Құрылтайшылар өкілдерінің серіктестікті құруға және құрылтай шартына қол қоюға құқық беретін тиісті өкілеттігі болуға тиіс.
Құрылтайшылар қатарына кіретін заңды тұлғаларды олардың тиісті заңды тұлға атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы басшылары ұсынуы мүмкін.
4. Шартқа қол қоюдан бас тарту серіктестікке кіруден бас тартуды білдіреді. Шартқа қол қоймаған адамдарды оның құрылтайшыларының тізбесінде көрсетуге болмайды.
Шартқа ескертпелер жасай отырып қол қоюға жол берілмейді. Серіктестіктің жекелеген қатысушылары мәртебесінің ерекшеліктері барлық құрылтайшылар қол қойған шарттың мәтінінде көрсетілуге тиіс.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісіболып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шартын қоспағанда, құрылтай шартын нотариат куәландыруға тиіс.
6. 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
16-бап. Жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрудың ерекшеліктері
1. Жалғыз қатысушы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік оның жеке өзі қабылдаған шешімнің негізінде құрылады.
Бұл жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
2. Жалғыз қатысушы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын осы серіктестікті құрған адам бекітеді.
3. Жалғыз қатысушысы бар серіктестікті мемлекеттік тіркеу жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу үшін белгіленген жалпы тәртіп бойынша жүргізіледі.
4. Егер жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік салымды бөлу немесе жарғылық капиталды ұлғайту нәтижесінде жаңа қатысушылармен толықса, олар осы Заңның 15-бабында көзделген ережелер бойынша құрылтай шартына қол қоюға міндетті.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 16-1-баппен толықтырылды; 2005.08.07. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 16-1-бап өзгертілді
16-1-бап. Тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылу және қызмет ету ерекшелiктерi
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық депозитариймен серіктестікке қатысушылардың тізілімін жүргізуге арналған шартты жасасуға құқылы.
Құрылтай шартының күшi серiктестiкке қатысушылардың тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмiнен үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.
Акционерлік қоғам қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
2. Акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулі серіктестіктің жарғысына қайта құру туралы шешім қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам қол қояды.
Акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiм серiктестiкке қатысушылардың жалпы жиналысында, осы Заңның 48-бабында белгiленген тәртiппен қабылданады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар тізілімін қалыптастыру, жүргізу және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 239-ІV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысы
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысы серіктестіктің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін белгілейтін құжат болып табылады.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында:
1) серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) серiктестiкке қатысушылардың (серiктестiкке қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын серiктестiктердi қоспағанда) олардың атауы, орналасқан жерi, мекен-жайы, банк реквизиттерi (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе аты-жөнi, тұратын жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi (егер құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетiлген тiзбесi;
3) серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшері туралы мәліметтер;
4) серіктестік органдарын құру тәртібі мен олардың құзыреті;
5) серіктестікті қайта ұйымдастыру және оның қызметін тоқтату ережелері;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6) серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмін жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын жағдайда серiктестiктiң таза кiрiсiн бөлудiң тәртібі;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 7) тармақшамен толықтырылды
7) серіктестікке қатысушыларға және үлестерді сатып алушыларға серіктестіктің қызметі туралы ақпаратты ұсыну тәртібі және мерзімі;
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) серіктестіктің қызметі туралы ақпаратты жариялау үшін пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралының атауы;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 8) тармақшамен толықтырылды
8) серіктестікке қатысушылардың құқықтары мен міндеттері болуға тиіс
Егер серіктестікті бір адам құрса, оның жарғысында мүлікті құру мен табыста бөлу тәртібі де белгіленеді.
Жарғыда Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа ережелер де болуы мүмкін.
Серіктестіктің жарғысында оның қызметінің мәні мен мақсаттары көзделуі мүмкін.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында лажсыз жағдайларды шешу тәртібі қамтылуы мүмкін.
3. Жарғыны құрылтайшылардың жалпы жиналысы бірауыздан бекітуге тиіс және оған барлық құрылтайшылар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қояды.
4. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.24.11. № 75-VII ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мазмұнын айқындайтын үлгілік жарғы негізінде жүзеге асыра алады.
18-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту тәртібі
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту жалпы жиналыстың осы Заңның 48-бабы ережелеріне сәйкес қабылданатын шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
3. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 239-ІV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 19-бап өзгертілді
19-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеу
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ол мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледі.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Мемлекеттiк тiркеу деректерi, оның iшiнде серiктестiктiң фирмалық атауы, жарғылық капиталының мөлшерi, құрылтайшыларының құрамы мен атқарушы органдары, оның орналасқан жерi туралы мәлiметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін құрылтайшылар:
1) құрылтайшылар серіктестік құруға уәкілеттік берген адам қол қойған серіктестік құру туралы өтінішті;
2) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртекті немесе өзге де құжатты ұсынуға тиіс.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4-1. Серiктестікке қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi мемлекеттік тіркеу үшiн:
1) қайта құру туралы шешiм қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлдiк берген адам қол қойған серiктестiктi құру туралы өтiнiш;
2) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) қайта құру туралы шешiм қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлдiк берген адам және орталық депозитарий қол қойған, акция ұстаушылар тiзiлiміндегі деректер негiзiнде жасалған серiктестiкке қатысушылар тiзiмi табыс етiлуге тиiс.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Егер серіктестіктің құрылтайшылары өз қызметін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлгілік жарғысы негізінде жүзеге асыру шешімін қабылдаған жағдайда, онда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш ұсынылады.
6. Серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның серіктестік құрылтайшыларынан өзге құжаттар табыс етуді талап етуге құқығы жоқ.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 20-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
20-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тарту
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға:
1) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2) құрылтайшылар осы Заңның 19-бабының 4 және 4-1-тармақтарында аталған құжаттардың бірін табыс етпегенде;
3) серіктестік құрылтайшылары серіктестікті құрудың осы Заңда көзделген тәртібін бұзғанда жол беріледі.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру орынсыз деген себептермен оны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға жол берілмейді.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға, сондай-ақ мұндай тіркеуден жалтаруға оның құрылтайшылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
21-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құруға байланысты міндеттемелер бойынша жауапкершілік
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары серіктестікті құруға байланысты және оны мемлекеттік тіркеуге дейін пайда болған міндеттемелер бойынша, егер бұл орайда құрылтайшылардың серіктестік мүдделері үшін әрекет еткені дәлелденсе, ортақ жауапкершілікте болады. Аталған адамдардың әрекеттері серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында кейіннен мақұлданған жағдайда серіктестік мұндай міндеттемелер бойынша жауап береді.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара) Заңдарымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар құрамындағы өзгеріс
1. Осы Заңның, серіктестік жарғысының және құрылтай шартының талаптарын сақтай отырып, серіктестікке жаңа қатысушы қабылдауды жүргізу құрылтай шартына қосылу туралы шартпен ресімделеді. Қосылу туралы шартқа серіктестік органының уәкілетті басшысы мен қосылған қатысушы қол қояды.
Қосылу туралы шарт құрылтай шартының ажырағысыз бөлігі болып табылады, ол қосылу туралы шарттың ережелерінен туындайтын бөлігінде өзгертілген болып есептеледі. Құрылтай шартына қосылу туралы шартты нотариат куәландыруға тиіс.
Жаңа қатысушы серіктестіктің құрылтай шартына және оның жарғысына осы құжаттардағы қосылу туралы шарттың ережелерінен туындайтын өзгерістерді ескере отырып қосылған болып есептеледі.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1-1. Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi орталық депозитарий жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке жаңа қатысушыны қабылдау серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмiне жазба енгізу жолымен ресiмделеді.
2. Шығып кеткен қатысушының үлесін сатып алу нәтижесінде немесе үлес ауысуының өзге негіздері бойынша серіктестікке қатысушы болған адам үлеске деген құқық өзіне ауысқан кезден бастап серіктестіктің құрылтай шарты мен жарғысына қосылған болып есептеледі.
ІІІ-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 23-бап толықтырылды; 2010.20.01. № 239-ІV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
23-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын құру
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарын біріктіру жолымен құрылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Мыналарды:
1) жарғылық капиталының ең төмен мөлшері нөлдік деңгеймен айқындалатын шағын кәсіпкерлік субъектісі, сондай-ақ мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы;
2) жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалатын микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым;
3) жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында айқындалатын төлем ұйымы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қоспағанда, жарғылық капиталдың бастапқы мөлшері құрылтайшылар салымдарының сомасына тең болады және серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылған күнге республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне баламалы сомадан кем болмайды.
2006.20.02. № 127-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына салым ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік құқықтар, оның ішінде жер пайдалану құқығы мен интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне құқық және өзге де мүлік (жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын арнайы қаржы компанияларын, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылатын ислам арнайы қаржы компанияларын, Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес құрылатын төлем ұйымдарын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды, қоспағанда) болуы мүмкін.
Салымдар жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде енгізуге жол берілмейді.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысандағы немесе мүліктік құқық түріндегі салымдар барлық құрылтайшылардың келісімі бойынша немесе серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне баламалы сомадан асып түсетін болса, оның бағасын бағалаушы растауға тиіс.
5. Серіктестікке салым ретінде мүлікті пайдалану құқығы берілген жағдайда бұл салымның мөлшері құрылтай құжаттарында көрсетілген бүкіл мерзімге есептелген пайдалану ақысымен анықталады.
Пайдалану құқығы серіктестіктің жарғылық капиталына салым болып табылатын мүлікті жалпы жиналыстың келісімінсіз мерзімінен бұрын алуға жол берілмейді.
Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, серіктестікке пайдалануға берілген мүліктің кездейсоқ құрып кету немесе зақымдану қаупі мүлік иесіне жүктеледі.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, әрбір қатысушы салымының жарғылық капиталдың жалпы сомасына қатынасы қатысушының жарғылық капиталдағы үлесі болып табылады.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жаңа қатысушыларды қабылдауға немесе серіктестіктен бұрынғы қатысушылардың бірі шығуына байланысты жарғылық капитал мөлшерінің қандай болса да өзгеруі қатысушылардың жарғылық капиталдағы қабылдау немесе шығу кезіндегі үлестерін тиісінше қайта есептеуге әкеп соғады.
7. Құқығы (соның iшiнде шартты жер үлесiне құқығы) серiктестiктiң жарғылық капиталына салым ретiнде берiлген жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Серіктестіктің жарғылық капиталын құру мерзімдері
1. 2010.20.01. № 239-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген мерзімде барлық қатысушылар серіктестіктің жарғылық капиталына салымды толық енгізуге тиіс. Мұндай мерзім серіктестікті тіркеген күннен бастап бір жылдан аспауға тиіс.
3. Серіктестікке қатысушы үлесті белгіленген мерзімде енгізу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда серіктестік үлестің қатысушы енгізбеген бөлігін өз капиталының (өзінің таза активтерінің) есебінен төлеуге не жарғылық капиталды оның енгізілген бөлігіне дейін азайтуға тиіс.
Өз үлесін мерзімінде енгізбеген қатысушы серіктестікке зиянның орнын толтыруға, сондай-ақ, егер серіктестіктің құрылтай шартында немесе жарғысында өзгеше көзделмесе, серіктестікке Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
4. Қатысушы белгіленген мерзімде енгізбеген үлес немесе оның бір бөлігі серіктестіктің жалпы жиналысының шешімі бойынша осы Заңның 31-бабының 1-тармағында немесе серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен қалған қатысушылар арасында бөлінуі не үшінші жақтың сатып алуына ұсынылуы мүмкін.
Салымның енгізілмеген бөлігін осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде сату мүмкін болмаған жағдайда серіктестіктің жарғылық капиталы осы сомаға азайтылады және соған сәйкес қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері өзгертіледі.
5. Егер қатысушының салымы біршама уақыттан кейін ғана пайдаланылуы мүмкін мүлік болса, мұндай салым жалпы жиналыстың шешімі бойынша қатысушыдан салымның сипаты, оның ақшалай бағасы мен енгізу мерзімі көрсетіліп, нотариат куәландырған борыш міндеттемесін алған күннен бастап енгізілген деп танылуы мүмкін. Мұндай мерзім үш жылдан аспауы керек.
6. Өз үлесін толық енгізген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы серіктестіктен өзінің серіктестікке қатысуын куәландыратын куәлік алуға құқылы.
7. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрғанға дейін ақша енгізу арқылы оның жарғылық капиталын төлеу үшін серіктестік құрылтайшылары құрылтай шартында жинақтау шотына тиісті қаражат аудару үшін банкте өз атына осындай шот ашуға тиіс құрылтайшылардың бірін көрсетуі мүмкін.
Серіктестік құрылып, ол банкте өз шотын ашқаннан кейін атына жинақтау шоты ашылған құрылтайшы осы шоттан серіктестік шотына ақша аударуды 5 (бес) жұмыс күн ішінде жүзеге асыруға міндетті. Құрылтайшы ақша аудару жөніндегі міндетін уақтылы орындамаған жағдайда ол серіктестікке, егер құрылтайшылар осылай кешіктірудің өзге зардаптарын белгілемесе, жинақтау шотында ұсталып қалған сомадан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабында белгіленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.
8. Егер жауапкершілігі шектелуі серіктестіктің жарғысында оның құрылтайшылары серіктестіктің жарғылық капиталына салымдар есебіне ақша емес, өзге мүлік енгізуі көзделсе, серіктестік құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті мүлік серіктестік құрылғанға дейінгі және кейінгі кезеңге сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс құрылтайшының біреуін немесе үшінші жақты көрсете алады.
9. Сенімгерлік басқару туралы шартта:
1) сенімгер басқарушының барлық құрылтайшылардың мүдделері үшін, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылғаннан кейін серіктестік мүдделері үшін тиісті мүлікті басқаруды жүзеге асыру міндетті;
2) жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ол құрылған кезден бастап пайдасына шарт жасалған және сенімгерлік басқаруға берілген мүлік осы кезден бастап меншігіне ауысатын адамның құқықтарын беру көзделуге тиіс.
25-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын тексеру
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде жарғылық капитал және оның өз капиталымен арақатынасы тексерілмейді.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын тексеру:
1) кез келген қатысушының талап етуі бойынша тәуелсіз сарапшымен жүргізілуі мүмкін. Сараптамаға мүдделі қатысушы ақы төлейді;
2) сот шешімі бойынша;
3) әрбір қаржы жылының қорытындылары бойынша - қаржы есептері бойынша жүргізілуі мүмкін.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мәлімделген жарғылық капиталы нақты жарғылық капиталынан асып кеткен кезде серіктестікке қатысушылар кредит берушілер алдында жарғылық капиталдың өз капиталынан асып кеткен сомасында серіктестіктің борыштары бойынша ортақ субсидиялық жауапкершілікті мойнына алады.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 26-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
26-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайту
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайтуға оны толық төлегеннен кейін рұқсат етіледі.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайту:
1) серіктестіктің барлық қатысушылары қосатын қосымша бара-бар салымдар;
2) жарғылық капитал мөлшерін серіктестіктің өз капиталы есебінен, оның ішінде өзінің резерв капиталының есебінен ұлғайту;
3) алынып тасталды
4) бұған қалған барлық қатысушылар келіскен жағдайда бір немесе бірнеше қатысушының қосымша салымдар салуы;
5) серіктестік құрамына жаңа қатысушылар қабылдау (осы Заңның 22-бабы) арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
2024.05.07. № 115-VІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жарғылық капитал мөлшері осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тәртіппен ұлғайтылған кезде қатысушылар үлестерінің мөлшері өзгермейді.
4. Жарғылық капитал жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың біреуі не жаңадан қабылданатын қатысушының қосымша жарна төлеуі арқылы ұлғайтылған кезде (осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшалары) мұндай салымның мөлшері серіктестіктің өз капиталына олардың осының алдындағы жарнасының мөлшерін және барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу қажеттігі ескеріле отырып белгіленеді.
Шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімімен қабылданады.
5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы жиналыс жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде жарғылық капиталдың ұлғайтылғандығы туралы өзін мемлекеттік тіркеуден өткізген органға хабарлауға міндетті. Хабарлаған кезге қарай жарғылық капитал ұлғайтылатын соманың кемінде жартысына тең сомада салымдар енгізілуге тиіс.
Егер серіктестік өзін мемлекеттік тіркеуден өткізген органға хабарламаса, жарғылық капитал ұлғайтылмаған болып танылады.
6. Жарғылық капитал ұлғайтылмай қалған жағдайда қатысушының немесе өз салымын салған, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кіруге ниет білдірген үшінші жақтың серіктестіктен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабына сәйкес не зияндарын өтеп, оның ішінде салым ретінде салынған мүлікті пайдалану мүмкін болмауы салдарынан қолдан жіберіп алынған пайдасын өтеп, салымды қайтаруды және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы.