1-1. Осы баптың 1-тармағында белгіленген ережелерді іске асыру үшін конкурсты ұйымдастырушы тек қана шағын кәсіпкерлік субъектілері және (немесе) мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған тауарлар өндіруші, жұмыстар орындаушы және қызметтер көрсетуші ұйымдар қатыстырылатын конкурс өткізеді.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен және (немесе) мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған тауарлар өндіруші, жұмыстар орындаушы және қызметтер көрсетуші ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезiнде олардың арасынан өнiм берушіні таңдау, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Заңның 2-тарауында көзделген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Заңның 16-бабында көзделген негiздер бойынша мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс өтпей қалды деп танылған жағдайда конкурсты ұйымдастырушы осы Заңның 16-бабының 5-тармағына сәйкес жалпы негiздерде конкурсты қайтадан өткізуге құқылы.
2. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен және мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң аталған ұйымдарынан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасы және олардың көлемiн (процентпен көрсеткенде) Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгiлеп отырады.
3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен және Қазақстан Республикасы мүгедектерi қоғамдық бiрлестiктерiнiң сол ұйымдарынан конкурстық өтiнiмдер түспеген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы сатып алуды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жалпы негiзде жүзеге асыруға құқылы.
05.07.04 ж. № 569-II ҚР Заңымен 27-1-баппен толықтырылды; 2005.23.12 № 108-III; 2006.04.07. № 150-III ҚР Заңдарымен 27-1-бап өзгертілді
27-1-бап. Сатып алынуы мемлекеттік сатып алу нысанасы
болып табылмайтын тауарлар, жұмыстар мен
көрсетілетiн қызметтер
1. Мыналар:
1) жергiлiктi атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстар;
2) жалақы, жәрдемақылар, iссапар шығыстары және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер;
3) ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторларына төленетiн авторлық сыйақы;
4) мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңiмпаздары болып белгіленген акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар немесе олармен аффилиирленген заңды тұлғалар жүзеге асыратын, осы конкурстың нәтижесiнде белгiленген өздерiнiң шарттық мiндеттемелерiн орындауға қажетті тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу;
5) өкiлдiк шығыстар (өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдау мақсатында жүргізiлетін ресми қабылдауларды өткізу, сондай-ақ басқарманың, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетінің қаражаты есебiнен қамтылатын органдардың, директорлар кеңесiнiң, тексеру комиссиясының отырысына қатысушыларды ресми қарсы алу және акционерлер жиналысын өткізуге арналған, келiссөздер кезiнде оларды көлiкпен қамтамасыз ету, буфет (фуршет) қызметiн көрсету жөніндегі, ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегі шығыстар);
6) көрмелерге, семинарларға, конференцияларға, кеңестерге қатысуға қажетті шығыстар, сондай-ақ көрмелердiң, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердiң материалдарын сатып алу, мерзiмдi баспасөз басылымдарын сатып алу;
7) қызметкерлердi шет елдерде даярлау, қайта даярлау және біліктілігiн арттыру;
8) кепіл, кепiлдiк және қаржылық қызметтердi тарту туралы шарттар бойынша мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етудің басқа да тәсiлдерi;
8-1) мүлікті лизингтік қызметті жүзеге асыру шеңберінде лизингке беру мақсатымен сатып алу;
9) лизингке беру, факторинг, франчайзинг, комиссия шарты бойынша сыйақы төлеу, сенімгерлiк басқару, бюджет қаражатынан төлем жасау бөлігінде тiкелей субсидия алушыға субсидия беру;
10) рейтингтiк агенттiктер көрсететiн қызметтердi сатып алу, қаржылық қызметтер (сақтандыру қызметтерiн, сондай-ақ табиғи монополия субъектiлерiнiң қаржылық қызметтердi тартуын қоспағанда);
11) мемлекеттер, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, қызметтерi қайырымдылық және халықаралық сипаттағы шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар Қазақстан Республикасының Үкіметіне белгілi бiр мақсаттарға (мiндеттерге) жету үшiн өтеусіз негiзде ұсынатын гранттар қаражатын, сондай-ақ оларды беру туралы келісімде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың өзге де рәсiмдерi көзделген жағдайларда осы гранттарды бiрлесiп қаржыландыруға бөлiнетiн қаражатты жұмсау;
12) мемлекеттік білім тапсырысы;
13) медициналық көмектiң тегiн кепiлдi көлемi;
14) саудаларға (аукциондарға) қатысуға байланысты шығыстар, мүлiктi (активтердi):
Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарына сәйкес сот орындаушылары жүргiзетiн;
Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес өткiзiлетін;
Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес өткiзілетiн;
мемлекеттік мүлікті жекешелендiру кезіндегі;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тiзбе бойынша өткiзілетiн саудаларда (аукциондарда) сатып алу;
15) бағалы қағаздарды сатып алу;
16) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің монетарлық қызметi;
17) банкноттар мен монеталардың дизайны бойынша көрсетiлетiн қызметтер, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгенi жасауға байланысты тауарлар, жұмыстар және көрсетiлетiн қызметтер;
18) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару жөніндегі қызметi;
19) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына сыртқы аудит жүргiзу;
20) ұйымдардың жарғылық капиталына инвестициялар салуды жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасы Инвестициялық қорының қызметi, сондай-ақ осы ұйымдардың мұндай инвестициялау жүзеге асырылғанға дейiн оларға осы Заңның күші қолданылмаған жағдайда тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуы;
21) Қазақстан Республикасы Қылмыстық ic жүргізу кодексінің 72-бабына, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргiзу кодексiнiң 114 және 304-баптарына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 590-бабына және "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес (6-бапта көзделген жағдайларды қоспағанда) адвокаттар көрсететін заң көмегi үшiн ақы төлеуден босатылған тұлғаларға көрсетiлген заң көмегi үшін ақы төлеу және мұндай жағдайларда қорғау мен айыпталушының немесе сезiктінің таңдау құқығы болмаған кезде қылмыстық iстер бойынша адвокаттық қызмет көрсетілуiне байланысты шығыстарды өтеу;
22) жасалатын нотариаттық iс-әрекеттер үшiн ақы төлеу;
23) мемлекеттік органдардың актілерi негізiнде жер учаскелерiн беру үшін ақы төлеу;
24) акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсiпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың (табиғи монополиялар субъектілерiн қоспағанда) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тiзбе бойынша тауарларды кейiннен көтерме-бөлшек саудада өткізу мақсатында сатып алуы;
25) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарында көзделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу;
26) мемлекеттік награлаларды, депутаттың омырауға тағатын белгісін, мемлекеттік сенім таңбаларын, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарын (оның iшiнде қызметтiк және дипломатиялық), Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәлiктерiн, шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн, акциздік маркаларды, мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарды әзiрлеу үшін ақы төлеу;
27) статистикалық деректердi өңдеу жөніндегі қызметтердi сатып алу;
28) акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың инновациялық қызметтi қаржыландыру жөніндегі шешiмдi қабылдау мақсатында инновацияларға тәуелсiз ғылыми-техникалық сараптама жүргiзу жөніндегі қызметтердi сатып алуы;
29) ұйымдардың Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдерiне сәйкес жүзеге асырылатын қызметінің негiзгi нысанасы бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетін қызметтердi Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша сатып алуы;
2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 30) тармақша өзгертілді
30) жедел-iздестiру қызметi мiндеттерiн жүзеге асыруға уәкiлеттi органдардың оларды орындау кезiнде:
жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға құпия түрде жәрдемдесуге келісім берген адамдар көрсететiн қызметтердi;
қызметтік үй-жайларды, көлiктiк және өзге де техникалық құралдарды, мүлікті сатып алуы;
жасырын кәсіпорындар мен ұйымдар құруы;
қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы білімi бар лауазымды адамдар мен мамандар көрсететін қызметтерді сатып алуы;
2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 31) тармақшамен толықтырылды
31) Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Халықаралық кеңесі мүшелерінің қызметтерін қоса алғанда, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның консалтингтік қызметтер көрсетуді сатып алуы мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушiлер осы Заңның 3-бабында белгіленген мемлекеттік сатып алу процесін құқықтық реттеу принциптерiн басшылыққа алуға мiндетті.
5-тарау. Қорытынды ережелер
28-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын бақылау
Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тапсырыс берушi жүзеге асырады.
29-бап. Конкурсты ұйымдастырушының, тапсырыс берушiнiң және конкурстық комиссияның iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасау
1. Мемлекеттік сатып алу процесiн жүргiзу барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары бұзылған жағдайда, ықтимал өнiм берушi мемлекеттік сатып алу процесiнiң өткiзiлуi барысында конкурсты ұйымдастырушының, тапсырыс берушiнiң немесе конкурстық комиссияның iс-әрекетi мен шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы. Бұл орайда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсiлiн таңдау шағым жасалу объектiсi болмайды.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары бұзылған жағдайда, уәкiлеттi орган конкурсты ұйымдастырушының, тапсырыс берушiнiң немесе конкурстық комиссияның мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға дейiнгi шешiмдерiн жарамсыз деп тануға және мемлекеттік сатып алу процесiн тоқтатуға құқылы.
Бұл орайда, егер мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып, күшiне енсе, уәкiлеттi орган осы мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнуге мiндеттi.
30-бап. Дауларды шешу
Мемлекеттік сатып алу процесiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
31-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу ттуралы заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., №17-18, 216-құжат; 1998 ж., № 23, 415-құжат; 1999 ж., № 23, 932-құжат.) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының