Мемлекеттік кепiлдiктер беру және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер беру үшiн
инвестициялық жобаларды iрiктеу ережесін бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қаңтардағы № 91 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.05.02 ж. № 110 қаулысымен күші жойылды
"Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 тамыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кепiлдiктер беру және Қазақстан Республикасы Yкіметінiң мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеу ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 28 қаңтардағы
№ 91 қаулысымен
бекiтілген
Мемлекеттік кепiлдiктер беру және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер беру үшін
инвестициялық жобаларды iрiктеу ережесi
1. Негiзгi ережелер
1. Осы Мемлекеттік кепiлдiктер беру және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер беру үшін инвестициялық жобаларды iрiктеу ережесi (бұдан әрi - Ереже) мемлекет кепiлдiк беретiн мемлекеттік емес қарыздардың есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобаларды (бұдан әрi инвестициялық жобалар) iрiктеу тәртібін және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) беру тәртібін анықтайды.
2. "Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 тамыздағы Заңында, "Мемлекеттік бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелер үшiн бюджеттiң атқарылуы және есептілік нысандарын жүргiзу (мерзiмдiк және жылдық) жөніндегі қаржылық рәсiмдердiң ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002 жылғы 25 шiлдедегi № 832 қаулысында, "Инвестициялық жобаларды қарау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002 жылғы 18 қарашадағы № 1219 қаулысында анықталған ұғымдар мен терминдер осы Ережеде қолдануға жатады.
2. Мемлекеттік кепілдiктер беру процесiне
қатысушылардың өкiлеттiктерi және құзыретi
3. Мемлекеттік кепiлдiктер беру процесi мынадай негiзгi сатылардан тұратын iс-шаралар кешенiн қамтиды:
1) инвестициялық жобаларды iрiктеу;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiн қалыптастыру, қарау және бекіту;
3) мемлекеттік кепiлдiктер беру.
4. Мемлекеттік кепiлдiктер беру процесiнiң негiзгi қатысушылары қарыз алушылар, салалық уәкiлеттi органдар, экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган, бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының Әдiлет, Қоршаған ортаны қорғау, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiктерi, республикалық бюджет комиссиясы, "Қазақстанның Даму Банкi" акционерлік қоғамы (бұдан әрi - Қазақстанның Даму Банкi) болып табылады.
5. Қарыз алушылар:
1) техника-экономикалық негiздеме (бұдан әрi - TЭH) және инвестициялық жобалардың бизнес-жоспарларын дайындауды жүзеге асырады;
2) осы Ережеге және мемлекеттік кепiлдiктер беру процесiне қатысушылардың талаптарына сәйкес инвестициялық жобаларды қарау үшiн талап етiлетiн құжаттаманы берудi қамтамасыз етедi.
6. Салалық уәкiлеттi органдар:
1) инвестициялық жобалардың салалық сараптамасын жүргiзедi;
2) салалық сараптама нәтижелерi бойынша тиiстi қорытынды бередi.
7. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкілеттi орган:
1) инвестициялық жобалардың қаржылық сараптамасын жүзеге асырады;
2) ықтимал кредит берушiлермен мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздар беру шарттары жөнiнде келiссөздер жүргiзедi;
3) iшкi кредит келісімiн жасасады;
4) мемлекеттік кепiлдiктер бередi.
8. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жоспарланған қызметтi iске асыруға байланысты болуы мүмкiн терiс салдардың алдын алу, жоспарланатын қызметтiң оларды iске асыру туралы шешiм қабылдаудың алдындағы сатыда экологиялық талаптарға сәйкестiгiн бағалау және өндiрiстiк күштердi орналастыру және дамыту салдарынан экологиялық жағдайдың болжамдалатын өзгерiстерiн сараптамалық бағалауды қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаның мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асырады.
9. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі iшкi еңбек рыногын қорғау мақсатында инвестициялық келісім-шарт жобаларының сараптамасын жүзеге асырады.
10. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган:
1) инвестициялық жобаларды қарау процесiне ұйымдастырылған басшылық етудi қамтамасыз етедi;
2) инвестициялық жобалардың, экономикалық сараптамасын жүзеге асырады;
3) мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды тарту үшiн несие капиталының рыногын (сыртқы немесе iшкi) анықтайды;
4) жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитi жөніндегі ұсынысты, инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қалыптастырады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
11. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі мемлекет кепiлдiгiмен жасалатын қарыз алу шарттарының (келісімдерiнiң) заңды сараптамасын жүргiзедi.
12. Қазақстанның Даму Банкi:
1) банктiк сараптаманы жүзеге асырады;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген инвестициялық жобаларға қызмет көрсету жөніндегі агенттiң функцияларын орындайды.
13. Республикалық бюджет комиссиясы:
1) жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiн анықтайды;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiн анықтайды;
3) әрбiр инвестициялық жоба үшін жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік кепілдiктер беру лимитi шегiнде мемлекеттік кепілдіктiң мөлшерiн анықтайды.
14. Мемлекеттік кепiлдiктер беру процесiне заңнамаға сәйкес өз құзыретiнiң бөлiгiнде инвестициялық жобаларды бағалауды (сараптаманы) жүргiзуге уәкiлеттiк берiлген басқа мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар қатысады.
3. Инвестициялық жобаларды iрiктеу
15. Мемлекеттік кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органға тиiстi жылдың 1 наурызынан кешіктiрмейтiн мерзiмде мынадай құжаттарды қоса бере отырып, өтінiм бередi:
TЭH;
салалық сараптаманың, қаржылық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктiк сараптамасының және заңнамаға сәйкес қажеттi басқа да сараптамалардың оң қорытындысы.
16. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган жоғарыда көрсетiлген талаптарға сәйкес құжаттары толық құрамда берiлмеген өтiнiмдер қаралмайды.
Жоғарыда көрсетiлген мерзiмнен кейiн ұсынылған өтiнiмдер тиiстi жылы мемлекеттік кепiлдiк беру мән-жайына қаралмайды.
17. Осы Ереженiң 15-тармағына сәйкес өтiнiм бергеннен кейiн экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасын жүргiзудi ұйымдастырады және 2 айдың iшiнде экономикалық сараптама қорытындысын дайындайды.
18. Инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасы:
мемлекеттік инвестициялардың басымдықтарына жоба мақсаттарының сәйкес келуiн бағалауды;
экономикалық талдауды бағалауды;
инвестициялық жобаны iске асырған жағдайда, республикалық және жергiлiктi бюджеттерге түсетiн салық түсiмдерiнiң ағынын талдауды қамтитын жобаның ТЭН әзiрлеу шеңберiнде, осы Ережеде көзделген сараптамалар бойынша қорытындылардың негiзiнде жүргiзiлген инвестициялық жобаның экономикалық талдауын кешендi бағалау.
19. Осы Ережеде көрсетiлген сараптамаларды жүргiзу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесiн тиiстi мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар анықтайды.
20. Осы Ережеде көрсетiлген сараптамалардың оң қорытындысының болуы мемлекет кепiлдiк беретiн мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiне инвестициялық жобаны қосу үшiн мiндеттi шарт болып табылады.
4. Инвестициялық жобалардың тiзбесiн
қалыптастыру, қарау және бекіту
21. Республикалық бюджет комиссиясы жоспарланғанның алдындағы жылдың 1 мамырына дейiнгi мерзiмде жоспарланған үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитiн анықтайды.
22. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган тиiстi жылдың 20 шілдесiнен кешіктiрмейтiн мерзiмде экономикалық сараптама қорытындыларының негiзiнде инвестициялық жобаларды қалыптастырады және жобалар бойынша экономикалық сараптама қорытындыларын қоса бере отырып, мемлекет кепiлдiк беретiн мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
23. Республикалық бюджет комиссиясы экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган ұсынған инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қараған кезде тиiстi жылға арналған мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитiне кiретiн бiр жылға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн анықтайды.
24. Республикалық бюджеттiң жобасын қалыптастыру барысында экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi органмен бiрлесiп, республикалық бюджет комиссиясының шешiмi бойынша инвестициялық жобалардың тiзбесiн пысықтайды және әрбiр инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік кепiлдiктердiң сомасын қайта қарайды.
25. Республикалық бюджет комиссиясының қарау нәтижелерi бойынша мемлекет кепiлдiк беретiн мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жекелеген шешiмiмен бекітіледi және жариялануға тиiс.
5. Мемлекеттік емес қарыздар бойынша
мемлекеттік кепiлдiктер беру тәртібі
26. Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық жобалар тiзбесiн бекiткеннен кейiн және бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкілеттi органмен келiсілген қарыз туралы шарттың (келісімнiң) жобасы болған кезде бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi орган қарыз алушылармен және Қазақстанның Даму Банкiмен iшкi кредит келісімдерiн жасасады.
27. Мемлекеттік кепiлдiк қарыз туралы шарт (келісім), iшкi кредит келісімi жасалғаннан, сондай-ақ қарыз алушы мемлекеттік кепілдiк бергенi үшiн алдын-ала бiр жолғы төлемақы (алым) төлегеннен кейiн кредит берушiге ұсынылады.
28. Мемлекеттік кепiлдiктi алуға үмiткер тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған талаптарға сәйкес келуi тиiс.
29. Мемлекеттік кепілдiктер әрбiр инвестициялық жоба бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының негiзiнде беріледi.
30. Кепілдiк мiндеттемелер нысанында берілген мемлекеттік кепілдiк бiр данада арнайы мемлекеттік кепілдiк бланкілерiнде ресiмделеді.
Мемлекеттік кепілдік бланкілерi қатаң есептілiк бланкілерi болып табылады.
31. Кепілдiк туралы шарт нысанындағы мемлекеттік кепілдiк екi данада ресiмделедi.
32. Банк кепілдiгiн беру мерзiмдерi мен шарттарын мемлекет кепілдiк берген мемлекеттік емес қарыз шарттарына байланысты бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейдi.
33. Кепiлдiк беретiн Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктi ақшалай нысанда атқаруды көздейтiн банктiк кепiлдiктердi беруге қолданыстағы лицензиясы бар екiншi деңгейдегi банктiң атауы бар қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлетті мемлекеттік орган беретiн тiзбеден бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi орган анықтайды.
34. Кепiлдiк беретiн шетел банкінің "Standard & Poor's" және "Fitch" халықаралық рейтингтiк агенттiктердiң жiктемесi бойынша "А" деңгейiнен төмен емес және "Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттiгiнiң жiктемесi бойынша "А2" деңгейiнен төмен емес рейтингi болуы тиiс.
35. Банк кепілдiгiнiң нысанын және оның мазмұнын бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша банк-кепiлгер анықтайды.
36. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi орган кредит берушiмен келісім бойынша мемлекеттік кепiлдiктiң мазмұнын және нысанын анықтайды.
37. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздар бойынша жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қарыз алушылардың мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мәселелерi Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен реттеледi.
38. Кредит берушiнiң талабы бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі Қазақстан Республикасының кепiлдiгiмен жасалатын қарыз алу шарттарының (келісімдерiнiң) заңды қорытындысын (legal opinion) ұсынады.