8. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияда мәліметтерді ұсынбауы немесе онда анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, тіркеуден бас тартуға немесе тіркеу туралы шешімдердің күшін жоюға негіз болып табылады.
Мыналардың:
осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – адамға тиісті өкілеттіктер беруден бас тартуға негіз болып табылады.
осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа алып келеді.
9. Мыналар:
1) саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
2) «А» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
3) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен олардың жұбайлары (зайыптары);
2021.29.12. № 91-VII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл;
4) Қазақстан Республикасының судьялары мен олардың жұбайлары (зайыптары);
5) квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды орындайтын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) ұсынған, жеке тұлғалардың декларацияларында көрсетілген мәліметтер есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде жариялануға жатады.
Жариялануға жататын мәліметтер тізбесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурстарында персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) орналастырады.
10. Осы баптың 7-тармағының және 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларының талаптары мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге қолданылмайды.
11. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептерді мемлекеттік мүлікке қатысты меншік иесі құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
12. Мемлекеттік кіріс органдарына келіп түсетін, осы бапта көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңмен қорғалатын құпия болып табылады. Оларды жария ету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
13. Қызметтік және салықтық құпияны құрайтын мәліметтер «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.
Ескертпелер. 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында, аталған адамдар осы Заңның 13, 14, 14-1 және 15-баптарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, өздеріне:
1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру;
2) жақын туыстарының, жұбайлары (зайыптары) мен жекжаттарының бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу;
3) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалану;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда; 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін, егер мұндай әрекеттер осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кірсе немесе осы адамдар лауазымдық жағдайына байланысты мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал етуі мүмкін болса, оларды қабылдау;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашу және иелену, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
2. Жекелеген мемлекеттік функцияларды орындау тәртібін реттейтін заңдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулерді көздейтін басқа да құқықтық нормалар белгіленуі мүмкін.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауға осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамдардың келісімін тиісті ұйымдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) жазбаша нысанда тіркейді.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не лауазымнан шығаруға (лауазымнан босатуға) әкеп соғады, оларды сақтамау, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайда, олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамның отбасы мүшелері материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына осы адамның әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін ұсынылатын материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді алуға, егер мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) осы адамның қызметтік өкілеттіктеріне кірсе не ол өзінің лауазымдық жағдайына байланысты мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал етуі мүмкін болса, құқылы емес.
Ескертпе: Осы Заңда осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамның отбасы мүшелері деп оның жұбайы (зайыбы), ата-аналары, балалары, оның ішінде кәмелетке толған балалары және асырауындағы және онымен тұрақты тұратын адамдар түсініледі.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамдар және (немесе) олардың отбасы мүшелері хабардар етілмей, олардың шотына келіп түскен ақша, сондай-ақ олар осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасын және 5-тармағын бұза отырып алған қаражат олар анықталғаннан кейін екі аптадан аспайтын мерзімде тиісті мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсу мән-жайлары туралы түсініктеме беріле отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады.
Осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамдар және (немесе) олардың отбасы мүшелері хабардар етілмей келіп түскен, сондай-ақ олар осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасын және 5-тармағын бұза отырып алған сыйлықтар сыйлықтың алынған күнінен бастап не осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамға сыйлықтың алынғаны туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз берілуге жатады, ал аталған адамдарға нақ сондай мән-жайларда көрсетілген қызметтерге қызмет көрсетілген күннен бастап не осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамға қызметтің көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төленуге тиіс.
Сыйлықты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға берген адам жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оны «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады.
13-бап. Мемлекеттiк функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерде қызметін жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда), лауазымды адамдарға:
1) егер шаруашылық етуші субъектіні басқару немесе басқаруға қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, шаруашылық етуші субъектіні басқаруға өз бетінше қатысуға, мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге;
2) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемде жай акцияларды) сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
3) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынады.
2. 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйді мүліктік жалдауға (жалға) беруге және осындай тапсырудан кіріс алуға құқылы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарларына, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарларына инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарлары лауазымға тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде лауазымға тағайындалғанға дейін сатып алынған, өздеріне тиесілі инвестициялық қорлар пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
Аталған тұлғалардың осы тармақта көзделген міндеттемелерді орындамауы олардың тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
5. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, осы адамдарға заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін мүлікті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, осы функцияларды орындау уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
6. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариаттық куәландыруға жатады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді (акцияларды) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті сатып алған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, сатып алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларды сенімгерлік басқаруға беруге және жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) шартты нотариаттық куәландырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шарттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін ұсынуға міндетті.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген міндеттемелерді орындамауы олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
14-бап. Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бiрге қызмет (жұмыс) iстеуiне жол бермеу
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда; 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда) және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар өздерінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары атқаратын лауазымдарға тікелей бағынысты болатын лауазымдарды атқара алмайды, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайды.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар өздері лауазымды атқаруға үміткер ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық байқалған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, осындай бағыныстылықты болғызбайтын лауазымға ауысуға тиіс, ал осындай ауысу мүмкін болмаған кезде осы қызметшілердің біреуі лауазымынан шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзгедей босатылуға тиіс.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен ескертпе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Ескертпе. Осы Заңда жақын туыстар деп ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп - жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары мен балалары түсініледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашуға, иеленуге, қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға жол бермеу
1. Жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (мәслихат депутаттарын қоспағанда), лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашуға және иеленуге, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға тыйым салынады.
Ескертпе. Осы тармақта көзделген шектеу Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар лауазымға орналасқан немесе осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар жойылған күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды (салымдарды) жабуға және (немесе) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар аумағында шоттары (салымдары) орналасқан және (немесе) шетелдік банкте қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау жүзеге асырылатын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы шет мемлекеттің құзыретті органдары қолданған тыйым салуға, билік етуге тыйым салуға байланысты немесе осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың еркінен тыс еңсерілмейтін күш мән-жайларына (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай, банктік шот (салым) туралы шарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатудың мүмкін болмауы және өзге де мән-жайлар) байланысты осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарды орындай алмаған жағдайда, мұндай талаптар тыйым салудың, билік етуге тыйым салудың қолданылуы тоқтатылған немесе өзге де мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде тиісті фактілерді растайтын құжаттар ұсыныла отырып орындалуға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұраны қабылдау нәтижесінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды (салымдарды), қолма-қол ақша мен құндылықтарды иеленуге және (немесе) пайдалануға алған жағдайда, көрсетілген адамдар мұраны қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды (салымдарды) жабуға және (немесе) қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының ережелері осы баптың 1-тармағында аталған, Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелеріне, өкілдіктеріне және Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, сондай-ақ көрсетілген ұйымдарға іссапарға жіберілген адамдарға көрсетілген ұйымдардағы жұмыс кезеңіне немесе шетелде білім алатын, немесе шетелде тағылымдамадан өтетін, немесе шетелдік іссапарда жүрген, немесе шетелде емделіп жатқан адамдарға немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде не кәмелеттік жасқа толған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы ретінде тиісті адамның шетелде оқуы не емделуі кезеңінде шетелде болатын адамдарға қолданылмайды.
5. Осы бапта көзделген мерзімдер ішінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті өз қалауы бойынша тоқтату туралы өтініш беруге құқылы.
15-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тікелей басшысына не өздері жұмыс істейтін ұйымның басшылығына туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы, өздеріне бұл жөнінде мәлім болысымен жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
Тікелей басшысы не ұйымның басшылығы осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың өтініштері бойынша немесе басқа да көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдауға:
1) осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкін мәселе бойынша лауазымдық міндеттерді орындауды басқа адамға тапсыруға;
2) лауазымдық міндеттерін өзгертуге;
3) мүдделер қақтығысын жою бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті.
16-бап. Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары
1. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту бойынша:
1) шешімдер қабылдау рәсімдерінің есептілігін, бақылауда болуын және ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктерді белгілеу;
2) адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;
3) мүдделер қақтығыстарын болғызбау;
4) іскерлік әдеп нормаларын қабылдау және сақтау;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шараларды қабылдау;
6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы шаралар қабылдайды.
2. Кәсіпкерлік субъектілері үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі стандарттарды кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) әзірлеуі және қабылдауы мүмкін.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2021.08.06. № 48-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде негізгі міндеті тиісті ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын атқаратын құрылымдық бөлімшелер айқындалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет өз өкілеттіктерін квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органынан, лауазымды адамдарынан тәуелсіз жүзеге асырады, директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне (ол болған кезде) немесе өзге де тәуелсіз басқару органына есеп береді және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету кезінде тәуелсіз болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің құзыреті, қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актісінде айқындалады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері болып табылмайтын кәсіпкерлік субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер құруға құқылы.
17-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама - сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжат.