Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуын бақылау туралы
Қазақстан Республикасының 2002 ж. 29 қаңтардағы № 286-ІІ
Заңы
2004 ж. 24 сәуірдегі № 548-11 ҚР Бюджет Кодексімен күші жойылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Республикалық және жергілікті бюджеттердің (4 - 6 баптар)
атқарылуын бақылаудың үлгілері, принциптері
мен стандарттары
3-тарау. Республикалық және жергілікті бюджеттердің (7 - 8 баптар)
атқарылуын сыртқы бақылауды ұйымдастыру
негіздері
4-тарау. Республикалық және жергілікті бюджеттердің (9 - 10 баптар)
атқарылуын ішкі бақылауды ұйымдастыру
негіздері
5-тарау. Мемлекеттік бақылау органдарының өзара (11 - 13 баптар)
іс-әрекеті, есеп комитеті төрағасының,
мүшелерінің және мемлекеттік бақылау
органдары басшыларының өкілеттіктері мен
құқықтары, бақылау объектісі лауазымды
адамдарының міндеттері мен құқықтары
6-тарау. Қорытынды ережелер (14 - 17 баптар)
Осы Заң республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылаудың негiзгi принциптерiн, үлгілерi мен стандарттарын, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң (бұдан әрi - Есеп комитетi), мәслихаттардың тексеру комиссияларының, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік органдардың, әкiмдер уәкiлдiк берген мемлекеттік органдардың, мемлекеттік органдардың iшкi бақылау қызметтерiнiң ұйымдастырылуы мен қызметтерiнiң негiздерiн айқындайды, сондай-ақ олар мен республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау объектiлерi арасындағы қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) сыртқы бақылау - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң республикалық бюджеттi және жергiлiктi атқарушы органдардың жергiлiктi бюджеттердi атқаруын бақылау, мұны оларға қатынасы жөнiнен тәуелсiз мемлекеттік органдар, мәслихаттардың тексеру комиссиялары жүзеге асырады;
2) iшкi бақылау - республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын тиiсiнше Қазақстан Республикасының Yкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асыратын бақылау;
3) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау бақылау объектiлерi қызметiнiң Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының талаптарына сәйкестiгiн тексеру, талдау және бағалау, мемлекеттік мекемелердiң қаржылық есептiлiгiн бақылау республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражатының нысаналы әрi тиiмдi пайдаланылуын, сондай-ақ республикалық және жергiлiктi бюджеттерге қаражаттың толық және уақтылы түсуiн бақылау;
4) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын нысаналы пайдаланбау - мемлекеттік мекемелердiң республикалық және жергiлiктi бюджеттерден бөлiнген қаражатты бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың), сондай-ақ шығыстардың экономикалық жiктемесiнiң мақсатына сай келмейтiн мақсаттарға пайдалануы; жеке және заңды тұлғалардың республикалық және жергiлiктi бюджеттерден бөлiнген қаражатты мемлекеттік мекемелермен жасалған азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң, оның iшiнде кредит шарттарының талаптарына сай келмейтiн мақсаттарға пайдалануы;
5) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын тиiмсiз пайдалану - республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден қаражаттың бюджеттік бағдарламаның паспортында көзделген мақсаттарға жеткiзбей жұмсалуы;
6) бақылау объектiлерi - республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдар, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелер, республикалық және жергiлiктi бюджеттерден мемлекеттік тапсырысты орындауға субсидиялар, кредиттер, мемлекет кепiлдiк берген заемдар түрiнде қаражат алатын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ өздерi республикалық және жергiлiктi бюджеттерге қаражаттың толық және уақтылы түсуiн қамтамасыз етуi бөлiгiнде мемлекеттік органдар;
7) iшкi бақылау қызметi - мемлекеттік орган мен оның бөлiмшелерiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын iшкi бақылауды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттік органның бөлiмшесi;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік органдар - Қазақстан Республикасының республикалық немесе республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы органдары;
9) әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік орган - жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын бақылауды жүзеге асыратын және тиiстi жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
10) қаржылық есептiлiк - мемлекеттік мекемелердiң қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпарат, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, оның нысандары мен көлемдерiн уәкiлеттi орган айқындайды.
2-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, аталған шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау мәселелерi бойынша мемлекеттік органдарға, мәслихаттардың тексеру комиссияларына, жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2-тарау. Республикалық және жергілікті
бюджеттердің атқарылуын
бақылаудың үлгілері, принциптері
мен стандарттары
4-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау үлгiлерi
Республикалық және жергілiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау кезiнде бақылаудың мынадай үлгiлерi пайдаланылады:
1) сәйкестiктi бақылау - бақылау объектiсi қызметiнiң Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының талаптарына сәйкестiк дәрежесiн бағалау;
2) қаржылық есептiлiктi бақылау - бақылау объектiсiнiң қаржылық есептiлiктi жасауы мен беруiнiң дұрыстығын, негiздiлiгiн және уақтылылығын бағалау;
3) тиiмдiлiктi бақылау - бақылау объектiсiнiң бюджеттік бағдарламаны оның паспортына сәйкес атқаруын бағалау.
5-бап. Республикалық және жергілiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылаудың принциптерi мен стандарттары
1. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына бақылау-жасау құпиялылық режимi мен кәсiби әдептiң қамтамасыз етiлуi ескерiле отырып, тәуелсiздiк, объективтiлiк, дұрыстық, құзыреттiлiк, жариялылық принциптерi мiндеттi түрде сақталып жүзеге асырылады.
2. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау стандарттары республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылаудың бiрыңғай талаптарын белгiлейтiн нормативтiк құжаттар болып табылады.
3. Республикалық бюджеттiң атқарылуын сыртқы бақылау стандарттарын Есеп комитетi әзiрлейдi және бекiтедi.
4. Жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын сыртқы бақылау мен республикалық және жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын iшкi бақылау стандарттарын Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік орган әзiрлейдi және Есеп комитетi бекiтедi.
6-бап. Бақылау нәтижелерi бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын актiлер
Бақылау нәтижелерi бойынша оны жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мынадай актiлердi қабылдауға құқылы:
1) қорытынды - Есеп комитетiнiң бақылау нәтижелерi бойынша құжаты;
2) Есеп комитетiнiң қаулысы - Есеп комитетiнiң отырысында қабылданған нормативтiк құқықтық акт. Қаулыны қабылдау тәртібі Есеп комитетi туралы ережемен регламенттеледi. Есеп комитетiнiң қаулысы оның бақылау нәтижелерi жөніндегі басқа да барлық актілерінiң қолданылуын растайды.
Есеп комитетiнiң қаулысын ол жолданған барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың орындауы мiндеттi;
3) ұсыныс - Есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы жөніндегі жұмыстағы кемшiлiктердi жою туралы мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен лауазымды адамдарға; Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жауапқа тарту мәселелерi бойынша құқық қорғау органдары мен соттарға жiберетiн құжаты;
4) мәслихаттың бақылау нәтижелерi бойынша шешiмi мәслихаттың тексеру комиссиясының бақылау жүргiзуiнiң қаралған немесе Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік органдар, әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік орган, табыс еткен актілері бойынша шешiм бекітілетiн құжат;
5) нұсқама - Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік органның басшысы, әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік органның басшысы өздерiнiң құзыретi шегiнде қабылдаған және ұйымдардың лауазымды адамдарына мiндеттi түрде орындау үшiн жiберiлген, жұмыстағы жолсыздықтар мен кемшiлiктердi жою туралы белгiленген нысандағы құжат;
6) бақылау жүргiзу актiсi - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік орган, мәслихаттың тексеру комиссиясы, әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік орган, мемлекеттік органның iшкi бақылау қызметi жүргiзген бақылаудың нәтижелерi бойынша жасалған құжат.
