Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы
20 наурыздағы № 167-II Заңы
Қазақстан Республикасының 2005.08.07. № 74-III Заңымен күші жойылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 6 баптар)
2-тарау. Қазақстан Республикасы Yкіметінің өкілеттігі, (8 - 12 баптар)
уәкілетті мемлекеттік органның негізгі
міндеттері, келісім-шарт жасасатын
тараптардың құқықтары мен міндеттері
3-тарау. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке (13 - 21 баптар)
қабылдау, келісім-шарт жасасу және оны бұзу
4-тарау. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен (22 - 23 баптар)
өту туралы заңдарды бұзғаны үшін
әскери қызметшінің жауапкершілігі
5-тарау. Қорытынды ережелер (24 бап)
Осы Заң келісім-шарт бойынша әскери қызметті ұйымдастыру және атқару кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, тараптардың жасалған келісім-шарт талаптарын сақтау жөніндегі өзара міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаратын әскери қызметшілер - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері) республикалық бюджеттен төленетін лауазымдарға ерікті түрде қабылданатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) келісім-шарт бойынша әскери қызмет - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне әскери қызметке ерікті түрде қабылданған әскери қызметшілердің қызметі;
3) қызметтің зиянды жағдайлары - белгілі бір факторлардың әскери қызметшінің жұмысқа қабілетін төмендетуге немесе науқасқа ұшырауына әкеп соғатын не оның ұрпағының денсаулығына терiс әсер ететiн қызмет жағдайлары;
4) кепiлдiктер - тараптардың (мемлекеттiң және әскери қызметке қабылданатын адамдардың) келісім-шартпен белгiленген жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі мiндеттемесi;
5) лауазымды тұлға - уәкiлеттi мемлекеттік органның Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң офицерлiк құрамы лауазымында болатын, келісім-шарт жасасу және ұйымдық-өкiмдiк, әкiмшiлiк-шаруашылық мiндеттердi жүзеге асыру жөнiнде өкiлеттiк берiлген өкiлi;
6) лауазымдық өкiлеттiктер - осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген құқықтарға ие болып, мiндеттер жүктелген әскери қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетiн әскери қызмет мiндеттерiн атқару жөнiнде нақты лауазыммен көзделген өкiлеттiктер;
7) өтемдер - әскери қызметшiге қызмет режимi мен жағдайларына байланысты мертiгуi немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрген зиянның және олардың әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде шеккен шығынның орнын толтыратын ақшалай төлемдер;
8) келісім-шарт - келісім-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру, қамтамасыз ету және атқару мүддесiне орай тараптардың (әскери қызметке қабылданған адамның және уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамының) өзара мiндеттемесi мен жауапкершiлiгiн белгiлейтiн шарт;
9) қызметтiң қауiптi жағдайлары - белгiлi бiр факторлар әсерiнiң әскери қызметші Денсаулығының тосыннан күрт нашарлауына немесе жарақаттануына не оның өлiмiне әкеп соқтыруы мүмкiн қызмет жағдайлары;
10) уәкiлеттi мемлекеттік орган - штат құрылымында әскери құралымдар бар және Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес әскери қызметтен өту көзделген мемлекеттік орган;
11) қызмет жағдайлары - әскери қызметшiнiң еңбегiне ақы төлеу, еңбегiн қорғау және нормалау, жұмыс режимi, техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келісімi бойынша өзге де келісім-шарт талаптары.
2-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы заңдар
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi келісім-шарт бойынша әскери қызметке келуге тiлек бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтарына, келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ келісім-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру мен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға қолданылады.
4-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет принциптерi
Келісім-шарт бойынша әскери қызмет:
1) заңдылық;
2) қазақстандық патриотизм;
3) мемлекет мүддесi алдында азаматтар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң басымдығы;
4) әскери қызметке өз еркiмен қабылдану;
5) кәсiпқойлық пен құзыреттілік;
6) дара басшылық;
7) бақылауда болу мен есеп берушiлiк;
8) әскери қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк жағынан қорғалуы принциптерiне негiзделедi.
5-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет түрлерi
Келісім-шарт бойынша әскери қызмет:
1) офицерлiк құрам лауазымдарындағы әскери қызмет;
2) прапорщиктер мен мичмандар лауазымдарындағы әскери қызмет;
3) әскери (арнаулы) оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) әскери қызметi;
4) солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарындағы әскери қызмет болып бөлiнедi.
6-бап. Кемсiтушiлiкке тыйым салу
1. Әрбiр адам осы Заңда көзделген шектеулердi ескере отырып, өздерiнiң құқықтарын iске асыруға тең мүмкiншiлiктерге ие. Ешкiмнiң де жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, мүлiктiк және лауазымдық жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiндерге, нанымдарға қатысына сондай-ақ әскери қызметшiнiң iскерлiк қасиетi мен еңбегiнiң нәтижелерiне қатысы жоқ басқа да жағдайларға байланысты құқықтары шектелмейдi немесе оларды iске асыруда қандай да болсын артықшылық алуына болмайды.
2. Өздерiн әскери қызмет саласында кемсiтушiлiкке ұшырадым деп есептеген адамдар тиiстi арызбен сотқа не басқа құзыреттi мемлекеттік органдарға жүгiнуге құқылы.
7-бап. Келісім-шартпен реттелетiн қатынастар
1. Уәкiлеттi мемлекеттік орган мен келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң (келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамның) арасындағы қатынастар осы Заңмен, басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен және соларға сәйкес жасалған келісім-шартпен реттеледi.
2. Келісім-шарттың талаптарын бiржақты тәртiппен өзгертуге болмайды.
3. Келісім-шарттың жекелеген талаптарының жарамсыздығы, келісім-шартты бүтiндей жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.
4. Келісім-шарттың талаптары, егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
2-тарау. Қазақстан Республикасы Yкіметінің өкілеттігі,
уәкілетті мемлекеттік органның негізгі міндеттері,
келісім-шарт жасасатын тараптардың
құқықтары мен міндеттері
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Yкіметі:
1) келісім-шарт бойынша әскери қызмет мәселелерi жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметiн үйлестiру үшiн Мемлекеттік ведомствоаралық комиссия құрады;
2) келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы бағдарламаны және ереженi бекiтедi;
3) келісім-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі өзге де қажеттi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
9-бап. Уәкiлеттi мемлекеттік органның негiзгi функциялары
Уәкiлеттi мемлекеттік орган мынадай негiзгi функцияларды орындайды:
1) Келісім-шарт бойынша әскери қызмет мәселелерi жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның жұмысына қатысады;
2) Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы Бағдарлама мен Ереженi әзiрлейдi және оларды бекіту үшiн Қазақстан Республикасының Yкіметіне табыс етедi;
3) азаматтарды келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдауға тiкелей басшылықты, әскери қызметтi ұйымдастыру және қамтамасыз ету процестерiн жүзеге асырады;
4) келісім-шарт бойынша әскери қызметтi ұйымдастыру мен қамтамасыз ету мәселелерi жөніндегі өзге де қажеттi өкілеттiктердi жүзеге асырады.
10-бап. Уәкiлеттi мемлекеттік органның атынан келісім-шарт жасасқан лауазымды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi
1. Лауазымды тұлғаның:
1) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген жағдайларда, әскери қызметке қабылданатын (қабылданған) адамдармен келісім-шарт жасасуға, оны ұзартуға, өзгертуге, бұзуға және тоқтатуға;
2) келісім-шарт жасасқан кезде әскери қызметке қабылданушы адамнан осы Заңның 16-бабында көзделген құжаттарды табыс етуiн талап етуге;
3) өз өкiлеттiгi шегiнде бұйрықтар шығаруға;
4) әскери қызметшiлердi көтермелеуге, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жарғыларында белгiленген тәртiппен оларға тәртiптiк жаза қолдануға құқығы бар.
