21-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану және жүзеге асыру
Осы Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді:
1) 1-тармақтың 1), 2), 3) және 7) тармақшалары бойынша - қылмыстық істі жүргізіп жатқан органдар;
2) 1-тармақтың 4), 5) және 6) тармақшалары бойынша - соттар;
3) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшалары бойынша - қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;
4) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы бойынша - жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;
5) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 6) тармақшасы бойынша - уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;
6) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 7) тармақшасы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен және денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар жүзеге асырады.
Әскери соттардың судьяларына, прокурорларға, әскери полиция органдарының, әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілеріне, сол сияқты олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысты қауіпсіздік шараларын тиісті әскери бөлімнің қолбасшылығы немесе тиісті әскери мекеменің бастығы да жүзеге асыра алады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын және қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға осы Заңның нормаларын орындауға өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетуге міндетті.
Қылмыстық іс одан әрі тергеп-тексеру үшін басқа қылмыстық қудалау органына берілген кезде қорғалатын адамның қауіпсіздігі шараларын іске асыруды істі өзінің іс жүргізуіне қабылдаған орган жүзеге асырады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 21-1-баппен толықтырылды; 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 21-1-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21-1-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
1. Қорғалатын адамдар болып табылатын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігі Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери қызмет, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатарындағы қорғалатын адамға қатысты тиісті мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметшіні Қарулы Күштердің, әскери қызмет көзделген басқа мемлекеттік органның басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басқа әскери бөліміне;
2) әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан, қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатері төнуі мүмкін әскери қызметшіні Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқа әскери бөліміне;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік орган қызметкерін өзі қызмет өткеріп жатқан орган құрамындағы жаңа қызмет орнына не өзге арнаулы мемлекеттік органға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органының қызметкерін өзі қызмет өткеріп жатқан орган құрамындағы жаңа қызмет орнына не өзге құқық қорғау органына, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөліміне ауыстыру да (іссапарға жіберу де) қолданылуы мүмкін.
3. Ауысу кезінде әскери қызметші, қызметкер негізгі немесе бір бейінді мамандығы бойынша пайдаланылуы қамтамасыз етіле отырып, тең немесе жоғары тұрған лауазымға тағайындалады.
4. Қорғалатын адамды ауыстыру (іссапарға жіберу) оның жазбаша түрде білдірген келісімімен жүзеге асырылады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 21-2-баппен толықтырылды; 2009.10.07 № 177-IV ҚР Заңымен 21-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 21-2-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21-2-бап. Күзетпен ұсталынатын немесе жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Күзетпен ұсталынатын немесе қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеу орындарындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігі оған қатысты осы Заңның 7-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген қауіпсіздік шаралары не Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген өзге де шаралар қолданылып қамтамасыз етіледі.
Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
1) қорғалатын адамды немесе қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатерін төндіретін адамды күзетпен ұстайтын және жазаны өтейтін бір орыннан екіншісіне ауыстыру да;
2) қорғалатын адамды және қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатерін төндіретін адамды бөлек ұстау да қолданылуы мүмкін.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22-бап Қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері
Қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғалатын адамға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде мемлекеттік қорғауға жататын адамның ауызша (жазбаша) өтінішінің негізінде немесе өз бастамасы бойынша қауіпсіздік шараларын қабылдайды.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 23-бап өзгертілді; 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану тәртібі
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган мемлекеттік қорғауға жататын адамнан өзіне қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы ауызша (жазбаша) өтінішті алған соң не нақты қатер туралы куәландыратын жеткілікті деректер келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген өтінішті немесе келіп түскен деректерді тексеруге және оны (оларды) алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды қолданудан бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті.
Мемлекеттік қорғауға жататын адамға тиісті қаулының көшірмесі табыс етіле отырып, ол қабылданған шешім туралы дереу хабардар етіледі.
Кідіртуге болмайтын жағдайларда қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім дереу қабылданады.
2. Қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартуға не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулыға сотқа немесе прокуратураға шағым жасалуы мүмкін. Шағым дереу қаралуға жатады.
3. Судья немесе прокурор қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартқан не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулы қабылдаған жағдайда шағым жоғары тұрған соттың немесе прокурордың дереу қарауына жатады.
4. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулыны алған соң осы Заңда көзделген жеке қауіпсіздіктің қажетті шараларын таңдайды, оларды қолдану мерзімдері мен тәсілдерін айқындайды, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.
5. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің таңдап алынған шаралары, оларды өзгерту, толықтыру және қолдану нәтижелері туралы қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органға хабар береді.
6. Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адаммен қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар айқындаған тәртіппен, осы Заңға сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдану шарттары, тараптардың өзара міндеттемелері мен жауаптылығы туралы жазбаша түрде шарт жасасады. Қолданылатын қауіпсіздік шаралары қорғалатын және басқа да адамдардың зейнетақымен қамсыздандырылу, тұрғын үй, еңбек және өзге де құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс.
7. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адамды ішкі орнықтылықтың бұзылуын болғызбауға, қауіпсіздік шараларын қолдануға байланысты жайлы әлеуметтік-психологиялық жағдайлар жасауға, қылмыстық процеске қатысуға байланысты әлеуметтік зиянды салдарды барынша азайтуға бағытталған психологиялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді.
Соттан басқа, қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларының қабылдануына қарамастан, қылмыстық процеске қатысушы адамға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін негіздер болған кезде оны жүргізуге міндетті.
8. Кәмелет жасқа толмағандарға немесе өздерінің дене немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтары мен мүдделерін өз бетінше іске асыру мүмкіндігінен айырылған адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану олардың заңды өкілдері тартыла отырып жүзеге асырылады. Заңды өкілдердің осы Заңда көзделген шектерде өздері өкілдік ететін жеке тұлғалардың құқықтары сияқты құқықтары бар.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 247-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешімдерді орындаудың міндеттілігі
1. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың өз құзыретіне сәйкес қабылдаған шешімдері, олардың атына жіберілген атқарушы органдардың, мекемелердің, ұйымдардың лауазымды адамдарының орындауы үшін міндетті.
2. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың лауазымды адамдары мен басқа да жұмыскерлері өздеріне осы Заңмен жүктелген міндеттерді шешуде мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдарға жәрдем көрсетуге міндетті және көрсетілген органдар мен олардың өкілдеріне өз құзыреті шегінде қызметін жүзеге асыруына кедергі жасауға құқылы емес.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары
Қорғалатын адамдардың:
1) өздеріне, өздерінің отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы білуге;
2) қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдарға осы Заңның 7-бабында санамаланған нақты қауіпсіздік шараларын өздеріне қатысты қолдану немесе қолданбау не олардың күшін толық жою туралы өтінішхат беруге;
3) қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағым жасауға;
4) осы Заңда көзделген қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану не олардың күшін жою туралы өтінішпен жүгінуге құқығы бар.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26-бап. Қорғалатын адамдардың міндеттері
Қорғалатын адамдар:
1) өздеріне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның заңды талаптарын орындауға;
2) өздеріне қатысты қатер төнген әрбір жағдай немесе құқыққа қарсы әрекеттердің фактілері туралы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органға дереу хабар беруге;
3) қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өздеріне берілген мүлікті күтіп-ұстауға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе қасақана бүлдірген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болуға;
4) өздеріне қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария етпеуге;
5) қажет болған кезде жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, техникалық құралдарды және қаруды пайдалануды оқып-үйренуге міндетті.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың құқықтары мен міндеттері
1. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдардың:
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы өтініштер немесе деректер бойынша қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардан, жеке тұлғалардан және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, заңды тұлғалардан сұратуға және олардан алуға;
2) іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізуге немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қажетті тапсырмалар беруге құқығы бар.
2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың:
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) қорғалатын адамға қатысты қажетті жеке қауіпсіздік шараларын таңдап алуға, оларды қолдану тәсілдері мен мерзімдерін айқындауға, қолданылатын жеке қауіпсіздік шараларын қажет болған кезде өзгертуге және толықтыруға;
2) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданған қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;
3) қорғалатын адамнан қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын сақтауды, аталған шараларды қолдануға байланысты заңды өкімдерді орындауды талап етуге;
4) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдарға қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды тоқтату туралы ұсыныспен өтініш беруге;
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) заңда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге;
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6) осы Заңда көзделген жағдайларда қорғалатын адамдардың жеке қауіпсіздігі шараларының күшін жоюға құқығы бар.
3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар:
1) қауіпсіздік шараларын қолдануды қажет ететін, өздеріне белгілі болған әрбір оқиғаға жедел ден қоюға;
2) қорғалатын адамға қатысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға;
3) қорғалатын адамдарды қауіпсіздігіне төнген қатер туралы, оларға қатысты осы Заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану туралы, өзгерту немесе қолдануды тоқтату туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шешімдер қабылдау туралы уақтылы хабардар етуге;
4) қауіпсіздік шараларын қолдану (қолданудан бас тарту) туралы қаулымен таныстырған кезде қорғалатын адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Қауіпсіздік шараларының күшін жою
1. Қауіпсіздік шараларының күші қорғалатын адамға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері жойылған, қорғалатын адам осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көрсетілген шартты жасасудан бас тартқан немесе қорғалатын адам осы шарттың талаптарын орындамаған жағдайларда не егер қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган объективті деп таныған өзге де негіздердің туындауына орай қауіпсіздік шараларын одан әрі қолдану мүмкін болмаса, жойылады.
2. Қауіпсіздік шараларының күші Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және осы Заңда көзделген тәртіппен, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның уәкілетті лауазымды адамының уәжді қаулысымен немесе соттың үкімімен жойылады.
3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы жазбаша өтініші немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның олардың күшін жою туралы өтінішхаты үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралады. Қабылданған шешім туралы қаулы шығарылады, ол шығарылған күні қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органға жіберіледі, сондай-ақ өзіне қатысты көрсетілген қаулы шығарылған адамға табыс етіледі.
4. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларын жалғастыру туралы мәселені шеше отырып, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан не үкім шығарылған кезде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың уәкілетті лауазымды адамдары жеке қауіпсіздік шараларының күшін жою үшін кейіннен негіздер туындаған жағдайларда, кейіннен прокурорды хабардар ете отырып, өз қаулысымен жеке қауіпсіздік шараларының күшін жоюға құқылы. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қорғалатын адамның жеке қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы өтініші келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде қаралады. Оны қарау нәтижелері туралы тиісті қаулы шығарылады, оның көшірмесі кейіннен прокурор хабардар етіле отырып, өтініш берушіге табыс етіледі.
5. Қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулыға Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және осы Заңның 23-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
28-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуші органдардың қорғалатын адамдарға қатысты қауiпсiздiк шараларының қолданылмауына немесе оның ойдағыдай жүзеге асырылмауына кiнәлi лауазымды адамдары не атына қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдардың шешiмдерi жолданған атқарушы органдардың, мекемелердiң лауазымды адамдары оларды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапқа тартылады.
Мәлiметтерге қатысты сенiм бiлдiрiлген немесе осы мәлiметтер олардың лауазымдық қызметiне байланысты өздерiне белгiлi болған адамдар жүзеге асырылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы жария еткен жағдайда заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.
4-тарау. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық қамтамасыз ету.
Әлеуметтік қорғау шаралары
2004.20.12 № 13-III Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
29-бап. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Қауіпсіздік шараларын қолдануға байланысты шығыстарды қорғалатын адамға жүктеуге болмайды.
Тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстыруға, сондай-ақ сырт пішінін өзгертуге байланысты жәрдемақылар төлеу мен шығыстарды өтеуді қауіпсіздікті қамтамасыз ететін орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
30-бап. Қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайдағы әлеуметтiк кепiлдiктер
Әлеуметтік қамсыздандырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін адамдардан басқа, қорғалатын адамдарға олардың қылмыстық процеске қатысуына байланысты өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтірілген жағдайда бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік кепілдіктер қорғалатын адамға нұқсан келтіруге кінәлі адамнан осы қаражат кейіннен өндіріп алына отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтiк кепiлдiктердi төлеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртібі
Осы Заң 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |