Еңбектi қорғау туралы Қазақстан Республикасының Заңы 1993 жылғы
22 қаңтар
2004 жылғы 28 ақпандағы № 528-II Қазақстан Республикасының Заңымен күші жойылды
Осы Заң қызметкерлердiң еңбектi қорғау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған, өндiрiстегi жазатайым жағдайлар мен денсаулыққа зақым келтiрудiң алдын алу, қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторларды барынша кемiту мақсатында бұл саладағы ұлттық саясаттың негiзгi принциптерiн белгiлейдi және меншiк түрiне қарамастан шаруашылық қызметi мен кәсiпорындардың барлық түрiн қамтиды.
I тарау
Жалпы ереже
1-бап. Еңбектi қорғау ұғымы
Еңбектi қорғау дегенiмiз тиiстi заң және басқа да нормативтiк актiлердiң негiзiнде еңбек процесiнде адамның қауiпсiздiгiн, денсаулығы мен жұмыс қабiлетiн сақтауды қамтамасыз ететiн, әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдастыру, техникалық-гигиеналық және емдеу-алдын алу шараларын бiлдiредi.
2-бап. Еңбектi қорғау құқығы
Кәсiпорындармен, мекемелермен, кооперативтермен, фермерлiк (шаруа) шаруашылықтарымен және меншiгi мен шаруашылық жүргiзуi әртүрлi тұрпаттағы ұйымдармен (Бұдан әрi - "кәсiпорындар" деп аталады), оның iшiнде жекелеген жалдаушылар мен еңбек қатынасында тұратын барлық қызметкерлер; кооператив мүшелерi, өндiрiстiк практикадан және өндiрiстiк оқудан өтушi жоғары оқу орындарының студенттерi мен арнаулы орта оқу орындарының және жалпы білім беретiн мектептердiң оқушылары; әскери қызмет атқаруға қатысы жоқ жұмысқа тартылған әскери қызметшiлер; үкiмнiң орындалуын бақылайтын органдар белгiлейтiн кәсiпорындарындағы жұмыс кезiнде сот үкімінен жаза өтеп жатқан адамдар, сондай-ақ қоғам мен мемлекет мүддесi үшiн ұйымдастырылған еңбек қызметiнiң кез-келген түрiне қатысушылар еңбектi қорғауға қақылы.
Мүгедектер еңбегiн қорғау "Қазақ КСР-iнде мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Заңға сәйкес реттеледi.
3-бап. Еңбектi қорғау туралы заңдар
Қазақстан Республикасының еңбектi қорғау туралы заңдары осы Заңның және басқа да заңдар мен еңбек қауiпсiздiгi және гигиенасы, өндiрiстiк орта жөніндегі нормативтiк актiлерден тұрады.
Егер халықаралық шарттарда (келісімдерде) еңбектi қорғауға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендегiден биiгiрек талаптар белгiленсе, халықаралық шарт (келісім) ережелерi қолданылады.
II тарау
Еңбектi қорғаудағы ұлттық саясат пен
мемлекеттік басқару принциптерi
4-бап. Еңбектi қорғау саласындағы ұлттық саясаттың
негiзгi принциптерi
Еңбектi қорғау саласындағы ұлттық саясат кәсiподақтар мен жұмыс берушiлер қатысқан барлық деңгейдегi мемлекеттік өкiмет пен басқару органдары iс-қимылының бiрлiгiн көздейдi және мына принциптерге:
- қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының кәсiпорынның өндiрiстiк қызметiнiң нәтижелерiне қатысты артықшылығына;
- меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген өкiлдiң (одан әрi - жұмыс берушi) толық жауаптылығына;
- еңбектi қорғау мiндеттерiн бұл мәселелер жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар негiзiнде кешендi шешуге және еңбектi қорғау саласындағы қызметтi экономикалық және әлеуметтiк саясаттың басқа бағыттарымен үйлестiруге;
- барлық кәсiпорындарға меншiк пен шаруашылықты жүргiзу түрлерiне қарамастан еңбектi қорғау саласында бiрыңғай талап орнатуға;
- кәсiпорындарда еңбек қорғау талаптары мен қауiпсiздiк техникасының барлық жерде орындалуы үшiн мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруға;
- еңбектi қорғау жөніндегі ғылымның, техниканың жетiстiктерi мен ұлттық және шетелдiк озық тәжiрибенi кеңiнен пайдалануға;
- қауiпсiз техника, технология мен жұмыс iстеушiлердi қорғау құралдарын, еңбектi қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын әзiрлеу мен енгiзудi ынталандыруға;
- мемлекеттiң еңбектi қорғауды қаржыландыруға қатысуына;
- кәсiпорындардың еңбектiң салауатты және қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз етуге, ал қызметкерлердiң - еңбектi қорғау және қауiпсiздiк техникасы ережелерi мен нормаларын сақтауға экономикалық мүдделiлiгiне;
- кәсiпорынның қызметiн еңбектi қорғау тұрғысынан лицензиялауға;
- өндiрiстiк мақсатқа қолданылатын өнiмнiң қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн сертификаттауды өткiзуге;
- мемлекеттік сараптама органдарының тiкелей жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын, сондай-ақ жаңа салынатын және қайта жаңғыртылатын кәсiпорындардың жобаларындағы өндiрiстiң қауiптiлiгi мен зияндығын бағалауға;
- меншiк иесiнiң қаржысы есебiнен қызметкерлердi арнаулы киiммен және аяқ киiммен, жеке қорғану құралдарымен, емдеу-алдын алу тамағымен қамтамасыз етуге;
- өндiрiстегi әрбiр жазатайым жағдайды және әрбiр кәсiби ауруды тексеру мен есепке алудың мiндеттiлiгi, өндiрiстiк жарақаттың, кәсiби аурудың деңгейi туралы және еңбектi қорғауды жақсарту жөніндегі шаралар туралы қызметкерлердiң хабардарлығын қамтамасыз етуге;
- өндiрiстегi жазатайым жағдайда немесе кәсiби аурудан зардап шеккен қызметкерлердiң мүдделерiн әлеуметтiк қорғауға;
- жоғары және арнаулы орта оқу орындарында еңбектi қорғау мен қауiпсiздiк техникасы жөнiнде мамандар даярлауға;
- еңбекшiлердiң, жұмыс берушiлердiң өкiлеттi ұйымдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң, кәсiпорындар мен жеке адамдардың еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қызметiн барынша қолдауға;
- еңбектi қорғау проблемаларын шешуде халықаралық ынтымақтастыққа негiзделедi.
Ескерту. 4-баптан 10-абзацы алынып тасталды - ҚР Президентінің
1995.10.05. № 2488 жарлығымен.
5-бап. Еңбектi қорғауды мемлекеттік басқару
Еңбектi қорғауды мемлекеттік басқаруды:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі:
- Үкiмет арнайы құрған мемлекеттік орган және оның жер-жердегi бөлiмшелерi жүзеге асырады.
6-бап. Еңбектi қорғауды мемлекеттік басқарудың
негiзгi қызметтерi
Еңбектi қорғауды мемлекеттік басқару республикада ұлттық саясаттың принциптерiн жүзеге асыру, осы салада заңдар және басқа да нормативтiк актiлер әзiрлеу, сондай-ақ өндiрiс құрал-жабдықтарына, еңбек технологиясы мен оны ұйымдастыруға, еңбектi қорғау жөніндегі заңдар мен басқа да нормативтiк актiлердiң сақталуына мемлекеттік қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыруға қойылатын талаптарды iске асыру болып табылады және мына қызметтердi:
- еңбектi қорғау жөніндегі салааралық нормативтiк актiлердi, стандарттарды, ережелердi, нормалар мен заң актілерінiң жобаларын әзiрлеудi және бекiтудi;
- еңбек жағдайы және оны қорғау саласында мемлекеттік мақсатты бағдарламалар әзiрлеудi;
- еңбек жағдайын жақсарту және еңбектi қорғау құралдарын өндiру жөніндегі қызметтi экономикалық ынталандыру жүйесiн жасауды;
- еңбектi қорғау проблемалары жөнiнде ғылыми зерттеулер жүргiзудi, осы мақсатта тиiстi ғылыми ұйымдар құруды;
- өндiрiстегi жазатайым жағдай мен кәсiби аурулардың есепке алудың бiрыңғай тәртібін белгiлеудi; еңбек жағдайы және оны қорғау жөнiнде есеп берудiң келісілген бiрыңғай жүйесiн жасау мен енгiзудi, басқарудың автоматтандырылған жүйесi негiзiнде еңбек жағдайының және оны қорғаудың жайы туралы ақпарат базасын жасауды;
- республикада еңбектi қорғаудың жайы, авариялардың, өндiрiстiк жарақтар мен кәсiби аурулардың себептерi туралы жыл сайын ақпарат дайындауды және халықты хабардар етудi; республикада еңбек қорғаудың насихатталуын ұйымдастыруды;
- өндiрiстiк жарақат пен кәсiби ауруларды болдырмау мәселелерi жөніндегі қызметтi үйлестiрудi, келісілген шаралар өткiзудi;
- еңбектi қорғау құрал-жабдықтарын жасап, шығаруды, кәсiпорындардың бұл iстегi экономикалық мүдделiлiгiн туғызуды;
- республикалық бюджеттен еңбектi қорғауға арналған қаржы бөлудi жүзеге асырады.
