Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
қаражатын құрау мен пайдалану тәртібі жөнiндегі ереженi бекіту туралы
Қазақстан Рспубликасы Үкіметінің 2002 ж. 21 тамыздағы № 933 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 17.03.03 ж. № 258 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражатын құрау мен пайдалану тәртібi жөніндегі ереже бекiтілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң
2002 жылғы 21 тамыздағы
№ 933 қаулысымен
бекітiлген
Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи
аумақтар қаражатын құрау мен пайдалану тәртібі туралы
ереже
1. Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражатын құрау мен пайдалану тәртібі туралы ереже "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрленген және заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (бұдан әрі - ерекше қорғалатын табиғи аумақ) қаражатын құрау мен пайдаланудың тәртібін белгiлейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражаты:
ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық қызметтердi жүзеге асыру кезiнде жеке және заңды тұлғаларға ақылы қызметтер көрсету;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар рәмiздерiн пайдалануға рұқсаттар беру;
шектеулi шаруашылық қызметтен алынатын қаражат;
заңды және жеке тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырмалдықтары;
заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздерден алынған қаражат есебiнен құралады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қаражаты ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғаудың түрi мен құқықтық режимiне және шаруашылық қызметтiң реттелетiн режимiне байланысты мынадай ақылы қызметтердi көрсету есебiнен құралады:
1) ғылыми және оқу қызметiн жүзеге асыру кезiнде: оқу экскурсиялары мен сабақтарды, оқушылар мен студенттердiң өндiрiстiк практикаларын ұйымдастыру және өткізу, ғылыми кадрларды даярлау, қорық iсi, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандарды қайта даярлау және біліктiлiгiн арттыру жөнiнде қызметтер көрсету;
2) мәдени-ағарту, туристiк және рекреациялық қызметтi жүзеге асыру кезiнде мыналарды ұсыну бойынша:
туристік сүрлеулердi, көру-қарау алаңдарын, дамылдау алаңқайларын, көлiкке арналған тұрақтарды, кемпингтердi, палаткалы лагерлердi, қонақ үйлердi, мотельдердi, туристiк базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы басқа да объектілердi;
жолсерiк, экскурсовод, гид және аудармашы қызметтерiн көрсету, табиғи қорық қоры, табиғи және мәдени мұра объектілерiне, табиғат мұражайлары мен табиғат мүйiстерiне барған және оларды зерделеген кезде кино-бейне және фотоға түсiрудi жүргiзу;
қоғамдық тамақтандыру объектiлерi үшiн өнiмдер шығару жөнiнде қызметтер көрсету;
тұрақты демалыс орындарына iргелес рекреациялық аймақтарды санитариялық тазарту мен абаттандыру жөнiнде қызметтер көрсету;
3) ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттар үшiн көлiктiк қызметтер көрсетудi ұсыну.
ҚР Үкіметінің 17.03.03 ж. № 258 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеке және заңды тұлғаларға көрсететiн қызметтер үшiн төлем қарауында осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар атқарушы органдар белгiлеген тарифке сәйкес, заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 17.03.03 ж. № 258 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рәмiздерiн (жалауларын, эмблемаларын, вымпелдерiн және басқаларын) пайдаланғаны үшiн төлем осы рәмiздердi пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардан алынады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рәмiздерiн пайдаланғаны үшiн төлем мөлшерi заңнамада белгiленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы шарт негiзiнде белгіленедi.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қаражаты шектеулi шаруашылық қызметтiң мына түрлерiнен құралады:
1) шаруашылық қызметтiң тапсырысты режимi мен реттелетiн режимi бар арнайы бөлiнген учаскелерде ғана ерекше жүзеге асырылатын:
қолөнер және халық кәсiпшiлiгi;
кәдесыйлар мен жарнамалық өнiмдер өндiрiсi;
спорттық, әуесқойлық аң аулау мен балық аулауды жүргiзу;
2) тапсырысты режим аймақтарында жүзеге асырылатын:
орманды күтiп-баптау мақсатындағы кесудi және санитарлық кесудi жүргізу;
отырғызу материалдарын өсiрiп шығару және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс қорғаныш және көгалдандыру екпелерiн құру;
балық өсiру материалдарын өсiрiп шығару;
биотехникалық iс-шараларды өткізу үшiн өнiмдер өндiру.
7. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шектеулi шаруашылық қызметi нәтижесiнде өндiрiлген өнiм нарықтық баға бойынша сатылады.
8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қаражаты мынадай мақсаттарда осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мұқтажына пайдаланылады:
1) табиғат кешендерiн сақтау және дамыту;
2) жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн қорғау;
3) санитарлық кесу мен күтiп-баптау мақсатындағы кесудi қоса алғанда, ормандарда қалпына келтiру және қорғаныш iс-шараларын жүргiзу;
4) аумақтарды тазарту мен абаттандыру;
5) табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғаумен, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық қызметпен байланысты инфрақұрылымды дамыту;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғат қорғау қызметiн қамтамасыз ету үшiн штаттан тыс маусымдық қызметкерлердiң, соның iшiнде өрттен қарауылдаушылардың, күтiп-баптау мақсатындағы кесу мен санитарлық кесудi, орман дақылдары жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметкерлердiң, сондай-ақ шектеулi шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын қызметкерлердiң қызметтер көрсетуiне ақы төлеу;
7) байланыс құралдарын, көлiк және жабдықтар, өртке қарсы күрес, орман қорғау және орман дақылдары мақсатындағы тетiктер мен материалдар, тұқым және қалпына келтiру жұмыстары үшiн отырғызу материалдарын, жанар-жағар май материалдарын, байланыс құралдарын, киім-кешек, қару-жарақ және арнаулы қорғаныс құралдарын сатып алу;
8) табиғат қорғау қызметiмен байланысты ғимараттар, құрылыстар және өзге де объектiлер құрылысын салу, қайта жаңарту және жөндеу;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында ғылыми зерттеулер жүргiзу;
10) табиғат мұражайлары мен көрмелер ұйымдастыру және оларды ұстау;
11) рекреациялық аймақтарды дамыту және абаттандыру;
12) жарнамалық қызметті жетiлдiру;
13) экологиялық насихат;
14) терiс экологиялық салдардың алдын алу мен оны жою.
9. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражатын алу мен пайдалану жөніндегі есептiлiктi жүргiзу заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
10. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражатының құралуы мен пайдаланылуын, алынатын кiрiстердi есептеудiң толықтығы мен дұрыстығын, сондай-ақ олардың мақсатты пайдаланылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қарауында осы аумақтар бар атқарушы органдармен бiрлесiп белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.