Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы
1997 ж. 6 наурыздағы № 82-1 Қазақстан Республикасының
Заңы
(ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж.
№ 416-11 Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР 07.07.04 ж. № 576-II Заңымен күшін жойды
Ағылшын тіліндегі мәтінді қара
I тарау. Жалпы ережелер (1 - 2 баптар)
II тарау. Қазақстан Республикасында инвестициялық (3 - 13 баптар)
қорлардың құрылуы мен қызметi
III тарау. Инвестициялық қордың басқарушысы (14 - 19 баптар)
IV тарау. Инвестициялық қорлар мен олардың (20 - 23 баптар)
басқарушылары қызметiне мемлекеттік
бақылау жасау
V тарау. Басқа да ережелер (24 - 27 баптар)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен кiрiспе өзгертiлдi
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлардың құқықтық мәртебесiн айқындайды, оларды құру ерекшелiктерiн белгiлеп, қызметiн реттейдi.
Инвестициялық қорлар инвесторлардың бағалы қағаздар рыногындағы құқықтарын қорғау және ақшаны тарту мен кейiннен олардың бағалы қағаздарға диверсификациялық инвестициялау арқылы инвестициялау қаупiн төмендету мақсатымен құрылып, жұмыс iстейдi.
I тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 1-бап өзгертiлдi; ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 1-бап толықтырылды; ҚР 16.05.03 ж. № 416-11 Заңымен 1-бап өзгертiлдi
1-бап. Инвестициялық қор ұғымы
1. Ашық Акционерлік қоғам нысанында құрылатын және тартылған қаражатты кейiннен бағалы қағаздарға диверсификациялық инвестициялау мақсатында өз акцияларын шығару мен ашық орналастыру арқылы ақшаны тарту жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға инвестициялық қор деп танылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған қызмет тек қана инвестициялық қорларға тән болып табылады. Кез келген заңды тұлғаның мазмұны мен бағыттары бойынша осы баптың 1-тармағында аталған қызметке сай келетiн қызметтi осы Заңның нормаларымен реттелуге тиiс.
Активтеріндегі өзге эмитенттердiң эмиссиялық бағалы қағаздарының құны оның таза активтерi құнының қырық процентiне тең инвестициялық қор ретiнде тiркелмеген ашық акционерлік қоғамның бағалы қағаздарды одан әрi сатып алу жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2-бап. Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар қызметiнiң заңдық негiзi
Инвестициялық қорлар туралы заңдар осы Заңнан, Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актілерінен, сондай-ақ бағалы қағаздардың шығарылуы мен оның айналысы саласындағы қатынастарды реттейтiн мемлекеттік органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
II тарау. Қазақстан Республикасында инвестициялық
қорлардың құрылуы мен қызметi
ҚР 16.05.03 ж. № 416-11 Заңымен 3-бап өзгертiлдi
3-бап. Инвестициялық қорды құру және оның қызметiн ұйымдастыру
1. Инвестициялық қордың құрылуы мен қызметi осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында ашық үлгiдегi акционерлік қоғамдар үшiн көзделген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
2. Инвестициялық қор акциялары белгiлi бiр инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелiне кiретiн акционерлік қоғамдарды басқаруға қатысуға құқылы. Мемлекеттік органдар мен өзге де тұлғалар инвестициялық қордың сол инвестициялық қор портфеліндегі бағалы қағаздар эмитенттерiн басқаруға қатысу жөніндегі заңдарда белгiленген құқықтарын шектей алмайды және осы құқықтар бұзылған жағдайда олар кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласқаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Инвестициялық қордың басқару органдарының құрылымы мен құзыретi Қазақстан Республикасының шаруашылық серiктестiктер туралы заңдарымен белгiленедi. Инвестициялық қордың басқару органдарының қосымша құзыретi осы Заңмен белгiленедi.
4. Кез келген заңды және жеке тұлғалар инвестициялық қордың акционерлерi бола алады.
5. Инвестициялық қор Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.
4-бап. Инвестициялық қорлардың үлгiлерi
1. Акционерлермен өзара қатынастарына қарай инвестициялық қорлар;
өзi эмиссиялаған акцияларды осы Заңмен белгiленген баға және ережелер бойынша акционерлерден сатып алуға мiндеттi ашық инвестициялық қор - өзара қорға;
акционерлер қорынан өзi эмиссиялаған акцияларды сатып алуға мiндеттi емес жабық инвестициялық қор - инвестициялық компанияға бөлiнедi.
2. Инвестициялық қордың жарғысында инвестициялық қордың үлгiсi: ашық немесе жабық екенi көрсетiлуге тиiс.
Инвестициялық қор Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен қордың үлгiсiн өзгертуге құқылы.
5-бап. Инвестициялық қордың жарғылық қоры
1. Инвестициялық қордың жарғылық қоры мемлекеттік тiркеу кезiнде:
а) инвестициялық компанияға арналған есеп айырысу көрсеткiштерiнiң отыз мыңнан;
б) өзара қорға арналған есеп айырысу көрсеткiштерiнiң елу мыңнан кем болмауға тиiс.
2. Инвестициялық қордың жарғылық капиталын қалыптастыру ерекшелiктерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
6-бап. Инвестициялық қордың атауы
1. Инвестициялық қордың атауына оның үлгiсiне қарай "өзара қор" немесе "инвестициялық компания" деген сөздер енгiзiлуге тиiс.
2. Инвестициялық қордың атауы оның қандай да болсын әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдарға, министрлiктерге, ведомстволарға немесе қоғамдық бiрлестiктерге жататындығын бiлдiрмеуге немесе танытпауға тиiс.
7-бап. Инвестициялық декларация
1. Инвестициялық декларация инвестициялық қор мен оның басқарушысының инвестициялық қызметiне негiз болатын негiзгi құжат болып табылады.
Инвестициялық декларация инвестициялаудың мақсаттары, стратегиясын, бағыттарын, әр алуан түрдегi бағалы қағаздар бойынша бағалы қағаздар портфелiн диверсификациялау, инвестициялық қор қызметiн шектеу нормаларын белгiлейдi.
Инвестициялық қордың инвестициялық декларация мазмұнын бұза отырып бағалы қағаздар портфелiн жасауға құқығы жоқ.
2. Өзара қордың инвестициялық декларациясында бұған қоса бағалы қағаздар портфелiнiң өтiмдiлiгi жөніндегі шектеу болуға тиiс. Өзара қордың бағалы қағаздар портфелiне тиiстi мәмiле жасалар кезде орын алып отырған, бағасы олардың рыноктық құнының он процентiнен аспайтын мөлшерде төмендеген кезде, он күннен аспайтын мерзiмде сатуға болатын бағалы қағаздар ғана енгiзiлуi мүмкiн.
3. Инвестициялық декларацияны инвестициялық қордың құрылтай жиналысы әзiрлеп, бекiтедi.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 8-бап өзгертiлдi
8-бап. Инвестициялық қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы
1. Инвестициялық қор акционерлерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ережелерге қоса мыналар жатады:
а) инвестициялық қордың үлгiсiн өзгерту туралы шешiм қабылдау;
б) инвестициялық декларацияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiм қабылдау;
в) инвестициялық қордың басқарушысымен бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы жасасқан шартты бекіту;
г) инвестициялық қордың басқарушысымен жасасқан шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiм қабылдау;
д) инвестициялық қордың басқарушысымен жасасқан шартты мерзiмiнен бұрын бұзу туралы шешiм қабылдау;
е) бағалы қағаздардың тiркеушiсiмен және кастодианымен жасасқан шартты бекіту;
ж) инвестициялық қордың басқармасы директорлар кеңесi мен мүшелерiне сыйақы төлеудiң шектi мөлшерiн белгiлеу.
2. Өзара қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы осы баптың 1-тармағында белгiленген құзыретке қосымша директорлар кеңесiнiң ұсынысы бойынша осы өзара қор акцияларын аралық сатып алу iсiн жүзеге асыру кезiнде өтiнiм жинау жүзеге асырылатын есептi кезеңдердiң ұзақтығын белгiлейдi.
3. Осы қордың басқарушысын қоспағанда, басқа акционер немесе ол уәкiлдiк берген өзге де адам инвестициялық қор акционерiнiң жалпы жиналысындағы өкiлi бола алады.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 9-бап өзгертiлдi
9-бап. Инвестициялық қордың директорлар кеңесi
1. Инвестициялық қор директорлар кеңесiнiң құзыретiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ережелердi қоспағанда:
а) басқарушысымен бағалы қағаздар портфелiне басқару туралы шарт жасасу;
б) инвестициялық қордың өзге де барлық тұлғалармен қатынастарын орнату, өзгерту және тоқтату, оның iшiнде тәуелсiз тiркеушiмен және кастодианмен шарт жасасу;
в) инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелiн басқаруға байланысты қызметтi жүзеге асырудың кез келген мәселелерi бойынша инвестициялық қордың басқарушысынан ақпарат талап ету және оны алу;
г) басқарушы қызметiнiң нәтижелерi туралы жалпы жиналыс бекiткен жыл сайынғы есептердi, сондай-ақ инвестициялық қордың қызметi мен қаржылық жағдайына қатысты өзге де ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында үнемi жариялап отыру жатады;
2. Өзара қор директорлар кеңесi осы баптың 1-тармағында белгiленген құзыретке қосымша оның акцияларын сатып алу процесiнде өзара қордың таза активтерiнiң құнын күнделiктi бағалап отыруды қамтамасыз етедi.
3. Инвестициялық қордың басқарушысы (оның уәкiлеттi өкiлi) директорлар кеңесi шешiмдерiн қабылдау кезiнде басқарма мәжілістерiне шешушi дауыс құқығынсыз қатысады.
4. Уәкiлеттi орган мен инвестициялық қордың басқарушысына инвестициялық қор директорлар кеңесiнiң құрамы туралы ақпаратты директорлар кеңесi мүшелерiнiң сайланған кезiнен не сол директорлар кеңесi құрамында қандай да бiр өзгерістер жасалған кезден бастап он төрт күннен аспайтын мерзiм iшiнде мiндеттi түрде берiледi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-11 Заңдарымен 10-бап өзгертiлдi
10-бап. Инвестициялық қордың бағалы қағаздары
1. Инвестициялық қор акциялар шығарылымы арқылы ақша тартады.
2. Инвестициялық қордың барлық акциялары атаулы жай акциялар болып табылады.
3. Инвестициялық қорлар акцияларын шығару, тiркеу және оларды орналастыру тәртібі мен ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен және уәкiлеттi органының нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 11-бап өзгертiлдi
11-бап. Өзара қордың өз акцияларын сатып алуы және сатуы
1. Өзара қордың акцияларды сатып алуы жарғылық капиталдың тiркелген мөлшерiн толық төленгеннен кейiн жүзеге асырылады.
2. Акциялар өзара қордың таза активтерiнiң құнын есептеу негiзiнде белгiленген баға бойынша сатып алынады. Өзара қор акцияларының құнын есептеу өзара қордың таза активтерiнiң құны мен оның сол кездегi айналыстағы акцияларының жалпы санының арақатынасын айқындауға негiзделедi. Өзара қордың таза активтерiнiң құнын есептеу әдiстемесi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
3. Акцияларды сатып алу акцияларды сатып алуға өтiнiм берiлген кезден бастап он күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.
4. Өзара қор акцияларының белгiленген сату бағасын бiр күннiң iшiнде өзгертуге болмайды.
5. Өзара қордың акцияларды сатып алуы осы қор акционерлерiнiң акцияларды сатып алуға берген өтiнiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
Өзара қор өзiнiң акцияларын сатып алуға өтiнiм берiлген күннiң соңындағы жай-күйi бойынша айқындалатын бағамен сатып алуға тиiс. Өзара қор акционерiнiң өзара қордың өзiне тиесiлi акцияларын сатып алуға бұрын берген өтiнiмiнен бас тартуға құқығы жоқ.
6. Сатып алынатын акциялардың бағасы, ұзақтығын директорлар кеңесiнiң ұсынысы бойынша сол өзара қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы белгiлейтiн белгiлi бiр есептi кезең iшiнде сатып алуға (аралық сатып алу) берiлген барлық өтiнiмдер алынғаннан кейiн белгiленуi мүмкiн. Аталған есептi кезеңдердiң ұзақтығы 60 күннен кем болмауы керек.
7. Өзара қор акцияларын сатып алу процесiнде өзара қордың таза активтерiн оның жарғылық капиталының тiркелген бастапқы мөлшерiнен кемiтуге жол бермеуге болмайды.
8. Өзара қордың акцияларын сатуы оның таза активтерi құнының негiзiнде айқындалатын баға бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-11 Заңымен 12-бап өзгертiлдi
12-бап. Инвестициялық қордың бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң мазмұнына қойылатын қосымша талаптар
Акционерлік қоғамдардың бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң мазмұнына Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында қойылатын талаптардан басқа, инвестициялық қор акциялары шығарылымының проспектiсi мынадай мәлiметтердi:
а) инвестициялық қордың инвестициялық декларациясының мазмұнын;
б) бухгалтерлiк есеп жөніндегі заңдардың талаптарына сәйкес қаржылық ақпаратты;
в) инвестициялық қордың басқарушысы, кастодианы, тiркеушiсi және басқармасының төрағасы кем екенiн көрсетудi;
г) инвестициялық қордың басқарушысымен, кастодианмен және тiркеушiмен жасасқан шарттарында айтылған елеулi ережелердi, соның iшiнде тараптардың мiндеттерiн, олардың жауапкершiлiгiн, өзара құқықтары мен мiндеттерiн, шарттардың қолданылу мерзiмдерiн, сыйақылар мен көрсетiлген қызмет ақысын төлеудiң мөлшерi мен шарттарын көрсетудi қамтуға тиiс.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 13-бап өзгертiлдi және толықтырылды
13-бап. Инвестициялық қорлардың қызметiн шектеу
1. Инвестициялық қордың:
а) акциялардан басқа бағалы қағаздардың өзге де түрлерiн шығаруға;
б) алты айдан астам мерзiмге инвестициялық қордың тұрақты негiзде түрде есептелетiн таза активтерi құнының он процентiнен асатын мөлшерiнде банктерден заем қаражатын тартуға;
в) қабылдау шарттары мен тәртібі, сондай-ақ олардың болу мақсаттары инвестициялық қордың жарғысына және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн мiндеттемелерi өзiне қабылдауға;
г) бiр эмитенттiң бағалы қағаздары болып табылатын эмиссиялық бағалы қағаздары инвестициялық қордың өзiнiң таза активтерiнен:
өзара қор үшiн он процент;
инвестициялық компания үшiн жиырма процент мөлшерiнде инвестициялауға;
д) аффилиирленген тұлғалардың бағалы қағаздарын сатып алуға;
е) инвестициялық қор тиiстi шарттар жасасқан кастодиан мен тiркеушiнiң бағалы қағаздарын сатып алуға;
ж) кез келген әдiспен заемдар беруге;
з) өздерiне тиесiлi бағалы қағаздарды қайтып сатып алу мiндеттемесi шарттарымен сатуға;
и) маржа бойынша кез келген бағалы қағаздарды сатып алуға;
к) инвестициялық қорға тиесiлi емес бағалы қағаздарды сату туралы ("қысқа мерзiмдi сату"), сондай-ақ эмиссиялық емес бағалы қағаздарды сатып алу туралы шарттар жасасуға;
л) кез келген түрде кепiлдiк беруге, бағалы қағаздармен жеке таза активтер құнының он процентiнен аспайтын мөлшерде кепiлдiк мәмiлелерiн жасасуға;
м) инвестициялық қорлардың қосылған және/немесе бiрiккен реттерiн қоспағанда, өзге де инвестициялық қорлардың акцияларын сатып алуға және олардың өз активтерiнде болуына;
н) инвестициялық қордың мүлкiне байланысты, сол қордың аффилиирлендiрiлген тұлғаларымен мәмiлелер жасасуға;
о) инвестициялық қордың еншiлес кәсiпорындарын құруға;
п) өз акцияларын сату мен сатып алудың пирамидалық схемасын пайдалануға;
р) инвестициялық қордың акциялары бойынша кiрiстер кепiлi немесе уәдесi бар ақпаратты жариялауға;
с) инвестициялық қордың "алтын акциясын" тағайындауға;
т) материалдық өндiрiс пен сауда саласында бағалы қағаздар мен қаржы құралдарын қоспағандағы өзге де мүлiкпен қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Өзара қордың бiр эмитенттiң заңдарда белгiленген тәртiппен тiркелген бағалы қағаздарының жалпы мөлшерiнiң он бес процентiнен астамын сатып алуға құқығы жоқ.
3. Қаржылық құралдар тұтыну құны айналыс және/немесе төлем құралы ретiнде пайдалану мүмкiндiгiмен анықталатын және ұлттық валютаға айырбасталатын қабiлетi бар активтiң түрлерi болып табылады.
