Қазақстан Республикасының флагмандық әуе тасымалдаушысын анықтау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2002 ж. 14 тамыздағы № 896 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 1398 Қаулысымен күші жойылды
«Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының флагмандық әуе тасымалдаушысын анықтау ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2002 жылғы 14 тамыздағы
№ 896 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының флагмандық әуе тасымалдаушысын
анықтау ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының флагмандық әуе тасымалдаушысын анықтау ережесi (бұдан әрi - Ереже) флагмандық тасымалдаушыны анықтаудың құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерiн белгілейдi.
2. Конкурстық комиссия құру және конкурс
ұйымдастыру тәртібі
2. Конкурс жолаушылар үшiн жоғары деңгейлi сервиспен тасымалдаудың қауiпсiз жағдайын қамтамасыз ететiн әуе тасымалдаушысын анықтау мақсатында өткiзіледi.
3. Флагмандық әуе тасымалдаушысын анықтау үшiн конкурс өткізудiң бастамашысы (ұйымдастырушысы) азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу саласындағы уәкiлеттi орган болады.
4. Конкурсты өткізудi қамтамасыз ету және жеңiмпазды анықтау үшiн конкурстық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылады, оның құрамын уәкiлеттi орган анықтайды. Конкурстық комиссияның құрамына өзге де мүдделi мемлекеттік органдардың өкiлдерi кiруi мүмкiн.
5. Конкурстық комиссияның құрамына өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіруі мүмкін.
6. Конкурстық комиссия мүшелерiнiң саны тақ болуы және кемiнде бес адамды құрауы тиiс.
7. Комиссия қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын қабылдайды және қарайды, конкурсты өткiзедi және жеңiмпаздарды анықтайды.
8. Уәкiлеттi орган конкурс өткізу туралы шешiм қабылдағаннан кейiн конкурсқа ықтимал қатысушыларды жазбаша хабардар ету жолымен немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы конкурс өткiзгенге дейiн 30 күннен кешiктiрмей, конкурстың негiзгi шарттарын және оның өткізілу мерзiмiн жариялайды.
9. Комиссия ықтимал қатысушылар үшiн негізгi және қосымша шарттарды қамтитын конкурстық құжаттама пакетiн дайындайды.
10. Комиссия конкурстың өткізілетін мерзiмi мен орнын жариялағаннан кейiн конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрушілер уәкілетті органның атына қажеттi құжаттардың қосымшасымен өтінімдi бepyгe тиiс.
11. Конкурсқа қатысуға осы Ережеге сәйкес өтінімді және басқа да қажеттi құжаттарды уақытылы берген, тағайындалған тасымалдаушылар болып табылатын әуе тасымалдаушылары жiберiледi.
12. Конкурсқа қатысу үшiн комиссияның атына мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) конкурсқа қатысуға арналған белгiленген нысандағы өтiнiштi (қосымшаны);
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктің көшiрмесiн;
3) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушы сертификатының көшiрмесiн;
4) әуе көлiгiмен жолаушылар мен жүктердi тасымалдауға арналған лицензияның көшiрмесiн;
5) мiндеттi сақтандыру шарттары жасалғанын растайтын сақтандыру полистерiнiң көшiрмесiн;
6) авиа бағыттарға арналған куәлiктiң көшiрмесiн;
7) әуе кемелерінің паркі туралы мәлiметтер (олардың түрлерi, саны, борттық тiркеу нөмiрлерi, олардың техникалық жай-күйi бойынша деректер, әуе кемелерінiң ұшу жарамдылығын қолдау жөнінде жүргiзiлетiн іс-шаралар);
8) авиа тасымалдарды броньдау және сатудың автоматтандырылған жүйесiнде ресурстарды орналастыру туралы келісімнің көшiрмесiн;
9) халықаралық бағыттар үшiн Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымында (ИКАО) және Әуе көлігiнің халықаралық қауымдастығында (ИАТА) авиакомпанияның тiркелгенi туралы куәлiктердің көшiрмелерiн;
10) қатаң есептілік бланкілерінің үлгiлерiн;
12) салық мiндеттемелерiн орындау бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйi туралы дербес шоттың көшiрмесiн;
12) халықаралық тұрақты ұшуларды орындаудың және жекелеген де, түйiсетiн де авиа бағыттарды дамытудың қысқа мерзiмдi (бір жылға арналған) және ұзақ мерзiмдi (үш жылға арналған) бизнес-жоспарларын;
13) азаматтық әуе кемесінің тiркелгенi туралы куәлiктің көшірмесін.
13. Конкурсқа қатысу үшiн талап етiлетiн құжаттар мемлекеттік және орыс тiлдерiнде бiр данада берiледi.
14. 9-тармақтың 10)-13) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар «конкурста ғана ашылсын» деген белгiсi бар жеке жабылған пакетте берiледi.
15. Конкурсқа қатысуға өтiнiмдердi қабылдау конкурс өткiзiлетiн күннен бiр күн бұрын аяқталады.
16. Барлық қажеттi құжаттарды бермегендiгi немесе біліктiлiк талаптарына сәйкессiздiгi үшiн өтiнiштерi қайтарылған өтiнiм берушiлердi комиссия бұл туралы себебiн көрсете отырып, конкурстық комиссия мәжілісi басталған күннен бастап бес күн мерзімде жазбаша хабардар етедi.
3. Конкурсты өткізу және флагмандық тасымалдаушыны
анықтау тәртібі
17. Құжаттардың пакетiн қарау әрбiр комиссия мүшесiнiң қатысушыларды 10-балдық жүйе бойынша бағалауы жолымен комиссия белгiлеген конкурс өткізу мерзiмi iшiнде жүзеге асырылады.
Конкурстық комиссияның әрбiр мүшесi уәкiлеттi орган белгілеген бағалау парағы нысанын толтырады және Комиссия төрағасына бередi.
Конкурстық ұсыныстарды бағалау нысандарының негiзiнде комиссия мүшелерi қатысушының қорытынды балдарын жинақтайды және комиссия хатшысы хаттамада тiркейтiн әрбiр қатысушы бойынша жалпы жинақталған балды айқындайды. Хаттамаға заң күшi бiрдей екi данада комиссия мүшелерi қол қояды.
18. Ұсынылған құжаттардың негiзiнде конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша жолаушыларға жоғары сапалы қызмет көрсететiнi, ұшу қауiпсiздiгiн және авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiнi ескерiлiп, белгілi бiр авиа бағыттарда тұрақты және тұрақты емес ұшулардың орындалуын қамтамасыз ете алатын әуе тасымалдаушысы конкурсты жеңген болып танылады.
19. Комиссия мәжiлісінің соңғы күнi комиссия мүшелерінің және конкурсқа қатысушылардың қатысуымен комиссия төрағасы ең жоғары балл санын жинап алған қатысушы-жеңiмпазды атайды. Балдары тең болған жағдайда жеңiмпаз ашық дауыс берумен анықталады. Егер оған Комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк дауысы берiлсе, шешiм қабылданған болып есептеледi.
20. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілеттi орган заңнамада белгiленген тәртiппен флагмандық тасымалдаушыны анықтау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешiмiнің жобасын әзiрлеудi және келiсудi қамтамасыз етедi.
21. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын мемлекеттік реттеу саласындағы уәкiлеттi орган өткiзiлген конкурстың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне Комиссия мәжілісi хаттамасының түпнұсқасын қосымшасымен ұсынымды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиiстi нормативтiк құқықтық кесімінің жобасын енгiзедi.
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2002 жылғы 14 тамыздағы
№ 896 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының
флагмандық әуе тасымалдаушысын
анықтау ережесіне
қосымша
ӨТIHIШ
Флагмандық тасымалдаушы мәртебесi құқығын алуға арналған конкурсқа
қатысу үшін жiберуіңiздi өтiнемiн.
Ұйым туралы мәлiметтер:
1. Меншік нысаны
2. Құрылған жылы
3. Заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелуi туралы куәлiк
_________________________________________________________________
(нөмiрi, кiм және қашан берiлген)
4. Банктiк деректемелер _________________________________________
_________________________________________________________________
(есеп шот .N, коршоттар, МФО, банктiң атауы мен орналасқан жерi)
5. Заңды мекен-жайы және басқа да деректемелер __________________
_________________________________________________________________
(почталық мекен-жайы, телефон, телефакс, телекс, телетайп,
_________________________________________________________________
телеграфтық және телефондық шартты шақыру белгiлерi, ИКАО, ИАТА,
_________________________________________________________________
СИТА, АФТН кодтары)
6. ______________________________________________________________
(кәсіпорынның бiрiншi басшысының тегi, аты-жөнi)
7. Қоса беріліп отырған құжаттар _________________________________
Кәсіпорын басшысы: тегi, аты-жөнi, қолы, күнi.
200___ ж.»__»______________ өтiнiш қарауға қабылданды.