2017.15.06. № 75-VI ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республика Парламенті Палаталарының аппараттары депутатты Парламент қабылданған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.
1997.11.04. № 91-1; 1999.12.03. № 348-1; 1999.06.05. № 377-1; 2007.19.06 № 266-III (бұр. ред. қара ) ҚР Конституциялық Заңдарымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету
2017.15.06. № 75-VI ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Парламент депутаттарына жалақы Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен белгiленедi.
2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттік тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
3. Парламент депутаттың өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
2017.15.06. № 75-VI ҚР Конституциялық Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
5-1. Парламенттің депутатына оның өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бipaқ өкілеттігі тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.
31-бап. Депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асыруының кепiлдiктерi
1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.
2014.04.07. № 232-V ҚР Конституциялық Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеуі
1. Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, Парламент депутатын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2. Депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге немесе сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжiлiске ұсыну енгiзедi, мұны палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзірлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыну күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулымен депутатты таныстырудың алдында, ұстап алудың, оны күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға санкция беру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінудің, күштеп әкелудің, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi.
Бас Прокурордың ұсынуы және Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы. Палата уәждi шешiм қабылдайды және оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органының басшысына үш жұмыс күні iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеуі туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға құқылы.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін. Парламент депутаты қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып, жалғастырылуы мүмкін. Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.
4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан Парламент депутатын айыптау бойынша iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру туралы ұсыну енгiзедi.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары
1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1,3,4,5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөніндегі шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) парламенттiк мiнеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
5. Мәжіліс депутаттарына осы бапта көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге Мәжілісте өкілдік ететін, құрамына депутаттар кіретін саяси партиялардың фракциялары бастамашы болуы мүмкін.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
34-бап. Республика Парламентіндегі депутаттық бірлестіктер
1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
2. Саяси партияның фракциясы - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиядан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында Парламент Мәжілісінде құрылады. Саяси партия фракциясындағы ең аз адам саны Парламент Мәжілісінің Регламентімен айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кіре алады. Депутаттың бір ғана саяси партия фракциясының құрамында болуға құқығы бар.
2020.02.06. № 339-VI ҚР Конституциялық Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Саяси партиялар фракцияларының басшыларына, ал олар болмаған жағдайда не олардың уәкілеттік беруі бойынша саяси партиялар фракцияларының өкілдеріне Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдау мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі.
3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс.
4. Саяси партиялардың фракцияларын тіркеу - Парламент Мәжілісінің Бюросында, депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтарды тіркеу келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі.
5. Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракциялары мен Парламенттегі депутаттық топтардың өкілеттігі, ұйымдастырылуы мен қызметі, олардың жұмысын қамтамасыз ету Парламент пен оның палаталарының регламенттерінде айқындалады.
2020.02.06. № 339-VI ҚР Конституциялық Заңымен 34-1-баппен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
34-1-бап. Парламенттік көпшілік және парламенттік оппозиция
1. Парламенттік көпшілік - Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттардың ең көп санын алған саяси партия.
2. Парламенттік оппозиция - Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін және парламенттік көпшілікке кірмейтін, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) қоғамдық-саяси мәселелер бойынша парламенттік көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын саяси партия немесе саяси партиялар.
Парламенттік оппозиция жекелеген мәселелер бойынша парламенттік көпшілік партиясын қолдауы мүмкін.
3. Парламенттік оппозиция осы Конституциялық заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес парламенттік тыңдау өткізуге бастама жасауға, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы.
35-бап. Депутаттық куәлiк және депутаттың омырауға тағатын белгiсi
1. Депутаттың депутаттық куәлiгi және депутаттық омырауға тағатын белгiсi болады, бұларды оған сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бередi. Депутат депутаттық куәлiк пен омырауға тағатын белгiнi өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде пайдаланады.
2. Республика Парламентi депутатының куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi, олардың үлгiлерi мен сипаттамасы туралы ережелердi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.
VI тарау.
Қорытынды ережелер
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2013.03.10. № 133-V ҚР Конституциялық Заңымен 36-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
36-бап. Республика Парламентінің және Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату
1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн көрсетілген бір жылдық мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім келесі жылдың тиісті айында және күн санында аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
3. Мәжіліс таратылған жағдайда Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі қызметін уақытша, Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін Сенат атқарады.
Мұндай жағдайда Сенаттың конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау тәртібі Сенат Регламентінде айқындалады.
37-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс тiлдерi
Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
38-бап. Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру
Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 39-бап өзгертілді; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
39-бап. Республика Парламенті Палаталарының Аппараттары
1. Парламент қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Сенат пен Мәжілістің бөлек аппараттары жүзеге асырады.
2. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының құрылымы мен штат санын белгілеуді, оларды жасақтауды Парламент қызметін қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаты шегінде Палаталардың Бюролары жүзеге асырады.
3. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметі Республиканың мемлекеттік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты, Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған және оның депутаттары жаңа құрамының сайлануы жағдайында Сенат пен Мәжілістің аппараттарындағы мемлекеттік қызметшілердің жұмысы тоқтатылмайды.
2023.19.04. № 222-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлері мәртебесі, жалақы мөлшері мен деңгейі, материалдық, қаржылық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етудің өзге де жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының тиісті қызметкерлеріне теңестіріледі.
40-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгізу тәртібі
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев