Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі
N 72-ІІ Заңы
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң қылмыстық процеске құқыққа қарсы араласудың жолын кесу мақсатында, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының өмiрiн, денсаулығын, мүлкiн, заңды құқықтарын, мүдделерiн мемлекеттiк қорғау, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шараларының жүйесiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттiк қорғауды қамтамасыз ету
Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарын мемлекеттiк қорғауды қамтамасыз ету - аталған адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне нақты қол сұғу қаупi төнген кезде қолданылатын, уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың осы Заңда көзделген қауiпсiздiк, құқықтық және әлеуметтiк қорғау шараларын (бұдан әрi мемлекеттiк қорғау шаралары) жүзеге асыруынан тұрады.
2-бап. Қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдар
Қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгiн:
1) қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiм қабылдаушы орган;
2) қауiпсiздiк шараларын жүзеге асырушы орган қамтамасыз етедi.
3-бап. Мемлекеттiк қорғауға жататын адамдар
Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңға сәйкес:
1) судьялар;
2) қосшы билер;
3) прокурорлар;
4) тергеушiлер;
5) анықтаушылар;
6) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы адамдар;
7) қорғаушылар;
8) сарапшылар;
9) мамандар;
10) сот отырыстарының хатшылары, сот приставтары;
11) жәбiрленушiлер;
12) куәлер;
13) сезiктiлер;
14) айыпталушылар;
15) аудармашылар;
16) куәгерлер;
17) заңды өкiлдер, өкiлдер;
18) азаматтық талапкерлер, азаматтық жауап берушiлер;
19) осы баптың 1) - 18) тармақшаларында аталған адамдардың отбасы мүшелерi, жақын туыстары мемлекеттiк қорғауға жатады.
Осы бапта аталған, өздерiне қатысты белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қорғау шараларын қолдану туралы шешiм қабылданған адамдар бұдан әрi "қорғалатын адамдар" деп аталады.
4-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қорғалу құқығының пайда болуы
Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не өзге де құқыққа қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытудың жеткiлiктi негiздерi болған кезде, қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, ар-намысын, қадір-қасиетiн және мүлкiн қорғау үшiн осы Заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.
5-бап. Мемлекеттiк қорғаудың түрлерi
Осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiне сәйкес қорғалатын адамдар:
1) қорғалатын адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мақсатында уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қауiпсiздiк шараларын қолдануымен, сондай-ақ олардың мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етумен;
2) құқықтық қорғау шараларымен, соның iшiнде олардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қол сұғушылық үшiн қылмыстық жауапкершiлiктi көздейтiн шараларды қолданумен;
3) олар қаза болған (өлген), олардың денесiне жарақат салынған немесе денсаулығына басқа да зиян келтiрiлген, мүлкi жойылған немесе бүлдiрiлген жағдайда осы Заңмен белгiленген материалдық өтемге құқығын iске асыруды көздейтiн әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асырумен қамтамасыз етiледi.
6-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiндегi прокурорлық қадағалау
Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдардың қолданылуын қадағалау Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және оған бағынышты прокурорларға жүктеледi.
2-тарау. Қауіпсіздік шаралары
7-бап. Қауiпсiздiк шараларының түрлерi
Қорғалатын адамдардың жеке және мүлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде немесе соттың iстi қарауы барысында қылмыстық процестi жүргiзушi орган нақты мән-жайларды ескере отырып, мынадай iс жүргiзу және өзге де қауiпсiздiк шараларын қолдануға құқылы:
1) күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескертуге;
2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеуге;
3) айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қылмыстық процеске қатысушы адамдарға күш қолдануды ұйымдастыру немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдап алуға;
4) жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберуге;
5) соттың жабық отырысын өткiзуге;
6) соттың куәден - бүркеншiк атын пайдалана отырып, оның жеке басы туралы мәлiметтердi жарияламай;
оны танып қоюды болдырмайтын жағдайларда;
сот талқылауына басқа да қатысушылардың оны сырттай шолып байқауынсыз;
қажет болғанда бейне, дыбыс жазуға және жауап алу барысын түсiрiп алудың өзге де тәсiлдерiне тыйым сала отырып жауап алуына;
7) жеке күзетуге, тұрғын үйiн және өзге де мүлкiн күзетуге;
8) белгiленген тәртiпте қарумен, жеке қорғану құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз етуге;
9) қауiпсiз орынға уақытша орналастыруға;
10) қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге;
11) басқа тұрғылықты жерге көшiруге, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыруға, жұмысқа орналасуына көмектесуге;
12) құжаттарды ауыстыруға;
13) сырт пiшiнiн өзгертуге.
Осы бапта көзделген қауiпсiздiк шараларын iске асыру мақсатында "Жедел-iздестiру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-iздестiру шаралары жүргiзiлуi мүмкiн.
8-бап. Күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескерту жасау
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 112-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне қол сұғу қатерiн айғақтайтын деректер анықталған кезде қылмыстық процестi жүргiзушi орган күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескерту жасайды. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган жасаған ескерту адамға қолхат алынып хабарланады.
9-бап. Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу
Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу қылмыстық іс материалдарынан адамның сауалнамалық деректері туралы мәлiметтердi алу мен оларды негiзгi жүргiзiлiп жатқан iстен бөлек сақтаудан, сондай-ақ бұл үшiн бүркеншiк атты пайдаланудан тұрады.
10-бап. Айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгін болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдап алу
Айыпталушы (сезiктi) тарапынан қатер төнген жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес соңғыға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдап алуға құқылы, ол туралы дәлелдi қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi оның шығарылуына қатысы бар адамға табыс етiледi.
Қабылданған шешiм туралы қорғалатын адам хабардар етiледi.
Бұлтартпау шаралары өзгерген немесе айыпталушы (сезiктi) қашып кеткен жағдайда қорғалатын адам дереу хабардар етiлуге тиiс.
11-бап. Жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу
Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде тiкелей көзделген реттерде төрағалық етушi жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберуге құқылы.
12-бап. Соттың жабық отырысын өткiзу
Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi. Соттың iстi жабық талқылауына соттың дәлелдi қаулысы бойынша жол берiледi.
13-бап. Соттың куәден жауап алуы
Соттың куәден жауап алуы оның жеке басы туралы деректердi жария етпей бүркеншiк атты пайдалана отырып, сондай-ақ сотта айыпталушы тараптың куәсiнен жауап алу айыпталушыны, қорғаушы тараптың өкiлдерiн сот отырысы залынан шығарып жiберген соң жүргiзiлуi мүмкiн.
Қажет болған жағдайларда қорғалатын адамнан жауап алу оның танылып қалуын болдырмайтын жағдайда жүргiзiледi. Осы мақсатта бетперде, бет бояу, қорғалатын адамның дауысын өзгертуге арналған аппарат және заңға қайшы келмейтiн өзге де қорғау тәсiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.
Қорғалатын адамнан процеске басқа қатысушылардың сырттай бақылауынсыз жауап алу бейне және басқа техникалық құралдар, перде, қорғағыш экран көмегi қолданыла отырып, процеске қатысушылардың құпиялылықты сақтау туралы алдын ала ескертiлген шектеулi тобының қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн.
Қажет болған жағдайда төрағалық етушi сот талқылауы барысында куәден жауап алуды түсiрiп алудың бейне, дыбыс жазу және өзге тәсiлдерiн қолдануға тыйым сала алады.
Сот қолданылған қауiпсiздiк шаралары туралы дәлелдi қаулы шығарады.
14-бап. Жеке күзет, тұрғын үй мен өзге де мүлiктi күзету
Қорғалатын адамдардың өмiрiне не денсаулығына немесе мүлкiне қол сұғу қатерi бар екендiгiн айғақтайтын деректер анықталған кезде, қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдар олардың келiсiмiмен сол адамдарды жеке күзетудi, олардың тұрғын үйлерi мен мүлiктерiнiң күзетiлуiн жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда өртке қарсы және күзеттiк дабылдатқыш құралдары орнатылады, телефон нөмiрлерi мен пайдалануындағы көлiк құралдарының мемлекеттiк тiркеу белгiлерi өзгертiлуi мүмкiн.
15-бап. Қарумен, жеке қорғану құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету
Қорғалатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнген қатер дәрежесiн ескере отырып, қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдар белгiленген тәртiппен аталған адамдарға қару, жеке қорғанудың арнаулы құралдарын және оларға қатысты болуы мүмкiн құқыққа қарсы қолсұғушылықты тiркеу және қауiп туралы хабар беру үшiн техникалық құралдар бере алады.
Қорғалатын адамдарға берiлген қаруды олардың сақтауы, алып жүруi және қолдануы "Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
16-бап. Қауiпсiз орынға уақытша орналастыру
Қажет болған жағдайда кәмелеттiк жасқа толған қорғалатын адамдар олардың келiсiмiмен, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдердiң келiсiмiмен өздерiне қауiпсiздiк қамтамасыз етiлетiн орындарға орналастырылуы мүмкiн.
Ол жерде болу мерзiмi қорғалатын адамдар мен қорғауды қамтамасыз етушi орган арасында келiсiледi.
17-бап. Қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету
Қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органның шешiмi бойынша сол орган белгiлейтiн мерзiмге қорғалатын адамдардың жеке басы, тұрғылықты жерi туралы деректердiң және мекен-жай бюроларынан, төлқұжат қызметтерiнен, жол полициясы бөлiмшелерiнен, автоматты телефон байланысының анықтама қызметтерiнен және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан басқа да ақпараттық-анықтамалық қорлардан олар жөнiнде өзге де мәлiметтердiң, мұндай мәлiметтер қылмыстық iс жүргiзуге байланысты белгiленген тәртiппен анықталатын реттердi қоспағанда, берiлуiне тыйым салынуы мүмкiн.
18-бап. Басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу
Қорғалатын адамдардың келiсiмiмен не олардың өтiнiшi бойынша олар басқа, уақытша немесе тұрақты жұмысқа (қызметке), немесе оқу орнына ауыстырылуы, басқа, уақытша немесе тұрақты тұрғылықты жерге көшірілуі мүмкiн.
Жергiлiктi атқарушы органдар қорғалатын адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге мiндеттi.
19-бап. Құжаттарды ауыстыру
Қорғалатын адамдардың өтiнiшi бойынша немесе олардың келiсiмiмен оларға өзгертiлген сауалнама деректермен жеке басын куәландыратын құжаттар және өзге де құжаттар берiлуi мүмкiн.
Жаңа сауалнамалық деректер қорғалатын адаммен мiндеттi түрде келiсiле отырып таңдап алынады немесе оларды оның өзi таңдап алады, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар үшiн - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен таңдап алынады.
20-бап. Сырт пiшiнiн өзгерту
Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiн басқа шаралармен қамтамасыз етуге болмайтын ерекше жағдайларда оның өтiнiшi бойынша немесе оның келiсiмiмен оның сырт пiшiнi өзгертiлуi мүмкiн.
3-тарау. Қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері мен тәртібі.
Қорғалатын адамдардың және қауіпсіздікті қамтамасыз етуші
органдардың құқықтары мен міндеттері
21-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану мен жүзеге асыру
Осы Заңның 7-бабында көзделген қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз етудi:
1) 1), 2), 3), 7), 8), 9) және 10) тармақшалар бойынша - қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан органдар;
2) 12) тармақша бойынша - iшкi iстер органдары;
3) 4) 5) және 6) тармақшалар бойынша - соттар;
4) 13) тармақша бойынша - қажет болған жағдайда денсаулық сақтау iстерi жөнiндегi мемлекеттiк органмен бiрлесе отырып, қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан орган;
5) 11) тармақша бойынша - жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан орган жүзеге асырады.
Әскери соттардың судьяларына, прокурорларға, әскери полицияның, әскери-тергеу бөлiмшелерiнiң әскери қызметшiлерiне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты қауiпсiздiк шараларын тиiстi әскери бөлiмнiң қолбасшылығы немесе тиiстi әскери мекеменiң бастығы да жүзеге асыра алады.
Жергілiктi атқарушы органдар, өз құзыреттерi шегiнде, қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiм қабылдаушы және қауiпсiздiк шараларын жүзеге асырушы органдарға осы Заңның нормаларын орындауда жәрдем көрсетуге мiндеттi.
22-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану негiздерi
Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, қорғалатын адамдарға қатысты нақты қатер төнгендiгiн айғақтайтын деректер жеткiлiктi болған кезде, олардың ауызша (жазбаша) өтiнiштерi негiзiнде немесе өз бастамасы бойынша қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолданады. Бұл туралы дәлелдi қаулы шығарылады.
23-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртiбi
Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгiне нақты қатер төнгенi туралы осы Заңның 22-бабында аталған өтiнiштi алған соң, оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей, аталған адамға қатысты қауiпсiздiк шараларын қолдану не одан бас тарту туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
Кiдiртуге болмайтын жағдайларда дереу қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiм қабылданады.
Қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi орган қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы нақты адамға қатысты нақты қауiпсiздiк шаралары мен оларды қолдану мерзiмдерi көрсетiлген қаулы шығарады. Қабылданған шешiм туралы, тиiстi қаулының көшiрмесi жолдана отырып, өтiнiш бiлдiрушi дереу хабарландырылады.
Қорғалатын адамның қауiпсiздiгi мақсатында оған орындалуы мiндеттi нұсқама берiледi. Қорғалатын адамның өтiнiшi бойынша нұсқамаға өзгерiстер тек қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органның келiсiмiмен ғана енгiзiлуi мүмкiн.
Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тартылса, қорғалатын адам сотқа немесе прокурорға шағымдана алады. Шағым дереу қаралуға тиіс.
Қолданылатын қауiпсiздiк шаралары қорғалатын және басқа да адамдардың тұрғын үй, еңбек, зейнетақы және өзге де құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
Қауiпсiздiк шараларының қолданылғанына қарамастан, соттан басқа, қылмыстық процестi жүргiзушi орган, бұған негiздер болған кезде, қылмыстық процеске қатысушы адамға қатысты қылмыстық заңмен тыйым салынған iс-әрекет жасау қатерiнiң байқалуына байланысты қылмыстық iс қозғауға мiндеттi.
24-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiмдердi орындаудың мiндеттiлiгi
Қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерiн, бұл шешiмдер өз аттарына жiберiлген атқарушы органдардың, мекемелердiң, ұйымдардың лауазымды адамдары мiндеттi түрде орындауға тиiс.
25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары
Мемлекеттiк қорғалуға жататын адамдардың:
1) өздерiне қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы бiлуге;
2) осы Заңның 7-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған нақты қауiпсiздiк шараларын өздерiне қатысты қолдану немесе қолданбау туралы өтiнуге;
3) қауiпсiздiк шараларын жүзеге асырушы лауазымды адамдардың заңсыз шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi жоғары тұрған органға, прокурорға не сотқа шағымдануға құқығы бар.
26-бап. Қорғалатын адамдардың мiндеттерi
Мемлекеттiк қорғалуға жататын адамдар:
1) қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi орган берген нұсқамаларды, сондай-ақ оның заңды талаптарын орындауға;
2) өздерiне қатысты қорқыту немесе құқыққа қарсы iс-әрекеттердiң әрбiр оқиғасы туралы қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органға дереу хабарлауға;
3) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өздерiне берiлген мүлiктi сақтауға;
4) өздерiне қатысты қолданылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария етпеуге;
5) қажет болған жағдайда қаруды, жеке қорғану құралдарын және арнаулы техниканы пайдалануды оқып-үйренуге мiндеттi.
27-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдануды тоқтату
Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiне төнген қатер жойылған кезде не қауiпсiздiк шараларын қолдануды тоқтату үшiн басқа негiздер пайда болған жағдайда, бұған уәкiлеттi лауазымды адам тиiстi дәлелдi қаулы шығарады, ол қорғалатын адамға дереу хабарланады.
Аталған қаулыға осы Заңның 23-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
28-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуші органдардың қорғалатын адамдарға қатысты қауiпсiздiк шараларының қолданылмауына немесе оның ойдағыдай жүзеге асырылмауына кiнәлi лауазымды адамдары не атына қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдардың шешiмдерi жолданған атқарушы органдардың, мекемелердiң лауазымды адамдары оларды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапқа тартылады.
Мәлiметтерге қатысты сенiм бiлдiрiлген немесе осы мәлiметтер олардың лауазымдық қызметiне байланысты өздерiне белгiлi болған адамдар жүзеге асырылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы жария еткен жағдайда заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.
4-тарау. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру
және материалдық қамтамасыз ету.
Әлеуметтік қорғау шаралары
29-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Осы Заңда көзделген мемлекеттiк қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету белгiленген тәртiппен республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты шығындарды қорғалатын адамдарға жүктеуге болмайды.
Тұрғылықты жерi мен жұмыс орнын ауыстыруға, сондай-ақ сырт пiшiнiн өзгертуге байланысты жәрдемақы төлеу мен шығындардың өтемiн қорғауды қамтамасыз ететiн орган Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырады.
30-бап. Қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайдағы әлеуметтiк кепiлдiктер
Әлеуметтiк қамсыздандырылуы арнаулы заңдармен реттелетiн адамдардан басқа қорғалатын адамдарға, олардың қылмыстық процеске қатысуына байланысты өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайда, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк кепiлдiктер қамтамасыз етiледi.
Әлеуметтiк кепiлдiктердi төлеу тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбi
Осы Заң 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының