Офицер құрамын оқытушылық қызметке тағайындау, ауыстыру мен босату әдетте, оқу жылы аяқталған кезде жүргiзiледi, ал жаңадан құрылған әскери кафедралар қызметiне офицерлердi тағайындау әскери даярлық жөніндегі оқу сабақтарының басталуына кемiнде алты ай қалғанға дейiн жүргiзiледi.
Кадрдағы офицерлермен жасақтау мүмкiндiгiнiң жоқ болуына байланысты әскери кафедралардың профессор-оқытушы құрамының штаттық қызмет орындарын жоғарыда аталған талаптарға сай келетiн запастағы офицерлер баса алады.
Запастағы офицерлердi профессор-оқытушы құрам лауазымдарына әскери кафедра бастығының ұсынуымен жоғары оқу орындарының ректорлары тағайындайды.
Әскери кафедраларға кадрдағы офицерлер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен тағайындалады.
Оқу техникасы мен жаттықтыру аппаратурасы, инженерлiк-техникалық қызметкерлердiң офицерлiк құрамы лауазымдарына офицерлер мен прапорщиктердi тағайындауға болады.
Әскери кафедраларға қызмет бабы бойынша терiс аттестацияланған, тәртiп бұзған немесе өз мiндеттерiн орындай алмаған офицерлердi тағайындауға жол берiлмейдi.
ҚР Үкіметінің 23.04.97 ж. № 443 қаулысымен 15-тармақ өзгерiстiлдi
15. Әскери даярлықты жүргiзушi оқытушылар құрамында запастағы офицерлер саны әскери кафедра профессор-оқытушы құрамының штат бірлiгiнiң жалпы санынан 20 процент, ал әскери мамандықтар бойынша азық-түлiк, заттай, қаржы, медициналық, ветеринарлық қызмет пен шетел тілін оқуға байланысты мамандықтар бойынша - 30 процент, дәрiгерлердiң білімiн жетiлдiру институттарында 50 проценттен аспауы керек.
16. Кафедралардың бастықтары, олардың орынбасарлары, оқу бөлiмдерiнiң бастықтары - әскери кафедра бастықтарының орынбасарлары лауазымдарына тағайындалатын кандидаттар Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ректорларымен, Қарулы Күштер түрлерiнiң тиiстi Қолбасшыларымен, әскер тектерi бастықтарымен, қарауында жоғары оқу орындары бар министрлiктер, ведомстволарымен келісіледi. Әскери кафедралардың барлық басқа лауазымдарына таңдап алынған кандидаттар тiкелей жоғары оқу орындарының ректорларымен келісіледi.
17. Жеке құрам бойынша:
- әскери кафедралардың бастықтары, олардың орынбасарлары және әскери кафедра бастықтарының орынбасарлары - оқу бөлiмдерінің бастықтары лауазымдарына офицерлердi тағайындау туралы бұйрықтардың көшiрмелерi қарауында жоғары оқу орындары бар Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi мен ведомстволарына және жоғары оқу орындары ректорларына;
- әскери кафедралардың басқа лауазымдарына офицерлердi (прапорщиктердi) тағайындау туралы бұйрықтардың көшiрмелерi жоғары оқу орындарының ректорларына жiберiледi.
Министрлiктерге, ведомстволарға және жоғары оқу орындарына жiберiлетiн бұйрықтардың көшiрмелерiнде офицерлер мен прапорщиктер тағайындалған әскери бөлiмдердiң тек шартты атауы көрсетiледi.
IV. Әскери кафедралардың офицер құрамының
командирлiк және әдiстемелiк даярлығын
ұйымдастыру, біліктілігiн арттыру
және аттестация жүргiзу
18. Әскери кафедралардың офицер құрамының командирлiк даярлығы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрықтары мен директиваларына және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң әскер тектерi бастықтарының, басқармалар бастықтарының жауынгерлiк даярлық жөніндегі ұйымдық-әдiстемелiк нұсқауларының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және жүргiзiледi.
Әскери кафедралардың офицер құрамымен командирлiк даярлықты жүргiзудiң негiзгi мақсаты - олардың әскери-кәсiби білімдерi мен әдiстемелiк дағдыларын арттыруды қамтамасыз ету болып табылады.
19. Әскери кафедралардағы командирлiк даярлық тиiстi бұйрықтар мен директиваларға сәйкес белгiленген мерзiмде жиындар және жоспарланған оқу сабақтары үлгiсiнде жүргiзiледi.
20. Әскери кафедралардың офицерлерiнiң командирлiк даярлығы жөніндегі бағдарламалар мен ұйымдастыру нұсқауларын тиiстi әскери мамандықтар бойынша студенттердiң әскери даярлығына басшылық жүргiзетiн Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң басқармалары, Қарулы Күштер түрiнiң қолбасшылары, әскер тектерiнiң бастықтары әзiрлейдi.
21. Әскери қызметтi атқарып жүрген офицерлер қатарындағы әскери кафедралардың оқытушылар құрамы әскери бөлiмдер (кемелер) мен әскери оқу орындарына, курстарға немесе тағылымдамаға біліктілігiн арттыру үшiн жиi жiберiлiп отырылады.
Әскери кафедралар офицерлерiнiң тағлымдамалары мен олардың курстардағы даярлығын жоспарлауды әскери кафедралар бастықтарының өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң запастағы офицерлердi даярлауға жауапты құрылымдық бөлiмшесi жүзеге асырады.
22. Әскери бөлiмдер (кемелер) мен әскери оқу орындарына тағлымдамаға немесе курстарға жiберiлген, сондай-ақ жоғары әскери-оқу орындарында сырттай оқуына байланысты оқу жиындарына немесе азаматтық жоғары оқу орындарында сырттай оқуына байланысты емтихандық сессияларға жiберiлген әскери кафедралардың офицерлерi әскери кафедралардың штатынан шығарылмайды.
Жоғары оқу орындары ректорларының келісімiмен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң командалық-штаб әскери және арнаулы жаттығулары мен басқа да шараларын жүргiзу үшiн әскери кафедралардың офицерлерiнiң (прапорщиктерiнiң, мичмандардың) тiзiмдiк санының 20 процентiн тартуға рұқсат етiледi.
23. Әскери кафедраларды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрықтары мен директивалары және басқа да қызмет құжаттарымен қамтамасыз етудi тиiстi әскери органдар жүргiзедi.
Офицерлер қызмет құжаттарымен, соның iшiнде әскери кафедраларға жiберiлмейтiн белгi қойылған құжаттармен танысу үшiн, оларды әскерлердегi жаңа қару-жарақпен, әскери техникамен және тәрбие жұмысының ұйымдастыру шараларымен таныстыру үшiн әскер тектерi бастықтарының бұйрықтарымен әскери кафедралар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң әскери бөлiмдерiне (кемелерге), әскери оқу орындары мен мекемелерiне бекітіледi.
24. Әскери қызметiн атқарып жүрген әскери кафедралардың офицер құрамын аттестациялау, олардың жеке iс қағазы мен басқа құжаттарын жүргiзу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi офицерлерi үшiн белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
V. Әскери кафедралардағы әдiстемелiк,
әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, рационализаторлық
және өнертабыстық жұмыстар
25. Әскери кафедралардағы әдiстемелiк, әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, рационализаторлық және өнертабыстық жұмыстардың негiзгi нысандары мен бағыттары мыналар болып табылады:
а) әдiстемелiк жұмыс саласында:
- студенттердi оқыту мен тәрбиелеу әдiстерiн жақсарту мәселелерi бойынша әдiстемелiк жиындар мен кеңестердi, ғылыми-әдiстемелiк конференциялар мен семинарларды жүргiзу;
- нұсқаулық-әдiстемелiк, көрнектi және ашық оқу сабақтарын ұйымдастыру әрi жүргiзу, сондай-ақ оқытушы құрамның оқу сабақтарына өзара алмасып қатысуы;
- студенттердi оқыту мен тәрбиелеу әдiстерi бойынша лекцияларды, баяндамаларды, рефераттар мен басқа материалдарды әзiрлеу;
- оқу-тәрбие процесiне әскерлердiң (күштеpдiң) жауынгерлiк даярлық тәжiрибесiн, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының алдыңғы қатарлы тәжiрибесiн талдау, қорытындылау мен енгізу;
- студенттердi әскери оқыту мен тәрбиелеудiң анағұрлым өзектi мәселелерi бойынша ғылыми зерттеулердi жүргiзу;
- жекелеген пәндердi оқытудың әдiстерiн әзiрлеу және оқу сабақтарында дербес компьютерлердi, оқытудың техникалық құралдарын, көрнектi құралдарды, қару-жарақ пен әскери техниканың нақты үлгiлерiн, кинофильмдердi, диафильмдердi және студенттердiң әскери даярлықтың тиiстi пәндерiн оқып-үйрену сапалылығын арттыратын басқа да оқыту құралдарын пайдалану;
б) ғылыми және ғылыми-зерттеу жұмысы саласында:
- әскери білім беру, әскери педагогика мен психологияның өзектi проблемаларын, оқу процесiн және студенттер мен педагог кадрлардың әскери даярлығының барлық жүйесiн одан әрi жетiлдiру, әскери кафедралардың оқу материалдық-техникалық базасын дамыту мәселелерiн жан-жақты зерттеудi жүргiзу;
- студенттердi тәрбиелеу, моральдық-психологиялық даярлау мәселелерiн зерттеу, оқу процесiне әскерлердiң (күштердiң) жауынгерлiк даярлығының алдыңғы қатарлы тәжiрибесi мен әскери жаттығулардың қорытындыларын енгізу;
- оқу жоспарлары мен бағдарламаларын тереңiрек талдауды жүргiзу, оқу орындарының басқа кафедралардағы бір тектес және аралас пәндердi, әскери кафедралардағы тиiстi пәндердi оқытудың оқу жоспарлары мен бағдарламаларына осы пәндердiң толық үйлесуiн қамтамасыз ету мақсатында зерттеу;
- оқу құралдарын әзiрлеу, әскери-ғылыми (теориялық), техникалық, әдiстемелiк, ұрыс жаттығулары жөніндегі, ұшу-техникалық және әскери-тарихи конференцияларды, ғылыми кеңестер мен семинарларды әзiрлеу мен өткізу;
- ережелер, тәлiмдемелер, басшылыққа алынатын құжаттар, нұсқаулықтар мен басқа да нормативтi құжаттардың жобаларын әзiрлеу мен талқылауға қатысу, ғылыми баяндамалар, мақалалар мен рефераттарды әзiрлеу;
- кафедра оқытушы құрамының ғылыми біліктілігiн арттыру, олардың кандидаттық емтихандарды тапсыру, диссертацияны әзiрлеу мен қорғау, әскери-ғылыми және ғылыми-зерттеу сипаттағы зерттеу жұмыстарын орындау жөніндегі шараларды өткізу;
Әскери кафедрадағы ғылыми және ғылыми-зерттеу жұмыстары бекітілген перспективалық және жылдық жоспарларға сәйкес ұйымдастырылып, жүргiзiледi.
Перспективалық жоспарда әскери кафедраның әскери ғылыми жұмысының негiзгi бағыттары белгiленедi және осының негiзiнде жылдық жоспар жасалынады. Әскери-ғылыми және ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын олардың мамандануына байланысты кафедраларға басшылық жасайтын әскери командашы белгiлейдi. Әскери-ғылыми тақырыптың бағыты әскери кафедрада запастағы офицерлердi даярлаудың бағдарына сәйкес келуi керек.
Әскери даярлықтан өтушi студенттер жоғары оқу орындарында белгiленген тәртiпке сәйкес әскери кафедрадағы әскери-ғылыми жұмысқа қатысады. Студенттер үшiн бұл жұмыстардың тақырыптарын олардың мамандануын және белгiленген құпиялылық режимдi сақтауды ескере отырып, әскери кафедралар белгiлейдi.
в) рационализаторлық және өнертабыстық жұмыстар саласында:
- әскери кафедралардың оқу материалдық-техникалық базаларын жасау мен жетiлдiру, аспаптарды, тренажерларды, қолданылып жүрген макеттер мен басқа көрнектi оқу құралдарын әзiрлеу мен жетiлдiру, әскери кафедрадағы қару-жарақ әскери техника, оқу-жаттығу және техникалық оқу құралдарын оқу процесiнде пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру жөніндегі жұмысты жүргiзу.
Әскери кафедрадағы рационализаторлық және өнертабыстық жұмыстар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi.
VI. Жоғары оқу орындары жанындағы әскери
кафедраларда студенттердiң әскери
даярлығын ұйымдастыру
ҚР Үкіметінің 15.04.96 ж. № 443 қаулысымен 26-тармақ толықтырылды; ҚР Үкіметінің 12.08.03 ж. № 803 қаулысымен 26-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қар)
26. Әскери даярлықтан өту үшiн студенттер iрiктеудi мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша да, ақылы негiзде де жоғары оқу орындарында оқитын студенттер қатарынан ректордың атына берiлетiн олардың жеке өтiнiштерi бойынша iрiктеу комиссиясы жүргiзедi.
Студенттердi iрiктеу кезiнде мыналар ескерiледi:
облыстардың қорғаныс iстерi жөніндегі департаментiнiң (аудандар мен қалалардың басқармалары мен бөлiмдерiнiң) медициналық шақыру комиссиясының медициналық жағының куәландыру қорытындылары;
емтихан тапсыру қорытындылары бойынша айқындалатын оқу орнындағы студент үлгерiмiнiң орташа жылдық балы;
жоғары оқу орындарының студенттерi үшiн белгiленген дене даярлығы бойынша нормативтердi орындау қорытындылары.
Осы көрсеткiштер құрамына мынадай өкiлдер енетiн iрiктеу комиссиясының мәжілісiнде қаралады:
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен - төраға;
қарамағында жоғары оқу орындары бар министрлiктерден - тең төраға;
қарамағында жоғары оқу орындары бар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, министрлiктерден, жоғары оқу орнынан - мүшелер.
Iрiктеу комиссиясы мәжілісiнiң қорытындылары хаттамамен ресiмделедi. Ірiктеу комиссиясы iрiктеген студенттердi әскери даярлықтан өту үшiн қабылдау әскери кафедра бастығының ұсынуы бойынша iрiктеу комиссиясының хаттамасы негiзiнде жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен ресiмделедi.
27. Жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларда әскери даярлық теориялық және практикалық оқыту курстары мен әскери бөлiмдердегi (кемелердегi, әскери оқу орындарындағы, оқу орталықтарындағы)* оқу жиындарынан (тағлымдамалардан) құралады.
* Әрi қарай текст бойынша (егер ерекше аталмаса) - әскери
бөлiмдер.
Жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларда оған оқытушылардың басшылығымен өткiзiлетiн мiндеттi аудиторлық және жеке оқу сабақтары мен студенттердiң өз бетiмен орындайтын жұмыстары (өзiн-өзi әзiрлеу) енедi. Әскери кафедралардағы оқу сабақтары, әдетте, "әскери күн" әдiсiмен өткiзiледi.
28. Әскери даярлыққа қабылданған студенттер оқу взводтары бойынша 15-20 адам болып бөлiнедi. Оқу взводтарының жеке құрамы мен студенттер қатарынан алынатын олардың командирлерi әскери кафедра бастығының бұйрығымен тағайындалады.
Оқу-жауынгерлiк техниканы оқып-үйрену жөніндегі лабораториялық және практикалық оқу сабақтарын өткізу кезiнде топографиялық карталарда, топографиялық (каpтографиялық) жұмыстарды орындау жөніндегі оқу сабақтарын, сондай-ақ имитациялық құралдарды қолданып өткiзiлетiн оқу сабақтарын жүргiзу кезiнде оқу взводтары 7-10 адамнан тұратын жартылай взводтарға бөлiнедi.
Радиоактивтi, улы, жарылғыш заттарды, жарылуы қауiптi, улы және агрессивтi сұйықтарды қолданып өткiзiлетiн, ұрыс оқтарын, снарядтарды, гранаталарды алу негiзiнде жүргiзiлетiн оқу сабақтарында, сондай-ақ жеңiл сүңгуiрлiк даярлық жөніндегі сабақтарда оқу топтарының саны 7 адамнан аспауы керек.
29. Студенттердiң арнайы пәндердi оқып үйренуi олардың жоғары оқу орындарының азаматтық кафедраларында алған білімдерi негiзiнде жүргiзiледi. Студенттердiң әскери даярлығының негiзi жаттығу жүргiзетiн дала (теңiз, әуе) дағдысы мен мамандығы бойынша оларға командирлiк және практикалық машықтарды дарыту болып табылады.
ҚР Үкіметінің 12.08.03 ж. № 803 қаулысымен 30-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
30. Студенттердiң әскери қызметке жарамдылығы әскери кафедрадағы сабақ басталар алдында және әскерлердегi оқу-жаттығу жиындары (тағлымдамалар) басталар алдында, Қазақстан Республикасының азаматтарын мерзiмдi әскери қызметке шақырумен бірге жылына екi рет жүргiзiлетiн жергiлiктi әскери басқару органдары әскери-дәрiгерлiк комиссиясының оларды медициналық жағынан куәландыру қорытындылары бойынша айқындалады.
Студенттердiң әуе-десанттық әскерлер мен Әскери-Теңiз Күштерiнiң жүзу құрамы мамандықтары бойынша әскери қызметке жарамдылығын денсаулығына байланысты қосымша талаптарды ескере отырып, аудандық (қалалық) әскери комиссариаттардың әскери-дәрiгерлiк комиссиялары анықтайды. Әскери-Теңiз Күштерiнiң жүзу құрамы мамандықтары бойынша әскери оқудан өтiп жатқан студенттер жеңiлсүңгуiрлiк даярлық жөніндегі практикалық оқу сабақтарының басталуына дейiн олардың су астына түсуге жарамдылығын анықтау мақсатында арнайы медициналық тексеруден өтедi.
Студенттердiң ұшқыштар құрамы мамандықтары бойынша әскери қызметке жарамдылығын Қарулы Күштер авиациясының ұшқыштар құрамын медициналық жағынан куәландыру жөніндегі Ережемен белгiленген Қарулы Күштер авиациясының ұшқыштар құрамын даярлайтын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери-оқу орындарының кандидаттары мен курсанттарын куәландыру тәртібіне сәйкес ұшқыш-дәрiгерлiк комиссиялар анықтайды.
Денсаулығына байланысты бұрын әскери қызметке жарамсыз немесе жарамдылығы шектеулi деп танылған студенттер әскери даярлық басталғанға дейiн аудандық (қалалық) әскери комиссариаттардың әскери-дәрiгерлiк комиссияларымен медициналық жағынан қайта куәландыруға жатады.
31. Әскери оқу барысында студенттердi денсаулығына байланысты әскери даярлықтан босату аудандық (қалалық) әскери комиссариаттардың әскери-дәрiгерлiк комиссияларының медициналық жағынан куәландыруы негiзiнде жүргiзiледi. Денсаулығына байланысты әскери даярлықтан өтуден босатылған студенттер әскери кафедра бастығының ұсынуымен оқу орны ректорының бұйрығында жарияланады.
32. Белгiленген тәртiп бойынша бір жоғары оқу орнынан екiншiсiне, кешкi немесе сырттай бөлiмнен күндiзгi бөлiмге ауысқан студенттердi әскери даярлықтан өтуге қабылдау жөніндегі мәселенi әрбір нақтылы жағдайда әскери кафедра бастығы қарайды және оның ұсынуымен бұл жайлы жоғары оқу орны ректорының бұйрығында жарияланады.
33. Студенттер әскери даярлық жөніндегі барлық оқу сабақтарында оқу взводтарының (бөлiмшелерiнiң) командирлерiне тiкелей бағынады.
Әскери даярлықтан өтiп жатқан студенттер:
- әскери даярлық бойынша емтихандар мен сынақшаларды мерзiмiнен бұрын тапсырып, одан кейiн осы семестрде әскери кафедрадағы оқу сабақтарына қатыспауға;
- әскери тақырыптар бойынша әскери-ғылыми және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға;
- кафедра басшыларының рұқсаты бойынша әскери даярлықты қысқартылған бағдарламамен және жеке жоспарлар бойынша өтуге (жоғары оқу орнына түскенге дейiн мерзiмдi әскери қызметiн өтеген студенттер үшiн) құқы бар.
Студенттер:
- әскери iстi адал ниетпен оқып-үйренуге, әскери даярлықтың белгiленген мамандығы бойынша командирлiк, әдiстемелiк және практикалық дағдыларды табандылықпен меңгеруге;
- әскери даярлық жөніндегі оқу сабақтарында жалпы әскери жарғылар мен әскери кафедраның күн тәртібі талаптарын сақтауға;
- оқу сабақтарына шашын жинақты етiп, ұқыпты киiнiп келуге;
- оқыту бағдарламасында көзделген әскери даярлық жөніндегі оқу сабақтарының барлық түрлерiне үнемi қатысуға, әскери кафедра өткiзетiн шараларға қатысуға, әскери кафедраның оқу материалдық-техникалық базасын жетiлдiру үшiн жұмыс iстеуге;
- мемлекеттік және қоғамдық мүлiктi сақтауға, қару-жараққа, әскери техника мен әскери оқу мүлiктерiне ұқыпты қарауға, қару, әскери техникамен жұмыс iстегенде және басқа да жағдайларда қауiпсiздiктiң барлық шараларын қатаң сақтауға;
- өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға мiндеттi.
34. Студенттерге жоғары оқу орнында әскери даярлықтан өту кезеңiнде төмендегiдей ынталандырулар мен тәртiптілік жазалары қолданылады:
а) ынталандырулар:
- алғыс жариялау;
- бұрын берiлген тәртiптілік жазаны алу;
- грамотамен наградтау;
б) тәртiптілік жазалары;
- сөгiс жариялау;
- қатаң сөгiс жариялау;
- әскери даярлықтан шеттеу.
Әскери бөлiмдерде студенттердiң оқу
жиындарын (тағлымдамаларын) өткізу
35. Әскери бөлiмдердегi оқу жиындары (тағлымдамалары) студенттердiң алатын әскери мамандықтары бойынша әскери оқытудың қорытынды кезеңi болып табылады.
36. Жоғары оқу орнында әскери даярлықтың толық курсын өткен және белгiленген емтихандар мен сынақшалар тапсырған барлық студенттер оқу жиындарына (тағлымдамаларға) жiберiледi.
Әскери бөлiмдерде оқу жиындарын (тағлымдамаларын) өту кезеңiнде студенттерге жиынға шақырылған әскери қызметшiлер үшiн қолданылып жүрген заңмен белгiленген құқықтар мен мiндеттер қолданылады.
Студенттердiң оқу жиындарын (тағлымдамаларын) жоспарлау үшiн әскери кафедра бастықтары белгiленген нысан (осы Ережеге № 1 қосымша) бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне өтiнiмдердi ұсынады. Өтiнiмдер негiзiнде белгiленген нысан (осы Ережеге № 2 қосымша) бойынша әскери бөлiмдерде студенттердiң оқу жиындарын (тағлымдамаларын) өткізудiң жоспары жасалынады.
Осы жоспарларға сәйкес студенттердiң оқу жиындарын (тағлымдамаларын) өткізу жоспарланған бөлiмдердiң командирлерi жылдық өтiнiмдерде жауынгерлiк даярлық үшiн және оқу жиындарының (тағлымдамаларының) бағдарламасы бойынша студенттермен практикалық жұмыстар жүргiзу үшiн заттай мүлiктерге, азық-түлiкке, оқ-дәрiлерге, жырылғыш заттарға, жару құралдарына, моторесурстар мен жанар мен жағар майға деген қажеттіліктi арнайы түрде көрсетуге мiндеттi.
37. Студенттердi әскери бөлiмдердегi оқу жиындарына (тағлымдамаларға) жiберудi әскери кафедралар әзiрлеген жеке тiзiмдер бойынша әскери комиссариаттар жүргiзедi.
Әскери жиындарға (тағлымдамаларға) жiберер алдында денсаулығына шағынған студенттер дәрiгер-мамандар тексеру үшiн әскери комиссиариаттарға жiберiледi. Әскери Әуе Күштерi әскери бөлiмдерiнiң ұшу тағлымдамаларына жiберiлетiн студенттер тиiстi ұшқыш-дәрiгерлiк комиссияларда медициналық куәландырудан өтедi. Денсаулығына байланысты оқу жиындарын өтуге жарамсыз деп танылған адамдар, жиындар мен тағлымдамалардан босатылады және офицерлiк құрамға аттестацияланбайды.
38. Әскери бөлiмдерде жиындар (тағлымдамалар) өтiп жатқан кезеңде жиi тәртiп бұзған, оқу жиындарынан (тағлымдамалардан) өтуден жалтарған студенттер әскери кафедралар бастықтарының ұсынуы бойынша жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен әскери дайындықтан шеттетiледi де, бұл жайлы студенттер әскери есепте тұрған жердiң әскери комиссариаттарына жазбаша түрде хабарланады.
39. Студенттердi оқу жиындары (тағлымдамалары) кезiнде оқу жиындары (тағлымдамалары) өткiзiлетiн жерге барып, қайту жолының тасымал құжаттарымен және азық-түлiк, жол қаражатымен, сондай-ақ оқу жиындарына шақырылған әскери қызметшiлер үшiн белгiленген нормалар мен тәртiп бойынша қажеттіліктiң барлық басқа түрлерiмен (стипендия төлеуден басқа) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қамтамасыз етедi.
Студенттерге оқу жиындары (тағлымдамалар) өтетiн жерге барып, қайту үшiн:
- темiржол көлiгiмен жүргенде - жүйрiк немесе жолаушылар поездарының қатты орынды жалпы вагондарына;
- теңiз жолы көлiгiмен жүргенде - көлiк жолдары жүзгiлерiнiң ең төменгi санатты каюталарына (әуе креслосынан басқа);
- өзен жолы көлiгiмен жүргенде - көлiк жолдары жүзгiлерiнiң 4 санатты орындарына;
- автомобиль көлiгiмен жүргенде - қатты орынды автобустарға, олар жоқ болған жағдайда жұмсақ орынды автобустарға;
- әуе қатынасы көлiгiмен жүргенде - әуе көлiгi жалғыз қатынас құралы болған жағдайда, ұшақтарға, тiкұшақтарға әскери тасымал құжаттары берiледi.
40. Әскери бөлiмдерде оқу жиындары (тағлымдамалар) өтiп жатқан кезеңде студенттерге стипендияны төлеудi белгiленген тәртiппен тиiстi оқу орындары жүргiзедi.
41. Құрамалар мен бөлiмдердiң (кемелердiң) командирлерi, әскери-оқу орындарының оқу орталықтарының бастықтары студенттермен оқу жиындарын (тағлымдамаларын) ұйымдастыру мен оны сапалы өткізуге, оларды оқытуға, тәрбиелеуге және әскери тәртiп жағдайына жауапты болады.
Құрамалар мен бөлiмдер (кемелер) командирлерiне, әскери-оқу орындарының, оқу орталықтарының бастықтарына оқу жиындарын (тағлымдамаларын) ұйымдастыру мен өткізу; студенттердi жайғастыру мен белгiленген нормалар бойынша үлестiң барлық түрлерiмен қамтамасыз ету; студенттермен оқу жиындарын (тағлымдамаларын) өткізу және оны қамтамасыз ету үшiн қажеттi қару-жарақты, әскери техниканы, әскери-оқу мүлкiн, оқ-дәрiлердi, моторесурстарды, жанар-жағар майлар мен басқа да шығын құралдарын бөлу; оқу жиыны бастығын, оқу жиыны бастығының тәрбие және әлеуметтiк құқық жұмыстары, тыл мен техникалық бөлiм жөніндегі орынбасарларын және рота (жиындардың) старшиналарын тағайындау жүктеледi. Студенттердiң оқу жиындарын (тағлымдамаларын) ұйымдастыру мен өткізу тәртібі құрамалар мен бөлiмдердiң жауынгерлiк даярлық бойынша моторесурстарды, оқ-дәрiлердi, жанар-жағар майлар мен басқа да шығын материалдарының шығындалу есептерiн көрсете отырып, белгiленедi.
Әскерде (тағлымдамаларда) оқу жиындарын өтiп жатқан кезеңде студенттердi шаруашылық немесе оқу процесiн қамтамасыз ету мен олардың тұрмыс жағдайын жөнге келтiруге байланысы жоқ басқа жұмыстарға тартуға, төтенше жағдайларды қоспағанда үзiлдi-кесiлдi тиым салынады.
42. Әскери кафедра бастығына студенттердiң әскери бөлiмге уақтылы және ұйымдасқан түрде келуiн қамтамасыз ету, оқу жиыны оқу бөлiмiнiң бастығын тағайындау, студенттердiң оқу жиынын (тағлымдамаларын) өткізу жоспарын әзiрлеу мен олармен оқу сабақтарын сапалы жүргiзудi қамтамасыз ету, взвод командирлерi, взвод командирлерiнiң орынбасарлары, бөлiмше (топтар, экипаждар) командирлерi лауазымдарына студенттердi iрiктеу және оларды өздерiнiң қызмет мiндеттерiн орындауға даярлау; нұсқаулық-әдiстемелiк оқу сабақтарына дайындығына және оны сапалы жүргiзуіне бақылау жасау, бiтiру емтихандарын ұйымдастыру мен өткізу жүктеледi.