Астана қаласының бас жоспары туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 ж. 15 тамыздағы № 1064 Қаулысы
(2016.23.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 33 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының бас қаласын кешендi дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметi қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2011.30.07 № 884 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Астана қаласының мәслихаты мақұлдаған қосымшаға сәйкес Астана қаласы бас жоспарының жобасы бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) «Целиноград қаласын дамытудың бас жоспары туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1990 жылғы 17 тамыздағы № 332 қаулысы;
2) «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2000 жылғы 10 ақпандағы № 194 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
ҚР Үкіметінің 2009.28.01 № 73 Қаулысымен қосымша өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2011.30.07 № 884 Қаулысымен қосымша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 15 тамыздағы
№ 1064 қаулысымен
бекітілген
Астана қаласының бас жоспары
1. Бас жоспардың мақсаты
Астана қаласының бас жоспары (бұдан әрі - Бас жоспар) қаланың тіршілік-тынысының қолайлы ортасын құру және оны орнықты дамыту, экологиялық қауіпсіздікті, табиғат пен мәдени мұраларды сақтау мақсатында Астана қаласының қала құрылысын дамытуды жоспарлаудың негізгі құжаты болып табылады.
Бас жоспар:
қаланы егжей-тегжейлі жоспарлау және салу жобаларын;
перспективалық және бірінші кезектегі бағдарламаларды;
қаланың инженерлік және көліктік инфрақұрылымын дамыту схемасын;
қала маңы кешенінің аумақтарын сақтауды, дамытуды және абаттандыруды;
тұрғын үйлерді қайта жаңартуды және өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыруды;
қоғамдық, іскерлік және мәдени орталықтарды дамытуды;
туризм және демалыс объектілерін дамыту жоспарын;
қала ортасын кешенді абаттандыруды және эстетикалық ұйымдастыруды;
Астана қаласының әкімшілік аудандары мен басқа да аумақтық бірліктерінің аумақтарын дамытудың қала құрылысы жоспарларын әзірлеуді және іске асыруды әзірлеу үшін негіздеме болып табылады.
Астана қаласын дамытудың бас жоспарының негізгі мақсаты - экологиялық қолайлы, қауіпсіз және әлеуметтік қолайлы тіршілік ортасын қалыптастыруға бағытталған қала құрылысы іс-шаралар кешенін жүргізу.
Бас жоспардың негізгі сәулеттік-қала құрылысы идеясы Астана қаласының айшықты келбетін қала өмір үшін жайлы, Еуразия континентіндегі елдердің ынтымақтастық және өзара іс-қимыл орталықтарының бірі ретінде қалыптастырумен негізделген.
Бас жоспарда есептік кезеңге Астана қаласы халқының саны ауданы 71014,0 га қала аумағында 1 220 мың адам немесе гектарына 17,2 адам деп анықталған. Бұл ретте көгалды құрылыстарды қоса алғанда, салынған аумақ 46,4 %-ды құрайды, ал құрылысы салынбаған аумақ - 53,6 %.
2. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары
ҚР Үкіметінің 2016.23.12. № 848 Қаулысымен 2.1-кіші бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.1. Демография
2030 жылға дейінгі перспективада демографиялық үдерістердің серпіні дәстүрлі, ертеден қалыптасқан қоғамдық даму факторларының және қоғам өміріндегі үдей түскен әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, демек жаңарулардың барысында қалыптасатын жаңа факторлардың бүкіл жиынтығының өзара іс-қимылымен анықталады.
Астана қаласын демографиялық дамытудың сипаты халықтың табиғи және көші-қон қозғалысымен айқындалады, олардың ауқымы мен бағыты әлеуметтік-экономикалық қайта жаңарулардың нәтижелеріне:
қаланың экономикалық әлеуетінің дамуына;
тұрғын үй нарығының дамуына;
жұмыспен қамтылуға және еңбекақы төлеу деңгейіне;
мемлекеттік және қалалық әлеуметтік саясатқа және басқа да факторларға байланысты болады.
Астана қаласы тұрғындарының перспективадағы болжамды саны қаланың - елдің жаңа елордасының әкімшілік мәртебесінің өзгеруіне, Қазақстан Республикасының одан әрі демографиялық дамуындағы оның геосаяси рөліне негізделеді. Елорданы Алматы қаласынан Астана қаласына көшіру еңбек нарығына оң әсер етті, ол өз кезегінде демографиялық жағдайдың барлық құрамдас бөліктеріне - туудың өсуіне, өлім-жітімнің азаюына, жас құрылымында оң өзгерістерге әсер етті.
