Алматы - Астана телiмiн нығайту
Аталған жобаның негiзгi мақсаттары: аталған телiмде жолаушылар поезының жол жүру уақытын 12-14 сағатқа дейiн қысқарту, жолды жоспарланып отырған жүк ағындарын өткізуге дайындау мақсатында Алматы - Астана темір жолының өткізу және алып жүру қабiлеттілігiн арттыру болып табылады. Телiмнiң ұзындығы 1331 км құрайды. Астана Отар - Ұзынағаш телiмi электрлендiрілдi, Ұзынағаш - Алматы-2 телiмi ағымдағы жылы электрлендiрiлетiн болады.
Жобаны жүзеге асырудың теміржол көлiгi шығындарын оңтайландырудың және жүк тасымалдары көлемiн арттырғанда кiрiстердi арттырудың есебінен экономикалық нәтижесi, сондай-ақ екi астана арасындағы көлiк байланысын нығайту, қосымша жолаушылар айналымын тарту арқылы әлеуметтiк нәтижесi болады.
Алматы - Астана телiмiн нығайту жолды жаңа материалдар пайдалану арқылы күрделi жөндеу жүргiзудi әрi электрмен жабдықтау және сигнализация мен байланыс құрылғыларын жетiлдiрудi талап етедi. 2004 жылға дейiн жолдың аталған телiмiн сауықтыруға жоспарланған күрделi салымның көлемi 61,2 млн. АҚШ долларын, электрмен жабдықтау құрылғыларын жетiлдiруге - 6,1 млн. АҚШ долларын, сигнализация және байланыс құрылғыларын жетiлдiруге - 0,9 млн. АҚШ долларын құрайды.
Алматы - Астана телiмiнде 140 км/сағ-қа дейiнгi жылдамдықпен жолаушылар поезының қозғалысын ұйымдастыру үшiн Talgo испан фирмасының жолаушылар вагондары, қазiргi заманғы жоғары жылдамдықты электровоздар сатып алынады, 38,7 млн. АҚШ доллары сомасына жаңа вагондарға техникалық қызмет көрсету қосыны және т.б. салынды.
Аталған жобаны қаржыландырудың көзi - меншiктi қаржылар да, сондай-ақ заем қаржылары да бола алады.
Ақтоғай - Дружба телiмiн және Дружба станциясын дамыту
Ақтоғай - Дружба телiмiн және Дружба станциясын дамыту үшiн Қазақстан Республикасы теміржол көлігінiң қуаттылықтарын дамыту жобасы әзiрленген болатын. Оның 75% KAZ-Р1 заемы есебiнен (ОЕСҒ, Япония) және 25% қазақстандық тараптың ("Қазақстан темір жолы" РМК ) бiрлесiп қаржыландыруы есебiнен жүзеге асырылды. Жобаның негiзгi мақсаты Ақтоғай - Дружба желісінiң өткізу қабiлеттілігiн жылына 3,6 млн. тоннадан 6,6 млн. тоннаға дейiн арттыру болып табылады. Сонымен бiрге жолаушылар вагондарын жөндеу үшiн Алматы вагон жөндеу зауытын қайта құру көзделiп отыр, ол 2001 жылы аяқталады. Одан әрi өткізу қабiлеттілігiн жылына 10 млн. тоннаға арттыру көзделiп отыр, оған 2001-2005 жылдарда 54,1 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестициялар қажет болады.
Жобаның рентабельдiлiгiнiң iшкi нормасы 13,6% болып экономикалық өмiршең деп танылып отыр және 2014 жылға қарай өзiн-өзi ақтайды.
Дружба станциясын дамыту пайдаланып жүрген қуаттылықтарды қайта құруды және кеңейтудi, сондай-ақ әлеуметтiк және табиғатты қорғауға бағытталған объектiлердiң құрылысын көздейдi. Бұл мақсаттарға арналған негiзгi инвестициялар "Қазақстан темір жолы" РМК-ның меншiктi қаржысынан жүзеге асырылады.
Басқа телiмдердi нығайту
Таяу жылдары нығайтуды қажет ететiн басымды телiмдерге Астана Көкшетау, Ақтоғай - Саяқ - Мойынты, Бейнеу - Маңғыстау телiмдерi жатады. 2001 жылғы инвестициялық бюджетке енгiзiлген Астана - Көкшетау телiмiн күрделi жөндеудiң құны 3,9 млн. АҚШ долларын құрайды.
Ақтоғай - Саяқ - Мойынты желісін сауықтырудың құны 45 млн. АҚШ долларын, ал Бейнеу - Маңғыстау желісін сауықтырудың құны 40 млн. АҚШ долларын құрайды.
Кейiнгi жылдары "Қазақстан темір жолы" РМК-ның инвестициялары республика темір жолдарының басқа да телiмдерiн нығайтуға бағытталатын болады. Барлығы 2014 жылға дейiн ұзындығы 3000 км-ге жуық болатын жолды жаңа материалдар қолданып сауықтыру жобаланып отыр. Бұл мақсаттарға инвестициялардың жалпы сомасы 505,0 млн-ға жуық АҚШ долларын құрайды. Жолды нығайтуға салынған күрделi салымдар оны ағымдық күтiп-ұстауға және жөндеуге шығындарды үнемдеу, отын-энергетикалық ресурстарға және жылжымалы құрамды жөндеуге шығындарды азайту, поездардың салмағы мен қозғалыс жылдамдықтарын арттыру есебiнен 4-6 жыл iшiнде өзiн-өзi ақтайды. Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
Отар - Алматы-2 телiмiн электрлендiру
Ұзындығы 73 км болатын Ұзынағаш - Алматы-2 телiмiн электрлендiру 1996 жылы басталған Отар - Алматы-2 (165 км) телiмiн электрлендiру жөніндегі жобаның бiр бөлiгi болып табылады. Отар - Ұзынағаш телiміндегi жұмыстар өткен жылы аяқталды. Ағымдағы жылы Ұзынағаш - Алматы-2 телiмiн пайдалануға қосу жоспарланып отыр. 2002 жылы қосу кешенiне енбеген екiншi кезектегi жұмыстарды жүргiзу қажет болады.
Ұзынағаш - Алматы-2 телiмiн электрлендiрудi жалғастырудың шығыстар бюджетi 2002 жылы жүргiзiлетiн жұмыстарды ескергенде 16,3 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаны жүзеге асыру пайдалану шығындарын төмендетуге және қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын азайтуға мүмкiндiк туғызар едi. Жобаның өзiн-өзi ақтау мерзiмi - 10-11 жыл.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
Екiбастұз - Павлодар телiмiн электрлендiру
Инвестициялық бағдарламада Екiбастұз - Павлодар телiмiн 2006 жылға дейiн электрлендiру көзделген. Жобаның құны 55 млн. АҚШ доллары деп, өзiн-өзi ақтауы - 8-9 жыл деп бағаланып отыр.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
3.4.3.2. Жаңа теміржол желiлерiнiң құрылысын салу
Жаңа теміржол желiлерi құрылысын салудың мақсаты Қазақстан темір жол желісінiң тұйық желісін қалыптастыру болып табылады, ол жүктердi мемлекеттiң оңтайлы ең қысқа маршруттарымен шекаралас елдердiң теміржол телiмдерiн пайдаланбай тасымалдауға мүмкiндiк бередi.
Жаңа теміржол желiлерi құрылысының экономикалық әсерi, әдетiнше теміржол көлiгi кәсiпорындарында (бұл жерде желi бойынша жүк айналымы жүктердiң қысқа бағыттарға қайта бөлiнуi есебiнен төмендеуi мүмкiн) көрiнбейдi, ол көлiк қызметiн (тасымалдарды) тұтынушыларға сезiледi. Мұндай құрылыстың жалпы республикалық маңызы бар және ұлттық экономиканың ауданаралық көлiк байланыстарын рационализациялау, жаңа көлiктiк маршруттар мен бағыттар құру, жергiлiктi жердiң маңайындағы аудандарына көлiктiк қызмет көрсетудi жақсарту және осының негiзiнде өнеркәсiптiк кәсiпорындардың көлiк шығындарын төмендету сияқты мiндеттерiн шешудi қамтамасыз етедi. Сондықтан оларды (соның ішiнде Алтынсарин-Хромтау кенiшi желісі) мүдделi ұйымдар мен кәсiпорындарды тарту арқылы республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден қаржыландыру орынды болады.
Ақсу - Конечная желісі құрылысының аяқталуы
Жаңа темір жол солтүстiк, батыс және орталық аймақтардың Шығыс Қазақстан және iшiнара Алматы облыстармен қатынастарындағы жүк тасымалдарын өз мойнына алады. Осы жол құрылысы жүк вагондарының жол жүруiн шамамен 1000-1500 км-ге қысқартуды қамтамасыз етедi. Жаңа желi құрылысының барысында жүк ағындарын өткізудi қамтамасыз ету үшiн жолды оңалту мен электрмен жабдықтау, сигнализация және байланыс құрылғыларын жетілдiру жолымен ұзындығы 138 км болатын қолданылып жүрген Жаңасемей-Конечная темір жол учаскесiн нығайту керек.
Жаңа желiнiң пайдалану ұзындығы 184 км құрайды. Жүзеге асырылған күрделi салымдар мен Жаңасемей-Конечная телiмiн нығайтудың құны ескерiлген жобаның жалпы құны 48 млн. астам АҚШ долларын, соның iшiнде Жаңасемей-Конечная телiмiн жетiлдiру - 8,6 млн. АҚШ долларын құрайды. Ақсу-Конечная желісін пайдалануға қосу мерзiмi 2001 жыл. Тасымалдардың болжамданып отырған көлемi жылына 9-10 млн. тонна жүк. Жобаның өзiн-өзi ақтау мерзiмi - 8-9 жыл.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
Алтынсарин-Хромтау кенiшi жаңа желiнiң құрылысы
Желiнiң құрылысын салғанда жүктердi тасымалдаудың ара қашықтығы Дружба станциясынан Озинки станциясына дейiн (Қазақстанның солтүстiк-батысында) 500 км-ге, ал Астанадан Ақтау кемежайына дейiн 2400 км-ге қысқарады.
Пайдалану ұзындығы 409 км құрайды. Жобаның құны болжаммен 196 млн. АҚШ доллары деп бағаланып отыр. Құрылыс мерзiмi - 3 жыл.
Жаңа желi бойынша жүк тасымалдарының болжанып отырған жүктiң көлемi жылына 10-12 млн. тонна.
Аталған жобаны қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң, кредиттер мен "Қазақстан темір жолы" РМК-ның өз қаржылары (27,5 млн. АҚШ долл.) есебiнен жүзеге асырылады деп болжамданып отыр. Егер "Қазақстан темір жолы" РМК-ның (ЖАҚ-тың) таза кiрiсi 2002-2003 жылдары осы Жоспарда көрсетiлген сомадан артық болса, жоспардан тыс таза кiрiс жаңа теміржол желісінiң құрылысына бағытталады. Тиiсiнше мемлекеттік бюджет қаржысынан қаржыландыру көлемi азайтылады.
Басқа темір жолдардың құрылысы бойынша жасалған жобалар (Шар-Өскемен, Қызылорда - Жезқазған және басқа) Инвестициялық бағдарламаға енгiзiлмеген. Оларды жүзеге асыру облыстық әкiмшiлiктердiң, мүдделi кәсiпорындар мен ұйымдардың жекеменшiк капиталды тарту есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн.
3.4.3.3. Автоматтандырылған басқару жүйелерiн жетілдiру және
телекоммуникациялық желiнi дамыту
Ақпараттандырудың бүгiнгi қолданылып жүрген деңгейi тасымалдау процесiн, инфрақұрылымды теміржол көлiгiнiң экономикасы мен қаржыларын басқаруға байланысты жаңа ақпараттық технологиялар енгізуге мүмкiндiк бермейдi.
Ақпараттандыру жөніндегі бағдарлама теміржол көлiгi қызметiнiң барлық салаларын (тасымалдар, маркетинг, экономика, қаржы, персонал) басқарудың жаңа ақпараттық жүйелерiн әзiрлеу мен енгізуден және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудан тұрады. Бағдарламаның негiзгi бөлiгi 2000-2005 жылдар ішiнде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бағдарламаның құны 5 жыл iшінде 84,4 млн. АҚШ долларына жуық болады. 2000 жылы 4,7 млн. АҚШ доллары инвестиция салынды. Пайдалану шығындарын қысқарту және тасымалдар көлемiнiң өсуi есебiнен бағдарламаның өзiн-өзi ақтау мерзiмi 5 жыл болады.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдар болып табылады.
Тасымалдау процесiн басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйесiн құру және есептеу кешендерiн бiр есептеу орталығына бiрiктiру
Тасымалдау процесiн басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйесi клиенттердiң жүк тасымалына тапсырыстарын келiсуден бастап нормалау оперативтiк жоспарлау, реттеу, орындалған жұмысты есепке алу және талдау енетiн тасымалдау процесiнiң барлық кезеңiн ұйымдастырудың барлық ақпараттық технологияларын бiрiктiретiн бiрыңғай жүйе болады. Оны құруды 2005 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыс істеп жатқан үш аймақтық орталықтарды бiр бас есептеу орталығына бiрiктiру енетiн жобаның құны 21,7 млн-ға жуық АҚШ долларын құрайды. БЕО қазiргi заманғы аппараттық және жүйелiк құралдардың базасындағы бағдарламалық-техникалық кешеннен тұрады. Аталған жоба шеңберiнде тасымалдау процесiнiң, жылжымалы құрамның, инфрақұрылымның қазiргi заманғы базалары мен қоймалары енетiн жаңа ақпараттық орта құрылады.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
Автоматтандырылған диспетчерлiк басқару орталығын құру
"Қазақстан темір жолы" РМК тасымалдау үдерiсiн орталықтандырып басқару - басқарудың автоматтандырылған диспетчерлiк орталығын (АДБО) құрғанда ғана мүмкiн болады. Бiрiншi кезеңде барлық тасымалдау бөлiмшелерi диспетчерлiк орталықтандырумен жарақталады, екiншi кезеңде олар бiрыңғай диспетчерлiк басқару орталығына бiрiктiрiледi, үшiншi кезеңде толығымен автоматтандырылады. АДБО құру поездар қозғалысын тасымалдарды басқарудың бiрыңғай орталығынан станциялар бойынша кезекшiлердiң қатысуынсыз басқаруды, поездардың желiнiң телiмдерi бойынша өтуiн тездетуге, пайдалану штаты қызметкерлерiнiң санын қысқартуға мүмкiндiк бередi. АДБО құру жөніндегі жобаның құны 9,7 млн. АҚШ долларын құрайды. Жүзеге асыру мерзiмi - 2001-2005 жылдар. Жобаның өзiн-өзi ақтау мерзiмi - 4 жыл.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдары болып табылады.
Қазiргі заманғы жинақталған телекоммуникациялық желi құру
Бұл бағытта бiрiншi кезеңде қолданылып жүрген байланыс арналарын жаңа цифрлық арналарға ауыстыру енетiн мәлiметтер тапсырудың жинақталған спутниктiк желісі құрылады. Бұдан әрi, 2001-2002 жылдары 114 теміржол станциясын спутниктiк желiге қосу көзделiп отыр. Барлық теміржол тораптарында спутниктiк жабдықтармен жинақталған төңiректiк-есептеу желiлерi орналастырылады. Жинақталған спутниктiк желiнi құру құны шамамен алғанда 7 млн. АҚШ долларын құрайды.
Одан кейiнгi қадам 2005 жылға дейiн Қазақстан темір жолының барлық желісінде талшықты-оптикалық арналардың құрылысын көздейтiн цифрлық байланыс желісін құру болып табылады. 2000 жылы Арыс - Түркiстан - Шиелi телiмiнде талшықты-оптикалық байланыс желісінiң (ТОБС) құрылысы басталды, ол бүгiнгi күнi "Қазақстан темір жолы" РМК (1,8 млн. АҚШ доллары игерiлген) телекоммуникациясы жүйесіндегі ең "осал" жер болып табылады. Жолдың барлық желісі бойынша ТОБС құрылысының құны 87 млн-нан астам АҚШ долларын құрайды. Осылайша, Қазақстан темір жолдарының қазiргi заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымын құру жөніндегі жобаның құны 94 млн. АҚШ долларына тең.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдары болып табылады.
Жаңа ақпараттық технологиялар енгізу
2000 жылы маркетингтi, экономиканы, қаржы мен персоналды басқарудың жаңа әдiстерiн жүзеге асыру үшiн ақпараттық технологияларды әзiрлеу және енгізу жөніндегі жұмыстар жалғастырылды. Бұған автоматтандырылған бухгалтерлiк есеп жүйесiн, электрондық құжат айналымын, SАР R/3 жүйесiн әзiрлеу мен енгізудi жатқызу керек. Бұл жобалардың құны 6 млн. АҚШ долларын құрайды.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдары болып табылады.
3.4.3.4. Зауыттық жөндеудiң, локомотив және вагон шығарудың отандық
базасын құру, жылжымалы құрам паркiн жаңарту
Жылжымалы құрамды Ресей мен Украина кәсiпорындарында жүргiзiлетiн күрделi жөндеу құнының жоғары болуына, сапа кепiлдiгiнiң және талап етiлетiн ақшалай қаржының болмауынан 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасында локомотив деполарының негiзiнде локомотивтердің күрделi жөндеуiн жүргiзу жөніндегі зауыттар құрылды. Сонымен бірге күрделi жөндеудiң ауыр түрлерiн жүргiзу және локомотивтердi жетiлдiру, қажеттi қосалқы бөлшектерiн шығару үшiн Шудағы, Атбасардағы, Қазалы мен Құсмұрындағы зауыттарды қайта құру қажет. Аталған кәсiпорындарда 2001-2005 жылдары жылжымалы құрамды күрделi жөндеудiң жаңа технологияларын енгізу, сондай-ақ қолданылып жүрген жабдықтарды жаңарту жоспарланып отыр. Шу станциясындағы тепловоз жөндеу зауытының негізiнде 2005 жылға қарай импорттық жинақтаушылар мен тораптарды және жергілiктi шикiзат пен материалдарды пайдаланып қазiргi заманғы магистральдық тепловоздарды жинауды ұйымдастыру көзделуде.
Болжамданып отырған инвестициялардың жалпы сомасы 2001-2005 жылдары локомотивтер жөндеу жөніндегі зауыттарды дамытуға 38,6 млн. АҚШ долларын құрайды, соның iшiнде: магистральдық тепловоздарды жөндеу жөніндегі зауыт (Шу станциясы) - 18,0 млн. АҚШ доллары, электровоздарды жөндеу жөніндегі зауыт (Атбасар станциясы) - 4,9 млн. АҚШ доллары, маневрлiк тепловоздарды жөндеу жөніндегі зауыттар (Қазалы және Құсмұрын станциясы) - 15,7 млн. АҚШ доллары.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдары болып табылады.
Локомотив паркiн жаңарту
Қазiргi уақытта "Қазақстан темір жолы" РМК-ның техникалық ресурсы бiтпеген шамадан тыс локомотив паркi бар. Техникалық сараптаманың қорытындысы бойынша локомотивтердiң жартысынан көбiнiң қызмет ету мерзiмi 8-10 жылға ұзартылған, яғни қолданылып жүрген парктiң көп бөлiгi жоспарланып отырған 2014 жылға дейiнгi кезеңде пайдаланылады. Сонымен бiрге локомотив паркiн жаңарту қажет, оны халықаралық тәжiрибенi пайдаланып жүргiзу керек. Локомотив шығару және дизель шығару саласындағы қазiргi заманғы қол жеткен жетiстiктер локомотивтердi, бiрiншi кезекте, магистральдық тепловоздарды тиiмдi жетiлдiруге мүмкiндiк бередi. Жетiлдiрiлген тепловоз өзiнiң техникалық-экономикалық сипаттамалары бойынша қолданылып жүргендердiң 1,5 бiрлiгiн алмастыра алады, дизель отынына және техникалық күтiп-ұстау шығындарын азайтады, локомотивтердiң сенiмдiлiгiн арттырады. Жүгi жиi бағыттар үшiн жаңа тепловоздар сатып алу орынды. Жаңа тепловоз отын мен күтiп-ұстау шығындарын айтарлықтай төмендеткенде қолданылып жүрген екi тепловозды ауыстыра алады.
