- әскери мiндеттiлер мен шақырылушыларды тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi олардың әскери есеп құжаттарында әскери комиссариаттардың әскери есепке алу немесе одан шығару туралы белгiлерi болған жағдайда ғана жүзеге асыруға;
- әскери комиссариаттарға шақыруға дейiнгiлердi әскери есепке алуға, азаматтарды әскери қызметке (жиындарға) шақыруға; олардың әскери есеп ережелерiн орындауын бақылауды әрi шақырылушылар мен әскери мiндеттiлер арасында осы ережелердi бұзған адамдарды табуға көмектесуге;
- жалпыға бiрдей әскери мiндеттi орындаудан жалтарған адамдарды iздеуге, ұстауға мiндеттi. Ұсталғандарды iздеу мен жеткізу жөніндегі шығындар сол ұсталған адамдардың есебiнен төленедi.
3. Азаматтық хал актілерін жазу органдары әскери мiндеттiлер мен шақырылушылардың фамилиясы, аты-жөнi өзгергенi, азаматтық хал актілері жазуына олардың туған күнi мен туған жерi туралы өзгерістер енгiзiлгенi, сондай-ақ әскери мiндеттiнiң немесе шақырылушының қайтыс болғанын тiркеу жағдайлары туралы аудандық (қалалық) әскери комиссариаттарға жетi күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
4. Анықтау және алдын ала тергеу органдары немесе алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан шақырылушылар туралы, ал соттар - қылмыстық iсi сотта қаралып жатқан шақырылушылар туралы, сондай-ақ әскери мiндеттiлер мен шақырылушылар жөнiнде заңды күшiне енген үкiмдер туралы аудандық (қалалық) әскери комиссариаттарға жетi күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
5. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшелері мүгедек деп танылған барлық әскери мiндеттiлер мен шақырылушылар туралы тиiстi аудандық (қалалық) әскери комиссариаттарға жетi күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
Емдеу мекемелерi шақыруды өткізу кезiнде тұрақты емделуде жатқан шақыру жасындағы барлық азаматтар туралы тиiстi аудандық (қалалық) әскери комиссариаттарға үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
6. Тұрғын үй пайдалануды меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың басшылары, тиiстi әскери комиссариаттарға, жергiлiктi атқарушы органдарға әскери мiндеттiлер мен шақырылушылар туралы қажеттi мәлiметтердi дер кезiнде табыс етуге, шақырылушылар мен әскери мiндеттiлердiң әскери есеп ережелерiн орындауын қадағалауға, сондай-ақ оларға әскери комиссариаттарға шақырылғаны туралы хабарлауға және олардың шақыру комиссиясынан өту мен әскерге (жиынға) жөнелтiлу үшiн келуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
7. Әскери мiндеттiлер мен шақырылушылар аты-жөнi, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы, мекен-жайы, білімi, жұмыс орны мен қызметi өзгерген ретте өздерi әскери есепте тұратын органға бұл туралы жетi күн мерзiм iшiнде өзi хабарлауға мiндеттi.
8. Мерзiмдi әскери қызметке кезектi шақыруды жүргiзу кезiнде Жастарды әскери қызметке даярлау және шақыру жүргiзу туралы Ережеде белгiленген жағдайларды қоспағанда, әскери комиссариаттарда шақырылушыларды әскери есептен шығару жүргiзiлмейдi.
VII бөлiм. Жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру.
Жұмылдыруды тоқтату
ҚР Президентінің 14.11.95 ж. № 2635 заң күші бар Жарлығымен 29-бап өзгертiлдi
29-бап. Жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру және
соғыс кезiнде одан кейiнгi әскери қызметке шақыру
1. Қазақстан Республикасының аумағында жұмылдыруды Қазақстан Республикасының Президентi әскери шабуылды тойтару және агрессияға қарулы соққы беру мақсатында жариялайды. Қазақстан Республикасының Президентi заңда көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында әскери мiндеттiлердiң қажеттi санын запастан әскери қызметке шақыра отырып соғыс жағдайын енгiзедi.
Азаматтарды жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру, сондай-ақ соғыс кезiнде және ерекше жағдайларда әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары негiзiнде жүргiзiледi.
2. Жұмылдыру жарияланған тұста сол кезде әскери қызметте тұрған және әскери жиындарда жүрген барлық азаматтар ерекше өкiм болғанша әскери бөлiмдерде кiдiре тұрады, ал әскери мiндеттiлер әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметшiлердiң демалысы тоқтатылады, ал демалыстағы әскери қызметшiлер өз әскери бөлiмдерiне керi шақырып алынады.
Жұмылдыру немесе жауласу жағдайы жарияланысымен шақыруды кейiнге қалдыру мен одан босату туралы бұрын қабылданған шешiмдердiң күшi жойылады. Денсаулық жағдайына қарай шақыруды кейiнге қалдырулар мен одан босатулардан басқа, осы Заңның 15 және 16-баптарымен белгiленген шақыруды кейiнге қалдырулар мен одан босатуларды бұдан әрi қолдану тоқтатылады.
3. Соғыс кезiнде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен запаста болу жасының шегi жоғарылатылуы мүмкiн.
4. Соғыс уақытындағы жұмылдыру кезiнде Қазақстан Республикасы экономикасының қалыпты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн бейбiт кезеңде осы мақсаттарға қажеттi мамандарға бронь беру жүргiзiледi. Әскери мiндеттiлерге бронь беру мамандықтардың тiзбесi бойынша және Қазақстан Республикасы Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Соғыс кезiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiлер үшiн кадрлар броньдауды ұйымдастыру мен оның дұрыс жүргiзiлуiн бақылау әскери комиссариаттарға жүктеледi.
Жұмылдыру бойынша және соғыс кезiнде әскери қызметке шақырылған азаматтар жұмылдыру бұйрығында немесе әскери комиссариаттардың шақыру қағаздарында көрсетiлген пункттерге әрi мерзiмiнде келуге мiндеттi.
Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, сондай-ақ бағыныстылығы мен меншiк түрiне қарамастан кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелер мен оқу орындарының басшылары жұмылдыру жүргiзiлген тұста, соғыс кезiнде және ерекше жағдайларда әскери мiндеттiлер мен шақырылушыларға дер кезiнде хабарлауға және оларды жиналу пункттерiне немесе әскери бөлiмдерге жеткізуге мiндеттi.
5. Жұмылдыру бойынша және соғыс кезiнде әскери қызметке шақырылған әскери мiндеттiлермен және шақырылушылармен жұмыс (қызмет) iстеген жерi толық есеп айырысады, нақты жұмыс iстеген уақытына жалақы, қызметтен шығарда берiлетiн белгiленген жәрдемақы және пайдаланылмаған демалыс үшiн өтем төленедi. Жұмылдыру бойынша және соғыс кезiнде шақырылған азаматтарға өздерi тұратын тұрғын алаңы сақталады.
Әскери қызметке жұмылдыру бойынша және соғыс кезiнде шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақы, зейнетақы) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдары негiзiнде жүргiзiледi.
30-бап. Жұмылдыру бойынша және соғыс кезiнде шақыру
ережелерiн бұзғандық үшiн жауаптылық
1. Жұмылдыру және соғыс кезiнде шақырғанда көрсетiлген жиын пункттерiне әрi мерзiмiнде дәлелдi себептерсiз келмеген азаматтар соғыс кезiнiң заңдары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
2. Жұмылдыру бойынша және соғыс кезiнде шақырылғандардың дер кезiнде келуiне кедергi жасаған лауазымды адамдар мен азаматтар соғыс кезiнiң заңдары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
31-бап. Жұмылдыруды тоқтату бойынша босату
1. Жұмылдыруды тоқтатуға байланысты босату Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негiзiнде жүргiзiледi.
2. Жұмылдыруды тоқтату бойынша әскери қызметтен босатылатын әскери қызметшiлер мемлекет есебiнен киiмнiң толық жиынымен қамтамасыз етiледi. Бұл әскери қызметшiлердi тұрғылықты жерлерiне жеткізу және жолай тамақпен қамтамасыз ету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
ҚР Президентінің 14.11.95 ж. № 2635 заң күші бар Жарлығымен 32-бап өзгертiлді
ҚР 29.01.02 ж. № 287-II Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Азаматтардың жалпыға бiрдей әскери жаттығуы
1. Халықты азаматтық қорғаныс шараларынан орындауға үйрету соғыс кезiнде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн басқа әскерлерi мен әскери құрамаларын жасақтауға қажеттi контингент әзiрлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша 16-дан 55 жасқа дейiнгi ерлердi, балалары жоқ немесе 10 жастан асқан балалары бар 18-ден 45 жасқа дейiнгi әйелдердi барлық азаматтарға мiндеттi жалпыға бiрдей әскери жаттықтыру енгiзiледi.
Азаматтардың жалпыға бiрдей әскери жаттығуы жұмыс, оқу және тұратын орны бойынша өндiрiс пен оқудан қол үзбей жүргiзiледi.
2. Жалпыға бiрдей әскери жаттығуды ұйымдастыру және оған басшылық ету Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарына жүктеледi. Мемлекеттік органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бiрлесе отырып жаттығу-материалдық базасын жасайды, әскери жаттығу жетекшiлерiн iрiктеу мен даярлауды қамтамасыз етедi.
3. Жалпыға бiрдей әскери жаттығуды өткізу тәртібі мен одан босатылған адамдардың аясын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
VIII Бөлім. Азаматтар мен лауазымды адамдардың жалпыға
бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы
заңды бұзғаны үшін жауаптылығы
ҚР Президентінің 14.11.95 ж. № 2635 заң күші бар Жарлығымен 33-бап жаңа редакцияда
ҚР 29.01.02 ж. № 287-II Заңымен 33-бап өзгертілді
33-бап. Азаматтардың, лауазымды адамдардың жалпыға
бiрдей әскери мiндеттілік туралы заңды бұзғаны
үшiн жауаптылығы
1. Әскери комиссариаттың шақыруы бойынша көрсетiлген мерзiмде келмеген, сондай-ақ дәлелдi себепсiз әскери есепке тұру тәртібін бұзған азаматтар әскери мiндетiн орындаудан жалтарған деп саналып, әкiмшiлiк жауапқа тартылады, ал әскери қызметке шақырудан жалтарған азаматтар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады.
2. Әскери мiндеттiлер жиындардан жалтарғаны үшiн, сондай-ақ жиындар өткеру кезiнде әскери қызмет өткерудiң белгiленген тәртібіне қарсы құқық бұзғандығы үшiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
3. Әскери қызметке шақыру мәселелерi жөнiнде заңды бұзуға жол берген шақыру комиссияларының мүшелерi, әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарды медициналық куәландыруға және тексеруге қатысқан дәрiгерлер, сондай-ақ басқа да адамдар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
4. Азаматтардың жалпыға бiрдей әскери мiндеттi орындаудан жалтаруына көмектескен және олардың әскери қызметiн өткеруiне кедергi жасаған, сондай-ақ Заңда белгiленген мiндеттердi орындамаған адамдар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.
5. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, меншiк нысанына қарамастан білім беру ұйымдары мен өзге де ұйымдардың лауазымды адамдары осы Заңда белгiленген талаптарды орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
ҚР Президентінің 14.11.95 ж. № 2635 заң күші бар Жарлығымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызмет өткеру
ережесін бұзғаны және құқық бұзғандығы
үшiн жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер әскери тәртiптi бұзғаны, құқық бұзғандығы үшiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдары мен Қарулы Күштерiнiң жалпы әскери жарғыларына сәйкес тәртiптiк, материалдық, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапқа тартылады.
2. Бөлiмдi өз бетiмен тастап кеткен мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiнiң бөлiмнен тыс жерде болған уақыты мерзiмдi әскери қызмет мерзiмiне есептелмейдi және оның бөлiмде болмаған уақытына ұзартылады. Қызмет мерзiмiн ұзартуды әскери прокуратура шешiм қабылдағаннан кейiн немесе әскери сот бас бостандығынан айырумен байланысты емес үкiм шығарған соң бөлiм командирi жүргiзедi. Әскери бөлiмдердi өз бетiмен тастап кеткендердi iздестiру мен әскери қызмет орнына жеткізуге байланысты шығыстар заңда белгiленген тәртiппен өтеледi.
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұратын басқа мемлекеттердiң азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Республика заңдарында көзделмеген әскери (әскерилендiрiлген) құрамаларға қатысуы, сондай-ақ жалдамалылық заңмен қудаланады.
IХ бөлiм. Қорытынды ережелер
ҚР Президентінің 14.11.95 ж. № 2635 заң күші бар Жарлығымен 35-бап өзгертiлді
ҚР 29.01.02 ж. № 287-II Заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттілік және әскери
қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын
орындауға байланысты шараларды қаржымен және
материалдық жағынан қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар азаматтарды тiркеу және әскери қызметке шақыру кезiнде медициналық жағынан куәландыру, шақырылғандарды әскери бөлiмдерге жөнелту үшiн әскери комиссариаттарды жабдықталған шақыру (жинау) пункттерiмен, дәрi-дәрмекпен, құрал-сайманмен, медицина және шаруашылық мүлкiмен, автомобиль көлiгiмен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртiптi қорғауға, қажеттi мөлшерде медициналық және техникалық қызметкерлер, қызмет көрсетушi адамдар, сондай-ақ азаматтарды медициналық тексеруден өткізу үшiн емдеу-профилактика мекемелерiнен орындар, хабар беру мен шақырылушыларды iздестiру топтарын бөлуге және облыстарда тұрақты жұмыс iстейтiн медициналық комиссиялар құруға мiндеттi. Аталған iс-шараларды орындауға байланысты шығыстар жергiлiктi бюджет есебiнен жасалады.
2. Соғыс кезi жағдайында жұмылдыру жоспарын орындау үшiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар және солардың шешiмi бойынша меншiк нысанына қарамастан білім беру ұйымдары мен өзге де ұйымдар бейбiт кезде әскери комиссариаттармен бiрге әскери мiндеттiлерге хабар беру мен оларды жинау учаскелерiн, сондай-ақ техника жинау пункттерiн құрады, оларды жұмыс орны бойынша мiндеттерiн орындаудан босатпай адам құрамымен жасақтайды және олардың кәсiптiк машықталуына жәрдемдеседi.
3. Шақыруға дейiнгiлердi шақыру учаскелерiне тiркеу жөніндегі комиссиялардың, шақыру комиссияларының мүшелерiне, медициналық, техникалық қызметкерлерге, сондай-ақ қызмет көрсетушi адамдарға осы мiндеттердi орындаған барлық уақытқа жұмыс орны, атқарған қызметi және орташа табысы сақталады.
Егер аталған адамдардың өз мiндеттерiн орындауы тұрғылықты жерiнен кетумен байланысты болса, онда әскери комиссариаттар олардың тұрғылықты жерiнен жұмыс орнына бару-қайтуға, тұрғын жай жалдауына жұмсаған шығындарын өтейдi және қызмет iссапары үшiн белгiленген нормалар бойынша тәулiкақы төлейдi.
4. Әскери қызмет өткеруге байланысты iс-шараларды қаржылай және материалдық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң, Iшкi iстер министрлігінiң, Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Республикалық ұланының, Бас прокуратурасының және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi