3. Қызметкердің өзiнiң немесе айналадағы адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауіп туындаған жағдайда жұмысты орындаудан бас тартуы оны тәртіптiк және (немесе) материалдық жауапқа тартуға әкеп соқтырмайды.
4. Қызметкер жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілмеген жағдайда жұмыс берушiнiң қызметкерден еңбек мiндеттерiн орындауды талап етуге құқығы жоқ және сол себептен бос тұрып қалған уақытқа орташа жалақысы мөлшерiнде ақы төлеуге тиiс.
5. Қызметкер еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда оған келтiрілген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қызметкерде еңбек жарақаты, кәсiби ауру немесе зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi салдарынан денсаулығының өзге де зақымдалу белгілерi байқалған жағдайда жұмыс берушi медициналық қорытындының негiзiнде қызметкердi өзiнің келісімi бойынша денсаулығына терiс әсерiн тигiзбейтін басқа жұмысқа ауыстыруға тиiс.
15-бап. Әйелдердiң және жасы он сегізге толмаған адамдардың еңбегін қорғау
1. Ауыр қол еңбегi жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауiптi (ерекше қауiптi) жұмыстарда әйелдердiң және жасы он сегiзге толмаған адамдардың, сондай-ақ бұл жұмыстар денсаулық жағдайына терiс әсер ететiн адамдардың еңбегiн пайдалануға тыйым салынады.
2. Әйелдердiң және жасы он сегiзге толмаған адамдардың еңбегiн пайдалануға тыйым салынатын ауыр қол еңбегi жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауiптi (ерекше қауіптi) жұмыстардағы өндiрiстердiң, кәсiптердiң тiзiмiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келісім бойынша уәкілеттi орган бекiтедi.
3. Жүктi әйелдер медициналық қорытындыға сәйкес орташа айлық жалақысы сақтала отырып, қолайсыз өндiрiстiк факторлары жоқ басқа жұмысқа ауыстырылады.
16-бап. Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқаулық беру және білiмдерiн тексеру
1. Қызметкерлердi еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытуды, нұсқаулық берудi, білімдерiн тексерудi жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен жүргiзедi.
2. Қызметкерлердi еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытудың, нұсқаулық берудiң, бiлімдерiн тексерудiң тәртібі мен мерзiмi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
3. Жұмысқа қабылданған адамдар кейiннен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша білімдерiн мiндеттi тексеруден өткiзе отырып, жұмыс берушi ұйымдастыратын алдын ала оқытудан мiндетті түрде өтедi. Еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытудан, нұсқаулық беруден және бiлімдерiн тексеруден алдын ала өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберiлмейдi.
4. Өндiрiс ұйымдарының басшы қызметкерлерi мен еңбек қауіпсiздігін және еңбектi қорғауды қамтамасыз ететін жауапты адамдар мезгіл-мезгіл, кемiнде үш жылда бiр рет тиiстi жоғары оқу орындарында немесе мекемелерде бiліктілігін арттыру курстарында еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімдерiн тексеруден өтуге мiндеттi.
4-тарау. Қызметкер мен жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі
және еңбектІ қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
17-бап. Қызметкердiң еңбек қауіпсіздiгіне және еңбекті қорғауға құқықтары
Қызметкердің:
1) еңбек қауiпсiздiгiне және еңбекті қорғауға;
2) жұмыс берушіден ұйымның жұмыс орны мен аумағының сипаттамасы, еңбек жағдайлары, еңбек қауіпсіздігi мен еңбектi қорғаудың жай-күйі туралы, өмiрге және денсаулыққа төнетiн қауіп туралы, сондай-ақ зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстік факторлардың әсерiнен оны қорғау жөніндeгi шаралар туралы шынайы ақпарат алуға;
3) өндiрiстік жарақаттануға, кәсiби ауруға немесе жұмыс қабiлетiн төмендетуге әкеп соқтыруы мүмкiн зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғалған жұмыс орнына;
4) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсiздігі және еңбекті қорғау туралы заңдарында, сондай-ақ жеке еңбек және ұжымдық шарттарда көзделген талаптарға сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге;
5) өзінің жұмыс орнындағы еңбек жағдайына, қауіпсiздігіне және еңбектi қорғауға тексеру жүргізу туралы уәкілеттi органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне өтiніш жасауға;
6) еңбек жағдайларын, қауіпсiздiгін және еңбектi қорғауды жақсартуға байланысты мәселелердi тексеруге және қарауға өкіл ретiнде қатысуға;
7) өзiнiң денсаулығына немесе өмiрiне қатер төндіретін жағдай туындаған кезде бұл туралы тiкелей басшыға немесе жұмыс берушінің өкiлiне хабарлай отырып жұмысты орындаудан бас тартуға;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен еңбек мiндеттерiн қауіпсіз атқару үшiн қажетті білім алуға және кәсiби даярлыққа;
9) шарттық міндеттемелерді, еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес өтетуге;
10) ұйымның жұмысы еңбек қауіпсіздігi және еңбектi қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келмегендiктен тоқтатылған уақытта орташа жалақысының сақталуына;
11) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға құқығы бар.
18-бап. Қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы міндеттерi
Қызметкер:
1) еңбек қауiпсiздігi және еңбектi қорғау жөніндегі нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтардың талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушінің өндірісте жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптарын сақтауға;
2) арнаулы киімді, жеке және ұжымдық қорғану құралдарын өз мақсатында пайдалануға;
3) өндірісте болған әрбір жазатайым оқиға туралы, кәсіби аурудың белгілері туралы, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайлар туралы өзінің тікелей басшысына дереу хабарлауға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайларын өзгерте отырып басқа жұмысқа ауыстырылғанда не кәсіби аурулардың белгілері пайда болғанда жұмыс берушінің қаражаты есебінен міндетті түрде алдын ала, мерзімдік (еңбек қызметі ішінде) медициналық тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге міндетті.
19-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары
Жұмыс берушінің:
1) өз өкілеттігі шегінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөнінде актілер шығаруға;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) қызметкерлерден Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасын және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарды сақтауды талап етуге;
3) жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасауға қосқан үлесі, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі өнертапқыштық ұсыныстары үшін қызметкерлерді көтермелеуге;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзған қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жұмыстан шеттетуге және тәртіптік жауапкершілікке тартуға құқығы бар.
20-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы міндеттері
1. Жұмыс беруші:
1) қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
2) еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін бақылауды жүзеге асыруға;
3) қызметкерлерді ұйымның аумағында және жұмыс орындарында болуы мүмкін зиянды өндірістік факторлар туралы хабардар етуге;
4) өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерге профилактика жүргізу, оларды неғұрлым қауіпсізіне ауыстыру жолымен жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген қатерді болдырмау жөнінде шаралар қабылдауға;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қызметкерлерді нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес, соның ішінде жаңа жабдықтар мен жаңа технологиялық процестерді енгізу кезінде оқытудан және даярлықтан өткізуге;
6) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және оларды ұйымда өткізуге арнап қаражат бөлуге;
7) өз қаражаты есебінен қызметкерді арнайы киіммен, арнаулы аяқ киіммен және зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғайтын жеке қорғану құралдарымен белгіленген кию мерзімінде қамтамасыз етуге, жеке ұжымдық қорғану құралдарының, арнаулы киімнің өз мақсатында қолданылуын бақылауды жүзеге асыруға;
8) өндірістік процестер мен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу бойынша нұсқамалық өткізуге, қызметкерлерді тиісті нұсқамалық құжаттармен (нұсқаулықтармен, ережелермен, әдістемелік нұсқаулармен) қамтамасыз етуге;
9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімдерін тексеруден өтуге және уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес ұйымдарда еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен мамандардың білімін тексеруді ұйымдастыруға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайларын өзгерте отырып басқа жұмысқа ауыстырылғанда не кәсiби аурулардың белгiлерi пайда болған кезде қызметкерлердi мiндеттi түрде алдын ала, мерзiмдiк (еңбек қызметi iшiнде) медициналық тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өз қаражаты есебiнен өткізуге;
11) өз қаражаты есебiнен қызметкерлерге қажеттi санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасауға, профилактикалық тазарту құралдарымен, жуу және залалсыздандыру құралдарымен, медициналық дәрi-дәрмек қобдишаларымен, сүтпен, уәкiлеттi орган белгiлейтiн нормалардан кем болмайтын емдеу-профилактикалық тағамдармен, сондай-ақ арнаулы киімдi және аяқ киімдi жөндеумен қамтамасыз етуге;
12) уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын, қызметкерлер өкiлдерiн, еңбектi қорғaу жөніндегі қоғамдық инспекторларды ұйымдардағы еңбек қауiпсiздiгiне, еңбек жағдайлары мен еңбектi қорғаудың жай-күйiне және Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдарының сақталуына тексерулер жүргiзуi үшiн, сондай-ақ өндiрiстегi жазатайым оқиғалар мен кәсiби ауруларды зерттеуi үшiн кедергiсiз өткізуге;
13) уәкiлеттi органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне, қызметкерлердiң өкiлдерiне ұйымдардағы еңбек қауiпсiздiгiнiң, еңбек жағдайлары мен еңбектi қорғаудың жай-күйi туралы қажеттi ақпарат беруге;
14) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын қабылдауға және орындауға;
15) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды және кәсiби ауруларды тiркеудi, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;
16) уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес қызметкерлер өкiлдерiнiң қатысуымен, өндiрiстiк объектiлердi еңбек жағдайларының жай-күйi бойынша мезгiл-мезгiл, кемiнде бес жылда бiр рет аттестаттаудан өткізуге, сондай-ақ, қайта құрудан, жаңғыртудан өтiп, жаңа техника немесе технология орнатқаннан кейiн мiндеттi аттестаттаудан өткізуге;
17) қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеуге;
18) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тергеудi қамтамасыз етуге;
19) пайдаланудағы негiзгi қорлардың бәрiн еңбек қауiпсiздiгiнiң және еңбектi қорғаудың қолданылып жүрген нормалары мен ережелерiне сәйкес келтіруге;
20) қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапкершiлiктi сақтандыруға;
21) еңбек жағдайлары зиянды және қауiптi жұмыстарда iстейтiн жұмысшылар мен мамандарды гигиеналық оқытуды (жалпы және кәсiби аурулардың алдын алу мәселелерi бойынша санитарлық минимумды) қамтамасыз етуге;
22) авариялық жағдайдың өрiстеп кетуiн және зақым келтiретін факторлардың басқа адамдарға әсерiн болдырмау жөнiнде шұғыл шаралар қабылдауға;
23) егер жазатайым оқиға басқа адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiрмейтiн және авариялық жағдайдағы жай-күйге соқтырмайтын болса, өндiрiстегi жазатайым оқиғаны тергеу басталғанға дейiн оқиға болған сәттегi жағдайды сақтауға, ал оны сақтау мүмкiн болмаған жағдайда қалыптасқан жағдайды белгiлеп алуға (схемасын жасауға, соның iшiнде суретке, бейнетаспаға түсiрудi пайдалануға);
24) өндiрiсте болған топтық (екi және одан да көп адам) жазатайым оқиға, жазатайым ауыр оқиға не кiсi өлiмiне әкеп соқтырған жазатайым оқиға туралы бiр тәулiк iшінде тиiстi мемлекеттік органдарға хабарлауға;
25) қатты улану жағдайлары туралы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiне хабарлауға мiндеттi.
2. Ұйымның қызметi мен жұмыс түрлерiнiң ерекшелiгi, аса жоғары қауіп көздерінің бар болуы ескерiле отырып, жеке еңбек не ұжымдық шарттарда жұмыс берушiнiң қосымша мiндеттерi көзделуі мүмкiн.
5-тарау. Еңбек қауіпсіздігін және
еңбекті қорғауды ұйымдастыру
21-бап. Ұйымдағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау қызметі
1. Қызметкерлер саны елу адамнан асатын өндiрiстiк ұйымдарда еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушi еңбек қауіпсіздігi және еңбектi қорғау қызметiн құруға мiндеттi. Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi өзiнiң мәртебесi жағынан негiзгi өндiрiстiк қызметтерге теңестiрiледi.
Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi ұйымның қызметi тоқтатылған жағдайда ғана таратылады.
2. Қызметкерлер саны елу адамға дейiн болатын ұйымдарда еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі маманның лауазымын енгізу туралы шешімдi жұмыс беруші осы ұйымның қызмет ерекшелiгiн ескере отырып қабылдайды не еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі мiндеттер қосып атқару үшiн басқа маманға жүктеледi.
22-бап. 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды
22-1-бап. Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары
1. Жұмыс орындары орналастырылған ғимараттар (құрылыстар) өзінің құрылысы бойынша функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жұмыс жабдығы оның осы түріне белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге, оның тиісті сақтандыру белгілері болуға және жұмыс орындарында қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғаушы құрылғылармен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Авариялық жолдар мен қызметкерлердің үй-жайдан шығу жолдары бос болуға және қауіпсіз аймаққа шығаруға тиіс.
4. Жұмыс сипатына қарай қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс орындары тәуекел дәрежесі ескеріле отырып, дәлме-дәл белгіленуге және оларға бөгде адамдардың кіруін болғызбайтын (шектейтін) құрылғылармен жарақтандырылуға тиіс.
Ұйым аумағында жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары қауіпсіз жағдайларда қозғалуға тиіс.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде (учаскелерде), оның ішінде биіктікте, жерасты жағдайларында, ашық камераларда, теңіз қайраңдарында және ішкі су тоғандарында жұмыстар жүргізуі үшін қызметкерлердің жеке қорғану құралдары болуға тиіс.
6. Жұмыс уақытында жұмыс орындары орналасқан үй-жайдағы температура, табиғи және жасанды жарық беру, сондай-ақ желдету қауіпсіз еңбек жағдайларына сәйкес болуға тиіс.
7. Жұмыскерлер зиянды еңбек жағдайлары бар (шаң-тозаңдалған, газдалған және басқа да факторлар) жұмысқа жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз еткеннен кейін жіберіледі.
8. Жұмыс орындарындағы шу және тербеліс деңгейі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес болуға тиіс.
9. Егер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасының шарттары талап етсе, жұмыскерлерге демалыс бөлмесі немесе тиісті демалу аймағы берілуге тиіс.
23-бап. Өндiрiстiк объектiлер мен өндiріс құралдарын жобалау, салу және пайдалану кезiнде қойылатын еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі талаптар
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына жауап бермейтiн өндiрiстiк ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, салуға және қайта жаңғыртуға, технологияларды әзірлеу мен пайдалануға, машиналарды, тетiктердi, жабдықтарды және басқа да бұйымдарды құрастыру мен жасап шығаруға жол берiлмейдi.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер жаңадан салынған немесе қайта жаңғыртылатын өндiрiстік объектілер, өндiрiс құралдары немесе өнiмнің басқа да түрлерi еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келмесе, қабылданбайды және пайдалануға берiлмейдi.
3. Өндірістік объектілер уәкілетті орган белгiлеген тәртiпке сәйкес еңбек жағдайлары бойынша мiндеттi түрде мезгiл-мезгiл аттестаттаудан өтуге тиiс.
4. Өндiрiстік мақсатта салынған объектіні пайдалануға қабылдауды қабылдап алу комиссиясы мiндеттi түрде мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен жүргiзедi.
5. Мыналарға:
1) мемлекеттік сынақтан, тексеруден, метрологиялық аттестаттаудан өткiзiлмеген, бекітілген үлгiге сәйкес келмейтiн өлшеу құралдарын қолдануға;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес келмейтiн тауарларды, материалдарды, шикiзаттарды қолдануға тыйым салынады.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 23-1-баппен толықтырылды
23-1-бап. Техникалық реттеу саласындағы қауіпсіздік талаптары
Қауіпсіздік талаптары адам өмірі мен денсаулығы үшін өнімнің өмірлік циклі процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы Заңның талаптарына сәйкес техникалық регламенттерде белгіленеді.
6-тарау. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі
және еңбекті қорғау туралы заңдарының
сақталуын бақылау
24-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мониторингі
Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын кешендi бағалау, өндiрiстiк жарақаттануды азайту және өндiрiстегi жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi еңбек қауіпсiздігі және еңбекті қорғау мониторингін ұйымдастырады.
25-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау
Осы Заң мен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуына мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен ережелерге сәйкес уәкiлеттi органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 25-1- баппен толықтырылды
25-1-бап. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігi
және еңбекті қорғау туралы заңнамасын сақтау
жөніндегі тексерулер, олардың түрлері мен нысандары
1. Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспарлы - мемлекеттік орган жоспарлаған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, алдыңғы тексерулерге қатысты уақыт аралығы ескеріліп жүргізілетін тексеру;
2) жоспардан тыс - қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді дереу жоюды талап ететін, сондай-ақ өтініштерге жедел назар аударуды талап ететін, қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты тағайындалатын тексеру.
2. Жоспарлы тексеру, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгедей көзделмесе, бір жеке немесе заңды тұлғаға қатысты жылына бір реттен, ал шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты үш жылда бір реттен жиі болмауға тиіс.
3. Жоспардан тыс тексеруді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі жеке немесе заңды тұлғалардың, соның ішінде мемлекеттік органдардың өтініші болған, сондай-ақ құжаттармен расталатын өзге де ақпарат алынған жағдайда жүргізіледі.
Анонимдік өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болмайды.
4. Тексерудің ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс. Ерекше жағдайларда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ тексеру көлемі елеулі болғанда мемлекеттік органның басшысы (не оның орнындағы адам) тексеру жүргізу мерзімін құрылымдық бөлімшесі жоқ заңды тұлға үшін күнтізбелік жиырма күнге дейінгі мерзімге және құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлға үшін күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін.
26-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторы қызметiнiң кепiлi
Мемлекеттік еңбек инспекторының өз құзыретiне сәйкес қызмет мiндеттерiн орындауына тексеру жүргiзуге жiбермеу, жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi жөніндегі қызметi туралы қажеттi құжаттар мен ақпаратты беруден бас тарту түрiнде кедергi жасайтын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
27-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының еңбек қауiпсiздiгiн және еңбектi қорғауды қамтамасыз ету саласындағы құқықтары
Мемлекеттік еңбек инспекторларының:
1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғаудың жай-күйiне тексеру жүргiзу мақсатында кәсiпорындарға кедергiсiз баруға;
2) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеуге қатысуға;
3) жұмыс берушiлерден, ұйымдардың лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдарының сақталу мәселелерi жөнiнде қажеттi ақпараттар, құжаттар, сондай-ақ түсiнiктемелер алуға;
4) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдары талаптарының бұзылуына кiнәлi заңды, лауазымды және жеке тұлғаларға нұсқамалар беруге және әкiмшiлiк жазалар қолдануға;
5) қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн, Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарын бұзушылық анықталған жағдайда, жекелеген өндiрiстердi, цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындары мен жабдықтарды пайдалануды осы бұзушылық жойылғанға дейiн тоқтата тұруға (тыйым салуға);
6) жұмыс орындарында Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарына жауап бермейтiн арнаулы киімдi, арнаулы аяқ киім мен басқа да жеке қорғану құралдарын пайдалануға тыйым салуға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оқытудан, нұсқамадан және еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау жөніндегі ережелердi, нормалар мен нұсқаулықтарды бiлуiн тексеруден, медициналық (алғашқы немесе мерзiмдi) куәландырудан өтпеген, тиiстi арнаулы киімдi, арнаулы аяқ киімдi пайдаланбайтын және Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдарын бұзған адамдарды жұмыстан шеттетудi талап етуге;
8) Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдарының бұзылу, жұмыс берушiлердiң мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындамау фактілері бойынша ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды тиiстi құқық қорғау және сот органдарына жiберуге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.