Инвестициялық қордың меншiгiнде болуы мүмкiн қаржы құралдарының тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Инвестициялық қорды тарату немесе қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
5. Инвестициялық қордың лауазымды адамдары мен қызметкерлерi бiр мезгiлде оның басқарушысының, кастодианының, тiркеушiсiнiң және бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың лауазымды адамдары немесе қызметкерлерi бола алмайды.
6. Инвестициялық қордың оның активтерiн басқаруға және қордың акционерлерiмен жүргiзiлетiн жұмысқа байланысты жыл iшіндегі шығыстары осы кезеңге дивидендтердi төлеудi қоса алғанда, оның таза активтерiнiң жылдық орташа құнының он процентiнен аспауға тиiс.
III тарау. Инвестициялық қордың басқарушысы
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 14-бап өзгертiлдi
14-бап. Инвестициялық қордың басқарушысы
1. Инвестициялық қордың басқарушысы - бағалы қағаздар портфелiн басқару жөніндегі кәсiби қызметтi жүзеге асыратын және инвестициялық қормен оны басқару туралы жасалған шарт негiзiнде жұмыс iстейтiн заңды тұлға.
Бағалы қағаздар портфелiн басқару - инвестициялық қор басқарушысының эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен иелiктен айыру және аталған бағалы қағаздармен басқарылатын инвестициялық қордың инвестициялық декларациясына сәйкес өзге де мәмiлелер жасау туралы шешiмдер қабылдау болып табылатын нысаналы қызметi.
2. Инвестициялық қордың басқарушысы коммерциялық ұйымның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кез келген ұйымдық-құқылық нысанында жұмыс iстейдi.
Инвестициялық қор басқарушысының мүлкi инвестициялық қордың мүлкiнен оқшауланған болады.
3. Банктердiң инвестициялық қор басқарушысының қызметiн жүзеге асыруға құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 15-бап өзгертiлдi
15-бап. Инвестициялық қор мен оның басқарушысының өзара қатынастары
1. Инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелiн басқаруды тек басқарушы ғана жүзеге асырады.
2. Инвестициялық қор осы инвестициялық қор активтерiнiң басқарушыға басқару үшiн берiлген барлық активтерiнiң (ақша мен бағалы қағаздарының) меншiк иесi болып табылады және инвестициялық қордың қызметiн қамтамасыз ету мен жүзеге асыруға байланысты барлық шығындар сол қордың қаражаты есебiнен жасалады.
3. Бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы шарт арқылы тараптардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi; шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу және шартты тоқтату ережелерi; инвестициялық қор басқарушысының қызметiне ақы төлеудiң тәртібі, мерзiмi және мөлшерi; бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларымен өзара қатынастардағы инвестициялық қордың мүдделерiн бiлдiру ережелерi; бағалы қағаздар портфелiн басқару процесiнде жасалған шығындарды төлеу жөніндегі мiндеттердiң тараптар арасында бөлiнуi белгiленедi.
Шарт Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тараптардың бiреуiнiң талап етуi бойынша бұзылуы мүмкiн.
4. Инвестициялық қордың басқармасы басқарушыға инвестициялық қордың қызметiне қатысты толық қаржылық және өзге де құжаттамалар беруге мiндеттi.
5. Уәкiлеттi орган белгiлеген пруденциялық нормативтер сақталған және тиiстi қорлардың инвестициялық декларациялары принциптi әртүрлi мазмұнда болған жағдайда инвестициялық бағалы қағаздар портфельдерiн басқару үшiн басқарушы бiр мезгiлде екi және/немесе одан да көп инвестициялық қорлармен шарттар жасауға құқылы. Басқарылатын инвестициялық қорлардың қаражаты өз қызметiн экономиканың әртүрлi салаларында жүзеге асыратын эмитенттердiң бағалы қағаздарын сатып алу үшiн пайдаланатын инвестициялау бағыттарын бекіту инвестициялық қорлардың инвестициялық декларацияларының мазмұны айырмашылығының негiзгi өлшемi болып табылады.
6. Инвестициялық қордың лауазымды адамдары, басқарушы, оның лауазымды адамдары және басқа да қызметшiлерi өздерiнiң заңсыз әрекеттерi үшiн, соның iшiнде инвестициялық қорға келтiрiлген залалы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мүлiктiк, тәртiптiк әкiмшiлiк және қылмыстық жауапқа тартылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 16-бап өзгертiлдi
16-бап. Инвестициялық қордың басқарушысының қызметi мен мiндеттерi
1. Инвестициялық қордың басқарушысы мынадай қызметтi жүзеге асырады:
а) инвестициялық қор тартқан ақшаны бағалы қағаздарға инвестициялау туралы шешiм қабылдайды және осы бағалы қағаздармен әртүрлi азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасайды;
б) бағалы қағаздар портфельдерiн басқару туралы шарттың және басқарылатын қордың инвестициялық декларациясының негiзiнде инвестициялық шешiмдердi жүзеге асыру процесiнде инвестициялық қордың өз кастодианы мен брокер-дилерлерi арасындағы өзара iс-қимылын жүзеге асырады;
в) Қазақстан Республикасының заңдарында жол берiлетiн және бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы тиiстi шартта белгiленген басқа да қызметтi жүзеге асырады.
Инвестициялық қордың басқарушысы өз қызметiн инвестициялық қордың жарғысы мен инвестициялық декларациясына және басқарушы мен инвестициялық қордың арасында жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырады.
Басқарушының өзi қабылдаған инвестициялық шешiмдерi iске асыру жөніндегі тапсырмалары инвестициялық қордың тиiстi шарттар негiзiнде сол инвестициялық қорға қызмет көрсеткен кастодиан мен брокер-дилерлердiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Басқарушының мiндеттерiне:
а) инвестициялық қор саясатын сол инвестициялық қордың атынан және мүддесi үшiн бағалы қағаздармен әртүрлi мәмiлелердi жасау және жүзеге асыру туралы шешiмдер қабылдауды қамтитын инвестициялық қордың инвестициялық декларациясы негiзiнде жүзеге асыру;
б) өз қызметiнiң нәтижелерi туралы инвестициялық қор мен уәкiлеттi орган алдында үнемi есеп берiп отыруды жүзеге асыру;
в) инвестициялық қормен жасалған шартта белгiленген шекте барлық үшiншi тұлғалармен қатынастарды инвестициялық қордың мүдделерiн бiлдiру;
г) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде және бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы жасалған тиiстi шартта белгiленген басқа да мiндеттер жатады.
3. Инвестициялық қордың басқарушысы, оның лауазымды адамдары мен басқа да қызметшiлерi қатысқан бағалы қағаздармен барлық мәмiлелер жасау туралы ақпарат мәмiле жасалғаннан кейiн бiр ай мерзiмде есеп беру ретiнде инвестициялық қор басқармасына жеткiзiлуге тиiс. Бұл талаптар инвестициялық қордың өзiнiң бағалы қағаздармен және өзiне тиесiлi бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерiне де қойылады.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 17-бап өзгертiлдi
17-бап. Инвестициялық қордың басқарушысының қызметiн лицензиялау
1. Осы Заңның 16-бабында аталған мiндеттер мен өкiлеттiктi жүзеге асыру үшiн инвестициялық қор басқарушысының бағалы қағаздар портфелiн басқару жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға уәкiлеттi органның алған лицензиясы болуға тиiс.
2. Бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы инвестициялық қормен шарт жасасқаннан кейiн басқарушының Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң бағалы қағаздар топтамасын басқару жөніндегі қызметтен басқа өзге түрлерiн жүзеге асыруға құқығы жоқ.
3. Басқарушыға лицензия беру ережелерi мен тәртібі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарымен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4. Басқарушы лицензиясының қолданылуы осы Заңның 16 және 22-баптарына сәйкес ақпаратты уәкiлеттi органға белгiленген мерзiмде бермеген жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
5. Басқарушының лицензиясы уәкiлеттi орган анықтаған кемшiлiктердi жою жөніндегі талаптар белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда қайтарылып алынуы мүмкiн.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 18-бап жаңа редакцияда
18-бап. Инвестициялық қор басқарушысының сыйақысы
1. Инвестициялық қордың басқарушысына төленетiн сыйақының мөлшерi тараптардың бағалы қағаздар топтамасын басқару туралы шартта жасалған келісімiмен белгiленедi.
Бағалы қағаздар топтамасын басқару туралы шартта басқарушыға төленетiн сыйақының мөлшерi проценттiк қатынаста тиiстi инвестициялық қордың белгiлi бiр кезеңдегi орташа құнының инвестициялық қордың таза активтерi құнының өсуiнен, инвестициялық қордың алған пайдасынан немесе өзге жолмен айқындалатыны белгiленуi мүмкiн.