27-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын азайту
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын азайту серіктестіктің барлық қатысушылары салымдарының мөлшерін бара-бар мөлшерде азайту не жекелеген қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жүзеге асырылады.
2. Қатысушы үлесін өтеу арқылы жарғылық капитал азайтылған кезде қалған қатысушылардың үлестері тиісінше өзгереді.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған кезден бастап серіктестік бұл шешім туралы шешім қабылданған соң туындайтын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге хабарлауға міндетті.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестік өзінің барлық кредит берушілеріне жарғылық капиталдың азайтылғаны туралы жазбаша хабарлама жіберуге не серіктестіктер туралы мәліметтер жарияланатын ресми басылымда тиісті хабарландыру беруге міндетті. Серіктестіктің кредит басылымда тиісті хабарландыру беруге міндетті. Серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзім ішінде серіктестіктен қосымша кепілдіктер не серіктестіктің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндардың орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізген органға ұсынылуы мүмкін.
5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының азайтылуын серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізген орган серіктестікке талаптар мәлімдеу үшін кредит берушілерге ұсынылған мерзім аяқталған соң тіркейді (осы баптың 4-тармағы). Егер серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізген органға серіктестікке кредит берушілер талаптарының көшірмелері түссе, серіктестік осы талаптардың орындалғанының дәлелдерін ұсынған не мәлімдеген кредит берушілердің серіктестік жарғылық капиталының азайтылуын тіркеуге қарсылықтары болмаған жағдайда, жарғылық капиталдың азайтылуы тіркеледі.
6. Егер серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде серіктестік қайта тіркеу туралы арыз бермесе не қажетті дәлелдер ұсынбаса (осы баптың 5-тармағы), жарғылық капитал азайтылмаған болып есептеледі. Бұл жағдайда жарғылық капиталды азайту осы баптың талаптары сақтала отырып серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының жаңа шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
7. Осы бапта белгіленген тәртіпті бұза отырып, жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен серіктестіктің таратылуына негіз болып табылады.
8. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғылық капиталдың азайтылуына байланысты жарғылық капиталдың жаңа мөлшерінен асатын таза активтердің бір бөлігі шегінде ғана өз қатысушыларына төлемдер жасауға құқылы. Төлемдер жарғылық капиталдың азайтылуы тіркелген соң, серіктестік жарғысы немесе жалпы жиналыстың жарғылық капиталды азайту туралы шешімі белгілеген мерзімде, бірақ тіркеу кезінен бастап үш айдан кешіктірмей жасалады.
Төлем серіктестікке қатысушылар үлестерінің мөлшеріне сәйкес жасалады.
9. Қатысушылар өз салымдарын құрылтай құжаттарында мәлімделген жарғылық капиталдың толық мөлшеріне дейін салған соң ғана жарғылық капиталды азайту жүзеге асырылуы мүмкін, бұған осы Заңның 24-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделінген жағдай қосылмайды.
28-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың үлестері
1. Барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері және тиісінше олардың шаруашылық серіктестік мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлес), егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың жарғылық капиталдағы салымдарына бара-бар болады.
Үлес мөлшері осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен белгіленеді. Қатысушылардың тым болмағанда біреуінің жарғылық капиталдағы үлесінің қандай да бір өзгеруі (ұлғаюы немесе азаюы) серіктестікке барлық қатысушылар үлестерінің мөлшерін тиісті түрде қайта есептеуге әкеп соғады.
2. Кез келген негіз бойынша үлеске деген құқықтан айрылу қатысушының жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен шығуына әкеп соғады. Осы Заңда белгіленген тәртіппен үлес сатып алу үлесті сатып алушының серіктестік қатысушыларының құрамына кіргендігін білдіреді.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттары серіктестіктің бір қатысушысында болуы мүмкін үлестің ең көп мөлшерін шектей алады. Мұндай шектеуді белгілі бір қатысушы жөнінде белгілеуге болмайды. Сол сияқты құрылтай құжаттарында серіктестікке қатысушылар үлестерінің ара қатынасын өзгерту мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкіндегі қатысушы үлесіне құқық заттық емес, міндеттемелік сипатта болады.
29-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының серіктестік мүлкіндегі өз үлесіне билік етуі
1. Қатысушының жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіндегі үлесі салым төленіп қойылған бөлігінде ғана салым толық төленгенге дейін иеліктен алынуы немесе кепілге берілуі мүмкін.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы өз қалауы бойынша сол серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына серіктестік мүлкіндегі өз үлесін немесе оның бір бөлігін сатуға немесе өзге де жолмен беруге құқылы. Серіктестікке қатысушы серіктестікке басқа қатысушы алдындағы өз міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесін кепілге беруге құқылы. Бұл мәмілелерді жасауға серіктестіктің немесе басқа да қатысушылардың келісімі талап етілмейді. Алайда, егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында осы Заңның 28-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттар көзделсе, бұл шарттар үлесті біреуге беру кезінде сақталуға тиіс.
Тарапы жеке тұлға болып табылатын серіктестіктің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегi (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иелiктен шығару (басқаға беру) шарты нотариаттық куәландырылуға жатады.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің жиынтығында елу және одан көп пайызын сатып алу ниеті бар тұлға серіктестіктің барлық қатысушыларына өз ниеті туралы хабар жібереді.
Хабар жарғылық капиталдағы қатысу үлесінің жиынтығында елу және одан көп пайызын сатып алу ниеті бар тұлға және оның үлестес тұлғалары туралы және үлестерді сатып алудың ұсынылып отырған бағасы туралы ақпаратты қамтуы тиіс.
Бұл ретте ұсынылып отырған баға сатып алу ниеті туралы хабардағы бағадан төмен болмауы керек.
Серіктестікке қатысушылардың ниеті туралы хабарға жауап беру мерзімі отыз күннен кем болмауы тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Серіктестік мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Орталық депозитарий серіктестікке қатысушылардың тізілімін жүргізген жағдайда серіктестік мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу осы Заңның және (немесе) серіктестік жарғысының талаптарын сақтаған кезде орталық депозитарийдің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
30-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының үлесін үшінші жаққа иеліктен айырып беру мүмкіндігі
1. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының өз үлесін (оның бір бөлігін) иеліктен айырып үшінші жаққа беруіне немесе қатысушының үшінші жақ алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесті (үлестің бір бөлігін) кепілге беруіне жол беріледі.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттарында үлесті үшінші жаққа сатуға тек белгілі бір шарттар сақталғанда ғана жол берілетіндігі көзделуі мүмкін.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер мемлекетке немесе мемлекеттік заңды тұлғаға тиесілі үлесті сату «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үлесті сауда-саттықта сату арқылы жүзеге асырылса, осы бапта белгіленген шектеулер мұндай сату жағдайларына қолданылмайды.
31-бап. Иеліктен айырылатын үлесті сатып алуға артықшылық құқық
2007.07.08. № 321-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар қатысушылардың бірі үлесін сатқан кезде оны немесе оның бір бөлігін сатып алуда, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші жақтың алдында артықшылық құқықтық пайдаланады. Мұндай құқықты әрбір қатысушы пайдалана алады. Егер сатып алудағы артықшылық құқықты пайдалануды қалайтын қатысушылар бірнешеу болса және құрылтай құжаттарында немесе серіктестікке қатысушылардың басқа келісімінде өзгеше көзделмесе, үлесті (оның бір бөлігін) сатып алудағы артықшылық құқықты қатысушылар жарғылық капиталдағы өз үлестерінің мөлшеріне бара-бар жүзеге асырады.
2. Өз үлесін немесе оның бір бөлігін үшінші жаққа сатқысы келген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы өзінің ниеті туралы серіктестіктің атқарушы органына сатудың болжамды бағасын көрсетіп, жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыдан үлесті сатуға ұсыну туралы хабарлама алған кезден бастап жеті күн ішінде атқарушы орган бұл жөнінде серіктестіктің барлық қатысушыларына хабарлайды. Сатып алуда артықшылық құқықты жүзеге асыруды қалайтын серіктестікке қатысушы сатуға ұсынылған үлесті толық немесе оның белгілі бір бөлігін сатып алу ниетін көрсетіп, бұл туралы серіктестіктің атқарушы органына жеті күн мерзім ішінде хабарлауға тиіс.
4. Егер келіп түскен ұсыныстардың жиынтық шамасы сатылып отырған үлестің мөлшерінен аспаса, әрбір қатысушы оның өзінің хабарламасында көрсеткен бөлігін сатып алады. Егер осылай иеліктен айыруға дейін жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардан қосымша ұсыныстар түспесе, үлестің қалған бөлігі иеліктен айырылып, үшінші жаққа берілуі мүмкін.
5. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органына үлестің сатуға ұсынылғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бір ай ішінде оны немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушылар артықшылық құқықты пайдалану тәртібімен сатып алмаса, үлесті сатуға ұсынған қатысушы үлесті (үлестің сатып алынбаған бөлігін) хабарламада көрсетілген бағадан төмен болмайтын баға бойынша үшінші жаққа сатуға құқылы.
6. Егер үлес хабарламада көрсетілген бағадан неғұрлым төмен баға бойынша иеліктен айырылып, үшінші жаққа берілсе, үлесті сатып алу-сату туралы шарт жарамсыз деп танылуы мүмкін. Қатысушылардың үлестің немесе оның бір бөлігінің іс жүзіндегі сату бағасын ескеріп, үлесті сатып алуда артықшылық құқықты жүзеге асыру рәсімін қайталауға құқығы бар.
7. Үлес немесе оның бір бөлігі сатып алудағы артықшылық құқық бұзылып сатылған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы сатып алушының құқықтары мен міндеттерін өзіне ауыстыруды үш ай ішінде сот тәртібімен талап ете алады.
8. Иеліктен айрылған үлесті сатып алудағы артықшылық құқық үлесті сатудың кез келген әдісі кезінде, соның ішінде сауда-саттық кезінде жүзеге асырылады.
9. Үлесті сатып алудағы артықшылық құқықты біреуге беруге жол берілмейді.
10. Иеліктен айырылған үлесті немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушы (қатысушылар) сатып алған жағдайда оның /олардың/ серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлесі тиісінше ұлғаяды.
11. Осы баптың ережелері үлес айырбас шарты бойынша иеліктен айырылған жағдайда да қолданылады.
12. Үлес немесе оның бір бөлігі үшінші жаққа сатылған кезде қатысушылар сатып алудағы артықшылық құқықты пайдалануды қаламаған жағдайда, сатып алудағы артықшылық құқықты осы баптың 2, 5-9 және 11-тармақтарын ескере отырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзі пайдалана алады.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 13-тармақпен толықтырылды
13. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша жекешелендіруге немесе бәсекелес ортаға беруге жататын мемлекеттің, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі еншілес және тәуелді ұйымдарының үлесін сатуға қатысты қолданылмайды.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара) Заңдарымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Басқа қатысушылар үлесті сатып алудан бас тартқан жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушының үлесін сату
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттарында серіктестікке қатысушының өз үлесін үшінші жаққа сатуына тыйым салу немесе шек қою көзделуі мүмкін (мысалы, үлесті серіктестіктің басқа қатысушыларына не үшінші жақтың шектеулі тобына ғана сату). Бұл жағдайда сату осындай тыйым салуды немесе шектеуді сақтай отырып жасалуға тиіс.
Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталына қатысу үлесiн қатысушының сату тәртібі серiктестiктiң жарғысында белгiленеді.
2. Үлесті сату сатушыға тәуелсіз жағдайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салуды немесе шектеуді сақтай отырып жасала алмайтын жағдайда, үлесін сатқысы келетін қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен осы үлесті сатып алуын немесе оны үшінші жаққа сатуға рұқсат етуін талап етуге құқылы.
Осы нұсқалардың бірін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы таңдап алады.
3. Үлесті жауапкершілігі шектеулі серіктестік сатып алған жағдайда үлес бағасын тараптардың келісімі, келісімге қол жетпеген жағдайда сот белгілейді.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік үлесті үшінші жаққа сатуға келіскен жағдайда серіктестікке қатысушылар осы Заңның 31-бабында көзделген үлесті сатып алудағы артықшылық құқықты сақтайды.
33-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушы үлесін сатып алуының салдары
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік осы Заңның 31-36-баптарында көзделген тәртіппен қатысушы үлесін сатып алған соң, сондай-ақ серіктестік тараптардың келісімі бойынша қатысушының үлесін сатып алған соң, серіктестік басқа қатысушыларға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген баға бойынша осы үлесті сатып алуды ұсынуға міндетті.
2. Үлесті сатып алуға бірнеше қатысушы ниет білдірген жағдайда үлес олардың арасында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестерінің мөлшеріне бара-бар бөлінеді.
Қатысушы сатып алған үлес мөлшері сатып алғанға дейін осы қатысушыға тиесілі үлес мөлшеріне қосылады. Бұл орайда серіктестіктің бір қатысушысына тиесілі болуы мүмкін үлес мөлшерін шектеу мүмкіндігі туралы осы Заңның 28-бабының 3-тармағының ережесі сақталады.
3. Шығып кеткен қатысушыдан жауапкершілігі шектеулі серіктестік сатып алған үлесті қатысушылар сатып алғысы келмеген жағдайда үлес жарғылық капиталды тиісінше азайту және серіктестікке қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу арқылы өтеледі.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы жиналыстың шешімі бойынша осы баптың 3-тармағында көзделген үлесті өтеудің орнынан бұл үлесті серіктестік атынан үшінші жаққа сатуға құқылы.
5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің шығып кеткен қатысушысының серіктестікке ауысқан үлесіне барлық жағдайда ол өтелгенге не басқа қатысушыға немесе үшінші жаққа сатылғанға дейін дивиденттер есептелмейді.
34-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыдан үлесті мәжбүрлеп сатып алу
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы серіктестікке немесе оның қатысушыларына зиян келтірген жағдайда олар зиян келтірушіден зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Елеулі зиян келтірілген кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестік зиянды өтеу туралы талаппен қатар, кінәлі қатысушының үлесін серіктестіктің мәжбүрлеп сатып алуы және оның серіктестікке қатысушылар қатарынан шығуы туралы мәселені қоюға құқылы.
2011.11.01. № 285-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Үлесті мәжбүрлеп сатып алу сот тәртібімен жүргізіледі.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыдан үлесті мәжбүрлеп сатып алу халықаралық стандарттар негізінде бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін бағалаушы айқындаған нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
35-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлестің мұрагерлік бойынша ауысуы
Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулі серіктестікке қатысушының үлесі оның мұрагерлеріне ауысады. Үлестің мұрагерлерге ауысуы және оны бірнеше мұрагерлер арасында бөлу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүргізіледі.
36-бап. Заңды тұлғалардың жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлеске қатысты құқықтық мұрагерлігі
1. Заңды тұлға қосылу, бірігу немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы оның үлесі қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мұрагеріне ауысады.
2. Егер қайта ұйымдастыру заңды тұлғаны бөлу немесе оның құрамынан жаңа заңды тұлғаның (жаңа заңды тұлғалардың) бөлініп шығуы болып табылса, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның үлесі бөлу балансына сәйкес оның құқықтық мұрагерлеріне ауысады.
3. Жалпы жиналыс осы баптың 2-тармағында аталған заңды тұлғаның құқықтық мұрагерлеріне үлестің ауысуына келіспеген кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестік үлесті осы Заңның 34-бабында көзделген тәртіппен сатып алуға міндетті.
37-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының үлесінен оның кредит берушілерінің өндіріп алуы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының кредит берушілері сот шешімінің негізінде мәжбүрлі түрде серіктестік мүлкіндегі мұндай қатысушының үлесінен немесе үлесінің бір бөлігінен өндіріп алуды талап етуге құқылы.
2. Үлеске (үлестің бір бөлігіне) қатысты кепіл ұстаушы құқығы жоқ оны өндіріп алатын кредит беруші жауапкершілігі шектеулі серіктестікке борышкерден үлесті (үлестің бір бөлігін) мәжбүрлеп сатып алатыны және сатып алудан түскен сомадан борышты өтеуін талап ететіні туралы мәлімдейді. Үлесті (үлестің бір бөлігін) сатып алуды серіктестік немесе оның қатысушылары үлесі сатып алынатын қатысушы бұған келіскен кезде тараптар белгілейтін баға бойынша жүзеге асырады.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік және үлесі өндіріп алынатын қатысушы келіскен кезде мұндай үлес (үлестің бір бөлігі) үшінші жаққа сатылуы мүмкін.
4. Кредит берушінің талабы мәлімденген күннен бастап үш ай ішінде серіктестік немесе оның қатысушылары, немесе үшінші жақ үлесті (оның бір бөлігін) сатып алмаса және талапты қанағаттандырмаса, кредит беруші үлесті (оның бір бөлігін) көпшілік сауда-саттықта Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген тәртіппен сатуды талап етуге құқылы. Бұл жағдайда серіктестіктің басқа қатысушыларының осы Заңның 31-бабында көзделген үлесті сатып алудағы артықшылық құқығы сақталады.
5. Үлесті сатудан түскен ақшадан оны бағалауға, сатуды ұйымдастыру мен өткізуге, үлестен өндіріп алуды талап еткен кредит берушінің талаптарын қанағаттандыруға жұмсалған шығындар өтеледі. Қалған ақша, егер ол бар болса, үлесі (үлесінің бір бөлігі) сатылған адамға беріледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 37-1-баппен толықтырылды
37-1-бап. Серіктестікке қатысушының құқығы туындаған кез
1. Құрылтай шартына қол қойған құрылтайшылар серіктестік мемлекеттік тіркелгеннен кейін оған қатысушылар болады.
2. Серіктестік мүлкіндегі үлеске құқықты ол құрылғаннан кейін алған жағдайда, адам - құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілген және оған қатысушылар құрамының өзгеруіне байланысты серіктестік қайта тіркелген кезден бастап, ал қатысушыларының тізілімі жүргізілетін серіктестіктерде тізілімге тиісті өзгерістер енгізілген кезден бастап серіктестікке қатысушы болады.
IV-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі
38-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкінің құралуы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары, серіктестік алған табыстар, сондай-ақ заңдарда тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен құралады.
2. Заң актілерінде немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында резервтік капитал және басқа да қорлар құру көзделуі мүмкін.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі оның балансында есептеледі.
39-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіне қосымша жарналар
1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы қатысушылардың серіктестік мүлкіне қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады. Шешім серіктестіктің барлық қатысушыларының төрттен үшінің көпшілік дауысымен қабылданады. Мұндай шешімді жақтап дауыс бермеген қатысушылар (соның ішінде жиналыста болмағандар, дауыс беруге қатыспағандар немесе дауыс беруден қалыс қалғандар) өз үлестерін қосымша жарналар енгізуді жақтап дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы. Қосымша жарналарды жақтап дауыс берген қатысушылар осы үлестерді серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне бара-бар мөлшерде осы Заңның ережелеріне сәйкес белгіленетін баға бойынша сатып алады.
Қосымша жарналар олардың үлестерін сатып алу туралы талап қойған қатысушылармен есеп айырысу аяқталған соң ғана енгізіледі.
2. Қатысушылардың жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіне қосымша жарналар енгізу тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ оны енгізу мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапкершілік осы Заңның 24-бабының ережелері бойынша айқындалады.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіне қатысушылар енгізген қосымша жарналар оның жарғылық капиталының және серіктестікке қатысушылар үлестерінің мөлшерін өзгертпейді.
40-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысын оның қатысушылары арасында бөлу
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар арасында серіктестіктің бір тоқсан, жарты жыл немесе бір жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу серіктестіктің бір тоқсандағы, жарты жылдағы немесе бір жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған серіктестікке қатысушылардың кезекті жалпы жиналысының шешіміне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
Жалпы жиналыс таза табысты немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушылар арасында бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдауға да құқылы.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы жиналысы табысты қатысушылар арасында бөлу туралы шешім қабылдаған жағдайда әрбір қатысушы бөлінетін табыстың серіктестік жарғылық капиталындағы өз үлесіне сәйкес бөлігін алуға құқылы. Төлемді серіктестік жалпы жиналыс таза табысты бөлу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде ақшалай нысанда жасауға тиіс.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің серіктестік жарғылық капиталы толық төленгенге дейін табысты қатысушылар арасында бөлуге құқығы жоқ.
V-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
41-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің органдары мен лауазымды тұлғалары
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің органдары мыналар:
1) серіктестіктің жоғары органы - оған қатысушылардың жалпы жиналысы (жалпы жиналыс);
2) серіктестіктің атқарушы органы (алқалы және (немесе) жеке-дара) болып табылады.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының функцияларын жеке-дара атқаратын тұлға, сондай-ақ байқаушы кеңестің мүшелері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің лауазымды тұлғалары болып табылады.