2. Лауазымды тұлға:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына және келісім-шартқа сәйкес әскери қызметшiлерге тиiстi әскери қызмет жағдайларын қамтамасыз етуге;
2) әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалар бойынша және тәртiппен тиесілі үлестің барлық түрлерімен, сондай-ақ оларды әскери қызмет мiндеттерiн орындау үшiн қажет құралдармен және материалдармен қамтамасыз етуге;
3) келісім-шарт жасасқан кезде әскери қызметке қабылданушы адамды Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалған лауазымдық мiндеттермен және әскери қызметтен өту шарттарымен таныстыруға;
4) әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақтандыруды қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен және жағдайларда әскери қызметшiлерге әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде өмiрiне, денсаулығына немесе жеке мүлкiне келтiрiлген зиянның орны толтырылуын қамтамасыз етуге;
6) келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамға әскери қызметтiң зиянды және қауiптi жағдайлары мен кәсiптiк аурудың болу мүмкiндiгi туралы, сондай-ақ әскери қызметтегi мiндеттерiн атқаруға байланысты шектеулi құқығы туралы ескертуге мiндеттi.
11-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң:
1) осы Заңда көзделген шектеулердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) жеке ар-намысының қадiрленуiне, командирлер (бастықтар) және өзге де лауазымды адамдар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қаралуына;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалар бойынша және тәртiппен мемлекет есебiнен ақшалай және заттай тиесiлi үлес түрлерiмен қамтамасыз етiлуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға, әлеуметтiк және құқықтық жағынан қорғалуға;
5) біліктілігi, қабiлетi, қызметтiк мiндеттерiн адал атқаруы ескерiле отырып, қызмет бабында өсiрiлуге;
6) негiзсiз айыптаулар болған кезде қызметтiк тергеу жүргiзiлуiн талап етуге;
7) өмiрi мен денсаулығы қорғалуына;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларда, уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім-шартты ұзартуға, өзгертуге және бұзуға;
9) қауiпсiздiк техникасы мен гигиена талаптарына сай келетiн қызмет жағдайына;
10) демалуға;
11) әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде өмiрiне және денсаулығына немесе жеке мүлкiне келтiрiлген зиянның орны толтырылуына;
12) тараптардың келісімi бойынша немесе сот тәртібімен қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты туындаған даулардың шешiлуiне;
13) келісім-шартта тараптың атынан әрекет ететiн лауазымды тұлғаның өкiлеттiгiн уәкiлеттi мемлекеттік органның растауын талап етуге;
14) өзiнiң кәсiби біліктілігiн арттыруға;
15) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендiру құқығымен тұрғын үй алуға;
16) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да кепiлдiктер мен өтемақылар алуға құқығы бар.
2. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшi:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жарғыларын сақтауға;
2) осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;
3) келісім-шартпен келісілген әскери қызмет мiндеттерiн адал атқаруға;
4) әскери тәртiп пен қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
5) әскери қызмет процесiнде мемлекеттік мүлiкке зиян келтiрiлуiне жол бермеуге;
6) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерге сәйкес өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға;
7) келісім-шартқа сәйкес өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттік, әскери, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi, соның iшiнде әскери қызметтi тоқтатқаннан кейiн де Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген уақыт iшiнде жария етпеуге;
8) адамдардың өмiрi мен денсаулығына, мүлiктiң сақталуына қауіп төндiретiн жағдайдың туындағаны туралы хабарлауға;
9) өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде командирлердің (бастықтардың) және өзге де лауазымды адамдардың бұйрықтары мен өкiмдерiн орындауға мiндеттi.
12-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтуге байланысты шектеулер
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтетiн әскери қызметшiнiң:
1) саяси партияларда, кәсiподақтарда болуға, жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кәсiпкерлiк не басқа да ақы төленетiн қызметпен айналысуға;
3) әскери мүлiктi, техниканы және қызметтiк ақпаратты қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануға;
4) мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн iс-қимылдарға, ереуiлдердi қоса, қатысуға құқы жоқ.
2. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты болып сайланған әскери қызметшi әскери қызметтен босатылады. Депутаттық өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн ол заңдарда белгiленген тәртiппен жаңа келісім-шарт жасаса отырып, әскери қызметке қайта қабылдануға құқылы.
3-тарау. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке
қабылдау, келісім-шарт жасасу және оны бұзу
13-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау
1. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша қабылдау әскери қызметтен өту туралы жасасылған келісім-шарт негiзiнде ерiктілік тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша қабылданатын адамға қатысты арнайы тексеру жүргiзiледi.
3. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке:
1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылғандарды;
2) медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес әскери қызмет мiндеттерiн орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар адамдарды;
3) Қазақстан Республикасының заңдарымен өзiне белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқандарды;
4) соттылығы бар не өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған адамдарды;
5) әскери қызметке қабылданардың алдындағы бiр жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауапқа тартылған немесе қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолданылған адамдарды қабылдауға болмайды.
4. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын кандидаттан бас тартуға, сондай-ақ:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бұрмалау немесе осы Заңның 16-бабында көзделген құжаттарды табыс етпеу;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде кандидаттың дайындық саласына немесе әскери мамандығына сәйкес келетiн бос әскери қызметтiң болмауы;
3) әскери қызметке келісім-шарт бойынша қабылданушының осы Заңмен белгiленген талаптарға сай келмеуi негiз болып табылады.
14-бап. Келісім-шарттың мазмұны
1. Келісім-шартта:
1) тараптардың реквизиттерi:
уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы, оның орналасқан жерi;
уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамының атағы, фамилиясы, аты, әкесiнiң аты және қызметi;
келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданған адамның фамилиясы, аты, әкесiнiң аты, оның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi және берiлген күнi, әлеуметтiк жеке кодының (ӘЖК) нөмiрi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (СТТН);
2) әскери қызметтен өтуi туралы келісім-шарт жасасқан адамның қабылданатын лауазымының (мамандығының) атауы;
3) келісім-шарттың мерзiмi;
4) қызметтiк мiндетiн атқаруды бастаған күнi және қызметке тағайындау туралы бұйрықтың нөмiрi;
5) қызмет жағдайының сипаттамасы, әскери қызметшiге кепiлдiктер мен өтемақылар;
6) жұмыс және демалыс уақытының режимi;
7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары;
8) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
9) келісім-шартты өзгерту, бұзу және ұзарту тәртібі;
10) осы Заңның 10-бабының 2-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген талаптармен танысқаны туралы белгi;
11) тараптардың жауапкершiлiгi;
12) тараптардың қолы, уәкiлеттi мемлекеттік органның мөрi болуға тиiс.
2. Тараптардың келісімi бойынша келісім-шартқа Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
15-бап. Келісім-шарт мерзiмi және оның қолданылу тәртібі, әскери қызметшiнiң еңбек сiңiрген жылдарын анықтау
1. Әскери қызметтен өту туралы келісім-шарт әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiнгi белгiленген келісім-шарт мерзiмiне ұзартылу құқығымен үш жылға, бес жылға, он жылға, әскери (арнаулы) оқу орнында оқу мерзiмiне жасалуы мүмкiн.
Әскери қызметте болудың шекті жасы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
2. Әскери қызметтен өту туралы келісім-шарт оған екi тарап та қол қойылған күннен бастап күшiне енедi және келісім-шарт жасалған мерзiм аяқталған соң немесе оның бұзылуына байланысты өз күшiн тоқтатады.
3. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жатқан әскери қызметшiнiң жалпы еңбек сiңiрген жылдарына әскери қызмет уақыты, соның iшiнде мерзiмдi әскери қызмет те енгiзiледi.
16-бап. Келісім-шарт жасасу
1. Келісім-шарт жазбаша түрде, екi дана етiп жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісім-шарттың бiр данасы келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданушы адамға берiледi.
2. Келісім-шартта және әскери қызметшiнi қызметке тағайындау туралы бұйрықта көрсетiлген күн әскери қызметшiнiң қызмет мiндеттерiн орындауды бастаған күнi болып есептеледi.
3. Келісім-шарт жасасқан кезде лауазымды тұлға әскери қызметшiнi келісім-шартта көзделген қызметке тағайындау туралы немесе адамды әскери (арнаулы) оқу орнына қабылдау туралы бұйрық шығаруға, келісім-шартта бұйрықтың шыққан күнi мен нөмiрiн жазуға мiндеттi.
4. Келісім-шарт жасасу үшiн лауазымды тұлға еңбек жолын растайтын құжаттарды, жеке куәлiгiн (төлқұжатын), әлеуметтiк жеке код берiлгенi туралы куәлiктi, зейнетақы шартын, білімi немесе кәсiби даярлығы туралы құжатты және Қазақстан Республикасының заң актілерімен көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы.
5. Келісім-шарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы ережемен айқындалады.
17-бап. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамдарға қойылатын талаптар
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын адамдар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген разрядына және әскери атағына қарай он тоғыз жастан кiшi және әскери қызметте болатын шектi жастан үлкен болмауы;
2) қажеттi моральдық-психологиялық қасиеттердi, білім, кәсiби және дене даярлығы деңгейiн игеру талаптарына, белгiленген біліктілік нормативтерiне сай болуы тиiс.
2. Курсанттардың (тыңдаушылардың) әскери қызметiне оқуға қабылданған күнi он жетi жасқа толған, бiрақ жасы жиырма бiрден аспаған еркек және әйел жынысты адамдар, сондай-ақ әскери (арнаулы) оқу орындарында оқуға тiлек бiлдiрген жиырма үш жасқа дейiнгi әскери қызметшiлер қабылданады.
18-бап. Әскери қызметтен өту туралы келісім-шарт жасасу талаптары
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау үшiн кандидаттар iрiктеудi:
1) әскери қызметшiлер арасынан - уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамдары;
2) азаматтар арасынан - азаматтардан арыз немесе уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамдарынан өтiнiм (өтiнiш) түсуi бойынша жергiлiктi әскери басқару органдары жүзеге асырады.
2. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке:
1) офицерлiк құрам лауазымдарына:
шақыру бойынша, белгiленген әскери қызмет мерзiмiнiң аяқталуы бойынша әскери қызметтен өткен офицерлер;
әскери қызметте болудың шектi жасына жетпеген запастағы офицерлер;
кiшi офицерлердi даярлау жөніндегі курстарға жiберiлген әскери қызметшiлер, курстарды аяқтағаннан кейiн;
әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттары (тыңдаушылары), оқу орындарын бiтiргеннен кейiн;
жоғары білімi бар прапорщиктер;
тиiстi әскери мамандық саласы бойынша ұқсас жоғары білімi мен мамандығы бар еркек және әйел жынысты адамдар;
2) прапорщиктер мен мичмандар лауазымдарына:
жоғары, орта немесе кәсiптiк орта білімi бар, мерзiмдi әскери қызметтi аяқтаған солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар;
жоғары, орта немесе кәсiптiк орта білімi бар солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлер;
әскери қызметте болудың шектi жасына жетпеген запастағы прапорщиктер мен мичмандар;
жоғары, орта немесе кәсiптiк орта білімi бар запастағы солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар;
тиiстi әскери мамандық саласы бойынша ұқсас жоғары, орта немесе кәсiптiк орта білімi мен мамандығы бар еркек және әйел жынысты адамдар;
3) солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар лауазымдарына:
орта немесе кәсiптiк орта білімi бар әскери мiндеттiлер;
мерзiмдi әскери қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлер, қызмет мерзiмi аяқталғаннан кейiн;
запастағы солдаттар, матростар, сержанттар мен старшиналар;
тиiстi әскери мамандық саласы бойынша ұқсас орта немесе кәсiптiк орта білімi мен мамандығы бар еркек және әйел жынысты адамдар қабылданады.
3. Қазақстан Республикасының әскери (арнаулы) оқу орындарына түсетiн адамдар, сол сияқты уәкiлеттi мемлекеттік органның жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң әскери (арнаулы) оқу орындарына түсетiн адамдар, әскери (арнаулы) оқу орындарында білім алу мерзiмiне және сонымен бiрге әскери (арнаулы) оқу орнын бiтiргеннен кейiн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде офицер құрамының лауазымдарында күнтiзбелiк есеппен он жыл мерзiмге әскери қызметтен өту туралы келісім-шарт жасасады.
Келісім-шарт қабылдау комиссиясының әскери (арнаулы) оқу орнына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады.
Әскери қызметшi әскери (арнаулы) оқу орнын бiтiргеннен кейiн әскери қызметтен өтуден бас тартқан немесе өз бастамасымен келісім-шартты бұзған жағдайда, ол өзiн оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұстап қалуға жататын сома келісім-шарт мерзiмi аяқталғанға дейiн толық қызмет өтемеген әрбiр айына бара-бар есептеледi.