7-бап. Мемлекеттік басқару органдарының еңбектi
қорғау саласындағы негiзгi мiндеттерi мен
өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Үкіметі және басқа мемлекеттік басқару органдары:
- еңбектi қорғау саласындағы ұлттық саясатты қалыптастырады және оның iске асырылуын қамтамасыз етедi;
- еңбектi қорғау мен еңбек жағдайын жақсартудың мемлекеттік бағдарламасын бекiтедi;
- министрлiктер мен мемлекеттік басқарудың басқа да орталық органдарының салауатты және қауiпсiз еңбек жағдайын жасау жөніндегі қызметтерiн белгiлейдi;
- еңбектi қорғау шығындарын қаржыландыру тәртібін айқындайды.
Үкiмет арнайы құрған мемлекеттік орган:
- еңбектi қорғауды мемлекеттік деңгейде кешендi басқаруды жүзеге асырады;
- министрлiктердiң, мемлекет басқарудың басқа да орталық органдарының, атқарушы өкiметтiң жергiлiктi органдары мен кәсiпорындарының, басқа да бiрлестiктерiнiң еңбек жағдайы (гигиена және өндiрiстiк орта) саласындағы жұмысын реттейдi;
- еңбектi қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар жасауды ұйымдастырады және оның орындалуын бақылайды;
- еңбектi қорғау жөніндегі ғылыми зерттеулердi ұйымдастырады және үйлестiрiп отырады;
- еңбектi қорғау мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;
- еңбек жағдайларын мемлекеттік сараптауды жүзеге асырады;
- халықаралық ынтымақтастыққа қатысады;
- кәсiпорындардан еңбектi қорғау мәселелерi жөнiнде тегiн ақпарат алады.
Бұл органның еңбектi қорғау мәселелерi жөніндегі шешiмдерi барлық министрлiктер, ведомстволар мен кәсiпорындар үшiн мiндеттi.
8-бап. Еңбектi қорғауды мемлекеттік қадағалау
және бақылау органдары
Қазақстан Республикасының аумағында еңбектi қорғау жөніндегі заңдар мен басқа да нормативтiк актiлердiң сақталуын мемлекеттік қадағалау мен бақылауды;
- Қазақстан Республикасының еңбектi қорғау жөніндегі мемлекеттік органның Үкiмет тарапынан арнайы құрылған Мемлекеттік еңбек инспекциясы;
- Қазақстан Республикасының Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөніндегі мемлекеттік комитетi (Қазақстан Республикасының Кентехқадағалаумемкомы) жүзеге асырады.
9-бап. Мемлекеттік қадағалау және бақылау
органдарының негiзгi құқықтары
Мемлекеттік қадағалау және бақылау органдары, олардың уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары өз қызметiнде жұмыс берушiлерге, шаруашылық органдарына, қоғамдық бiрлестiктерге, жергiлiктi мемлекеттік өкiмет пен басқару органдарына тәуелсiз, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен бекітілген ережелерге сәйкес қызмет етедi;
Мемлекеттік қадағалау және бақылау органының уәкiлдiк берiлген адамы:
а) меншiк пен шаруашылықты жүргiзу түрлерiне қарамастан кәсiпорындарға бөгетсiз, алдын ала ескертусiз және кез келген уақытта баруға, министрлiктерден, басқа да орталық және жергiлiктi мемлекеттік басқару органдарынан, кәсiпорындардан, жұмыс берушiлерден қажеттi ақпарат алуға;
б) кәсiпорындардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарына мiндеттi түрде орындалуға тиiстi бұйрықтар беруге;
в) кәсiпорындарды, жекелеген өндiрiстердi, цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындарын және жабдықтарды пайдалануды тоқтата тұруға (тыйым салуға);
г) кәсiпорындардың басшыларына, лауазымды адамдарына, жұмысшыларына еңбектi қорғау жөніндегі заңдар мен басқа да нормативтiк актiлердi бұзғаны үшiн айыппұл салуға, аталған адамдарды атқаратын қызметiнен босату жөнiнде ұсыныс жасауға, қажеттi жағдайларда оларды қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн материалдарды прокуратура органдарына беруге қақылы.
Жұмыс берушi мемлекеттік қадағалау және бақылау органдары өкiлдерiнiң жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн барлық қажеттi жағдайларды жасауды қамтамасыз етедi.
Мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары өкiлеттiгiн артық пайдаланғаны және негiзсiз санкциялар қолданғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне сот шешiмiнсiз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға бақылау және қадағалау мiндеттерiн жүзеге асырушы мемлекеттік органдарға, олардың уәкiлеттi лауазымды адамдарына авариялық жағдайлар пайда болған, қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына тiкелей анық қауiп төнген ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзiмде сотқа табыс ету мiндеттелiп, аталған мерзiмге рұқсат етiледi. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады.
Ескерту. 9-бап өзгерді және 5 бөлікпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 29.11.1999 № 488 Заңымен.
10-бап. Қазақстан Республикасы кәсiпорындарының
немесе азаматтары мен шетел азаматтарының
қатысуымен жұмыс атқарғанда еңбектi қорғау
Қазақстан Республикасы кәсiпорындары мен азаматтары халықаралық шарттар немесе келісімдер негiзiнде шетелде жұмыс атқарғанда оларда еңбектi қорғау жөнiнде белгiленген халықаралық нормалардан кем емес талаптар көзделедi.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбектi қорғауға Қазақстан Республикасын азаматтарымен бiрдей құқығы бар.
Қазақстан Республикасының кәсiпорындарында жұмыс iстейтiн шетел азаматтары мен шетелде жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбектi қорғау саласындағы қатынастарын реттеудiң ерекшелiктерi мүдделi тараптардың келісімiмен белгiленедi.
III Тарау
Еңбектi қорғауды қамтамасыз ету
11-бап. Еңбектi қорғау жөніндегі талаптарды әзiрлеу мен сақтау
Мемлекет уәкiлдiк берiлген органдар арқылы ғылымға негiзделген стандарттар, ережелер мен нормалар негiзiнде өндiрiстегi қауiпсiз еңбектi қамтамасыз етуге қажеттi талаптар белгiлейдi. Жұмыс берушiлер кәсiпорындарда олардың орындалуын, сондай-ақ ұжымдық шарттарда көзделген мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етедi, еңбектi қорғау жөнiнде нұсқаулар әзiрлейдi.
Осы Заңға сәйкес басылып шыққан нормативтiк актiлер жұмыс iстеушiлердiң өмiрi мен денсаулығын өздерiнде көзделген кепiлдiктерден кем түспейтiн дәрежеде қамтамасыз етуге тиiс.
Кәсiпорындардың қызметкерлерi тиiстi заң және нормативтiк актiлерде, нұсқауларда, ұжымдық шарттарда белгiленген еңбектi қорғау жөніндегі ережелер мен нормалар талаптарын сақтауға мiндеттi.
12-бап. Кәсiпорынды жобалағанда, салынғанда және
пайдаланғанда еңбектi қорғау талаптарын
қамтамасыз ету
Еңбектi қорғау жөніндегі мемлекеттік стандарттардың, ережелердiң, нормалардың талаптарына сай келмейтiн өндiрiстiк үйлер мен ғимараттарды жобалауға, салуға және қайта жаңғыртуға, машиналарды, механизмдердiң жабдықтар мен басқа да бұйымдардың, соның iшiнде шетелден сатып алынған бұйымдардың технологиясын жасауға және шығаруға, конструкциялауға және әзiрлеуге жол берiлмейдi.
Жасалған жобалардың еңбектi қорғау мен еңбек жағдайларының талаптарына сәйкес келетiндiгi мемлекеттік сараптамадан, ал тәжiрибе үлгiлерi мемлекеттік сынақтан өткiзiлуге тиiс.
Адамның организмi мен денсаулығына әсер етуiне қарай токсикологиялық, санитарлық-гигиеналық, радиациялық, медициналық-биологиялық бағалаудан өтпеген заттарды, шикiзатты, материалдарды қолдануды көздеуге тыйым салынады.
Белгiленген тәртiппен берiлген қауiпсiздiк талаптарына сай сертификаты жоқ жаңа немесе қайта жаңғыртылған кәсiпорындарды, объектiнi, өндiрiс құралын немесе өнiмнiң басқа түрiн қабылдауға және пайдалануға беруге болмайды.
Мемлекет машиналарды, механизмдердi, жабдықтарды, басқа да бұйымдарды, сондай-ақ технологияларды, соның iшiнде шетелден сатып алынған технологияларды сертификаттау жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.
Еңбектi қорғау талаптарына сай келмейтiн кәсiпорынның, цехтың, учаскенiң жұмысы, өндiрiс құралдарын немесе өнiмдердi пайдалануға беру олар осы талаптарға сай келтiрiлгенге дейiн тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Кәсiпорынға жаңа қауiптi заттар келiп түскенде немесе олардың саны қосымша қауiпсiздiк шараларын жасауды талап ететiн болса, жұмыс берушi бұл туралы қадағалау органдарына дер кезiнде хабарлауға мiндеттi.
Тапсырыс берушi және техниканы, технологияны, жобалаумен, жасаумен, өндiрiспен және жұмыстарды ұйымдастырумен байланысты кез келген құжаттаманы жасаушы еңбек жағдайлары мен оның қауiпсiздiгiн қалыптастыратын iс-әрекеттердiң негiздiлiгiне, сондай-ақ оның негiзiнде жүзеге асырылған инженерлiк, басқару және басқа шешiмдердiң салдарына бiрдей жауап бередi.
13-бап. Еңбектi қорғау жөнiнде мамандар даярлау
Мемлекет жоғары және арнаулы орта оқу орындарында еңбектi қорғау мен еңбек қауiпсiздiгi жөніндегі мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi. Бұл оқу орындары экономика салаларындағы өндiрiстердiң ерекшелiктерiн ескере отырып, студенттердiң "Еңбектi қорғау" курсын мiндеттi түрде оқып-үйренуiн жүзеге асыруға тиiс.
14-бап. Еңбектi қорғауды қаржыландыру
Еңбектi қорғауды қаржыландыру мемлекеттік және жергiлiктi бюджеттер, бюджеттен тыс қорлар, кәсiпорындардың қаржылары, басқа да қаржы көздерi есебiнен жүзеге асырылады. Кәсiпорындардың қызметкерлерi бұл мақсатқа шығын жұмсамайды.
Әрбiр кәсiпорын жыл сайын еңбектi қорғауға қажеттi қаржы бөледi. Қаржы көлемi ұжымдық шартта белгiленедi.
Кәсiпорындар шаруашылық жүргiзуден, коммерциялық, сыртқы экономикалық және өзге де қызметтен, сондай-ақ басқа көздерден түскен пайда (табыс) есебiнен еңбектi қорғау жөніндегі қорларды қосымша құруға қақылы.
15-бап. Кәсiпорындарда салауатты және қауiпсiз
еңбек жағдайларын қамтамасыз ету
Кәсiпорындардағы, әрбiр жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары еңбектi қорғау жөніндегі стандарттардың, ережелер мен нормалардың талаптарына сай болуға тиiс.
Кәсiпорындарда салауатты және қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбектi қорғау жайына бақылау жасауды ұйымдастыру және оның қорытындылары туралы еңбек ұжымдарын дер кезiнде хабардар етiп отыру жұмыс берушiге жүктеледi.
Кәсiпорындарда салауатты және қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі және қызметкерлердiң еңбек қорғау жөніндегі стандарттарды, ережелердi, нормалар мен нұсқауларды сақтауы жөніндегі жұмыс берушiнiң мiндеттемелерi ұжымдық шартта көзделедi.
Кәсiпорын қызметкерлерiне меншiк иесi есебiнен еңбек жағдайларына байланысты мемлекеттік басқару органдары белгiлеген нормалардан кем түспейтiн және ұжымдық шарт негiзiнде арнаулы киiм, арнаулы аяқ киiм және басқа да жеке қорғану құралдары, жуу және дезинфекциялау материалдары, сүт, емдеу-алдын алу тамағы берiледi.
16-бап. Кәсiпорындардағы еңбектi қорғау қызметтерi
Кәсiпорындарда тиiстi органдармен келісім бойынша еңбектi қорғаудың мемлекеттік органы бекiткен үлгi ережеге сәйкес әрекет ететiн еңбектi қорғау жөніндегі қызметтер құрылады. Еңбектi қорғау қызметi өзiнiң мәртебесi жағынан негiзгi өндiрiстiк қызметтермен теңеседi және кәсiпорын басшысына (иесiне) бағынады.
Еңбектi қорғау жөніндегі тиiстi қызметтер кәсiпорындар жаңадан құратын ассоциацияларда, корпорацияларда, концерндерде және басқа да бiрлестiктерде құрылуға тиiс.
Еңбектi қорғау қызметiнiң мамандары құрылымдық бөлiмшелердiң басшыларына анықталатын тәртiп бұзушылықты жою туралы мiндеттi түрде орындалатын бұйрықтар беруге және кәсiпорындардың басшыларына еңбектi қорғау туралы заңды бұзған адамдарды жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге мiндеттi. Қызметкерлердiң денсаулығы мен өмiрiне тiкелей қауiп төнген жағдайларда еңбектi қорғау қызметтерiнiң мамандары жұмысты анықталған тәртiп бұзушылық жойылғанға дейiн тоқтата тұруға қақылы.
Еңбектi қорғау қызметтерi кәсiпорын өз қызметiн тоқтатқан ретте ғана таратылады.
17-бап. Әйелдер мен он сегiз жасқа толмаған адамдардың
еңбегiн қорғау
Әйелдер мен он сегiз жасқа толмаған адамдардың еңбегiн зиянды және қауiптi еңбек жағдайы бар жұмыстарға, сондай-ақ ауыр жүктi көтеру және оны қолмен тасуға байланысты жұмыстарға пайдалануға заңда белгiленген тәртiппен шек қойылады.
Әйелдер мен он сегiз жасқа толмаған адамдардың ауыр жүктi көтеруi мен қолмен тасуына байланысты жұмыстарда әкiмшiлiк жүктердi тасу үшiн механикаландыру мен автоматтандыру құралдарын, басқа да жабдықтарды көздеуге мiндеттi. Егер ауыр жүктi көтеру мен тасу кезiнде жүк зиян келтiретiн жағдайда қолмен тасу тоқтатылуға тиiс. Ауыр жүктi қолмен көтеру мен тасуға байланысты жұмыстарға екiқабат әйелдердiң еңбегiн қолдануға тыйым салынады.
Екiқабат әйелдер медициналық қорытындыға сәйкес заңдарда белгiленген тәртiппен өндiрiстiң қауiптi және зиянды факторлары әсерiн болдырмайтын басқа жеңiлiрек жұмысқа ауыстырылады.
Барлық әйелдер мен он сегiз жасқа толмаған адамдар жұмысқа алдын ала медициналық тексеруден кейiн ғана қабылданады және келешекте әйелдер 45 жасқа, кәмелетке жетпегендер 18 жасқа толғанша жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтiп тұрады.
IV тарау
Қызметкердiң еңбектi қорғау құқықтарының
кепiлдiктерi
18-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі еңбектi қорғау
құқығының кепiлдiктерi
Еңбек шартының (контрактiнiң) шарттары еңбектi қорғау жөніндегі заңдар мен басқа нормативтiк актiлердiң талаптарына сай келуге тиiс. Азаматтарды денсаулық жағдайына жақпайтын жұмысқа қабылдауға тыйым салынады.
Еңбек шартында жұмыс орнының қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторлармен қоса сенiмдi сипаттамасы көрсетiлiп, осындай жағдайлардағы жұмыс үшiн заңдарда және ұжымдық шартта көзделген жеңiлдiктер мен өтемдер көрсетiлуге тиiс.
Еңбек жағдайлары зиянды және қауiптi жұмысқа қабылдаған кезде кәсiпорын әкiмшiлiгi қызметкерге кәсiби аурудың пайда болу мүмкiндiгiнiң неғұрлым ықтимал мерзiмi туралы ескертуге мiндеттi.
19-бап. Мiндеттi медициналық тексерулер
Кәсiпорын денсаулық сақтау органдары белгiлеген тәртiпке сәйкес медициналық тексерулер өткiзудi ұйымдастыруға мiндеттi.
Қызметкерлердiң медициналық тексерулерден өтуден жалтаруға қақысы жоқ. Мерзiмдi медициналық тексерулерден өту кезiнде қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) және орташа жалақысы сақталады.
Аса қауiптi жұмыстармен айналысатын қызметкерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиiс.
Ауысым алдындағы медициналық куәландыруды талап ететiн мамандықтардың тiзiмiн және оның көлемiн денсаулық сақтау органдарымен келісім бойынша еңбектi қорғау қызметтерi белгiлейдi.
Медициналық тексерулерден жалтарған қызметкерлер жұмысқа жiберiлмейдi.
20-бап. Кәсiпорын қызметкерлерiн өндiрiстегi жазатайым
жағдайдан және кәсiби аурулардан сақтандыру
Кәсiпорын өз қызметкерлерiн өндiрiстегi жазатайым жағдайдан және кәсiби аурулардан қолданылып жүрген заңдарда белгiленген жағдайларда мiндеттi түрде сақтандырады.
21-бап. Еңбек қызметi процесіндегі еңбектi қорғау
құқығының кепiлдiгi
Қызметкердiң денсаулығына немесе өмiрiне қауiп төнетiн жағдай туған кезде ол жұмысты дереу тоқтатып, бұл туралы әкiмшiлiкке хабарлайды, ал әкiмшiлiк сол жағдай расталса, жұмысты тоқтатуға және осы қауiптi жою жөніндегі шараларды қолдануға мiндеттi. Мұндай жағдайда қызметкердiң жұмысты орындаудан бас тартқаны үшiн оған ешқандай тәртiп, құқық, экономикалық және басқа санкциялар қолданылмайды, оған тәртiп бұзуды жөндеуге қажет болған бүкiл кезең үшiн орташа жалақы төленедi.
Мұндай жағдайдың болу фактiсiн кәсiпорынның еңбектi қорғау қызметiнiң мамандары, ал жанжал туған жағдайда - мемлекеттік еңбек инспекциясы растайды.
Әкiмшiлiктiң еңбектi қорғау туралы заңды бұзғанын қадағалау және бақылау органдары растаған жағдайда, еңбек шарты (контрактi) қызметкердiң арызы бойынша бұзылып, оған үш айлық орташа жалақы мөлшерiнде жәрдемақы төленуi мүмкiн.
Кәсiпорынның (объектiнiң) жұмысы еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарына сай келмегендiктен тоқтатылса, тоқтатылудың барлық кезеңiнде қызметкердiң орташа жалақысы сақталады.
Қызметкерден кәсiби аурудың алғашқы белгiлерi білінсе, әкiмшiлiк медициналық қорытынды негiзiнде оны қайта мамандандыру кезеңiнде орташа айлық жалақысын сақтай отырып, бiрақ он екi айдан асырмай, басқа жұмысқа ауыстыруға тиiс.
22-бап. Еңбектi қорғау мәселелерi жөнiнде қызметкерлердi
оқыту, нұсқау беру және білімiн тексеру
Кәсiпорын әкiмшiлiгi тиiстi нормативтiк актiлермен белгiленген тәртiппен және мерзiмде барлық қызметкерлердiң еңбектi қорғау мәселелерi жөніндегі оқуын ұйымдастыруға, нұсқау беруге және білімiн тексеруге, қайта аттестаттауға мiндеттi.