3-тарау. Республикалық және жергілікті
бюджеттердің атқарылуын сыртқы
бақылауды ұйымдастыру негіздері
7-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын сыртқы бақылаудың мемлекеттік органдары
Республикалық бюджеттiң атқарылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган Есеп комитетi болып табылады. Жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік органдар, мәслихаттардың тексеру комиссиялары болып табылады.
8-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын сыртқы бақылаудың мемлекеттік органдарының өкiлеттiктерi мен құқықтары
1. Есеп комитетi Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынады және есеп бередi.
2. Есеп комитетiнiң құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен белгiленедi.
Есеп комитетi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Есеп комитетi:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне Есеп комитетiнiң жұмысы туралы тоқсан сайынғы ақпаратты табыс етiп отырады;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық бюджеттiң атқарылуын, оның кiрiсiне салық және басқа да мiндеттi төлемдердiң толық әрi уақтылы түсуiн, бюджет қаражатының нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын талдауға, бақылаудың қорытындылары мен нәтижелерiне байланысты мәселелер жөніндегі тапсырмаларын, сондай-ақ басқа да жекелеген тапсырмаларын орындайды;
3) республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi Қазақстан Республикасының Парламентiне есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 маусымынан кешіктiрмей табыс етiп отырады, ол өзiнiң мазмұны жағынан Қазақстан Республикасы Үкiметінің республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебi жөніндегі қорытынды болып табылады және Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткеннен кейiн ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиiс;
4) Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік органдар табыс еткен бақылау жүргiзу актілерін талдайды және республикалық бюджеттiң атқарылуын осы органдар жүзеге асыратын бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар бередi;
5) республикалық бюджеттiң қаражатын пайдалануда бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының әрекеттерiнде қылмыс белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын өзге де бұзу фактілерi анықталған жағдайда, бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына бередi.
4. Есеп комитетi:
1) республикалық бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының талаптарын сақтауын; республикалық бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) атқарылуын және кредиттердiң, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген заемдардың нысаналы пайдаланылуын; мемлекеттік органдардың республикалық бюджетке қаражаттың; республикалық бюджеттен мемлекеттiң мiндеттемелерiн жабуға берiлген қаражаттың толық және уақтылы түсуiн олардың қамтамасыз ету бөлiгіндегі қызметiн бақылауды жүзеге асыруға;
2) республикалық бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң қаржылық есептiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
3) республикалық бюджет қаражатын, оның iшiнде мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған қаражатты пайдаланудың тиiмдiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметінен және бақылау объектiлерiнен республикалық бюджет қаражатының толық түсуi мен пайдаланылуына қатысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттама мен ақпаратты сұратуға және алуға;
5) бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) экономикалық тиiмдiлiгi мен мақсатқа лайықтылығына баға беруге;
6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен бақылау объектiлерiнiң банк шоттары бойынша республикалық бюджет қаражатының түсуi, аударылуы, сондай-ақ нысаналы пайдаланылуы бөлiгiнде банктердi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды тексерудiң қорытындылары туралы мәлiметтердi сұратуға және алуға;
7) республикалық бюджеттiң атқарылуы мәселелерi бойынша бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының есептерiн тыңдауға;
8) Есеп комитетi анықтаған бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтамау фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныстар енгiзуге;
9) өзi белгiлеген мерзiмде бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттар, анықтамалар, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер алуға;
10) республикалық бюджеттiң атқарылуына бақылау жүргiзуге мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын тартуға;
11) республикалық бюджеттiң атқарылуына ықпал ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуы жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге және енгiзуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
5. Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік орган:
1) мәслихаттардың тексеру комиссияларына бақылау жүргiзу актілерін, сондай-ақ ақпарат беру үшiн жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау жоспарларын жiбередi;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi бюджеттер қаражатының нысаналы және тиiмдi пайдаланылмауын тыю мен оған жол бермеу жөнiнде шаралар қолданады;
3) жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын пайдалануда бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының әрекеттерiнде қылмыс белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын өзге де бұзу фактілерi анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына бередi;
4) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау саласында кадрлардың біліктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауды ұйымдастырады.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік орган:
1) жергiлiктi бюджеттер есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының жергілiктi бюджеттердiң атқарылуы туралы талаптарының бұзылуы себептерiне баға беруге;
3) өзi белгiлеген мерзiмде бақылау объектiлерiнен жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi сұратуға және алуға;
4) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуындағы анықталған бұзушылық фактілері бойынша бақылау объектiлерiнiң лауазымды адамдарын тыңдауға;
5) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына бақылау жүргiзуге мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын тартуға;
6) құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, жергiлiктi бюджеттердiң атқарылу мәселелерiне жататын құжаттармен кедергiсiз танысуға;
7) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына бақылау жүргiзудiң нормативтiк құқықтық базасы мен әдiстемесiн жетiлдiру мәселелерi бойынша iс-шаралар әзiрлеуге;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
7. Мәслихаттың тексеру комиссиясы:
1) мәслихат пен әкiмге, жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы жергiлiктi атқарушы органның тиiстi есебi бойынша қорытынды берiп, оны кейiннен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
2) мәслихат пен әкiмге бақылау нәтижелерi бойынша жергiлiктi бюджеттiң қаражатын нысаналы және тиiмдi пайдаланбау фактілері туралы, сондай-ақ жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы жөніндегі жұмыстағы кемшiлiктер туралы хабарлап отырады;
3) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттікорган жүзеге асыратын бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсынымдар бередi;
4) Үкiмет пен әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік органдар табыс еткен бақылау жүргiзу актілеріне талдау жасайды;
5) жергiлiктi бюджеттiң қаражатын пайдалануда бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының әрекеттерiнде қылмыс белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын өзге де бұзу фактілерi анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына бередi.
8. Мәслихаттың тексеру комиссиясы:
1) жергiлiктi бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы мәслихаттар шешiмдерiнiң атқарылуын; жергiлiктi бюджеттен берiлген қаражаттың, оның iшiнде кредиттердiң, нысаналы пайдаланылуын; мемлекеттік органдардың жергілiктi бюджетке қаражаттың толық және уақытылы түсуiн олардың қамтамасыз ету бөлiгіндегі қызметiн бақылауды жүзеге асыруға;
2) жергiлiктi бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң қаржылық есептiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
3) жергiлiктi бюджеттiң қаражатын, оның iшiнде мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған қаражатты пайдаланудың тиiмдiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
4) өзi белгiлеген мерзiмде бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттар, анықтамалар, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер алуға;
5) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына бақылау жүргiзуге жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi мамандарын тартуға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
4-тарау. Республикалық және жергілікті
бюджеттердің атқарылуын ішкі
бақылауды ұйымдастыру
негіздері
9-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын iшкi бақылаудың мемлекеттік органдары
Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын iшкi бақылау жөніндегі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Yкіметі, әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік органдар және мемлекеттік органдардың iшкi бақылау қызметтерi болып табылады.
10-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын iшкi бақылаудың мемлекеттік органдарының өкiлеттiктерi мен құқықтары
1. Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік орган:
1) республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау саласындағы орталық мемлекеттік органдардың iшкi бақылау қызметтерiнiң жұмысын үйлестiрiп отырады;
2) орталық мемлекеттік органдар жүзеге асыратын бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсынымдар бередi;
3) Есеп комитетiне бақылау жүргiзу актілерін, сондай-ақ ақпарат беру үшiн республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жоспарларын жiбередi;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық бюджет қаражатының нысаналы және тиiмдi пайдаланылмауын тыю мен оған жол бермеу жөнiнде шаралар қолданады;
5) республикалық бюджеттiң қаражатын пайдалануда бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының әрекеттерiнде қылмыс белгілерi, Қазақстан Республикасының заңдарын өзге де бұзу фактілері анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына бередi;
6) республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау саласында кадрлардың біліктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды ұйымдастырады.
2. Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлдiк берген мемлекеттік орган:
1) республикалық бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының талаптарын сақтауын; республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың таза табыс үлесiн республикалық бюджетке толық және уақтылы аударуын, сондай-ақ шаруашылық серiктестiктерiнде табыстың мемлекеттік үлеске және дивидендтердiң акционерлік қоғамдардың мемлекеттік акциялар пакеттерiне есептелуiн; республикалық бюджеттен берiлген бюджет қаражатының, оның iшiнде кредиттердiң, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген заемдардың нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) республикалық бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң қаржылық есептiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
3) республикалық бюджет қаражатын, оның iшiнде мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған қаражатты пайдаланудың тиiмдiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы талаптарының бұзылу себептерiне баға беруге;
5) бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) экономикалық тиiмдiлiгi мен мақсатқа лайықтылығына баға беруге;
6) мемлекеттік органдардың iшкi бақылау қызметтерiнен жоспарлар, есептер және өзге де қажеттi ақпарат алуға;
7) өзi белгiлеген мерзiмде бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi сұратуға және алуға;
8) республикалық бюджеттiң атқарылуындағы анықталған бұзушылық фактілері бойынша бақылау объектiлерiнiң лауазымды адамдарын тыңдауға;
9) мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын республикалық бюджеттiң атқарылуына бақылау жүргiзуге тартуға;
10) құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, республикалық бюджеттiң атқарылу мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысуға;
11) нормативтiк құқықтық базаны және бақылау жүргiзу әдiстемесiн жетiлдiру мәселелерi жөнiнде iс-шаралар әзiрлеуге;
12) акционерлік қоғамдардың мемлекеттік акциялар пакетi иеленуге және пайдалануға берiлген мемлекеттік органдарға акционерлік қоғамдардың тексеру комиссияларының құрамына сыртқы немесе iшкi бақылаудың мемлекеттік органдарының қызметкерлерiн енгiзудi ұсынуға;
13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
3. Әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік орган:
1) мәслихаттың тексеру комиссиясына бақылау жүргiзу актілерін, сондай-ақ ақпарат беру үшiн жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын бақылау жоспарларын жiбередi;
2) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау саласындағы жергiлiктi атқарушы органдардың iшкi бақылау қызметтерiнiң қызметiн үйлестiреді;
3) жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын пайдалануда бақылау объектiлерiнiң лауазымды адамдарының қызметiнде қылмыс белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын өзге де бұзу фактілері анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына бередi.
4. Әкiм уәкiлдiк берген мемлекеттік орган:
1) жергiлiктi бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң Қазақстан Республикасының жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарын сақтауын; жергiлiктi бюджеттен берiлген бюджет қаражатының, оның iшiнде кредиттердiң нысаналы пайдаланылуын; коммуналдық мемлекеттік кәсiпорындардың таза табыс үлесiн жергiлiктi бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ кiрiстi шаруашылық серiктестiктеріндегі мемлекеттік үлестерге және дивидендтердi коммуналдық меншiктегi мемлекеттік акциялар пакеттерiне есептеуге;
2) жергілiктi бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелердiң қаржылық есептiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
3) жергiлiктi бюджет қаражатын, оның iшiнде мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған қаражатты пайдаланудың тиiмдiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
4) жергiлiктi бюджет атқарылуының анықталған бұзушылық фактілері бойынша бақылау объектiлерiнiң лауазымды адамдарын тыңдауға;
5) бекітілген жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) экономикалық тиiмдiлiгi мен орындылығына баға беруге;
6) өзi белгiлеген мерзiмде бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттар, анықтамалар, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер алуға;
7) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына бақылау жүргiзуге мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын тартуға;
8) құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, жергiлiктi бюджеттердiң атқарылу мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысуға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
5. Мемлекеттік органның iшкi бақылау қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады.