Теміржол көлігi ғылыми сыйымды және капитал сыйымды өндiрiс болып табылады. Мына:
- отандық салалық ғылымды қалыптастыру,
- экономикалық және технологиялық тәуелділікті және басқа мемлекеттердiң әсер ету құралдарын жою,
- теміржол саласының ғылыми-техникалық проблемаларын шешуге Қазақстанның қолданылып жүрген iргелi және қолданбалы ғылымын (ғылыми-зерттеу институттар, қорғаныс және өндiрiстiң басқа салаларының конструкторлық бюролары) тарту мақсатында.
Инвестициялық бағдарламада ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалау-конструкторлық жұмыстарға 2001-2014 жылдары ішiнде 41,5 млн. АҚШ доллары сомасында инвестициялар көзделген.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
3.4.3.6. Ресурс үнемдеуші технологиялар енгізу
Ағымдық шығындарды қысқартудың және өндiрiстiк-технологиялық процестердiң тиiмдiлiгiн арттырудың маңызды көзi өте тиiмдi ресурс үнемдеу технологиялары мен техникалық құралдарды енгізу болып табылады.
Ресурс үнемдеу технологиялары мен диагностикалаудың, бақылаудың және есепке алудың қазiргi заманғы құралдарын енгізудiң экономикалық тиiмдiлiгi өте жоғары: бұл мақсаттарға бағытталған қаржылар өзiн-өзi орташа алғанда 2-3 жылда ақтайды.
Теміржол саласының шаруашылықтарында ресурс үнемдеу технологияларын енгізуге барлығы 2001-2014 жылдар iшiнде 15,0 млн. АҚШ долларын инвестициялау жоспарланып отыр.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
3.4.4. Бағдарламаның негiзгi қорытындылары
Осы Инвестициялық бағдарламаны шартты түрде екi кезеңге бөлуге болады. Бiрiншi кезеңде (2001-2005 жылдар) негiзiнен теміржол саласын қайта құрылымдау аяқталуы тиiс, оның өзiнде сала ұйымдастырудың ғана жаңа жай-күйіне емес, техникалық жағдайының да жай-күй жаңаруы тиiс. Екiншi кезеңде (2006-2014 жылдар) республика теміржол көлiгінің материалдық-өндiрiстiк базасы мен ұйымдастыру құрылымын теміржол көлiгін дамытудың дүниежүзiлiк үрдiсiне сәйкес одан әрi дамыту көзделiп отыр.
3.4.4.1. Техникалық даму
2001-2005 жылдар
Таяу арадағы Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырудың қорытындысы жаңа технологиялар мен техника шығу жолымен саланың техникалық деңгейiн көтеру болу керек.
Ақсу - Конечная және Дөң - Краснооктябрь кенiшi жаңа желiлерiн пайдалануға қосқаннан кейiн қазақстандық темір жолдардың желісі тұйықталады. Трансконтинентальдық теміржол магистральдарының қазақстандық телiмдерi нығайтылады және болжанып отырған жүк ағындарын, соның iшiнде транзиттiк жүк ағындарын өткізуге дайындалады.
2006 жылдың басына қарай саланы ақпараттандыру негiзiнен аяқталады. Телекоммуникацияның қазiргі заманғы желісі негiзгi қызмет ету саласында (жолаушылар мен жүк тасымалы, инфрақұрылым, маркетинг, қаржы, экономика) жаңа ақпараттық басқару жүйелерiнiң анық және толассыз қызмет етуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Тасымалдау процесi тасымалдарды бiрыңғай басқару орталығынан басқарылады. Сала объектiлерiнiң жай-күйi туралы ақпарат жинаудан және тапсырудан, оны басқару шешiмдерiн әзiрлеу үшiн өңдеуден, басқарушылық бұйрықтар ретiнде жаңа ақпараттар беруден және оны атқарушыларға жеткізуден тұратын басқару процесi толығымен автоматтандырылады. Бұл бухгалтерлiк, статистикалық есептi және оперативтiк-техникалық ақпаратты барынша дәл болуына мүмкiндiк туғызады. Басқа сөзбен айтатын болсақ саланы басқару қазiргi заманғы техникалық деңгейде жүзеге асырылады.
2001-2005 жылдар iшiнде теміржол саласының меншiктi жөндеу базасы құрылады, ол локомотивтер мен вагондарды күрделi жөндеудiң (қалпына келтiру және жетiлдiрудi қоса алғанда) ең қиын түрлерiн жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Бұл мақсаттар үшiн жұмыс iстеп тұрған локомотивтердi жөндеу жөніндегі (Шу, Атбасар, Қазалы) зауыттарды қайта құру аяқталады және вагон жөндеу зауыты салынады.
Жылжымалы құрам мен инфрақұрылым құрылғыларының техникалық жай-күйін жоғары дәлдiкпен анықтауға мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы диагностикалық және метрологиялық құралдардың болуы, жоспарлы-алдын-алу жөндеу жүйесiнен жай-күйi бойынша жөндеу жүйесiне көшудi толығымен аяқтауға мүмкiндiк бередi. Мұндай өту локомотивтер мен вагондардың дайындық коэффициентiн арттырып қана қоймайды, пайдалану паркiнде жылжымалы құрамды қосымша күтiп-ұстау қажеттілігiн жоюға мүмкiндiк бередi.
Қазақстан темір жолдары техникалық дамуының көрнекi көрсеткiшi 2005 жылдың аяғына қарай жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылады. Алматы - Астана желісінде жолда жүру мерзiмi қысқартылып, еуропалық стандарттағы жайлы жолаушылар поездары пайдалануға енгiзiледi.
Жолаушыларға қызмет көрсету деңгейiнiң көтерiлуi қазiргi заманғы импорттық вагондарды сатып алумен ғана емес, қолданылып жүрген жолаушылар вагондарын жайлылығын талап етуге деңгейіне жеткiзiп күрделi-қалпына келтiру жөндеудi игеру есебiнен де қамтамасыз етiледi.
2006-2014 жылдар
Екiншi кезеңде "бұзып өту" техникалық жарақтандыру стратегиясы одан әрi дамиды. Жылжымалы құрам паркiн техникалық-экономикалық өлшемдерi жоғары (сенiмдiлiк деңгейi жоғары, отын мен электроэнергияны үнемдi шығындау, жүккөтергiштілігi арттырылған) жаңа ұрпақ локомотивтермен және вагондармен жинақтау теміржол көлiгiнiң тасымалдаушы және қамтамасыз ету қызметiне ресурс үнемдеушiлердi көп енгізуге әсер етедi. Қаралып отырған кезеңде отандық локомотив шығаруды және вагон шығаруды құру мiндеттерiн шешу аяқталады. Шу тепловоз жөндеу зауытының базасында локомотивтердi құрастыру игерiледi, ал Қазақстанның машина жасау зауыттарының бiрiнде жүк вагондарын дайындауды игеру көзделiп отыр.
2006-2014 жылдарда темір жолдардың инфрақұрылымын техникалық дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Темір жол, сигнализация және электрмен қамтамасыз ету барлық негiзгi телiмдерде вагондар мен локомотивтердiң біліктілігiне күшi ауыр поездарды өткізуге дайын болады. Жекелеген бағыттарда салмағы 10 мың тоннадан асатын поездар жүредi.
Пайдалану шығындарын оңтайландыру есебiнен
Инвестициялық бағдарламаның экономикалық тиiмдiлiгi
(млн. АҚШ доллары)
ҚР Үкіметінің 04.08.03 ж. № 781 (бұр. ред. қара); 24.05.04 ж. № 578 қаулыларымен кесте өзгертілді
Жобалар | 2001-2005 жылдар | 2001-2014 жылдар |
Инфрақұрылымды сауықтыру | 45,0 | 315,0 |
Жол техникасын жаңарту | 30,0 | 130,0 |
Ақпараттандыру | 50,0 | 680,0 |
Локомотивтердi жаңарту | 60,0 | 800,0 |
Вагондарды жаңарту | 6,0 | 42,0 |
Ресурс үнемдеушi технологиялар | 20,0 | 100,0 |
Барлығы тиімділік | 211,0 | 2 067,0 |
Инвестициялар | 1233,54 | 3685,14 |
Толықтай алғанда 2014 жылдың аяғына қарай теміржол саласының
белгiленген техникалық жарақтануын толықтай аяқтау және оның техникалық
жарақтануын дүниежүзілiк стандартқа жақындату жоспарланып отыр. Оның
өзiнде болжанып отырған тасымалдардың артуы мен Қазақстан теміржол
көлігінiң материалдық-техникалық базасы арасындағы ара қатысының оңтайлы
болуы қамтамасыз етiледi.
3.4.4.2. Экономикалық тиiмдiлiк
Теміржол көлiгi Инвестициялық бағдарламасының ұлттық экономиканы дамытудағы маңыздылығын қаржылық пайда және салынған капитал тұрғысынан ғана бағаламау керек, оны кең маңызда - елiмiздегi экономикалық және әлеуметтiк жағдай тұрғысынан (экономикалық қауiпсiздiк, импорт алмастыру, экспортты арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың білім деңгейiн және білiктілігiн арттыру, алдыңғы қатарлы технологияларды, know-how және т.б. енгізу, валюта бағамының тұрақтануы) да қарау керек.
Төменде Инвестициялық бағдарламаның толықтай алғанда сала бойынша экономикалық тиiмдiлiгiн бағалау көрсетiлген. Бағдарламаға өзiн-өзi тез ақтайтын тиiмдi (ақпараттандыру, ресурс үнемдеушi технологиялар, локомотивтер мен жол техникасын жаңарту) жобалармен қатар, өзiн-өзi ақтау мерзiмi ұзақ, не болмаса өзiн-өзi ақтамайтын жобалар енгiзiлгендiгiн атап өту керек. Соңғыларға жаңа теміржол желiлерiнiң құрылысы; вагон паркiн жаңарту; қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен және табиғат қорғаумен байланысты жобалар; жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі жобалар; әлеуметтiк маңыздағы жобалар және т.б. сияқты жобалар жатады.
Қазіргі уақытта жол шаруашылығына "Қазақстан темір жолы" РМК пайдалану шығындарының 18% (2001 жылға 122 млн. АҚШ доллары) келедi. Жолды сауықтыруға күрделi салымдардың жеткiзiп беру мерзiмiн қысқарту, вагондар мен локомотивтердiң желi бойынша айналымын тездету есебiнен, тиiсiнше қажет жылжымалы парктi азайту, сондай-ақ жолды ағымдық күтiп-ұстау және жөндеу шығындарын азайту есебiнен бүкiл сала үшiн тиiмдiлiгi бар. Сонымен бiрге бұл iс-шаралар отын, электроэнергия және жылжымалы құрамды жөндеу шығындарын азайтуға қосымша мүмкiндiк бередi. Жалпы нәтиже 2001-2005 жылдардағы күрделi салымдар сомасының 20% немесе 45 млн. АҚШ долларды құрайды және 2014 жылға қарай 315 млн. АҚШ долларына жетедi - 2001-2014 жылдарда.
Еңбек өнiмдiлiгiн арттыру есебiнен жол жұмыстарын кешендi механикаландыру шаруашылықтың ағымдық шығындарын азайтуға мүмкiндiк туғызады. Есептеу 5 жыл iшiнде экономикалық тиiмдiлiк 30 млн. АҚШ долларын, ал 14 жылда - 130 млн. АҚШ долларын құрайтындығын көрсетiп отыр.
Дүниежүзiлiк тәжiрибе көрсетiп отырғандай саланы ақпараттандыру өзiн-өзi бес жыл iшiнде ақтайды. Бұдан әрi жаңа операциялық жоспар алдыңғы қатарлы ақпараттық басқару жүйелерiн қолдану негiзiнде саланың пайдалану шығындарын жылына 70 млн. АҚШ долларына азайтуға мүмкiндiк бередi. Алғашқы 5 жыл iшiнде экономикалық тиiмдiлiк 50 млн. АҚШ долларын, ал 14 жылда 680 млн. АҚШ долларын құрайды.
Жүк және жолаушылар тасымалдары шығындарының 41% локомотив шаруашылығына келедi, ол отынның (бүкiл кәсiпорын шығындарының 96%) және электроэнергияның (77%) ең iрi тұтынушысы болып табылады. 2001 жылы шаруашылық шығындары 279 млн-нан артық АҚШ долларын құрайды, соның ішiнде отынға - 139 млн. АҚШ доллары және электроэнергияға - 25 млн. АҚШ доллары. Локомотив паркiн жаңартудан болатын экономикалық тиiмдiлiктi есептеу 14 жыл iшiнде 800 млн. АҚШ долларын құрайды.
Саланың пайдалану шығындарындағы вагон шаруашылығының жеке салмағы 17% құрайды (2001 жылы 116 млн. АҚШ долларына жуық). Вагон паркiн жаңартудың экономикалық тиiмдiлiгi, жаңа вагонды күтiп-ұстауға және жөндеуге шығындар 15-20% төмендейтiндiгiн алға тартсақ, 5 жыл iшiнде 6 млн. АҚШ долларын, ал 14 жылда - 42 млн. АҚШ долларын құрайды.
Материалдық және отын-энергетикалық ресурстарды үнемдеу есебiнен ресурс үнемдеу технологияларын енгізуден болатын нәтиже 5 жыл iшiнде 20 млн. АҚШ доллары, ал 14 жылда - 100 млн. АҚШ доллары болады.
Осылайша пайдалану шығындарын оңтайландыру арқылы ғана осы Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырудан болатын қаржылық пайданы: 5 жылда - 211 млн. АҚШ доллары, 14 жыл iшiнде - 2,1 млрд. АҚШ доллары деп бағалауға болады. Оның өзiнде күрделi салымдар тиiсiнше 1,2 және 3,6 млрд. АҚШ долларын құрайды. Көрiп отырғанымыздай, 2015 жылға қарай рентабельдiлiк индексi, яғни пайда мен шығынның ара қатынас 2006 жылы қол жеткiзiлетiн индекске қарағанда айтарлықтай артады.
Инвестициялық бағдарламаның тиiмдiлiгiн есептеу оның өзiн-өзi ақтау мерзiмi шамамен алғанда 20 жыл екендiгiн көрсетiп отыр, яғни 2020 жылға қарай 2001-2014 жылдары салынған барлық қаржылар өзiн-өзi ақтайды. Инвестициялық бағдарлама кiрiстілігінің iшкi нормасы толықтай алғанда 8% тең, оның негiзгi бағыттары бойынша:
- жолды сауықтыру - 9%;
- жол техникасын жаңарту - 12%;
- ақпараттандыру - 35%;
- локомотивтердi жаңарту - 13%;
- вагондарды жаңарту - 2%;
- ресурс үнемдеушi технологиялар - 37% құрайды.
Сонымен бiрге есептеуде барлық жобаларды кешендi жүзеге асырудан болатын синергетикалық тиiмдiлiк, сондай-ақ республика экономикасына болатын жанама тиiмдiлiк ескерілмегендігін ескеру керек. Оларды есепке алу ұсынылып отырған Инвестициялық бағдарламаның экономикалық және әлеуметтік тиiмділігiн айтарлықтай арттырады.
Инвестицияларға таза кiрiстiң барлық сомасын бағыттау қажеттілігімен байланысты таза кiрiстiң Республикалық бюджетке аударымдарының нормативтерi есептеулерде нольге тең деп алынады.
3.5. Әлеуметтік бағдарлама
3.5.1. Қызметкерлердi қысқарту қажеттілiгi
Соңғы жылдары теміржол саласында жұмыстар көлемiнiң азаюына байланысты қызметкерлердiң барабарлық санын қысқарту болған жоқ. Штаттарды қысқарту жөніндегі осы шаралардың барлығы "косметикалық" сипатта болды да, кадрлардың артық болу проблемасын шеше алмады. Мұның өзiнде, негiзiнен, артық жұмыс күшiн қысқартуға байланысты жаңа қызметкерлердiң жалдануын шектеу, қамтамасыз етушi қызметтi бәсекелес секторға бөлiп шығару және мәжбүр түрде қысқарту сияқты дәстүрлi тәсiлдерi қолданылды.
Жалпы шығындардағы персоналға арналған шығындардың үлесi 1999 жылы еңбекақының өсуiн iркiлту есебiнен азайтылған болатын, қазiр еңбекақы энергетика, өнеркәсiп және құрылыс салаларындағыдан кем. Шығындарды іркiлтудiң бұл құралы терiс әсер бередi, өйткенi ол бүгiн кәсiпорыннан біліктi мамандардың және болашақта теміржол мамандықтарынан жастардың кетуiне әкелiп соғады. Нәтижесiнде дәстүрлi түрде жоғары еңбекақы төленетiн және әлеуметтiк жағынан қорғалған сала қажеттi кадрлық резервсiз қалуы мүмкiн.
Теміржолды одан әрi қайта құрылымдау Қазақстандағы қоғамның түрлi топтарына тiкелей және жанама түрде әлеуметтiк ықпал көрсетедi. Қайта құрылымдаудың әлеуметтiк зардаптарын жұмсартудың тиiмдi механизмiн әзiрлеу және жүзеге асыру қажеттілігi туындайды, ол өтемақы төлеу және жаңа жұмыс орындарын ашу үшiн айтарлықтай қаржылық шығындармен байланысты болады.
Әлеуметтiк қорғау жөнiнде дайындалатын кез келген схемаға теміржол саласының қысқартылатын қызметкерлерiнiң бүгiнгi күнгi кiрiс деңгейiн сақталып қалуына қандай да болмасын кепiлдiкпен қамтамасыз етуi кiруi тиiс. Сондықтан "Қазақстан темір жолы" РМК масштабтарын ескере отырып, терiс әсердi уақыт iшiнде бiршама шашырату мақсатында саланы реформалауды бiртiндеп жүргiзу қажет.
3.5.2. Қызметкерлердi қысқартудың схемалары
Қызметкерлердiң қысқартылуы мына қағидаттарға сәйкес жүргiзiлуi тиiс:
- барлық бос орындарды қысқарту;
- барлық демалыс төлемдерiн төлеу арқылы зейнеткерлiк жастағы барлық қызметкерлердi қысқарту (667 адам);
- қызметкерлердi универсалдандыру және қайта мамандандыру;
- кооперативке ауысу мүмкiндiгi;
- өз еркiмен және мәжбүр түрде қысқарту;
Өз еркiмен қысқартылған кезде алты айлық еңбекақы мөлшерiнде демалыс жәрдемақысының төленуi көзделедi, бұл қазiргi күнi орташа айлық еңбекақы 12134 теңге болып тұрғанда 1 қызметкерге 500-ге жуық АҚШ долларын құрайды. Бұл сома "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" заңда көзделген қысқарту жөніндегі өтемақыдан айтарлықтай асып түседi. Орташа еңбекақыға әрбiр асыраудағы жанның санына коэффициент қолдану арқылы асыраудағы жанның (жасы кәмелетке толмаған балалардың) санына қарай демалыс жәрдемақысын саралап жiктеу арқылы төлеу варианты қолданылуы мүмкiн. Қысқартылатын қызметкерлердiң және олардың жасы кәмелетке толмаған балаларының саны "Қазақстан темір жолы" РМК құрылымдық бөлiмшелерi бойынша төменде келтiрiлген.
Сонымен, барлық қысқартылатын қызметкерлер ерiктi түрде жұмыстан шығуға келісім беретiн болса өтемақылық төлемдер сомасы 8 млн-ға жуық АҚШ долларын құрамақ. Қайта құрылымдаудың бiрiншi кезеңiн жүзеге асырудың 2-жылдық кестесiне сәйкес төлемдер орташа алғанда 4,3 млн-ға жуық АҚШ долларын құрайды. Жұмыстан ерiктi шығудың тартымдылығына қол жеткізу үшiн бұл жағдайлар мұнан кейiнгiлерге қолданылмайтындығы туралы мiндеттi түрде жариялау арқылы бiрiншi болып ерiк бiлдiргендерге қосымша жеңiлдiк жағдайларының көрсетiлуi мүмкiн болады.
Жұмыс орындарының ел аумағында орналасу ерекшелiгiне байланысты теміржол саласын қайта құрылымдаудың жалпы алғанда қоғамға ықпалы айтарлықтай болады. Темір жол негiзгi қала құрастырушы элемент болып табылатын шағын станциялар мен айырылыспалардың қызметкерлерi, сондай-ақ экономикасы депрессивтi аудандарда орналасқан кәсiпорындардың қызметкерлерi әлеуметтiк тұрғыдан әсiресе осал болып келедi де, қосымша адрестiк көмектi қажет етедi.
Мынадай сауықтыру шаралары қолданылуы мүмкiн:
Экономикасы депрессивтi аудандарда тұратын жұмыстан босаған қызметкерлерге адрестік әлеуметтік көмек көрсету. Депрессивтi аудандардың картасы негiзiнен елiмiздiң батыс, оңтүстiк және шығыс аймақтарын қамтиды, бұл аймақтарда "Қазақстан темір жолы" РМК-ның 4 мыңнан астам қызметкерлерi тұрады әрi жұмыс істейдi. Аталған аудандар жұмыссыздықтың (кей жерлерде 40 пайызға дейiн), кедейшiлiктiң жоғары деңгейiмен, экология проблемаларымен және ауызсу тапшылығымен сипатталады.
Шағын бизнестi дамыту және импортты алмастыру. Қазiргi уақытта "Қазақстан темір жолы" РМК-да Қазақстан Республикасының 2000-2001 жылдарға арналған Теміржол көлiгiнде шағын кәсiпкерлікті дамыту және қолдау бағдарламасы дайындалған, бағдарламаның iс-шаралары Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 31 желтоқсандағы № 4189 Жарлығымен бекітілген 1999-2000 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында шағын кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Дайындалған бағдарламаның жүзеге асырылуы нәтижесiнде 2001 жылдың соңына қарай шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 100 кәсiпорынға дейiн жетуi, ал жаңа жұмыс орындарын құру теміржол көлiгіндегі шағын бизнес саласында жұмыс істейтiндердiң санын ұлғайтуға мүмкiндiк беруi тиiс.
Жаңа жұмыс орындарын құру механизмдерiнiң бiрi артық қуаттылықтар базасында кооперативтер құру болып табылады. Қызметкерлерiнiң жалпы саны 20 984 адам болатын қамтамасыз етушi кәсiпорындарды бөлiп шығарғанда адамдардың бiр бөлiгi (10 984 адам) өз кәсiпорнымен шығарылады, ал бiр бөлiгi (10 000 адам) "Қазақстан темір жолы" РМК тарапынан кепiлдi тапсырыспен қамтамасыз етiлетiн кооперативтерге бiрiктiрiледi. Бұл жол жұмысқа орналастырудың белгiлi бiр кепiлiнiң болуын көздейдi, өйткенi қызметкердiң өзi құтылуы оңай жалданбалы қызметкер емес, бiр мезгiлде кәсiпорынның әрi қызметкерi, әрi қоса иеленушiсi болып табылады. "Қазақстан темір жолы" РМК-да кооперативтер құру жөнiнде оң тәжiрибе бар. Кепiлді көлем азайған сайын бұл учаскелердi қолда бар жабдықтарды ескере отырып, импортты алмастыратын өнiмдi шығаруға бейiндеу жоспарлануда.
Теміржол саласы мүлкiнiң негiзiнде құрылған өндiрiстiк кооперативтер мен шаруашылық серiктестерiнде өнiмдер мен қызметтердiң мына түрлерiн шығару көзделiп отыр:
- жол машиналары қос дөңгелектерiн зауыттық жөндеу (Алматы);
- стандарттық бұйымдар мен метиздер;
- жүк вагондары үшiн тежегiш табантiректер (Арыс);
- жұмыссыз бос тұрған вагондарды жөндеу (Арыс, Құсмұрын, Балқаш) және т.б.;
- электр машиналарына арналған графиттi щеткалар;
- локомотивтерге арналған сiлтiлі батареяларды қалпына келтiру және жаңадан шығару (Астана);
- кластық және арнаулы вагондарды күрделi жөндеу (Екiбастұз);
- хоппер-дозаторлар мен платформаларды күрделi жөндеу (Орал);
- қар тазалағыш техниканы жөндеу, жетілдiру және жинау (Орал);
- ауыр жол техникасын жөндеу және жетілдiру (Алматы);
- дрезиналар жинауды ұйымдастыру (Ерейментау).
Өз бетiмен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу. Кейбір босатылатын қызметкерлер мүмкiн сауда, қызмет көрсету немесе тағам өнiмдерiн шығару саласында жеке бизнесiн ұйымдастыруға тілек бiлдiрер. Бұл мақсатқа оларға консультациялар, оқыту шағын кредиттер беру түрiнде қолдау қажет болады.
Еңбек ресурстарының ішкi қайта бөлiнуiне байланысты қызметкерлердiң жұмыс күшi артық аудандардан жұмыс күшi жетiспейтiн аудандарға қоныс аударуы. Осылайша, қызметкердiң жаңа жұмыс орнына қоныс аудару қажеттілігi немесе вахталық әдiспен жұмыс iстеу қажеттілігi туады. Мысалы, Алматы локомотив депосында 45 жөндеушi жетiспейдi, ал Жамбыл локомотив депосында 35 жөндеушi артық болып отыр.
Қызметкердiң тiлегi бойынша жаңа нарықтық мамандықтарға қайта оқыту. Босатылған қызметкерлердiң басқа кәсiпорындарға жұмысқа орналастырылуына жәрдемдесу.
3.5.3. Әлеуметтiк бағдарламаларды қаржыландыру көздерi
Әлеуметтiк зардаптарды жұмсарту жөніндегі қаржыландыру көзi ретiнде, "Қазақстан темір жолы" РМК-ның өз қаржысынан басқа, халықаралық қаржы институттарынан, отандық банктерден, құнды қағаздарды орналастырудан алынатын қаржыны қолдану көзделiп отыр.
3.6. "Қазақстан темір жолы" РМК-ның 2001 жылдан 2005 жылға дейiнгi
кезеңдегi қаржы-экономикалық қызметiнiң болжамы
Бұл тарауда теміржол саласының қызметiнiң болжанып отырған нәтижелерi көрсетiлген.
Саланың болжамын жасағанда Экономика және сауда министрлігі әзiрлеген экономиканың таяу арадағы 5 жыл iшіндегі даму параметрлерi, отандық және шетелдiк институттардың болжамдары қолданылды.
3.6.1. 2001 жылдың қаржы-экономикалық нәтижелерi
Тасымал көлемiнiң болжамына сәйкес жүк айналымы 134 153 млн. т-км деңгейiнде күтiлуде, оның iшiнде iшкi тасымалдар - 60 285,7 млн. т-км, экспорттық тасымалдар 57 696,9 млн. т-км, импорттық тасымалдар - 7 185,5 млн. т-км және транзит - 8 985 2 млн. т-км. Жолаушылар айналымы 10 674 млн. жолаушы-км деңгейiнде күтіліп отыр.
Тасымалдардың жоспарланған көлемiн алға тартсақ "Қазақстан темір жолы" РМК-ның кiрiстерi 140 190 млн. теңге деңгейiнде, оның iшiнде жүк
1 тасымалдары бойынша - 127 132 млн. теңге , жолаушылар тасымалдары бойынша - 13 058 млн. теңге. 2001 жылы кiрiстердiң күтіліп отырған деңгейi 2000 жылғы осыған ұқсас көрсеткiштерден 19% артық, ол 2000 және 2001 жылдары жүргiзiлген жүк тасымалдары тарифтерiнiң өсуiмен байланысты. Операциялық шығындардың жалпы көлемi (сатылған өнiмнiң өзiндiк құны) 1 17 587 млн. теңге деңгейiнде күтіліп отыр, ол 2000 жылдың көрсеткiшiнен 30%-ға жоғары. Операциялық шығындардың күтіліп отырған артуы жолды, локомотив және вагон паркiн күрделi жөндеуге залалдардың артуымен, отын-энергетикалық ресурстар мен тауар-материалдық құндылықтарға бағалардың өсуiмен байланысты.
2001 жылдың iшiнде кәсiпорын 28 816 млн. теңге сомаға күрделi салымдар жасауды жоспарлап отыр.
"Қазақстан темір жолы" РМК 2001 жылдың iшiнде халықаралық еурооблигациялар шығарудың есебiнен 150 млн. АҚШ долларын және iшкi заем облигацияларын шығарудан 30 млн. АҚШ долларын алуды жоспарлап отырғанын атап өту керек. Сондай-ақ кәсiпорын жол техникасын сатып алуға арналған 6 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі Еуропалық қайта құру және даму банкінің, "Қазақстан Республикасы теміржол көлiгiнiң қуаттылықтарын дамыту" жобасы бойынша 1 667,8 млн. жапон йенi мөлшеріндегі Жапон халықаралық ынтымақтасу банкінің (JBIС) кредиттiк қаржысын, Patentes ТаLgо S.А. фирмасының екi жүрдек құрамын сатып алуға арналған 4,9 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі Испан Үкіметінiң жұмсақ заемын игерудi жүзеге асырады.
Қаржылық нәтиже 19 038 млн. теңге деңгейiнде күтіліп отыр. Таза кiрiс аударымының нормативi есептеулерде нөлге тең деп қабылданған.
2001 жыл iшiнде жергiлiктi бюджеттерге және мемлекеттік бюджетке жалпы аударымдар 15 128 млн. теңгеге жуық болады, оның iшiнде заңды тұлғалардан алынатын кiрiс салығы - 8 908 млн. теңге.
___________________________
1
Есептеу 2001 жылғы 1 тамызға қарағандағы жағдай бойынша iшкi және тарифтер экспорттық-импорттық қатынастардағы жүк тасымалдарына қолданылатын тарифтер негiзiнде жасалған.
3.6.2. 2002 жылдың қаржы-экономикалық нәтижелерi
Қайта құрылымдау бағдарламасына сәйкес 2002 жылдың iшiнде "Қазақстан темір жолы" ЖАҚ (кәсiпорынды акционерлендiру жылдың ортасына дейiн жүргiзiледi) "Жылжымалы құрам" ЖАҚ, "Теміржолмашинажөндеу" ЖАҚ, "Локомотивжөндеу" ЖАҚ, "Вагонжөндеу" ЖАҚ, "Теміржолсужылужабдықтау" ЖАҚ акцияларының мемлекеттік пакеттерiн уәкiлеттi мемлекеттік органдарына тапсыруды жүзеге асырады, сондай-ақ бiрқатар бөлiмшелердi бәсекелес секторға шығаруды аяқтайды.
"Жолаушылар тасымалы" ЕМК 01.01.02-де мемлекеттік акциялар пакетi "Қазақстан темір жолы" РМК-ның оперативтiк басқаруына тапсырылып жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылады.
01.01.02-ден 01.01.03-ке дейiнгi кезеңде жолаушылар тасымалдарына жәрдем қаражаттар бөлу "Жолаушылар тасымалы" ЖАҚ-қа "Қазақстан темір жолы" ЖАҚ-тың (тартым күш қызметi және инфрақұрылымға қол жеткізу) қызметiн пайдаланғаны үшiн арзандатылған тариф қолдану арқылы жүзеге асырылады. "Қазақстан темір жолы" ЖАҚ холдингтiк құрылым болады, оған "Локомотив" ЖАҚ пен "Инфрақұрылым" ЖАҚ кiредi.
Жолаушылар тасымалдарының бөлiнуiне байланысты "Қазақстан темір жолы" ЖАҚ Алматы вагон жөндеу зауытын салуға арналған ОЕСҒ қорының (JBIС - Japan Bank for International Cooperation) Жапон заемының, герман АКА банкi кредитiнiң (жолаушылар вагондарын сатып) және IСО кредитiнiң (Алматы Астана желісінде жолаушылар поездарының жол жүру уақытын 12-14 сағатқа дейiн қысқарту жобасы) бiр бөлiгiмен байланысты мiндеттемелердi "Жолаушылар тасымалы" ЖАҚ-қа тапсыратын болады.