Халықтың перспективадағы санын болжаудың нұсқалары бірнеше әдісімен есептелді:
демографиялық әдіс бойынша;
халықтың табиғи қозғалысының негізінде;
экстраполяция әдіс бойынша;
аумақтың демографиялық ауқымдылығы негізінде;
қала дамуының барлық кезеңіндегі қалыптасқан тұрақты өсу қарқынының негізінде.
Астана қаласы халқының 2030 жылға дейінгі кезеңдегі болжамды саны қаладағы, қала маңындағы және тұтастай Қазақстан Республикасы бойынша тұрақты әрі қарқынды демографиялық үрдістермен айқындалады.
Әралуан әдістермен алынған есептік кезеңге халық саны көрсеткіштерін салыстыру бұл көлем 963,0-1985,0 мың адам шегінде өзгеріп тұратынын көрсетеді.
Астана қаласы тұрғындарының анағұрлым ықтимал болжамды саны шекті көрсеткіштер аралығының ортасында 1200,0-1300,0 мың адам болады. Бас жоспарды әзірлеуде 2020 жылы халық саны - 1070,0 мың адам, 2030 жылы 1220,0 мың адам негіз етіле алынды.
Жұмыспен қамтылған халықтың есептік көрсеткіштері оның 2013 жылғы 410,5 мың адамға қарағанда 2030 жылға қарай 629,8 мың адамға дейін өсуін болжайды.
Қаланың әлеуметтік және қала құрылысы дамуының негізгі мақсаты - бұл әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және осы қаралып отырған аумақта тұрғындардың өмір сүруінің жоғары орта деңгейін қалыптастыру.
ҚР Үкіметінің 2016.23.12. № 848 Қаулысымен 2.2-кіші бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.2. Тұрғын үй-азаматтық құрылыс
Перспективада әлеуметтік мәселелердің барлық жиынтығының арасында басты орын тұрғын үй проблемасына беріледі, бұл тұрғын үйдің халықтың материалдық тұрмыс жағдайының маңызды элементі, әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі буыны ретіндегі объективті маңызымен айқындалады. Тұрғын үй жағдайы халықтың әл-ауқатын айқындамайды, бірақ елеулі түрде адамның басқа қажеттіліктері басымдықтарының құрылымы мен жүйесін құрады.
Тұрғын үй құрылысы міндеттерін шешу үшін тұрғын үй саясаты әлеуметтік дамудың басым бағыттарының біріне айналуы керек.
Тұрғын үй ортасын кешенді қалыптастырудың негізгі бағыттары тұрғын үймен орташа қамтылуды 2030 жылға қарай 1 адамға 30 шаршы метрге, сонымен қатар, барлық тұрғын үй қорын 37,2 млн. шаршы метрге дейін жеткізуді көздейді.
Құрылыс:
бос аумақтарда - 6,9 мың га;
тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу және қазіргі құрылыстың арасын жиілету арқылы реконструкцияланатын аумақтарда - 2,5 мың га жүзеге асырылатын болады.
Жеке тұрғын үй құрылысының үлесі барлық кезеңде тұрғын үй құрылысының жалпы көлемінен 15,7 %-ды құрайды.
Астана қаласының тұрғын аумағын қайта жаңарту және дамытудың басым бағдарламалары:
қаланың магистраль маңы аумақтары, орталық жоспарлау ауданы, қалалық қоғамдық тораптары және басқалары жоғары қарқынмен пайдаланылатын құрылымдық бөліктеріндегі тығыздылығы төмен қазіргі құрылыс аудандарын қайта жаңарту;
аяқталмаған құрылыс объектілерін аяқтау және қалыптасқан құрылыстан тыс қаланың бос аумақтарында тұрғын үй кешендерін қалыптастыру;
күрделі жөндеуді, қайта жоспарлауды, амортизацияланған қорды бұзуды және кешенді абаттандыра отырып, биік ғимараттардың (18 және одан да жоғары) жалпы алаңының 1,0 млн. шаршы метр көлемде жайлы тұрғын үйдің жаңа құрылысын жүргізуді қоса алғанда, жалпы құрылыс аудандарын (60-80 жылдары және одан кейінгі құрылыстар) кезең-кезеңімен қайта жаңғырту;
сәулет-кеңістіктік аяқтау және осы аудандарда қоғамдық аймақтар мен орталықтар жүйесін қалыптастыру.
Бас жоспарда 2030 жылға қарай қызмет көрсетудің әлеуметтік-кепілді минимумының мекемелерімен қамтамасыз етілудің нормативтік көрсеткіштеріне және қалалық маңызы бар объектілерді дамытудың нормативтік көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытында жаңа әлеуметтік-экономикалық және қала құрылысы жағдайларын ескере отырып, әлеуметтік саланы дамыту көзделеді. Бұл ретте қаланың қызмет көрсету қорының шамасын жалпы алаңы 23,03 млн. шаршы метрге дейін жеткізу арқылы жалпы алаңы 14,04 млн. шаршы метр жаңа қызмет көрсету объектілерін салу есебінен әлеуметтік саланы іске қосу болжанады.
2.3. Экономикалық қызмет
Елорданы Астана қаласына көшіру қаланың экономикалық қызметінің құрылымын күрт өзгертті. Егер бұрын қаланың негізгі мамандандырылған салалары өнеркәсіп пен көлік болса, қазір елорда функциялары басты рөл атқарады:
мемлекеттік басқару;
ғылыми және білім беру кешені;
республикалық маңызы бар мәдениет, денсаулық сақтау, спорт.
Сонымен қатар, көлік-коммуникация кешені және негізінен қала халқының қажеттіліктеріне және шағын кәсіпкерлікке қызмет көрсететін өнеркәсіп үлкен маңызға ие.
Бас жоспардың басты мақсатына қол жеткізу үшін дамытудың мынадай стратегиялық бағыттары анықталған:
өнеркәсіп салаларын дамыту;
көлік-логистикалық орталықты дамыту;
шағын және орта бизнесті дамыту;
қолданбалы ғылыми-білім беру және жоғары білім объектілерін дамыту;
туризмді және спортты дамыту.
Материалдық өндіріс саласының аяларын қайта құрылымдауды ғылымды қажетсінетін және ресурстар үнемдеу технологияларының пайдасына жүзеге асыру ұсынылады.
Астана қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін сақтап қалуы болжанады және ғылыми-техникалық, білім, мәдени, әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуетін, республикалық және халықаралық маңызы бар нарықтық инфрақұрылым институттарының желісін қарқынды түрде дамыту ұсынылады.
Одан әрі экономиканың мемлекеттік және жеке секторларын тиімді үйлестіру және олардың өзара іс-қимыл жасауы жоспарлануда.
Бас жоспарда қаланы дамыту мүддесі үшін аумақтардың экологиялық қауіпсіздігін арттыру және олардың қала құрылысы әлеуетін барынша тиімді пайдалану мақсатында өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыру ұсынылып отыр.
2.4. Қаланың туристік инфрақұрылымы
Қаланың экономикалық қызметінің жаңа саласы - қызмет көрсетудің жаңа саласы ретінде - Астана қаласының қайталанбас сәулеттік-қала құрылысы, тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи ортасының әлеуетін пайдалануы тиіс туризмге қызмет көрсету үшін рекреациялық инфрақұрылымды дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеп, туристік саланың ұйымдастыру- техникалық мәселелерін де және тарихи мұра мен табиғи әлеуетті сақтау, жаңғырту және қалпына келтіру мәселелерін де шешу қажет.
Туризмнің кешенді инфрақұрылымын құру:
туризмнің Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия өңірі аумағында «Ұлы Жібек жолының» солтүстік тармағының бір бөлігінің тораптық жүйесі ретінде Астана қаласының туристік кешенін дамыту;
қаланың жаяу жүргіншілер маршруттарымен біріктірілген туристік аймақтар жүйесін қалыптастыру. Мұндай аймақтар шегінде көрсету және бару объектілерін шоғырландыру және туристерді орналастыру орындарымен және оларға қызмет көрсету және туристік мекемелердің демалысты қамтамасыз етуі, туристік аймақтарды көлік машруттарының жүйесімен біріктіру;
туристік көрсету және бару объектілерін дамыту, оның ішінде демалу және көңіл көтеру объектілерінің, спорттық-ойын-сауық және сауықтыру кешендерінің адамдарды қабылдау қабілетін ұлғайту, халықаралық туристік орталық, конгрестер, көрмелер, жәрмеңкелер орталықтарын салу;
қонақ үй желілерін, сауда-тұрмыстық және ақпараттық қызмет көрсету объектілері желілерін, туристік бюролар мен көлік агенттіктерін дамыту;
халықаралық әуежайда, темір жол вокзалында туристерге көлік қызметін көрсету жүйесін дамыту, арнаулы автокөліктер қызметін көрсету паркі мен кәсіпорындарды және автомобильдерді жалға беруді дамыту, туристік аймақтарда автотұрақтардың көлемін ұлғайту.
ҚР Үкіметінің 2016.23.12. № 848 Қаулысымен 3-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қала құрылысын дамытудың мақсаттары
Астана қаласының қала құрылысын дамытудың басты мақсаты - қаланы тұрақты дамыту және қаланың қазіргі және болашақ ұрпақ үшін өмір сүрудің қолайлы ортасын қалыптастыру.
Бас жоспарда осы мақсаттарға қол жеткізу төмендегідей сипатталады:
Еуразия континенті елдерінің экономикалық, саяси, рухани және мәдени ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылының өңірлік орталығын құру;
аумақтарды қайта жаңарту және жайлы тұрғын орта қалыптастыру мәселелерін қоса алғанда, әлеуметтік, өндірістік және тұрғын-азаматтық мақсаттағы объектілер құрылысындағы жиынтылық;
қаланың көлік және инженерлік инфрақұрылымдардың сенімділігі, қауіпсіздігі және қолжетімділігі;
қала тіршілігінің экологиялық қауіпсіздігі мен қала және қала маңының табиғи кешенінің орнықтылығы;
әлемнің ең әсем 30 қаласының қатарына енуге лайық, ХХІ ғасыр қаласы, Сарыарқаның аңызақ даласындағы оазис-қала ретінде Қазақстан Республикасының жаңа астанасын қалыптастыру;
өзінің айқындығымен, жаңашылдығымен, ұлттық ұлылықтың қаймағы бұзылмаған келбеті мен жайлылығын сақтай отырып дамытылуымен, кеңістіктік бірлігімен, көркемдік даралығымен, үйлесімділігімен және қоршаған орта кеңістігінің сан алуандығымен ерекшеленетін Астана қаласының сәулеттік келбеті;
өндірістік аумақтарды пайдаланудың тиімділігі;
қалалық қоғамдық орталықтар жүйесінің дамуы мен қолжетімділігі.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу Астана қаласының аумағын қайта ұйымдастыру мен абаттандыру, салынған құрылыстарды қайта жаңарту, адамдардың өмір сүру ортасының сапалық сипаттамаларын арттыру жолымен жүзеге асырылуы тиіс.
3.1. Экологиялық талаптар
Бас жоспардағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі қала құрылысының іс-шаралары кешенді сипатқа ие және аумақтарды экологиялық негізделген аймақтандыруды белгілеумен, инженерлік инфрақұрылымдарды қайта жаңартумен және дамытумен, көлік инфрақұрылымын оңтайландырумен, аумақтардың экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық норманың талаптарына сай келуін қамтамасыз етумен байланысты:
қаланың барлық өнеркәсіптік аймағын абаттандыра отырып және кәсіпорындарда табиғатты қорғаудың кешенді іс-шараларын жүргізіп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарын жоспарлауды реттеу;
атмосфераның өнеркәсіптік кәсіпорындардан ластану деңгейін төмендету жөніндегі іс-шаралар, технологиялық жабдықтарды жетілдіру;
қаланың және қала маңы аймағының аумағындағы су ресурстарын қорғау жөніндегі іс-шаралар;
жаңа көше-көліктік магистральдарын, көпірлер, көлік айырықтарын салу және қазіргілерін кеңейту, көше-жол желілерін қайта жаңарту және жөндеу. Қозғалысы үздіксіз жалпы қалалық магистральдық көшелерді «жасыл толқын» қағидаты бойынша жеделдетілген қозғалысымен ұлғайту қала көшелеріндегі көлік ағынын жеңілдетуге, кептелістердің болуын және қозғалтқыштың бос айналуын елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді, осының себебінен автомобильден шыққан газдар шоғырының атмосфераға таралуын төмендетеді;
қоғамдық көліктерде электрлендірілген жүрдек көліктердің үлесін ұлғайту және балама көлік түрлерін: жеңіл-рельстік көлік, жүрдек автобустар жүйесін енгізу мүмкіндігі;
жаңа саябақ аймақтарын, бақтар, желекжолдар мен гүлзарлар жасау арқылы табиғи көгалдандырылған аумақтар жүйесін сақтау және дамыту жөніндегі іс-шаралар жүргізу;
тұрғын үй қорын санитарлық-қорғау аймақтарынан шығару көзделеді;
лас технологиялы (бірінші және екінші қауіптілік санаты) өндірістік ғимараттарды селитебтік аймақтан өнеркәсіптік аймаққа немесе қала маңы аймағына шығару көзделеді;
өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды толығымен қайта өңдеу мен залалсыздандыру - қоқыс өңдейтін зауыт салу;
қаланың және қала маңы аймағының табиғи кешені учаскесін - Есіл өзенінің арнасын сақтау үшін оның барлық жағалауы мен аралдық аймақтарын қоса алып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру ұсынылады. Жаңа қала құрылысы элементін - табиғи-рекреациялық кешен (бұдан әрі - ТРК) енгізу және қала құрылысы қызметінің ерекше режимі бар аумақ ретіндегі мәртебесін белгілеу. ТРК аумағының құрамына жалпыға ортақ пайдаланылатын барлық көгалдандырылған және бос аумақтар, бөгеттер мен инженерлік қорғаныстардың көгалдандырылған аумақтарын қоса алғанда, шағын өзендер мен табиғи көлдердің, Есіл өзенінің жағалау-қорғаныс жолақтарының және оның Ақбұлақ және Сарыбұлақ салаларының су қорғау аймақтарының аумақтары енуі тиіс. ТРК аумағының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін табиғи ландшафттық негіз енгізу қажет;
қала және қала маңы аймағының табиғи кешені аумағының негізінде Астана агломерациясының табиғи және ландшафтты-рекреациялық каркасын қалыптастыру ұсынылады.
Қалыптасқан үрдістер мен Астана қаласындағы экологиялық және қала құрылысы жағдайының өзгеруін болжауды есепке алу және талдау негізінде елордадағы қоршаған орта жай-күйі туралы кешенді ақпаратты қорыту және көпшілікке ұсыну үшін «Астана қаласының тұрақты даму атласын (экологиялық аспект)» әзірлеу ұсынылады.
3.2. Аумақты қорғау және қаланың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмау, олардың салдарларын минимумға жеткізу және қаланың халқы мен аумақтарын зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарын қолданудан қорғау мақсатында мынадай ұйымдастырушылық және инженерлік-техникалық іс-шараларды орындау көзделіп отыр:
қаланы жел мен шаңды бораннан қорғау үшін қаланың айналасындағы аумақтарды көгалдандыру және оларды табиғи ормандармен қосу жұмыстарын жалғастыру;
Нұра саласының Есілге құйылып, су алып кетуін және Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде лай су деңгейінің көтерілуін болдырмау мақсатында Нұра бөгетін Ақмола шоқысы ауданында қайта жаңарту жүргізу және көтеру;
төтенше жағдайлар кезінде елорданы ауыз сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде пайдалану үшін Астана қаласының айналасындағы жер асты суларының қорын қосымша іздестіру және қайта бекіту жұмыстарын ұйымдастыру, жүргізу. Осы мәселені «Астана қаласын сумен жабдықтауды және су бөлуді дамыту» техникалық-экономикалық негіздемесін түзету сатысында қарау қажет;
өз өндірісінде әсері күшті улы заттар, атап айтқанда қауіпсіз технологияға хлор мен аммиак пайдаланатын «Мясомолрыбпромторг» акционерлік қоғамында, «Жанар-FALKOM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнында, «Молзавод «Столичный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде технологиялық үдерістерді ауыстыру;
жолаушылар темір жол ағынымен қиылысуын болдырмау үшін айналма темір жол мен жүк терминалын сала отырып, темір жол жүк тасымалын қаланың өнеркәсіптік аймағының орталық бөлігіне шығару;
қаланың селетебті аймағында орналасқан газ толтыру станциясының біреуін қаланың өнеркәсіптік аймағына шығару;
басқару, хабарлау және байланыс жүйесін тұрақты дайындықта ұстауды ұйымдастыру, дамыту және қолдау;
азаматтық қорғаныс күштерін тұрақты дайындықта тұруға дайындау және қолдау;
атқарушы органдар, ұйымдар қызметкерлері мен халықты даярлау және үйрету;
қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін объектілердің және тізбе бойынша режимдік ұйымдардың орнықты жұмыс істеуін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу;
азаматтық қорғаныстың қорғаныстық құрылыстарының қажетті қоры мен басқа да мүліктерін жинақтау және тұрақты дайындыққа қолдау;
азық-түлік, су көздері, азық-түлік шикізаттарын, жануарлар мен өсімдіктерді радиоактивті, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) уланудан қорғау;
жоғарыда аталған іс-шаралардың кешенді шешу үшін «Азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шаралары» жобасын әзірлеу және белгіленген тәртіппен бекіту;
құрылыста сертификатталған жанбайтын құрылыс материалдарын қолдану және қазіргі заманғы өртке қарсы техникамен жабдықталған заманауи өрт депосын салу.
ҚР Үкіметінің 2016.23.12. № 848 Қаулысымен 3.3-кіші бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3.3. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен регенерациялау талаптары
Астана қаласының қала құрылысын дамытудың негізгі бағыттары қаладағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен регенерациялаудың мынадай талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс:
қалалық және табиғи ландшафттың тарихи келбетін, көшелердің, алаңдардың, орамдардың тарихи желілерін, қала салу ансамбльдерінің тарихи жүйесін, қалалық кеңістікті сырттай қабылдаудың басты идеяларын, түйіндерін және танымдық аймақтарын, жылжымайтын мәдениет ескерткіштерін, құрылыс салудың және абаттандырудың тарихи сипатын қоса алғанда, қаланың бүкіл тарихи табиғи-ландшафтық, жоспарлау, композициялық, археологиялық және орта негізін, жер бедерін қала құрылысы және сәулет құралдары арқылы сақтауды, анықтауды және баса көңіл бөлуді;
жылжымайтын мәдениет ескерткіштерінің аумақтары және оларды қорғау аймақтары үшін олардың шекараларын және аталған аумақтар мен аймақтар шегінде қала құрылысы қызметін реттейтін режимдерді айқындайтын құқықтық қала құрылысы регламенттерін белгілеу және сақтау;
тарихи-табиғи ландшафттарды қорғау аймақтары үшін аталған аймақтар шегін айқындайтын құқықтық қала құрылысы регламенттері мен мұндай ландшафттарды қорғауды және шолып тамашалаудың оңтайлы жағдайын қамтамасыз ететін осы шекаралар шегінде қала құрылысын реттеу режимдерін белгілеу мен сақтау;
жылжымайтын мәдениет ескерткіштерін реставрациялау және қалпына келтіру, анықтау, есепке қою, паспорттау жөніндегі жұмыс ауқымын арттыру. Бас жоспарда тарихи және археологиялық ескерткіштер негізінде тарихи-мәдени қорды одан әрі сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізу, «Бозоқ» тарихи-археологиялық кешені, «Мыңжылдық аллеясы» қала құрылысы ансамблі, ландшафтты-туристік орталық, «Этнографиялық ауыл» демалыс орталығы мәдени-танымдық орталықтарын құру ұсынылады. БЖ-5.5 сызбасында Астана қаласының сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерінің тірек жоспары келтірілген.
Бас жоспарда тарихи және археологиялық ескерткіштер, мынадай: «Бозоқ» тарихи-археологиялық кешені, «Мыңжылдық аллеясы» қала құрылысы ансамблі, ландшафтты-туристік орталық, «Этнографиялық ауыл» демалыс орталығы мәдени-танымдық орталықтар құру негізінде тарихи-мәдени қорды одан әрі сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізу ұсынылады. ГП-2.1 сызбасында Астана қаласының сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерінің тірек жоспары келтірілген.
ҚР Үкіметінің 2016.23.12. № 848 Қаулысымен 3.4-кіші бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3.4. Табиғи кешен аумақтарын сақтау мен дамытудың негізгі бағыттары
Астана қаласының табиғи кешені басым түрде табиғат қорғау, рекреациялық, сауықтыру және ландшафт қалыптастыратын функцияларын атқаратын, және қаланың табиғи-ландшафттық негізін қалыптастыратын өсімдік және (немесе) су объекті объектілері басым аумақтардың жиынтығын білдіреді. Табиғи кешен аумақтарына мыналар жатады:
табиғи аумақтар - елорданың жасыл белдеуінің орманды және орман-парктің алаптар, Есіл өзенінің және оның салалары Ақбұлақ, Сарыбұлақ бұлақтарының құрылыс салынбаған табиғи алқабы;
көгалдандырылған аумақтар - саябақтар, бақтар, желекжолдар және гүлзарлар, бақ-саябақ өнерінің және ландшафттық сәулет ескерткіштері, сондай-ақ тұрғын үйлер құрылыстарының, қоғамдық, өндірістік және коммуналдық мақсаттағы объектілердің көгалдандырылған аумақтары;