Қорғау, өтем немесе демпингке қарсы шараларды енгізу алдындағы анықтауды жүргiзу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 қыркүйектегі № 1374 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 633 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының «Тауарлар импорты жағдайында iшкi рынокты қорғау шаралары туралы» 1998 жылғы 28 желтоқсандағы, «Демпингке қарсы шаралар туралы» 1999 жылғы 13 шiлдедегi және «Субсидиялар және өтем шаралары туралы» 1999 жылғы 16 шiлдедегi Заңдарын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қорғау, өтем немесе демпингке қарсы шараларды енгізу алдындағы анықтауды жүргiзу ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2000 жылғы 9 қыркүйектегі
№ 1374 қаулысымен
бекітілген
Қорғау, өтем немесе демпингке қарсы шараларды енгізу алдындағы анықтауды жүргiзу
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының «Тауарлар импорты жағдайында iшкi рынокты қорғау шаралары туралы», «Субсидиялар және өтем шаралары туралы» және «Демпингке қарсы шаралар туралы» Заңдарын сәйкес әзiрленген осы Ереже қорғау, өтем және демпингке қарсы шараларды енгізу жөніндегі анықтауды жүргiзу тәртібін (бұдан әрi - анықтау), анықтау жүргiзу кезiнде отандық тауар өндiрушiлердің мүдделерiн қорғау және көмек көрсету мақсатында Мемлекеттік органдардың және мүдделi тұлғалардың өзара қатынастарын, құқықтарын және мiндеттерiн айқындайды.
2. Ережеде жоғарыда көрсетiлген заңдарда көзделген негiзгi ұғымдар пайдаланылады.
1-бөлiм. Қорғау шаралары
1-тарау. Өтiнiштi қарауға қабылдау
3. Қорғау шараларын енгізу алдындағы анықтау:
1) Қазақстан Республикасы Yкіметінiң тапсырмасына сәйкес;
2) отандық өндiрушiлер немесе өндiрушiлер бiрлестiктерiнiң қорғау шараларын қолдану туралы берген өтiнiшi негiзiнде жүргiзiледi.
4. Отандық өндiрушiлердiң өтiнiшi бойынша қорғау шараларын енгізу жөніндегі анықтау рәсiмiн бастау үшiн осы өтiнiш бойынша жазбаша нысанда өз пiкiрiн бiлдiрген отандық өндiрушiлердiң үлесiне Қазақстан Республикасындағы ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарлар өндiрiсiнiң жалпы көлемiнiң елу пайыздан артық келуiн уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінiң Антидемпингтiк бақылау жөніндегі комитетi (бұдан әрi - Комитет) белгiлеуi мiндеттi шарт болып табылады. Сонымен бiрге, осы өтiнiштi қолдаған отандық өндiрушілердiң өндiрген тауарларының үлесi барлық ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарлар көлемінің жиырма бес пайызынан артық болуы керек.
5. Анықтау жүргiзу туралы өтiнiш жазбаша нысанда берiледi. Өтiнiш 1-қосымшада белгiленген нысанда берiледi.
6. Өтiнiштi қарауды қабылдау күнi өтiнiштiң Комитетте тiркелген күнi болып саналады. Өтiнiшке 2-қосымшаға сәйкес құжаттар қоса берiледi.
7. Өтiнiш берiлгеннен кейiн Комитет өтiнiш қабылданғаннан кейiнгi қырық бес күнтiзбелiк күнде 1-қосымшаға сәйкес өтiнiшке қоса берiлген құжаттардың бар-жоғы мен шынайылығын қарайды және анықтауды жүргiзу не жүргiзуден бас тартудың орындылығы туралы қорытынды дайындайды.
8. Қорғау шараларын енгізу алдындағы анықтау жүргiзу туралы өтiнiштегi мәлiметтер жеткiлiксiз болған жағдайда, Комитет өтiнiштi алған күннен бастап он күн мерзiмде өтiнiш берушiге бұл туралы хабарлап, оларды өзгертуге немесе өз өтiнiшiн толықтыруға оған мүмкiндiк беруi тиiс.
9. Өтiнiш иесiнен бұрын берiлген өтiнiштi толықтырған немесе өзгерткен мәлiмет жiберiлсе, онда өтiнiштi қарауға қабылдау күнi өтiнiшке енгiзiлген толықтырулар немесе өзгерістер Комитетте тiркелген күн болып саналады.
10. Өтiнiш иесi анықтау рәсiмi басталғанға дейiн өтiнiштi қайтарып алуына болады. Мұндай жағдайда өтiнiш берiлмеген болып саналады.
11. Өтiнiш иесi өтiнiште көрсетiлген мәлiметтердiң шынайылығына жауап бередi.
12. Комитет анықтауды жүргiзуден бас тарту туралы шешiм қабылдаған күннен бастап он күн мерзiмде анықтауды жүргiзуден бас тарту себептерi мен негiздерiн көрсетiп, бұл туралы өтiнiш иесiне хабарлауы тиiс.
13. Мыналар:
1) ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарлардағы отандық өндiрушiлерге елеулi зиян келтiргенiнiң немесе оның қаупiнің дәлелi жеткiлiксiз болса;
2) Ереженiң 4-тармағы орындалмаса, анықтауды жүргiзуден бас тартуға негiз болады.
2-тарау. Анықтау рәсiмi. Комитет пен мүдделi тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi
14. Анықтауды жүргiзудi бастау туралы шешiм қабылданған уақыттан бастап Комитет отыз күнтiзбелiк күн iшiнде жүргiзiлетiн анықтау туралы мүдделi тұлғаларға хабардар етедi.
15. Хабарламада мынадай ақпарат:
1) тауар экспорттаушы мемлекеттiң (мемлекеттер) атауы және анықтау объектiсi болып отырған тауарлардың атауы;
2) анықтау басталатын күн;
3) анықтау негiзi;
4) өтiнiштiң заңдылығын растайтын фактілердiң қысқаша жазылуы;
5) мүдделi тұлғалардың өз материалдарын жiберетiн мекен-жайы;
6) мүдделi тұлғалардың өз материалдарын әкелетiн мерзiмi қамтылады.
16. Қорғау шараларын қолдану туралы өтiніштi қолдаған бiр қазақстандық өндiрушiнiң үлесi ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарлардағы қазақстандық өндiрiстiң отыз бес пайызынан асып түссе немесе егер анықтаудың объектiсi болып отырған тауар импортының жалпы көлемi Қазақстан Республикасындағы iшкi рынокта ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарды сатудың жалпы көлемiнiң жиырма бес пайызынан кем түссе, Қазақстан Республикасындағы iшкi рынок бәсекесiнде көрсетiлген шаралардың салдары туралы антимонополиялық саясат саласындағы атқарушы өкiмет органының қорытындысы болуы қажет.
17. Анықтау тоғыз ай iшiнде аяқталады.
18. Мүдделi тұлғалар хабарламаны алған сәттен бастап жазбаша түрде мемлекеттік немесе келісім бойынша басқа да тiлде жауап бередi.
19. Анықтау жүргiзу барысында Комитет мүдделi тұлғалардан қосымша ақпарат сұратуға құқылы. Сұрату салынған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде ақпараттың алынған көзi көрсетiле отырып, жауап берiлуi тиiс.
20. Мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар Комитеттiң сұрау салуы бойынша анықтау жүргiзуге көмектеседi және қайтарымдық негiзде тауарлардың үлгiлерi мен қажеттi ақпаратты, соның iшiнде құпия ақпаратты бередi.
21. Комитетке берiлген құпия ақпарат мүдделi тұлғалардың жазбаша түрдегi келісімiнсiз жария етiлмейдi.
22. Мүдделi тұлғалар құпия ақпаратқа жазбаша түсiндiрме бередi.
23. Түсiндiрме ақпараттың мәнiн түсiндiретiндей жеткiлiктi тәптiштелуi тиiс. Ерекше жағдайларда құпия емес ақпаратты беру мүмкiн еместiгi жөнiнде себептерi көрсетiлуi тиiс.
24. Әрбiр мүдделi тұлға Комитет белгiлеген мерзiм iшiнде ақпарат жiберу кезiнде қажеттi деп санаған басқа да кез келген дәлелдемелердi беруге құқылы.
25. Комитет анықтаудың басталуы туралы шешiм қабылдағаннан кейiн ықтимал қорғау шараларын қолдану мақсатында анықтауды бастау ниетi туралы тиiстi шет мемлекеттi (шет мемлекеттер одағын) хабардар етедi.
26. Анықтау мәніндегі алынатын ақпарат жазбаша нысанда қабылданады.
27. Егер, анықтау барысында қорғау шараларын қолданудың кешiктiрiлуi отандық өндiрушiлерге елеулi нұқсан келтiрсе немесе келтiретiн болса және оның салдарын жою қиынға түскен жағдайда Комитет Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген импорттық тауар көлемiнiң өсуi мен отандық өндiрушiлерге тигiзетiн елеулi нұқсан немесе оның қаупi арасындағы анық себеп-салдарын алдын ала анықтау негiзiнде Қазақстан Республикасының Yкіметіне белгiленген тәртiппен түпкiлiктi қорытынды алу мақсатында сонымен бiр мезгiлде анықтау жүргiзу шартымен уақытша қорғау бажын енгізу туралы ұсыныс жасайды.
28. Мүдделi тұлғалар iстiң материалдарымен және басқа тараптың дәлелдемелерiмен танысу мақсатында тыңдаулар өткізу туралы өтiнiш жасауға құқылы.
29. Мүдделi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықтау кезеңiнде Комитеттiң қабылдаған шешiмдерi мен әрекеттерiне шағымдануға құқылы.
3-тарау. Қорытынды ережелер
30. Қорғау шараларын енгізу, қайта қарау және күшiн жою Комитеттiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы арқылы жүзеге асырылады.
31. Анықтау нәтижелерi бойынша Комитет ?кіметке тиiстi қорытынды бередi.
32. Комитет қорытындысында мiндеттi түрде мынадай ақпарат:
1) анықтау объектiсi болып табылған, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы сыртқы экономикалық қызметi тауар номенклатурасының тоғыз саннан тұратын коды көрсетiлген тауардың сипаттамасы;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған тауар импорты өсуiнiң дәлелдерi;
3) отандық өндірушiлерге елеулi нұқсан келтiрiлуi немесе келтiру қаупiнiң болуының дәлелдерi;
4) отандық өндiрушiлерге елеулi нұқсан келтiру немесе келтiру қаупiнiң болуы мен Қазақстан Республикасының аумағында тауар импортының өсуi арасындағы себеп-салдар байланысының дәлелдерi;
5) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау жөніндегі шаралардың сипаттамасы: импорт квотасын немесе қорғау бажын енгізу арқылы iске асырылатын қорғау шаралары, соның iшiнде уақытша қорғау бажы;
6) ұсынылған шараларды енгізудiң болжалды күнi мен қолданылу мерзiмi, сондай-ақ шаралардың қолданылу кезеңiнде отандық өндiрушiнi шетелдiк бәсекелестiк жағдайында жұмыс iстеуге бейiмдеу жөніндегі отандық өндiрушi атынан өтiнiш иесi әзiрлеген iс-шаралар жоспары немесе анықтау жүргiзу барысында оларды енгізу жергiлiктi мүдделi тұлғалар, Қазақстан Республикасының экономикасына тұтас немесе анықтау объектiсi болып табылатын тауар тұтынушыларының едәуiр бөлiгiнің мүдделерiне қолайсыз тисе, не мемлекеттік маңызы бар өзге де елеулi себептер бойынша жөнсiз болса, шараларды қолданбау туралы ұсыныс болуы тиiс.
33. Егер қорғау шараларының қолданылу мерзiмi үш жылдан асқан жағдайда Комитет осы шара енгiзiлгеннен кейiнгi бiр жарым жылдан кешiктiрмей белгiленген тәртiппен қайта анықтау жүргiзуi тиiс, соның нәтижесiнде қорғау шаралары жойылуы, өзгертiлуi немесе ұзартылуы мүмкiн.
34. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қорғау бажының қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қабылдауына Комитеттiң қорытынды нысанында дайындаған ұсынысы негiз болып табылады.
2-бөлiм. Демпингке қарсы шаралар
1-тарау. Өтiнiштi қарауға қабылдау
35. Демпингке қарсы шара енгізу алдындағы анықтау:
1) отандық өндiрушiнiң немесе отандық өндiрушiлер бiрлестiгi берген демпингке қарсы шараларды қолдану туралы өтiнiшi негiзiнде;
2) демпингтiк тауарды беру арқылы демпинг пен материалдық нұқсан немесе оның қаупi бар екендiгi туралы мәлiмет болған жағдайда Комитет бастамасымен жүргiзiледi.
36. Осы өтiнiш бойынша жазбаша нысанда өз пiкiрiн бiлдiрген отандық өндiрушiлердiң үлесiне Қазақстан Республикасындағы ұқсас тауарлар өндiрiсiнiң жалпы көлемiнiң елу пайызынан артық келуiн Комитеттiң айқындауы отандық өндiрушiлердiң өтiнiшi бойынша демпингке қарсы анықтау рәсiмiн бастаудың мiндеттi шарты болып табылады. Соның iшiнде, осы өтiнiштi қолдаған өндiрушiлердiң өндiрген тауарларының үлесi қазақстандық өндiрушiлердiң өндiрген барлық ұқсас тауарлар көлемiнiң жиырма бес пайызынан астам болуы.
37. Анықтау жүргiзу туралы өтiнiш жазбаша нысанда берiледi. Өтiнiш 3-қосымшада белгiленген нысан бойынша берiледi.
38. Комитет өтiнiште көрсетiлген мәлiметтердi жеткiлiктi деп санаған жазбаша нысандағы өтiнiш қабылданғаны туралы өтiнiш иесiне хабарланған кезде өтiнiш қабылданған болып саналады. Өтiнiшке Ереженiң 4-қосымшасына сәйкес құжаттар қоса берiледi.
39. Егер, демпингке қарсы шараларды енгізу алдындағы анықтау жүргiзу туралы өтiнiштегi мәлiметтер жеткiлiксiз болған жағдайда, Комитет өтінiштi алған күннен бастап он күн мерзiмде бұл туралы өтiнiш иесiне хабарлайды және өз өтiнiшiн толықтыруына немесе өзгертуiне мүмкiндiк беруi тиiс.
40. Өтiнiш иесi бұрын берiлген өтiнiштi толықтырған немесе өзгерткен мәлiмет жiберсе, өтiнiшке енгiзілген толықтырулар немесе өзгертулер қарауға қабылдау күнi Комитетте тiркелген күн болып саналады.
41. Өтiнiш иесi анықтау рәсiмi басталғанға дейiн өтiнiштi қайтарып алуына болады. Мұндай жағдайда өтiнiш берiлмеген болып саналады.
42. Анықтау барысында өтiнiштi қайтарып алса, Комитет өз бастамасымен анықтауды жалғастыруына немесе шара қолданбай, тоқтатуына болады.
43. Өтiнiш берiлгеннен кейiн Комитет өтiнiш қабылданғаннан кейiнгi отыз күн ішінде 4-қосымшаға сәйкес 36-тармақты орындауда, өтiнiшпен қоса берiлген құжаттардың шынайылығы мен бар-жоғын қарайды, сондай-ақ демпингтiк айырманы және демпингтiк тауардың берілу көлемi мен олардан келтiрiлген материалдық нұқсанды айқындайды.
