Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалану мониторингінiң
бірыңғай мемлекеттік жүйесiн құру тәртібі туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 29 желтоқсандағы № 1444 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы № 1396 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002 жылғы 24 сәуірдегі № 470 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарының 6.1.2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалану мониторингiнiң бірыңғай мемлекеттік жүйесiн құру тәртібі бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарды жасау және орындау жөніндегі құзыреттi орган ретiнде 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалану мониторингiнiң бірыңғай мемлекеттік жүйесiн құруды қамтамасыз етсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2002 жылға 29 желтоқсандағы
№ 1444 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалану
мониторингiнің бірыңғай мемлекеттік жүйесiн құру тәртібі
1. Жалпы ережелер мен ұғымдар
1. Осы тәртiп Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалану мониторингiнің бірыңғай мемлекеттік жүйесiн құру рәсiмiн анықтайды.
2. Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалану мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесi (бұдан әрi - ЖҚП МБМЖ) лицензиялық және/немесе келісім-шарттық ережелердiң орындалуын бақылау үшiн құрылады. ЖҚП МБМЖ-де қолданылатын ережелер мен ұғымдар Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 1996 жылғы 27 қаңтардағы № 2828 заң күшi бар Жарлығына, Қазақстан Республикасы Президентінің «Мұнай туралы» 1995 жылғы 28 маусымдағы № 2350 заң күшi бар Жарлығына және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» 2001 жылғы 16 наурыздағы № 573 Жарлығына сәйкес келедi.
2. ЖҚП МБМЖ құру тәртібі
3. ЖҚП МБМЖ алып қарағанда бірыңғай тұтас (жүйе) ретiнде қарастырылатын және жалпы басты мақсатқа қол жеткiзуге арналған белгiлi бір құрылымға өзара байланысқан элементтердің жиынтығын бiлдiредi.
Жүйенiң элементi - бұл жүйенің бұдан әрi бөлшектеуге жатпайтын бір бөлiгi.
Кіші жүйе - жүйенiң жалпы мақсатына бағынған жұмыс iстеудiң белгiлi бір мақсатын иемденген, өзара байланысты элементтердiң оқшауланған құрылымын бiлдiретiн бөлiгi.
Жүйенiң құрылымы - олардың элементтерiнің (кiшi жүйелерінің) өзара байланысы мен таралу тәсiлi.
4. ЖҚП МБМЖ-нi құру жүйе синтезiнен тұрады, бұдан жүйе құрылымын оның жұмыс iстеуiнiң берiлген мақсаты бойынша құру түсiніледi. ЖҚП МБМЖ өзiнiң құрылымы бойынша, әрқайсысы белгілi бір деңгейде мониторингтiң белгiлi бір мiндетiн шешетiн, дербес өзара байланысты кiшi жүйелердiң жиынтығын бiлдiредi. ЖҚП МБМЖ құру өзара байланысты мынадай үш мiндеттi шешуден тұрады:
жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасын құру;
жер қойнауын пайдалану мониторингiнiң нормативтiк-әдiстемелiк базасын жетілдiру;
жер қойнауын пайдалану саласында лицензиялық және келісім-шарттық ережелердi орындау мониторингінiң ақпараттық-коммуникациялық жүйесiн (бұдан әрi - ЛКЕОМ АКЖ) құру.
5. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасын Құзыреттi орган жер қойнауын пайдаланушылардың лицензия және/немесе келісім-шарт шеңберіндегі қызметi туралы ақпараттың негiзінде қалыптастырады және өзiне мынадай кiшi жүйелердi қамтиды:
«Жер қойнауын пайдалану объектiсi» кiшi жүйесi олардың шектерiнде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзуге рұқсат етілген келісім-шарттық аумақтар туралы қажеттi мәлiметтерден тұрады;
«Жер қойнауын пайдалану субъектiсi» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылар туралы қажеттi мәлiметтердi қамтиды;
«Жер қойнауын пайдалану құқығы» кiшi жүйесiнде жер қойнауын пайдалануға арналып берілген лицензиялар мен жасатылған келісім-шарттар туралы қажеттi мәлiметтер болады және ол өз кезегiнде «Лицензия» және «Келісім-шарт» кiшi жүйелерiнен тұрады;
«Жұмыс бағдарламасы» кiшi жүйесi лицензиялардың ең аз жұмыс бағдарламалары және келісім-шарттардың жұмыс бағдарламалары (TЭH техникалық-экономикалық негiздеме) туралы қажеттi деректердi, сондай-ақ оларға енгiзілген барлық толықтырулар мен өзгерістердi қамтиды;
«Барлау жобасы» кiшi жүйесi жер қойнауы телiмдерiн (блоктарды) зерделеу және кен орындарын барлау жөніндегі геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзуге арналған жобалар туралы қажеттi деректердi, сондай-ақ оларға енгiзілген барлық толықтырулар мен өзгерістердi қамтиды; «Өңдеу жобасы» кiшi жүйесi өзiне кен орындарын тәжiрибелiк-өнеркәсiптiк және өнеркәсіптiк өңдеу жобалары туралы, сондай-ақ оларға енгiзілген барлық толықтырулар мен өзгерістер туралы қажеттi ақпаратты қамтиды;
«Жылдық жұмыс бағдарламасы» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың жылдық жұмыс бағдарламалары жөніндегі қажеттi мәлiметтен тұрады;
«ЛКЕ есебi» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың ЛКЕ № 1, 2, 3 нысандары бойынша мемлекеттік статистикалық есептілігiнің деректерiн пайдаланады;
«Қаржы» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушы қызметiнің қаржылық көрсеткiштерi туралы қажеттi мәлiметтерден тұрады;
«Салық салу» кiшi жүйесi қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензиялардың және/немесе келісім-шарттардың ережелерi бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың салықтар мен бюджетке төлемдердi төлегендерi туралы мәлiметтердi қамтиды;
«Экономика» кiшi жүйесi қызметтiң экономикалық көрсеткiштерi туралы қажеттi мәлiметтерден тұрады;
«Экология» кiшi жүйесi пайдаланушылардың жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегi шараларды орындағаны туралы қажеттi мәліметтердi қамтиды;
«Сақтандыру» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың сақтандыру жөніндегi міндеттемелерін орындағаны туралы қажеттi мәлiметтерден тұрады; «Еңбектi қорғау, қауiпсiздiк техникасы және өнеркәсiптiк санитария» кiші жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың еңбектi қорғау, қауіпсiздік техникасы, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсiздiк және өнеркәсіптік санитария жөніндегi шараларды орындағаны туралы қажеттi мәлiметтердi қамтиды;
«Әлеуметтiк сала» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтiк мәселелер жөніндегі мiндеттемелердi орындағаны туралы қажеттi мәлiметтерден тұрады;
«Білім беру» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық мамандарды оқыту жөніндегі мiндеттемелердi орындағаны туралы қажеттi мәлiметтердi қамтиды;
«Қосалқы мердiгерлiк» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдаланушылардың қызметтердi, тауарларды және жабдықтарды жеткiзушi мердiгерлердi тарту жөніндегі мiндеттемелерiн орындағаны туралы қажеттi мәлiметтерден тұрады; «Нормативтiк-құқықтық база» кiшi жүйесi Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы нормативтiк-құқықтық кесiмдерi туралы қажеттi мәлiметтердi қамтиды;
«Жер қойнауын пайдалану жөніндегі құжат айналымы» кiшi жүйесi өз құзыретiнiң шектерiнде жер қойнауын пайдаланушылардың қызметiн бақылайтын Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарынан келетiн ақпараттар мен құжаттардан тұрады;
«Әртүрлi» кiшi жүйесi Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланудың жай-күйiне ықпал ететiн әртүрлi факторлар (әлеуметтiк, экономикалық, халықаралық, құқықтық, ғылыми-техникалық және басқалары) туралы ақпараттан тұрады;
ЖҚП МБМЖ-ны әзiрлеу және дамыту барысына қарай онда жаңа кiшi жүйелер қалыптасуы мүмкiн.
6. Өз құзыретiнің шектерiнде жер қойнауын пайдаланушылардың қызметiн бақылайтын орталық және жергiлiктi атқарушы органдар Құзыреттi органға тиiстi ақпарат ұсынуға міндеттi.
7. Құзыреттi органға ақпарат (мәлiметтер) беру Құзыреттi орган орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен бірлесiп шығаратын ақпарат алмасу туралы бұйрықтардың негiзiнде жүзеге асырылады. Ақпарат беру форматтары, мерзiмдерi, мазмұны және мерзiмділігi бұйрықтарда анықталады. 8. Жер қойнауын пайдалану мониторингiнiң нормативтiк-әдiстемелiк базасы ЖҚП МБМЖ-ның қойылған мақсатқа қол жеткiзу үшiн бірiктiрiлген жүйе ретiнде жұмыс iстеуiн сипаттайды. ЖҚП МБМЖ мақсатын iске асыру, әрқайсысы белгiлi бір кезеңде шешiлетiн жер қойнауын пайдалану мониторингінің түрлi деңгейдегi бірқатар өзара байланысты мiндеттерiн шешудi көздейдi. ЖҚП МБМЖ-да жер қойнауын пайдалану мониторингінің бес деңгейi белгіленген. Мiндеттердiң әр деңгейi ЖҚП МБМЖ-ның кiшi жүйесi ретiнде қарастырылады.
«Лицензиялық - келісім-шарттық ережелер» (бұдан әрi - «ЛКЕ») кіші жүйесi жер қойнауын пайдалану мониторингi 1-деңгейiнiң мiндетiн шешедi. Кiшi жүйенiң элементтерi «ЛКЕ есеп беруi» ақпараттық кiшi жүйесiнiң деректерi болып табылады. «ЛКЕ» кiшi жүйесi пайдаланушылардың сұрау салуы бойынша оның элементтерiне сұрыптауды жүргiзуге арналған. Кiшi жүйе 2001 жылы құрылды.
«Талдау» кiшi жүйесi жер қойнауын пайдалану мониторингi 2-деңгейінің мiндетiн шешедi. Кiшi жүйенiң элементтерi жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасының «Жер қойнауын пайдалану объектiсi», «Жер қойнауын пайдалану субъектiсi», «Жер қойнауын пайдалану құқығы», «ЛКЕ есеп беруi», «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі құжат айналымы» кiшi жүйелерiнiң деректерi болып табылады. «Талдау» кiшi жүйесi жеке лицензиялық-келiсім-шарттық ережелер үшiн оның элементтерiнiң арасындағы өзара байланысы мiндетiн шешедi. Кiшi жүйе 2002 жылы құрылды.
«Бағалау» кiшi жүйесi жеке лицензиялық-келісім-шарттық ережелердiң орындалу дәрежесiн бағалау жөніндегі өлшемдердi әзiрлеуден тұратын жер қойнауын пайдалану мониторингi 2-деңгейінің мiндетiн шешедi. «Бағалау» кiшi жүйесінің элементтерi жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасының барлық кiшi жүйелерi болып табылады. «Бағалау» кiшi жүйесiн құру мерзiмi - 2003 жыл.
«Лицензия/Келісім-шарт» кiшi жүйесi жол берiлген лицензиялық -келісім-шарттық ережелердің бұзушылықтары салдарын кешендi бағалаудан; тұтастай алғанда жер қойнауын пайдаланушының лицензиялар және/немесе келісім-шарт шеңберіндегі жұмысының тиімділігін бағалаудан; лицензия/келісім-шарт тараптарының теңгерiмiн сақтаудан тұратын жер қойнауын пайдаланудың мониторингi 4-деңгейінің мiндеттерiн шешедi. «Лицензия/Келісім-шарт» кiшi жүйесiн құру мерзiмi - 2004 жыл.
«Жер қойнауын пайдалану мониторингi» кiшi жүйесi онда болып жатқан өзгерістердi анықтау және оның бұдан әрi дамуын болжау үшiн жер қойнауын пайдалану саласының жай-күйiне талдау жүргiзуден тұратын 5-деңгейдің мiндетiн шешедi. Жер қойнауын пайдалану жай-күйінің деректерiн талдау негiзiнде мемлекет мүддесiн және оның табиғи ресурстарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жағымсыз процестердiң алдын алу және оларды жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мүмкiншiлiгi бар. «Жер қойнауын пайдалану мониторингi» кiшi жүйесiн құру мерзiмi - 2004 жыл.
9. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасы мен жер қойнауын пайдалану мониторингiнің нормативтiк-әдiстемелiк базасы ЛКЕОМ АКЖ-ны құру жолымен iске асырылады.
10. ЛКЕОМ АКЖ көп деңгейлi иерархиялық ақпараттық жүйе болып табылады. ЛКЕОМ АКЖ құрамына фактографикалық, құжаттық, ақпараттық-iздеу жүйелерi және деректердi өңдеу жүйесi кіредi.
11. Құрылымы жағынан ЛКЕОМ АКЖ SQL ақпараттық технологиясы негiзінде ақпараттық ресурстардың ауыстырмалылығын, өзара байланысын және ауқымдылығын қамтамасыз ететiн «клиент-сервер» жүйесiн бiлдiредi.
12. ЛКЕОМ АКЖ деректер банкi жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасының гомоморфтiк моделi болып табылады. ЛКЕОМ АКЖ деректер банкiнде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай ақпараттық базасының кiшi жүйелерi фактографикалық және құжаттық жүйелердiң тиiстi дерекқорлары ретiнде берiлген.
13. ЖҚП МБМЖ әртүрлi деңгейдегi кiшi жүйелерi ЛКЕОМ АКЖ-да тиiстi ақпараттық-iздестiру жүйелерi және деректердi өңдеу жүйелерi ретiнде берiлген. ЛКЕОМ АКЖ-ды құру ЖҚП МБМЖ-нiң кiшi жүйелерiн құру кезеңдерiне сәйкес кезең-кезеңiмен жүргiзiледi. Әр кезеңде тиiстi деңгейдегi ақпараттық-коммуникациялық жүйе (бұдан әрi- АКЖ) құрылады: 2001 жылы «ЛКЕ» АКЖ-сi (1-деңгей) құрылды, 2002 жылы - «Талдау» АКЖ-сын (2-деңгей) құру жөніндегі жұмыстар жүргiзiлдi, 2003 жылы - «Бағалау» АКЖ-сын (3-деңгей), 2004 жылы - «Лицензия/Келісім-шарт» АКЖ-сын (4-деңгей) және «Жер қойнауын пайдалану мониторингi» АКЖ-сын (5-деңгей) құру.
14. Құзыреттi органның оқшау желісінде ЛКЕОМ АКЖ-ның сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгi қолданыстағы операциялық жүйелердiң және коммуникациялардың стандарттық құралдары арқылы iске асырылады.
15. ЛКЕОМ АКЖ құру 601 «Жер қойнауын пайдалану саласында лицензиялық және келiсім-шарттық ережелердің орындалуы мониторингiнiң ақпараттық-коммуникациялық жүйесiн құру» бюджеттік бағдарламасы шеңберiнде жүргiзiледi.