Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қазақстандық бөлігі туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 наурыздағы № 169 Қаулысы
(2010.13.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 15 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қазақстандық бөлігінің құрамы;
2) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қазақстандық бөлігі туралы ереже бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының қазақстандық бөлігі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі № 952 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі № 952 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2004 жылғы 14 маусымдағы № 642 қаулысы;
3) «Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі № 952 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Yкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 614 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2005 ж., № 26, 320-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 4 тамыздағы № 739 (бұр. ред. қара); 2007.02.04. № 251 (бұр.ред.қара); 2008.04.04. № 319 (бұр.ред.қара); 2010.13.12. № 1348 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен құрам өзгертілді
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 15 наурыздағы
№ 169 қаулысымен
бекітілген
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегi
мемлекетаралық комиссияның қазақстандық бөлігінің құрамы
Жанжүменов Талғат Жеңісұлы | - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор, тең төраға, |
Сәрсенов Бауыржан Нұрланұлы | - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары, тең төрағаның орынбасары, |
Сыздықов Әлнұр Аманжолұлы | - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық саясат департаменті әскери-техникалық ынтымақтастық бөлімінің бастығы, жауапты хатшы; |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 15 наурыздағы
№ 169 қаулысымен
бекітілген
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше
мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегi
мемлекетаралық комиссияның қазақстандық бөлігі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы ереже Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (бұдан әрі - ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2005 жылғы 23 маусымдағы шешіміне және көрсетілген шешіммен бекітілген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы туралы ережеге (бұдан әрі - ҰҚШҰ ӘЭЫМК) сәйкес әзірленген.
2. Ереже Қазақстан Республикасының барлық ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттермен көп жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және жетілдіру және әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу мен өндіру саласындағы ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ әскери және азаматтық мақсаттағы өнімдерді өндіру кезінде қосарлы мақсаттағы (қолданыстағы) технологияларды пайдалану жөніндегі күш-жігерін біріктіру әрі үйлестіру мақсатында әзірленді.
3. ҰҚШҰ-ның Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) қазақстандық бөлігі ҰҚШҰ ӘЭЫМК-де қазақстандық тараптың атынан өкілдік ететін консультациялық-кеңесші орган болып табылады және өз қызметінде ҰҚШҰ жарғысын, ҰҚШҰ шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды және шешімдерді, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.
2. Комиссияның функциялары
4. Комиссия мынадай бағыттар бойынша көп жақты әскери-экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдарды қарайды және әзірлейді:
1) әскери-экономикалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
2) әскери мақсаттағы өнімдер, жинақтаушы бұйымдар және қосалқы бөлшектер өндірісін мамандандыруды және кооперациялауды сақтау;
3) әскери мақсаттағы өнімдерді, сондай-ақ оны дайындау үшін технологиялық жабдықты дайындаудың, стандарттаудың, бірегейлендірудің және қабылдаудың сапасын арттыру мәселелерін шешуде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық бөліктерімен өзара іс-қимыл жасасу;
4) әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдерді әкелу (әкету) және олардың транзиті кезінде кеден режимдері мен рәсімдерін оңайлату туралы ұсыныстарды дайындау;
5) әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу және жаңғырту бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу тәртібі жөнінде ұсыныстар дайындау;
6) әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу және өндіру барысында пайдаланылатын және/немесе алынған зияткерлік қызмет нәтижелерін қорғау тетігін әзірлеу;
7) әскери өндіріс конверсиясы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарау;
8) қосарлы мақсаттағы тауарлар мен технологиялар айналымының тетіктерін жетілдіру, азаматтық мақсаттағы өнімдерді дайындау үшін әскери мақсаттағы өнімдер өндірісі саласындағы мүмкіндіктерді зерделеу және жетістіктерді пайдалану;
9) әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін реттеу саласында нормативтік құқықтық базаны жақындатуға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасын ескере отырып, әскери мақсаттағы өнімдерді жасау, пайдалану, жаңғырту және кәдеге жарату саласындағы нормативтік-техникалық құжаттама алмасу және оны бірлесіп әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
11) ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің өнеркәсібі кәсіпорындарының әскери мақсаттағы өнімдерді өндіру үшін шикізатты, материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды кооперациялық жеткізуі кезінде даулы мәселелерді реттеу жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
5. Комиссия әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі көп жақты келісімдерді, сондай-ақ көп жақты келісімдерді іске асыру мақсатында жасалатын екі жақты келісімдерді дайындауға қатысады.
6. Комиссия Қазақстан Республикасы мүдделі мемлекеттік органдарының Комиссияның функцияларын іске асыруға қатысты мәселелері бөлігіндегі іс-қимылдарын келісуге ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың іске асырылуын жүйелі талдауды жүзеге асырады.
7. Комиссия ақпараттық жүйелерді және Комиссия қызметінің бағыттары бойынша дерекқор құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға қатысады.
8. Өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін Комиссия:
1) әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысты мәселелер кешені бойынша ұсынымдар әзірлеуге;
2) Комиссия қызметінің ұйымдастырушылық және рәсімдік мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға;
3) ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарауына енгізілетін және Комиссияға жүктелген функцияларды жүзеге асыруға байланысты мәселелер жөнінде ұсыныстар әзірлеу мен қалыптастыруға қатысуға;
4) қажет болған жағдайда өз қызметінің бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұйымдарының өкілдерінен тұрақты немесе уақытша негізде жұмыс тобын құруға, сондай-ақ конференциялар мен кеңестер шақыруға құқылы.
Комиссияның жұмыс топтарының қызметі Комиссияның тең төрағасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Комиссияның құрамы
9. Комиссияға тең төраға, тең төрағаның орынбасары, жауапты хатшы кіреді.
Комиссияның құрамы мен ол туралы ережені заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
10. Тең төраға, тең төрағаның орынбасары және жауапты хатшы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері ҰҚШҰ ӘЭЫМК-ның отырыстарына қатысады.
4. Комиссияның қызметін ұйымдастыру
11. Комиссияның тең төрағасы:
1) Комиссияның жұмыс жоспары іс-шараларының орындалуын үйлестіруді жүзеге асырады;
2) ҰҚШҰ ӘЭЫМК кезекті отырысының алдында халықаралық әскери-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, күн тәртібінің жобаларын келісу және қазақстандық ұстанымды әзірлеу мақсатында Комиссияның кеңесін өткізеді;
3) ҰҚШҰ ӘЭЫМК Хатшылығымен, қорғаныс өнеркәсібі кешенінің экономика мәселелерін жүргізетін ҰҚШҰ-га мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарымен және Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды;
4) ҰҚШҰ ӘЭЫМК органдарында Комиссияның атынан өкілдік етеді, халықаралық ұйымдар өткізетін іс-шараларға қатысады;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметіне ҰҚШҰ ӘЭЫМК отырысының қорытындылары бойынша есептік ақпаратты енгізеді;
6) жыл сайын желтоқсанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Комиссияның қызметі туралы жылдық есептік ақпарат және оның қызметін жандандыру жөнінде ұсыныстар береді.
12. Тең төраға жоқ болған уақытта оның функцияларын тең төрағаның орынбасары орындайды.
13. Комиссия жыл сайын жұмыс жоспарын бекітеді. Жұмыс жоспарына Комиссияның және оның жұмыс топтарының қарауына жататын мәселелер енгізіледі.
14. Комиссияның жауапты хатшысы қызметті ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді, ҰҚШҰ-ның жарғылық органдарында және Қазақстан Республикасының Үкіметінде қарауға арналған Комиссия мен ҰҚШҰ ӘЭЫМК құжаттарының ресімделуі мен уақтылы өтуін жүзеге асырады.