44. Комитет анықтауды жүргiзуден бас тарту туралы шешiм қабылданған күннен бастап он күн мерзiмде анықтауды жүргiзуден бас тарту себептерi мен негiздерiн көрсетiп, бұл туралы өтiнiш иесiне хабарлауы тиiс.
45. Анықтауды жүргiзуден бас тартудың негiздерi:
1) демпингтiк айырма экспорттық бағаның бес пайызынан кем құраса;
2) демпингтiк тауарларды беру көлемi және олар келтiрген материалдық нұқсан болмашы болса, яғни оған қатысты өтiнiш берiлiп отырған елден тауарлардың берiлімi Қазақстандағы барлық ұқсас тауарлар берiлiмiнiң үш пайызынан кем құраса, бұл жағдайдан басқа, өтiнiш берiліп отырған, бiрнеше елдiң жиынтық берiлімiне Қазақстандағы ұқсас тауарлар берiлiмiнің жетi пайызынан астамы келсе;
3) 36-тармақтың орындалмауы.
2-тарау. Анықтау рәсiмi. Комитет пен мүдделi тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi
46. Анықтауды жүргiзудiң басталуы туралы шешiм қабылданған сәттен бастап Комитет алдағы анықтау туралы «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен анықталған ресми басылымдарда хабарлама жариялайды және мүдделi тұлғаларға хабарлама жiбередi.
47. Хабарламада мынадай мәлiметтер болады:
1) анықтау жүргiзетiн орган ретiнде Комитеттiң атауы;
2) демпингке қарсы анықтау нысанасы болатын тауардың атауы, берiлуi және экспортқа шығарушы елдiң немесе елдердiң атауы;
3) анықтау басталатын күн;
4) анықтауды бастаудың негiзi;
5) өтiнiштiң заңдылығын растайтын фактiлердiң қысқаша баяндалуы;
6) iспен танысу, өз пiкiрiн бiлдiру «және мүдделi тұлғалармен кездесулер өткізуге мүмкiндiк алу үшiн мүдделi тұлғалар өз өтiнiштерiн оның шегiнде Комитетке беруi тиiс мерзiмдер;
48. Мүдделi тұлғалар хабарланған сәттен бастап жазбаша түрде мемлекеттік немесе келісім бойынша басқа да тiлде жауап бередi.
49. Анықтау басталғаннан кейiн Комитет мүдделi тұлғаларға сұрау салу жiбередi.
50. Сұрау салуға жауап сұрау салу алынған күннен бастап бiр ай iшiнде жiберiледi.
51. Сұрау салу пошта арқылы жiберiлгеннен кейiнгi жетi күн немесе мүдделi тұлғаның өкiлiне берiлгеннен кейiн алынды деп саналады.
Комитет бұл мерзiмдi бiр айдан аспайтын мерзiмге ұзартуы мүмкiн.
52. Демпингке қарсы анықтау жүргiзу кезiнде Комитет мүдделi тұлғалардан жауабы жiберiлетiн мерзiмi белгiленген қосымша ақпарат сұратуға құқылы.
53. Мүдделi тұлғалар қажеттi деп есептейтiн басқа да кез-келген ақпаратты жазбаша түрде мемлекеттік, орыс немесе келісім бойынша басқа да тiлдерде бередi.
54. Комитет анықтау жүргiзу кезiнде мемлекеттік органдардан кедендiк, салықтық, статистикалық ақпаратты сұрауға құқылы.
55. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа жағдайларда құпия ақпаратты жариялауға, Комитеттiң лауазымдық тұлғалары жеке мақсатында қолдануға болмайды және үшiншi тұлғаға, сондай-ақ өзге мемлекеттік органдарға беруге болмайды.
56. Құпия ақпаратқа мүдделi тұлғалар жазбаша түсiндiрме бередi.
57. Түсiндiрмеде ақпараттың мәнiн түсiндiретiндей жеткiлiктi ақпарат болуы тиiс. Айрықша жағдайларда, құпия емес ақпаратты беру мүмкiн еместiгi жөнiнде себептерi болуы тиiс.
58. Анықтау нысанасы бойынша алынатын ақпарат жазбаша нысанда қабылданады.
59. Комитет, демпинг пен материалдық нұқсан немесе оны келтiру қаупiнiң бар екендiгi алдын ала анықталғаннан кейiн, уақытша демпингке қарсы шаралар қолдану ниетi туралы барлық мүдделi тұлғаларға және олардың елдерiнің ресми органдарына хабарлама жiбередi.
60. Хабарлама жiберiлгеннен кейiнгi жиырма күн iшiнде анықтауға тартылған мүдделi тұлғалар уақытша демпингке қарсы шаралар енгізудің негiзiне қатысты жазбаша ескертулерiн жiберуге құқылы.
61. Комитет анықтау жүргiзу кезiнде ескертулердi назарға алуға не қабылдамауға құқылы.
62. Қазақстан Республикасының Үкіметі демпингке қарсы шараларды қолдану не олардың қолданылуын тоқтату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн Комитет анықтау объектiсi болып отырған тауарлар шыққан елдерiнiң уәкiлеттi органдарына қабылданған шешiм туралы хабарлама жiбередi.
63. Анықтау жүргiзу кезiнде Комитет мүдделi тұлғалардың өтiніші бойынша анықтау материалдарын талдау, қосымша ақпарат ұсыну үшiн оларға қарама-қарсы мүддесi бар тараптармен кездесу мүмкiндiгiн жасауға мiндеттi.
64. Комитет кездесу өткеннен кейiнгi он күн ішінде ол жазбаша түрде расталғанынан кейiн ауызша ақпаратты назарға алады.
65. Әлде бiр мүдделi тұлғалардың мұндай кездесулерге қатыспауы анықтау жүргiзу кезiнде олардың мүдделерiне материалдық нұқсан келтiрмеуi тиiс.
66. Мүдделi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, анықтау кезеңiнде қабылданған Комитеттiң шешiмi мен iс-әрекеттерiне шағымдануға құқылы.
3-тарау. Бағалар бойынша мiндеттемелер
67. Оған қатысты демпингтiң салдарын жоятын анықтау жүргiзiлетiн тауардың демпингтiк бағаны қайта қарау немесе Қазақстанға әкелудi тоқтату туралы тауар берушiнiң ерiктi түрде өзiне алған жазбаша нысанда мiндеттемесi қабылданған жағдайда, демпингке қарсы шаралар енгізу алдындағы анықтау тоқтатыла тұруы немесе уақытша демпингке қарсы баждар немесе демпингке қарсы баждар енгізусiз тоқтатылуы мүмкiн.
68. Баға туралы мiндеттеменi Комитет ұсынады.
69. Берушi өзiне мұндай мiндеттемелердi қабылдауға мәжбүр етiлмейдi.
70. Бағалар жөнiнде мiндеттемелер Комитет демпинг пен материалдық нұқсан немесе материалдық нұқсан келтiру қаупiнiң бар екендiгi туралы алдын ала расталған қорытынды шығарғаннан кейiн қабылданады.
71. Комитет берушiге хабарлауы тиiс берушi ұсынған мiндеттеме, жеткізушiлер санының көп болуы себебiнен не басқа да себептермен, соның iшiнде жалпы саяси себептердi қоса алғанда, iс жүзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн болмаса, қабылданбайды.
72. Берушi баға жөнiнде қабылданған мiндеттеменi жауапты орындаса, Комитет анықтауды тоқтатуға құқылы.
73. Анықтауды жалғастыру:
1) мiндеттеме қабылдаған берушi жалғастыруды талап етсе;
2) Комитет бастамасымен жүзеге асырылады.
74. Демпингтiң немесе материалдық нұқсанның болмауы баға жөніндегі қабылданған мiндеттеме салдары екендiгiн қоспаған жағдайда, демпингтiң немесе материалдық нұқсан немесе оның қаупi болмауы туралы шешiм қабылданғаннан кейiн осы Ереженiң 67-тармағында көрсетiлген мiндеттеме өздiгiнен күшiн жояды.
75. Баға жөнiнде мiндеттеме қабылданғаннан кейiн, бұл туралы Комитет ақпараттың құпиялылығын сақтай отырып, барлық мүдделi тұлғаларға хабарлама жiбередi.
76. Комитет осы Ереженiң 67-тармағында көрсетiлген, мiндеттемесi ресми түрде қабылданған берушiден оның орындалуы туралы ақпаратты берiп тұруын талап етуi мүмкiн.
Мұндай ақпаратты беруден бас тарту мiндеттеменi бұзу деп қаралады.
77. Комитет көрсетiлген мiндеттеменiң орындалуы туралы алынған ақпаратты тексерудi жүзеге асыруға құқылы. Комитетке бақылауды жүзеге асыру кезiнде берушiнiң баға жөніндегі мiндеттемесiн орындауы туралы ақпарат беруiне кеден органдары көмек көрсетедi.
4-тарау. Қорытынды ережелер
78. Демпингке қарсы шараларды енгізу, қайта қарау және күшiн жоюды Комитеттiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы арқылы жүзеге асырылады.
79. Анықтау нәтижелерi бойынша Комитет Үкiметке тиiстi қорытынды бередi.
80. Комитеттiң қорытындысында мiндеттi түрде мынадай ақпарат болуы тиiс:
1) анықтау объектiсi болып табылған, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы сыртқы экономикалық қызметi тауар номенклатурасының тоғыз саннан тұратын коды көрсетiлген тауардың сипаттамасы;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған демпингтiк тауар импорты өсуiнiң дәлелдерi;
3) ұқсас тауарлардың отандық өндiрушiлерге елеулi нұқсан келтiрiлуi немесе зиян келтiру қаупiнің болуы дәлелдерi;
4) отандық өндiрушiлерге материалдық нұқсан келтiрiлуi мен осындай демпингтiк тауар импортының арасындағы себеп-салдар байланысының дәлелдерi;
5) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау жөніндегі шаралардың сипаттамасы: демпингке қарсы бажды, соның iшiнде уақытша демпингке қарсы баждар енгізу арқылы iске асырылатын демпингке қарсы шаралар не мiндеттемелердi қабылдау;
6) ұсынылған шараларды енгізудiң болжалды күнi мен қолданылу мерзiмi, сондай-ақ шаралардың қолданылу кезеңiнде отандық өндiрушiнiң шетелдiк бәсекелестiк жағдайында жұмыс iстеуге бейiмдеу жөніндегі отандық өндiрушi атынан өтiнiш иесi әзiрлеген iс-шаралар жоспары немесе анықтау жүргiзу барысында оларды енгізу жергiлiктi мүдделi тұлғалар, Қазақстан Республикасының экономикасына тұтас немесе анықтау объектiсi болып табылатын тауар тұтынушыларының едәуiр бөлiгiнің мүдделерiне қолайсыз тисе, не мемлекеттік маңызы бар өзге де елеулi себептер бойынша жөнсiз болса, шараларды қолданбау туралы ұсыныс болуы тиiс.
81. Анықтау жүргiзу мерзiмi тоғыз айдан асырылмайды.
82. Демпингке қарсы бажды қолдануды жалғастыру қажеттiлiгiн анықтау мақсатындағы қайта анықтау, осы Ережеде белгiленген тәртiпке сәйкес, демпингке қарсы бажды қолдану мерзiмiнiң аяқталуына дейiн қырық бес күннен кешiктiрiлмей, Комитет бастамасымен немесе мүдделi тұлғалар өтiнiшiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
83. Демпингтiң, материалдық нұқсанның бар екендiгiн және олардың арасындағы себеп-салдар байланысын айқындау Комитеттiң қорытындысымен аяқталады.
84. Үкiметке:
1) демпингке қарсы анықтауды шаралар қолданбай аяқтауы туралы;
2) экспортшылар және (немесе) өндiрушiлер баға жөніндегі мiндеттеме қабылдағаны туралы;
3) демпингке қарсы бажды енгізу туралы қорытынды жiберiледi.
85. Комитет демпингке қарсы шараларды енгiзбей анықтауды тоқтатуға негiздер:
1) демпинг немесе материалдық нұқсан немесе оны келтiру қаупiнің болуына жеткiлiктi дәлелдердiң болмауы;
2) демпингтiк айырма экспорттық бағадан бес пайыздан кем болса немесе демпингтiк импорттың көлемi (нақты немесе ықтимал) немесе материалдық нұқсан мөлшерi немесе оны келтiру қаупiнiң болмашы болуы. Комитет демпингке қарсы шара енгiзбей анықтауды тоқтату туралы хабарламаны ресми басылымдарда жариялайды.
86. Демпингке қарсы бажды қолдану мерзiмiн ұзарту туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінiң шешiмiн қабылдауға Комитеттің қорытынды нысанында дайындаған ұсынысы негiз болады.
3-бөлiм. Өтем шаралары
1-тарау. Өтiнiштi қарауға қабылдау
87. Өтем шараларын енгізу алдындағы анықтау:
1) отандық өндiрушiнің немесе өндiрушілер бiрлестiгi берген өтем шараларын қолдану туралы өтiнiшi негiзiнде;
2) ерекше субсидияның болуы және шет мемлекет субсидиялаған (шет мемлекеттер одағы) импорт тауарларын беруде материалдық нұқсан немесе оны келтiру қаупi және олардың себеп-салдар байланысының болуы жөнiнде жеткiлiктi дәлелдер болған жағдайда Комитет бастамасымен жүргiзiледi.
88. Отандық өндiрушiлердің өтiнiшi бойынша өтiнiш берушi отандық өндiрушілердің үлесiне ұқсас тауар өндiрiсi көлемiнің елу пайыздан артық келуiн Комитеттің айқындауы өтем шараларын енгізу туралы анықтау рәсiмiн бастаудың міндеттi шарты болып табылады. Соның iшiнде, осы өтiнiштi қолдаған өндiрушiлердің өндiрген тауарларының үлесi отандық өндiрушiлер өндiрген барлық ұқсас тауарлар көлемiнің жиырма бес пайызынан астам болуы.
89. Анықтау жүргiзу туралы өтiнiш жазбаша нысанда берiледi. Өтiнiш 5-қосымшада белгiленген нысан бойынша берiледi.
90. Комитет өтiнiште көрсетiлген мәлiметтердi жеткiлiктi деп санаған жазбаша нысанда өтiнiш қабылданғаны туралы өтiнiш иесiне хабарланған кезде өтiнiш қабылданған болып саналады. Өтiнiшке Ереженің 6-қосымшасына сәйкес құжаттар қоса беріледi.
91. Егер өтем шараларын енгізу алдындағы анықтау жүргiзу туралы өтiнiштегi мәлiметтер жеткiлiксiз болған жағдайда, Комитет өтiнiштi алған күннен бастап он күн мерзiмде бұл туралы өтiнiш иесiне хабарлайды және өз өтiнішін толықтыруына немесе өзгертуiне мүмкiндiк беруi тиiс.
92. Өтiнiш иесi бұрын берілген өтiнiштi толықтырған немесе өзгерткен мәлiмет жiберсе, өтiнiшке енгiзiлген толықтырулар немесе өзгертулер қарауға қабылданған күнi Комитетте тiркелген күн болып саналады.
93. Өтiнiш берiлгеннен кейiн Комитет өтiнiш қабылданғаннан кейiнгi екi ай iшiнде 6-қосымшаға сәйкес 88-тармақты орындауда, өтiнiшпен қоса берiлген құжаттардың шынайылығы мен бар-жоғын қарайды, сондай-ақ субсидия мөлшерiн және шет мемлекет субсидиялаған (шет мемлекеттер одағы) тауар импортының көлемiн белгiлейдi.