Локомотив паркін жаңарту бағдарламасы
Жаңа магистральдық тепловоздар сатып алу қажеттілігi 2004 жылы туындайды. Осы мақсаттарға шығындарды азайту мақсатында 2001-2003 жылдары Шу станциясындағы тепловоз жөндеу зауытының негiзiнде қазiргi заманғы тепловоздар жинау өндірiсiн ұйымдастыру жоспарланып отыр. Өзiмiз жинаған тепловоздар импорттық үлгiлерiмен құндық және техникалық сипаттамалары бойынша бәсекелестiкке түсе алады әрi 2,6-3,0 млн. АҚШ доллары бағасымен сатып алынады. Барлығы 2014 жылға дейiн 152 магистральдық тепловоздар сатып алу көзделiп отыр. 2003-2010 жылдар iшiнде магистральдық тепловоздарға қалпына келтiрiп күрделi жөндеу жүргiзу жоспарланып отыр. 2010 жылдан кейiн жөндеудiң бұл түрi жүргiзiлмейдi. 2002 жылдан 2006 жылға дейiн үнемдi дизель двигательдерiн орналастырып магистральдық локомотивтердi жетiлдiру көзделiп отыр - барлығы бұл кезеңде 171 тепловоз жетiлдiрiледi. 2002-2014 жылдар iшiнде магистральдық тепловоздар паркін жаңартуға арналған инвестициялардың көлемi 514,3 млн. АҚШ долларын құрайды.
Маневрлiк тепловоздарды жаңартуға арналған инвестициялардың сомасы 58,6 млн. АҚШ доллары мөлшерiнде болады деп жоспарлануда. Оның өзiнде бұл түрдегi жаңа тепловоздар сатып алу қажет болмайды, инвестициялар қалпына келтiрiп күрделi жөндеуге (137 бiрлiк) және жетiлдiруге (141 бiрлiк) бағытталады.
2001 жылы 13,2 млн. АҚШ доллары болатын сомаға үш электровоз сатып алу жоспарланып отыр. Барлығы 2014 жылға дейiн 145 электровозға қалпына келтiрiп жөндеу жүргiзу және 104 жаңа электровоз сатып алу керек. Электровоз паркiн жаңартуға инвестициялардың көлемi 459 млн. АҚШ долларын құрайды.
Осылайша 2001-2014 жылдар iшiнде "Қазақстан темір жолы" РМК локомотив паркін жаңарту жөніндегі жобаның құны 1 031,4 млн. АҚШ долларын құрайды.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдары болып табылады.
Вагондар мен контейнерлер паркін жаңарту
Вагондарды пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында күрделi жөндеуге деген қажеттіліктi толықтай қанағаттандыру, вагондардың қос дөңгелектерiн жөндеу бойынша (Шалқардағы вагон дөңгелектерiнiң шеберханасы) жаңа өндiрiстiк қуаттылықтарды игеру есебiнен ақау вагондардың санын айтарлықтай азайту көзделiп отыр. 2002 жылдан бастап, Ресейдiң тәжiрибесiн пайдаланып, вагон жөндеу зауыттарында вагондардың қызмет ету мерзiмiн (ашық вагондарды - 11 жылға, цистерналарды - 16 жылға) ұзарту арқылы күрделi жөндеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл вагондар сатып алуға қажеттi инвестицияларды азайтуға мүмкiндiк бередi. Республика өнеркәсiбi техникалық-экономикалық сипаттамасы айтарлықтай жақсартылған вагондар шығаруды игередi деп күтіліп отыр, сондықтан жаңа вагондардың қызмет ету мерзiмi жоғары және қызмет көрсету шығындары аз болады.
Жүргiзiлген талдау вагондардың түрлерi бойынша жаңарту қажеттілігi әртүрлi екендiгiн көрсеттi. Мысалы, осы қаралып отырған кезеңде платформалар мен рефрижераторларды жаңартуға инвестициялар қажет болмайды. Вагондардың бұл түрлерi бойынша қолданылып жүрген мүкәммал паркi 2014 жылға дейін саланың қажеттілігін қанағаттандыра алады.
Жүк вагондары паркiн жаңарту бағдарламасы
Бүгiнгi күнi ашық вагондардың жағдайы шиеленiстi. 2001 жылдың өзiнде вагондардың осы түрiнiң паркiн жаңартуға күрделi салымдар қажет болады. Барлығы 2001-2014 жылдардағы кезеңде бұл мақсаттарға 625,7 млн. АҚШ доллары, соның iшiнде 29 мың бiрлiкке жуық жартылай вагондар сатып алу үшiн - 573,7 млн. АҚШ доллары және 17 мың бiрлiктiң қызмет ету мерзiмiн ұзартып күрделi жөндеуге - 52 млн. АҚШ доллары қажет болады.
2002 жылы цистерналардың кейбір түрлерiн сатып алу қажеттілігi пайда болады (200 битумдық ашық вагондар және 250 бумен қыздыру көйлекшелi цистерна). Цистерналардың басқа түрлерiнiң паркiн жаңарту қажеттілігi 2006 жылы ғана туындайды. 2010 жылы жабық вагондар сатып алу керек болады. Басқа вагондардан бүгiнгi күнi тапшысы окатыш тасымалдағыштар, оны жаңартуға инвестициялар 2001-2005 жылдары қажет болады. Басқа вагондардың қалған түрлерiне күрделi салымдар 2002 жылдан бастап қажет болады. Толықтай алғанда қызмет ету мерзiмiн ұзартуға және жаңа цистерналар сатып алу 133 млн. АҚШ долларын, жабық вагондар сатып алу - 64 млн. АҚШ долларын, басқа вагондар сатып алу - 218 млн. АҚШ долларын құрайды.
2001-2014 жылдар iшiнде 42 мыңға жуық жаңа жүк вагондарын сатып алу және 29 мыңға жуық вагондарды қызмет ету мерзiмiн ұзартып жөндеу керек болады. Қажет инвестициялар тиiсiнше 939 және 102 млн. АҚШ долларын құрайды. Осылайша, жүк вагондар паркiн жаңартуға арналған инвестициялардың жалпы сомасы 1041 млн. АҚШ долларын құрайды.
Вагон паркін жаңартуға қажеттi инвестициялардың көлемiн есептегенде тасымалдар рыногының даму деңгейiне консервативтiк баға беру қолданылды. Жылжымалы құрам жеке меншiк операторларының қалыптасуы және дамуы тез қарқында өтетiн болса, вагондарды жаңартуға және сатып алуға арналған жекеменшік инвестициялардың мөлшерiн арттыру есебінен мемлекеттік вагон иеленушi кәсіпорындардың инвестициялар көлемi төмендетiледi. Мемлекеттік кәсiпорындардың бос қаржылары Алтынсарин-Хромтау желісінiң құрылысын қаржыландыруға бағытталатын болады, мұның өзiнде құрылысты бюджеттік қаржыландырудың көлемi тиiсiнше азаяды.
Жолаушылар вагондары паркiн қалпына келтiру және жаңарту айтарлықтай инвестицияларды қажет етедi. 2002-2014 жылдар кезеңiнде бұл мақсаттарға 199 млн. АҚШ доллары инвестиция бөлiнедi, соның iшiнде 708 жолаушылар вагондарын қалпына келтiрiп күрделi жөндеуге - 106 млн. АҚШ доллары, 244 жаңа вагондар сатып алуға - 93 млн. АҚШ доллары.
Қолда бар контейнер паркi айтарлықтай тозған және халықаралық стандарттарға сәйкес келмейдi. Қазiргi күнi оның саны 9795 бiрлiк, соның ішiнде 32%-ының қызмет ету мерзiмi өтiп кеткен (15 жылдан артық). Алдағы жылдары контейнерлiк тасымалдар көлемiнiң өсуiмен байланысты жоспарланып отырған кезең iшiнде контейнер паркiн айтарлықтай жаңарту қажет болады. 2000 жылы 1,5 млн-нан астам АҚШ долларына iрi тонналы контейнерлердiң партиясы сатып алынды (1000 бiрлiк). Есептеулер контейнерлер сатып алудың жылдық қажеттілігi 400-500 бiрлiктi құрайтындығын көрсетiп отыр. 2001-2014 жылдары бұл мақсаттарға инвестициялардың жалпы сомасы 6,5 млн. АҚШ долларын құрайды.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы мен заемдары болып табылады.
Импорт алмастырушы жаңа өндiрiстер құру
"Қазақстан темір жолы" РМК республикадағы өндiрiстiк өнiмдердiң ең ірi тұтынушысы болып табылады. Кәсiпорын теміржол саласының өндiрiстiк қуаттылықтарында жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен материалдар шығаруды кеңейту жөніндегі саясатты жоспарлы жүргiзiп келедi. Бiрақ технологиялық мүмкiндiктердiң шектеулi болуынан өнiмдердiң барлық қажет номенклатурасын өндiрiс күшiмен шығару мүмкiн емес, сондықтан импорт алмастыру мақсатында "Қазақстан темір жолы" РМК өз тапсырыстарын Қазақстанның өнеркәсiптiк кәсiпорындарында орналастыруда.
Осы Инвестициялық бағдарлама шеңберiнде теміржол саласының мүлкi негiзiнде құрылған өндiрiстiк кооперативтер мен шаруашылық серiктестiктерiнде өнiмдер мен қызметтердiң мына түрлерiн шығаруды ұйымдастыру көзделген:
- жол машиналарының қос дөңгелектерiн зауыттық жөндеу (Алматы) - 0,57 млн. АҚШ доллары;
- стандартты бұйымдар мен метиздер - 0,57 млн. АҚШ доллары;
- жүк вагондарының тежегiш қалыптары (Арыс) - 0,33 млн. АҚШ доллары; - ұзақ уақыт жұмыссыз тұрған вагондарды жөндеу (Арыс, Құсмұрын, Балқаш және т.б.) - 0,57 млн. АҚШ доллары;
- электрлiк машиналарға арналған графит щеткалар - 0,1 млн. АҚШ доллары;
- локомотивтерге арналған жаңа сiлтілі аккумулятор батареяларын қалпына келтiру және шығару (Астана) - 0,57 млн. АҚШ доллары;
- класты және арнаулы вагондарды күрделi жөндеу (Екiбастұз) - 0,33 млн. АҚШ доллары;
- хоппер-дозаторлар мен платформаларды күрделi жөндеу (Орал) - 0,33 млн. АҚШ доллары;
- қар тазалағыш техниканы жөндеу, жетiлдiру және жинау (Орал) - 0,57 млн. АҚШ доллары;
- ауыр жол техникасын жөндеу және жетiлдiру (Алматы) - 0,33 млн. АҚШ доллары;
- дрезиналар жинауды ұйымдастыру (Ерейментау) - 0,67 млн. АҚШ доллары.
Аталған жобалардың сомалық құны - 4,9 млн. АҚШ доллары, жүзеге асыру мерзiмi 2 жылдан 5 жылға дейiн, өзiн-өзi ақтау мерзiмi - 4 жылдан 7 жылға дейiн.
Аталған жобаны қаржыландыру көзi кәсiпорынның өз қаржысы болып табылады.
3.4.3.5. Отандық салалық ғылымды қалыптастыру
Қазақстан темір жолдарының КСРО ҚЖМ-ның құрамынан бөлiнiп шыққаннан кейiн бүкiл салалық ғылыми база Ресей мен Украинада қалды. Қазiргi уақытта Ресей темір жолдары ғылыми-техникалық қамтамасыз ету проблемасын шешумен оннан артық түрлi институттар айналысады. Тасымалдарды дербес желілік жобалау және техникалық әрi технологиялық процестердi ұйымдастыру, нұсқаулық-нормативтiк жүйенi қалпына келтiру тәжiрибесi Қазақстанда теміржол саласының толыққанды ғылыми базасын құру қажеттілігiн көрсеттi. Осыған байланысты стратегиялық мiндеттердiң бiрi отандық салалық ғылымды құру болып табылады, ол қазiргi Ресей ҚЖМ-ның ғылыми-техникалық базасына тәуелділіктi айтарлықтай дәрежеде жоюға мүмкiндiк етер едi.