742-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
Осы Кодекстің 64-1-бабында көзделген жағдайда, сондай-ақ қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болуына байланысты материал прокурорға, сотқа дейінгі іс жүргізу органына берiлген жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен тоқтатылуы мүмкiн.
743-бап. Хабардар ету (хабарлама)
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша iс жүргiзуге қатысушыларға істің қаралатын немесе жекелеген процестік әрекеттердің жасалатын уақыты мен орны туралы хабарланады және олар хабардар ету арқылы (хабарламамен) сотқа, органға (лауазымды адамға) шақырылады.
Істің қаралатын уақыты мен орнын әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада да көрсетуге болады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Хабардар ету (хабарлама), оның тапсырылғаны туралы хабардар етуі бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабар не хабарламаның немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жіберіледі.
3. Егер істе көрсетілген мекенжай бойынша адам шын мәнінде тұрмаса, хабарлама немесе шақыру заңды мекенжайы бойынша немесе оның жұмыс орнына жіберілуі мүмкін. Заңды тұлғаға арналған хабардар ету (хабарлама) оның тұрған жері бойынша жіберіледі.
4. Хабардар ету (хабарлама):
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың тиісті бағанында әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамның қолы болған;
2) жеке өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне тапсырылғаны туралы жөнелтушіге қайтарылуға жататын хабардар етуге қол қойып тапсырылатын тапсырыс хатпен, жеделхатпен адам хабарланған жағдайларда тиісінше жеткізілді деп танылады. Заңды тұлғаға арналған хабарлама заңды тұлғаның басшысына немесе қызметкеріне тапсырылады, ол өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсетіп, тапсырылғаны туралы хабардар ететін хабарламаны алғаны жөнінде қол қояды;
3) хабарланатын адам іс бойынша іс жүргізу процесінде көрсеткен және өзінің қол қоюымен растаған, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабар жіберілген;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеушілер ретінде тіркелген тұлғаларға мемлекеттік кіріс органы электрондық тәсілмен хабардар етуді (хабарламаны) жіберген жағдайларда тиісінше жеткізілді деп танылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-1-бөлікпен толықтырылды
4-1. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама мынадай жағдайларда:
1) көлік құралы меншік иесінің (иесінің) жеке өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне табыс етілгені туралы жөнелтушіге қайтарылуға жататын хабардар етуге қол қойып табыс етілетін тапсырыс хатпен жіберілген жағдайда, тиісінше жеткізілген деп танылады. Заңды тұлғаға жіберілген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама заңды тұлғаның басшысына немесе қызметкеріне табыс етіледі, ол өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсетіп, табыс етілгені туралы хабардар етуге нұсқаманы алғаны жөнінде қол қояды;
2) адресат айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы алудан бас тартқан жағдайда, тиісінше жеткізілген деп танылады. Бұл ретте оны жеткізуші адам табыс етілгені туралы хабардар етуге тиісті белгі жасайды, ол нұсқамамен бірге жөнелтушіге қайтарылады;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) лауазымды адам айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы көлік құралы меншік иесінің (иесінің) жеке өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қол қойғызып тікелей табыс еткен;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) айыппұл төлеу қажеттігі туралы өзінің атына шығарылған нұсқамалар туралы хабарламаларды алу үшін «электрондық үкімет» веб-порталында және (немесе) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық сервисінде көлік құралының меншік иесі (иесі) көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөміріне мәтіндік хабар жеткізілген жағдайда, тиісінше жеткізілді деп танылады.
5. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жүзеге асырылатын адам өзі көрсеткен тұрғылықты жері (тұрған жері) мекенжайының, жұмыс орнының, ұялы байланыстың абоненттік нөмірінің, электрондық мекенжайының дұрыс екендігімен танысқанын өзінің қол қоюымен растайды, ал көрсетілген мекенжайларға жіберілген хабардар ету (хабарлама) тиісінше және жеткілікті деп есептелетін болады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-1-бөлікпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
5-1. Өзіне қатысты іс қозғалған адамға, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізудің өзге де қатысушыларына ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша мәтіндік хабарлама арқылы сотқа келу туралы хабардар етуді алуға келісімі туралы талон беріледі, шығыстар олардың өз есебінен төленеді.
Талонның үзілетін бөлігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесімен бірге беріледі.
6. Адресат хабардар етуді (хабарламаны) қабылдаудан бас тартқан кезде, оны жеткізетін немесе тапсыратын адам сотқа, органға (лауазымды адамға) қайтарылатын хабардар етуге (хабарламаға) тиісті белгі соғады.
7. Адресаттың хабардар етуді (хабарламаны) қабылдаудан бас тартуы істі қарауға немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасауға кедергі болып табылмайды.
38-тарау. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзуге қатысушылар,
олардың құқықтары мен мiндеттерi
744-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға хаттамамен және істің басқа да материалдарымен танысуға, түсініктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресімделуі жөнінде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға, өтінішхаттар, оның ішінде істі сотта кешіктірмей қарау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны тез арада заңды күшіне енгізу туралы өтінішхаттар мен қарсылықтарды мәлімдеуге, қорғаушының заң көмегін пайдалануға, істі қарау кезінде ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуге және егер іс жүргізіліп отырған тілді білмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға; іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуы бойынша, нақты деректерге және мән-жайларға сәйкес келмейтін мәліметтер көрсетілген жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау кезінде заңның бұзылуына, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға және іс бойынша қаулыға шағыммен жүгінуге; істегі құжаттардан үзінді көшірме жасауға және олардың көшірмелерін түсіріп алуға, сондай-ақ өзіне осы Кодексте берілген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның қатысуымен қаралады. Өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның сотқа қатысуы ғылыми-техникалық құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Көрсетілген тұлға болмаған кезде, егер әкімшілік құқық бұзушылық сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және автоматты режимде жұмыс істейтін аспаптарымен тіркелген немесе істің қаралатын орны мен уақыты туралы оған тиісінше хабарланғаны туралы деректер болған және егер одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспеген жағдайларда ғана, іс қаралуы мүмкін.
3. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамаққа алу, сондай-ақ шетелдiкті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жiберу немесе адамға берiлген арнайы құқықтан (көлiк құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған тұлғалар жүргiзуiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жатқан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамға күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн.
Соттың күштеп әкелу туралы ұйғарымын - сот приставы немесе iшкi iстер органы; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын iшкi iстер органы (полиция) орындайды.
5. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайларын қарау кезiнде шығарыла тұруы мүмкiн.
745-бап. Жәбiрленушi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан дене жарақатын алған, мүлiктiк немесе моральдық зиян келтiрiлген жеке немесе заңды тұлға жәбiрленушi болып табылады.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жәбірленуші істің барлық материалымен танысуға, түсініктемелер беруге, дәлелдемелер ұсынуға, өтінішхаттар, оның ішінде істі сотта кешіктірмей қарау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны тез арада заңды күшіне енгізу туралы өтінішхаттар мен қарсылықтарды мәлімдеуге, өкіл ұстауға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым жасауға, өзіне осы Кодексте берілген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жәбірленушінің қатысуымен қаралады. Жәбірленушінің сотқа қатысуы ғылыми-техникалық құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Істің қаралатын орны мен уақыты туралы оған тиісінше хабарланғаны туралы деректер болған және егер одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспеген жағдайларда ғана, іс өзі болмаған кезде қаралуы мүмкін.
4. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 754-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi заңды тұлға болып табылса, куә ретiнде оның өкiлiнен жауап алынуы мүмкiн.
746-бап. Жеке тұлғаның заңды өкiлдерi
1. Кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айырылғандар болып табылатын, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның немесе жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қамқоршысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар жеке тұлғаның заңды өкiлдерi деп танылады.
3. Жеке тұлғаның заңды өкiлдерi болып табылатын адамдардың туыстық байланыстары немесе тиiстi өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттармен куәландырылады.
4. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның заңды өкiлi әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алған немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
5. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiлі болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және мiндеттердi алады.
6. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау кезінде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда, оған iшкi iстер органы (полиция) жүзеге асыратын күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 747-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
747-бап. Дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның өкілдері
1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлғаның заңды өкiлi болып табылады, ол заңды тұлғаның атынан әрекет етеді. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң өкiлеттiктерi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
Заңды тұлғаның мүдделерiн бiлдiретiн өзге де адамдар тапсырма бойынша өкiлдер болып табылады, олардың өкiлеттiктерi заңды тұлғаның атқарушы органы заңды тұлғаның атынан беретiн және атқарушы органның басшысы қол қоятын сенiмхатта айқындалады.
3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға және жәбiрленушi өкiлдерiнiң өздерi өкіл болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және мiндеттердi алады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға өкiлiнiң қатысуымен қаралады. Аталған тұлғаға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiсінше хабарланғаны туралы деректер болған, егер одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспеген жағдайларда ғана, iс оның өзi болмаған кезде қаралуы мүмкiн.
