтатқан уақытқа қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.