Жолаушылар мен жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдауды және Қазақстан
Республикасының әуежайларында әуе кемелерiне, жолаушыларға
және жүктерге қызмет көрсетуге байланысты әуежайлық қызметтердi
лицензиялау туралы ереженi бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 23 шiлдедегi № 1150 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2003 ж. 7 шілдедегі № 667 қаулысымен осы қаулының күші жойылды
"Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2200 Заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
Қоса берiлiп отырған Жолаушылар мен жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдауды және Қазақстан Республикасының әуежайларында әуе кемелерiне, жолаушыларға және жүктерге қызмет көрсетуге байланысты әуежайлық қызметтердi лицензиялау туралы ереже бекітілсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
бiрiншi орынбасары
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 23 шiлдедегi
№ 1150 қаулысымен
бекітілген
Жолаушылар мен жүктердi әуе көлiгiмен
тасымалдауды және Қазақстан Республикасының
әуежайларында әуе кемелерiне, жолаушыларға және
жүктерге қызмет көрсетуге байланысты әуежайлық
қызметтердi лицензиялау туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлығына, "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi мен авиациясының қызметiн пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлығына, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нормативтiк-құқықтық актілеріне сәйкес әзiрлендi.
2. Лицензиялауға жолаушылар мен жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау жөніндегі кәсiпкерлiк қызмет (бұдан әрi - әуе тасымалдаулары), сондай-ақ меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан заңды және жеке тұлғалар (бұдан әрi - лицензиаттар) жүзеге асыратын әуежайларда әуе кемелерiне, жолаушыларға және жүктерге қызмет көрсетуге байланысты әуежайлық қызмет (бұдан әрi - әуежайлық қызмет) жатады.
3. Әуе тасымалы мен әуежайлық қызметтi лицензиялауды Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі (бұдан әрi - лицензиар) жүзеге асырады.
II. Қызметтiң лицензияланатын түрлерiнiң құрамына
кiретiн жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң негiзгi
түрлерiнiң тiзбесi
4. Әуе тасымалының құрамына лицензиялауға жататын жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң мынадай түрлерi кiредi:
а) тұрақты емес негiзде чартерлiк рейстермен орындалатын жолаушылардың және/немесе жүктердiң iшкi (Қазақстан Республикасының аумағымен шектелген) әуе тасымалы;
б) тұрақты негiзде орындалатын жолаушылар мен олардың багажының, почтаның және/немесе жүктердiң iшкi (Қазақстан Республикасының аумағымен шектелген) әуе тасымалы;
в) тұрақты емес негiзде чартерлiк рейстермен орындалатын жолаушылар мен олардың багажының, почтаның және/немесе жүктердiң халықаралық әуе тасымалы;
г) тұрақты негiзде орындалатын жолаушылар мен олардың багажының, почтаның және/немесе жүктердiң халықаралық тасымалы.
ЕСКЕРТУ. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚРҮ-нiң 1998.04.01. № 279
қаулысымен.
5. Әуежай қызметтерiнiң құрамына жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң лицензиялауға жататын мынадай түрлерi кiредi:
а) аэродромды, күту, жинақталу және жолаушылар мен багажға қызмет көрсету залдары бар аэровокзалдарды, багаж және жүк терминалдарын және олардың құрылғыларын ұстау, пайдалану;
б) жүктердi тексерудi, жеткiзудi және тиеудi (түсiрудi), жолаушыларды әуе кемесiне жеткiзудi және отырғызуды, сондай-ақ жолаушылар мен жүктердi қарсы алуды және аэровокзал үйiне және жүктердi қоймаға жеткiзудi қамтамасыз ету;
в) әуежайда болған кезеңде әуе кемелерiне жедел сервистiк қызмет көрсету;
г) әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтармен қамтамасыз ету;
д) әуежайдың аумағында әуе кемелерiне арнаулы автомобиль және электр көлiгi құралдарымен, траптармен, қызмет көрсету, әуе кемелерi мен олардың жолаушылар салондарын тазалау және жабдықтау.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚРҮ-нiң 1998.04.01. № 279
қаулысымен.
III. Әуе тасымалдары мен әуежайлық қызметтердi
жүзеге асыру құқығына берiлетiн лицензиялардың
түрлерi
6. Лицензиялар:
а) қызметтiң белгiлi бiр түрiмен айналысуға - бас лицензия;
б) жұмыс пен қызмет көрсетулердiң рұқсат етiлген көлемiнiң шегiнде белгiлi бiр шаруашылық операцияларын жасауға - бiр жолғы лицензия түрiнде берiледi.
7. Бас лицензиялар олардың қолданылу уақыты бойынша:
а) мерзiмi шектелместен берiлетiн - тұрақты;
б) белгiлi бiр мерзiмге берiлетiн - уақытша болу мүмкiн.
8. Бас және бiр жолғы лицензиялар қызметтiң аумақтық аясы, ұшу аймағы бойынша шектеледi немесе республиканың барлық аумағы мен одан тысқары жерлерде қолданылады.
IV. Әуе тасымалы мен әуежайлық қызметтердi
жүзеге асыру құқығына лицензия алушыларға
қойылатын біліктiлiк талаптары
9. Әуе тасымалын жүзеге асыру құқығына лицензия:
а) әуе кемелерiн пайдаланушы болуы және жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң мәлiмделген түрлерiн орындай алатынын растайтын арнаулы ережемен бiрге Қазақстан Республикасы берген немесе таныған Пайдаланушы куәлiгiнiң (сертификаты) болуы;
б) заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыруы;
в) мемлекеттік тiркеуден өткен және олардың ұшуға жарамдылығы туралы қолданылып жүрген куәлiгi бар әуе кемесiн пайдалануы;
г) пайдаланылатын әуе кемелерiне заңдарда белгiленген тәртiппен сертификатталған орталықтарда техникалық қызмет көрсету мен жөндеудi жүргiзуi;
д) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес сақтандырудың барлық мiндеттi түрлерiн қамтамасыз етуi;
е) Қазақстан Республикасы санитарлық қадағалау органдарының белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес әуе тасымалдарын орындауға дайындығы туралы қорытындысы болуы;
ж) жолаушыларды, багажды және жүктердi әуеде тасымалдауды белгiленген ережелер мен талаптарға сәйкес жүзеге асыруы тиiс тұлғаға берiледi;
з) жолаушыларды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру үшiн кемiнде екi жұмыс iстейтiн әуе кемесiнiң болуы;
и) тұрақты халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшiн, тұлға бұған қоса:
- Қазақстан Республикасының резидентi болуы;
- авиакомпанияның Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ICAO) тiркелгендiгi туралы куәлiктi иеленуi;
- екi әрiптiк желiлiк коды мен үш цифрлы Қатаң Есептiлiк Бланкiлерiнiң (ҚЕБ) коды бар тасымалдау құжаттамасын иеленуi тиiс.
ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгертiлдi және толықтырылды - ҚРҮ-нiң
1998.04.01. № 279 қаулысымен.
10. Әуежайлық қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия:
а) әуежайдың (аэродромның) пайдаланушысы немесе олардың жұмыстың және қызмет көрсетулердiң мәлiмделген түрлерiн орындай алатынын растайтын тиiстi сертификаты (куәлiгi немесе басқа да құжаттары) бар басқа тұлға болуы;
б) заңды тұлғалардың мемлекеттік тiркелуiн жүзеге асыруы;
в) тиiстi куәлiк алуы арқылы аэродромды мемлекеттік тiркеудi жүргiзуi;
г) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес сақтандырудың барлық түрлерiн қамтамасыз етуi;
д) Қазақстан Республикасының санитарлық және экологиялық қадағалау органдарының белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес әуежайлық қызметтердi жүзеге асыруға дайындығы туралы қорытындысы болуы;
е) аэродромның, әуежайдың жабдықтары мен әуе кемелерiне, жолаушыларға және жүктерге қызмет көрсетуге байланысты технологиялық процестерiнiң сертификаттардың (куәлiктердiң) нормалары мен талаптарына сәйкес келуiн қамтамасыз етуi.
ЕСКЕРТУ. 10-тармақ өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1998.04.01. № 279
қаулысымен.
V. Әуе тасымалы мен әуежайлық қызметтi жүзеге
асыру құқығына лицензиялар алу үшiн
қажеттi құжаттар
11. Әуе тасымалын жүзеге асыру құқығына лицензияларды ресiмдеу үшiн өтiнiш берушi мынадай құжаттарды:
а) белгiленген үлгiдегi өтiнiш;
б) әуе кемелерiн пайдаланушы куәлiгiнiң көшiрмесiн;
в) заңды тұлғаларды жедел ақпарат жөніндегі кодтардың кәртiшкелерi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
г) сақтандырудың мiндеттi түрлерiнiң болуын растайтын сақтандыру полистерiнiң (шарттарының) көшiрмесiн;
д) белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес әуе тасымалдарын орындауға дайындығы туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік санитарлық қадағалау органдары қорытындысының көшiрмесiн;
е) лицензиялық алымды төлегендiгiн растайтын құжаттардың көшiрмесiн ұсынады.
ж) мәлiмдеушi олардың сертификаттары мен ұшуға жарамдылығы куәлiгiнiң көшiрмелерiн қоса беру арқылы, әуе тасымалының мәлiмделген түрi мен көлемiн орындау үшiн мәлiмдеушi пайдаланбақ әуе кемелерi паркіндегі меншiк құқығы немесе басқа да заңды негiздемелер (үлгiлерi, саны, борттық тiркеу нөмiрлерi, ресурстары), орналасқан жерi және т.с.с. туралы құжаттар;
з) тасымалдау құжаттамаларының көшiрмелерi.
ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгертiлдi және толықтырылды - ҚРҮ-нiң
1998.04.01. № 279 қаулысымен.
12. Әуежайлық қызметтердi жүзеге асыру құқығына лицензияларды ресiмдеу үшiн өтiнiш берушi мынадай құжаттарды:
а) осы Ереженiң 11-тармағындағы "а", "в", "г", "е" тармақшаларында көрсетiлген құжаттарды;
б) жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң мәлiмделген түрлерiн орындай алатынын растайтын сертификаттардың (куәлiктердiң) және басқа да құжаттардың көшiрмелерi;
в) аэродромды мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
г) Қазақстан Республикасы санитарлық және экологиялық қадағалау органдарының белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес әуежайлық қызметтердi жүзеге асыруға дайындығы туралы қорытындысының көшiрмесiн ұсынады.
д) құрылтай құжаттары мен мәлiмдеушiнiң жұмыстардың мәлiмделген түрлерiне пайдаланбақ мүлiкке құқығын растайтын құжаттардың көшiрмелерi.
ЕСКЕРТУ. 12-тармақ өзгертiлдi және толықтырылды - ҚРҮ-нiң
1998.04.01. № 279 қаулысымен.
VI. Лицензия беру туралы өтiнiштердi қараудың
мерзiмдерi
13. Лицензия, егер заң актілерінде өзгеше мерзiм белгiленбесе, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айлық мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
VII. Лицензия беруге арналған алым және патент
үшiн ақы төлеу
14. Лицензиялық алым пен патент үшiн ақы төлеудiң мөлшерi, оларды төлеудiң тәртібі, сондай-ақ лицензиардың пайдасына аударымдардың мөлшерi Қазақстан Республикасының салық заңдарымен айқындалады.
VIII. Лицензия беруден бас тарту
15. Егер:
а) заң актілерінде субъектiлердiң осы санаттары үшiн қызметтiң мәлiмделген түрiн жүзеге асыруға тыйым салынса;
б) осы Ереженiң 11 және 12 тармақтарында көрсетiлген барлық құжаттар (қызметтiң мәлiмделген түрiне қарай) ұсынылмаса. Өтiнiш берушi көрсетiлген кедергiлердi жойған кезде өтiнiш жалпы негiздерде қаралады:
в) лицензия беруге арналған алым немесе патент үшiн ақы енгiзiлмесе;
г) өтiнiш берушi осы Ереженiң 9 немесе 10-тармақтарына сәйкес белгiленген (қызметтiң мәлiмделген түрiне қарай) біліктiлiк талаптарына жауап бермесе;
д) өтiнiш берушiге қатысты соттың қызметтiң мәлiмделген түрiмен айналысуына тыйым салатын шешiмi болса лицензия берiлмейдi.
16. Лицензия (патент) беруден бас тартылған жағдайда өтiнiш берушiге бiр ай мерзiм iшiнде жазбаша түрде дәлелдi жауап берiледi.
17. Егер лицензия (патент) осы Ережеде белгiленген мерзiмде берiлмеген болса немесе бас тарту өтiнiш берушiге негiзсiз берiлсе, ол бiр ай мерзiм iшiнде бұл әрекеттерге сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
IX. Лицензияның (патенттiң) қолданылуының
тоқтатылуы
18. Лицензия (патент) мынадай жағдайларда:
а) лицензия (патент) берiлген мерзiм аяқталған;
б) егер жүзеге асыруға лицензия (патент) берiлген iс-әрекет толық көлемiнде жасалған;
в) лицензиялар керi қайтарылып алынған;
г) лицензия (патент) берiлген азаматтық немесе заңды тұлға қызметiн тоқтатқан жағдайларда өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
19. Заңды тұлғаны қайта тiркеген кезде лицензия мерзiмнiң аяғына дейiн сақталады.
20. Лицензияның қолданылуының тоқтатылуына байланысты даулар сотпен шешiледi.
Х. Лицензияларды керi қайтарып алу және оның
қолданылуын тоқтата тұру
21. Лицензияны:
а) лицензиат лицензиядағы талаптарды орындамаған:
б) лицензиатқа сот қызметтiң оны жүзеге асыруға лицензиясы бар түрiмен айналысуына тыйым салған;
в) лицензиар лицензияның қолданылуын тоқтатқан себептер жойылмаған жағдайларда лицензиар керi қайтарып алуы мүмкiн.
22. Патент осы Ереженiң 21-тармағында көзделген негiздер бойынша сот тәртібімен керi қайтарылып алынуы мүмкiн.
23. Лицензиар лицензияның (патенттiң) қолданылуын тоқтата тұрудың себептерiн көрсете отырып оны алты айға дейiн мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
24. Лицензиат лицензияның (патенттiң) қолданылу мерзiмiн тоқтата тұру туралы шешiмге сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
25. Лицензияның (патенттiң) қолданылуы тоқтатыла тұрған себептер жойылғаннан кейiн лицензия (патент) қайтадан жаңартылады.
XI. Лицензиаттардың құқықтары мен мiндеттерi
26. Лицензиаттың:
а) белгiленген тәртiппен кәсiпкерлiк қызметтiң лицензиялауға жататын алуан түрлерiне бiрнеше лицензиялар алуға:
б) лицензияның қолданылуын тоқтату тұру, тоқтату немесе керi қайтарып алу мәселелерi бойынша барлық материалдармен танысуға, сондай-ақ лицензиар ол материалдарды қараған кезде қатысуға құқығы бар.
27. Лицензиат:
а) лицензияның (патенттiң) барлық шарттары мен талаптарының сақталуын;
б) Қазақстан Республикасы заңдарының, белгiленген стандарттардың, нормалардың, ережелердiң және азаматтық авиацияның қызметiн регламенттейтiн басқа да нормативтiк құжаттардың талаптарының сақталуын;
в) Лицензиардың сұратуы бойынша статистикалық, анықтамалық деректер мен қызметтiң лицензияланатын түрлерiнiң орындалуын қамтамасыз етуге байланысты басқа да мәлiметтердi ұсынуды;
г) лицензия беруге арналған алымдар мен патент үшiн ақының белгiленген мөлшерлерiн уақытында төлеудi;
д) лицензиар мен ол уәкiлеттiк берген тұлғаларға лицензияланған қызметке бақылау жасауды жүзеге асыруы үшiн рұқсат етуге;
е) клиенттерге, оның iшiнде олардың сұратуы бойынша, әуе кемелерiнiң ұшу кестелерi, авиациялық тасымалдаулардың және басқа да көрсетiлген қызметтердiң құны туралы хабарлауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
XII. Есеп және бақылау
28. Лицензиялар бланктерiнiң есептi сериялары мен нөмiрлерi болады және олар қатаң есептiлiктегi құжаттар болып табылады.
Лицензиялар мемлекеттік және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) таныған халықаралық, орыс және ағылшын тiлдерiнде, бекітілген нысан бойынша ресiмделедi.
ЕСКЕРТУ. 28-тармақ 2 абзацпен толықтырылды - ҚРҮ-нiң 1998.04.01.
№ 279 қаулысымен.
29. Бюджетке лицензиялық алымдардың толық және уақытында төленуiне бақылауды салық қызметi органдары жүзеге асырады.
30. Лицензиаттың лицензиялық нормалар мен ережелердi сақтауына бақылау жасауды лицензиар жүзеге асырады.