5. Жасалуы әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты тәркiлеу не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын заңды тұлға өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Заңды тұлғаның өкiлi жүргiзуінде іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, аталған адамға жүргiзуінде iс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер (полиция), сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеп-тексеру қызметі органдары күштеп әкелуді қолдануы мүмкiн.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды
7. Дара кәсіпкердің өкілдері осы Кодексте көзделген шектерде заңды тұлғаның өкілдері сияқты дәл сондай процессуалдық құқықтар мен міндеттерге ие болады.
748-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Қорғаушылар ретiнде адвокаттар қатысады. Қорғаушылар ретінде адвокаттармен бірге әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкiлдерi жiберiледi. Егер заңнамада айқындалатын тәртiппен өзара негiзде Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасаған халықаралық шартында көзделсе, шетелдiк адвокаттар iске қорғаушылар ретiнде қатысуға жiберiледi.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қорғаушы iске қатысуға әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезден бастап, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің кез келген сатысында жіберіледі.
4. Егер бiрiнiң мүдделерi екiншiсiнiң мүдделерiне қайшы келсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің екі қатысушысына нақ сол бiр адам қорғаушы бола алмайды.
5. Адвокат, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қорғаушы ретінде қатысудан бас тартуға құқылы емес.
749-бап. Қорғаушының мiндеттi түрде қатысуы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге мынадай жағдайларда, егер:
1) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам бұл жөнiнде өтiнiшхат жасаса;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемiстiктерiне орай өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе;
4) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам кәмелетке толмаған адам болып табылса, қорғаушының қатысуы мiндетті.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар шақырмаса, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, олар бұл туралы қаулы шығарады. Қаулы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне орындау үшін жіберіледі және оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға жатады.
750-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға, оның өкiлдерi, сондай-ақ өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның тапсыруымен немесе келiсімімен басқа да адамдар шақырады. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға қорғау үшiн бiрнеше қорғаушы шақыруға құқылы.
2. Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның өтiнуi бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) қорғаушының қатысуын қамтамасыз етедi.
3. Таңдап алынған немесе тағайындалған қорғаушының жиырма төрт сағат iшiнде қатысуы мүмкiн болмаған жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыным жасауға құқылы емес.
4. Әкiмшiлiк ұстап алу жағдайында, егер өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға таңдап алған қорғаушының үш сағат iшiнде келуi мүмкiн болмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал бас тартылған жағдайда адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушыны тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) оған негiздер болған кезде өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаны заң көмегiне ақы төлеуден босатуға міндетті. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі.
6. Осы Кодекстiң 749-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген, адвокат іс бойынша іс жүргізуге тағайындау арқылы қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу бойынша шығыстар бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Адвокат «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген адвокат куәлігін және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаны көрсеткен кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске қорғаушы ретінде кіріседі. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктерін растайтын өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады. Осы Кодекстің 748-бабының екінші бөлігінде көрсетілген басқа адамдар өздерінің іске қорғаушы ретінде қатысу құқығын растайтын құжаттарды (неке туралы куәлікті, сондай-ақ осы Кодекстің 746-бабының үшінші бөлігінде және 747-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды) ұсынады.
751-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға іс бойынша iс жүргiзудiң кез келген кезiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Заң көмегiне ақы төлеуге қаражаты жоқтығын уәж етiп қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi.
2. Қорғаушыдан бас тарту өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның бұдан былай қорғаушыны iске қатысуға жiберу туралы өтiнiшхат жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске кiрiсуi сол уақытқа дейiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды.
752-бап. Қорғаушының өкiлеттiктерi
1. Қорғаушы: iстiң барлық материалдарымен танысуға; iстi қарауға қатысуға; дәлелдемелер ұсынуға; өтiнiшхаттарды және қарсылықтарды мәлiмдеуге; судьяның, iстi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) рұқсатымен iстi қарау процесiнде жауап алынатын адамдарға сұрақтар қоюға; іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдануға және iс бойынша қаулыға шағым жасауға; өзiне заңмен берiлген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Қорғаушы: қорғалушының мүдделерiне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесілі құқықтарын жүзеге асыруына кедергi келтiруге; қорғалушының ұстанымына қарамастан, оның әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасауға кiнәлiлiгiн тануға, қорғалушының жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; қорғалушының берген шағымдары мен өтiнiшхаттарын қайтарып алуға; заң көмегiн сұрау мен оның жүзеге асырылуына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жария етуге құқылы емес.