3) қызметі зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың түзілуіне әкеп соғатын ұйымдар туралы мәліметтерді;
4) өнімнің атауы, ол түзілетін техникалық өндіріс немесе процесс, оның физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, уытты компоненттердің болуы, өрт қаупі, жарылыс қаупі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен үйлесімділігі, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың белсенділігі, сондай-ақ тасымалдау жүйесінің сипаттамасы көрсетіле отырып, зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың сипаттамасын;
5) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын;
6) мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын қамтитын құжаттар қосымша берілуге тиіс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Барлауға, өндiруге немесе бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған өтiнiмде:
1) қол қойылатын бонус мөлшері;
2) кадрлардағы, тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту мөлшерлері;
3) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
4) қазақстандық кадрларды оқыту жөніндегі міндеттемелер;
5) келiсiмшарт бойынша жұмыстарды орындау үшiн қажет, Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшерi көзделуге тиіс.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушының өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған өтінімінде жоғарыда аталған мәліметтерден басқа қолдануға ұсынылатын технологиялар туралы ақпаратты қамтитын технологиялық бағдарлама болуға тиіс.
4. Өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар (не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) өтінімге қоса беріледі.
59-бап. Тікелей келіссөздердің қорытындылары бойынша шешімдер қабылдау
1. Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы не беруден бас тарту туралы шешім өтініш берушінің келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігі туралы куәландыратын деректердің негізінде қабылданады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Құзыреттi органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының тiкелей келiссөздер қорытындылары бойынша шешiмi тiкелей келiссөздер хаттамасымен ресiмделедi, оған жұмыс тобының қатысып отырған барлық мүшелерi және өтінім берушінің уәкілетті өкілі қол қояды.
3. Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданған жағдайда өтініш берушімен келісімшарт осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалады.
Өтініш беруші тікелей келіссөздер барысында ұсынған және құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдаған жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары міндетті түрде тікелей келіссөздер хаттамасына, ал кейіннен келісімшартқа қосылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптары осы Заңның 57-1-бабында көзделген тәртіппен жүргізілетін тікелей келіссөздерге қолданылмайды.
60-бап. Барлау сатысынан өндіру сатысына ауысу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ерекшеліктері
1. Барлауға арналған келісімшарт негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушының конкурс өткізілмей-ақ, тікелей келіссөздер негізінде өндіруге арналған келісімшарт жасасуға айрықша құқығы болады.
2. Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орындарын табу мен бағалауды жүргізген тұлға барлауға арналған келісімшарт қолданысының мерзімі ішінде не барлауға арналған келісімшарт аяқталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы өтініммен құзыретті органға жүгінуге құқылы.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы өтінім келіп түскен күннен бастап екі айдан кешіктірмей, өндіруге арналған келісімшарттың мынадай талаптарын:
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тауарлардағы, жұмыстардағы, қызметтердегі және кадрлардағы жергілікті қамтудың көлемі;
2) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшерін тікелей келіссөздер жолымен бірлесіп айқындайды.
Қолдануға ұсынылатын технологиялар туралы ақпаратты қамтитын технологиялық бағдарламаның болуы индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушымен жасалатын өндіруге арналған келісімшарттың қосымша шарты болып табылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тікелей келіссөздердің нәтижелері бойынша тараптар хаттамаға қол қояды.
Егер өтініш берушінің кінәсінен тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде келісімшарт жасалмаса, өтініш беруші өндіруге арналған келісімшарт жасасуға айрықша құқығынан айырылады, ал жер қойнауының тиісті учаскесі (учаскелері) осы Заңда көзделген тәртіппен, барлауға арналған шығындарды осындай тұлғаға өтеу шартымен конкурсқа шығарылады не тікелей келіссөздер негізінде беріледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Конкурс осы Заңның 4-тарауында көзделген тәртіппен өткізіледі. Келісімшарт жасасуға үміткер тұлғаның мынадай міндеттемелері:
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) осы баптың 3-тармағында көзделген, коммерциялық табу нәтижесінде өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздердің тараптары келіскен мөлшерлерден кем болмайтын міндеттемелері;
2) экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, келісімшарттық аумақты өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау үшін қажетті шараларды қабылдау және конкурстың жеңімпазы анықталған күннен бастап өндіруге келісімшарт жасалғанға дейін тиісті келісімшарттық аумақта халық пен персонал үшін қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері;
3) барлауға арналған келісімшарттың негізінде коммерциялық табуды жүргізген тұлғаға конкурсқа шығарылған жер қойнауы учаскесін табуға және бағалауға және осы баптың 11-тармағының 2) тармақшасына сәйкес келісімшарттық аумақты өндіру бойынша бұдан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстауға жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі міндеттемелері осындай конкурсқа қатысудың қажетті шарты болып табылады.
Мұндай өтеу мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпараты негізінде айқындалатын инфляция ескеріле отырып, тиісті шығындардың толық сомасын біржолғы төлеу тәртібімен жүзеге асырылады.
Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және ол конкурстың жеңімпазымен келісімшарт жасалған күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
Конкурстың жеңімпазы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Конкурстың жеңімпазы мен барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушы арасында өтелетін шығындардың мөлшері туралы дау туындаған жағдайда мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.
6. 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8. 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Осы баптың ережелері кең таралған пайдалы қазбаларды барлау сатысынан өндіру сатысына көшу кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына қатысты қолданылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған және өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерді жүргізу туралы өтінім берген жер қойнауын пайдаланушы барлауға арналған тиісті келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін барлауға арналған келісімшартқа, жұмыс бағдарламасына және жобалау құжаттарына сәйкес міндеттемелерін атқаруды жалғастырады.
Барлауға арналған келісімшарт шеңберінде ұсынылған келісімшарттық аумақтың бір бөлігіне өндіруге арналған келісімшарт жасалған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы барлауға арналған келісімшартқа сәйкес оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қалған келісімшарттық аумақта міндеттемелерді орындауды жалғастырады.
11. Барлауға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерді жүргізу туралы өтінім берген жер қойнауын пайдаланушы:
1) келісімшарттық аумақтың бір бөлігі (бөліктері) қайтарылған жағдайда осы Заңның 111-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану объектілерін жою немесе консервациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге, оның ішінде барлау жөніндегі операцияларды жүргізу салдарынан бұзылған жер учаскелері мен басқа да табиғи объектілерді келісімшарттық аумақтың қайтарылатын бөлігінде (бөліктерінде) одан әрі пайдалану үшін жарамды жағдайға дейін қалпына келтіруге;
2) барлық келісімшарттық аумақта немесе қайтаруға жатпайтын келісімшарттық аумақтың бір бөлігінде (бөліктерінде) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу ниеті болған кезде - өндіруге арналған келісімшартты жасасқанға дейін экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, келісімшарттық аумақты (келісімшарттық аумақтың бөліктерін) өндіру бойынша одан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау үшін қажетті шаралар қабылдауға және тиісті келісімшарттық аумақта (келісімшарттық аумақтың бөліктерінде) халық пен персонал үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушымен тікелей келіссөздер негізінде өндіруге келісімшарт жасалмаған жағдайда оның келісімшарттық аумақты (келісімшарттық аумақтың бөліктерін) өндіру бойынша одан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау жөніндегі міндеттемесі осы бапта белгіленген тәртіппен өткізілетін конкурстың жеңімпазын анықтау кезінде тоқтатылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Егер конкурс нәтижелерi бойынша өндiруге арналған келiсiмшарт жасалған жер қойнауын пайдаланушы келiсiмшарт күшiне енгеннен кейiн белгiленген мерзiмде кен орнын тапқан және бағалаған тұлғаға осы баптың 5-тармағының талаптарына сәйкес барлауға арналған шығындарды өтемеген жағдайда, онда мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.
13. Тікелей келіссөздердің не осы бапқа сәйкес өткізілген конкурстың қорытындылары бойынша өндіруге арналған келісімшарт жасалғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 5-тармағы 2) тармақшасының және (немесе) 11-тармағының қағидаларына сәйкес жүргізілген шығыстары осындай өндіруге арналған келісімшарт бойынша шығыстарға жатқызылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.
6-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН КЕЛІСІМШАРТ
61-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың түрлері
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін келісімшарттардың мынадай түрлері:
1) барлауды жүргізу үшін - барлауға арналған келісімшарт;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) барлау құқығы оңайлатылған тәртіппен берілетін тұлғаның барлау жүргізуі үшін - барлауға арналған үлгілік келісімшарт;
2) өндіруді жүргізу үшін - өндіруге арналған келісімшарт;
3) бірлескен барлау мен өндіруді жүргізу үшін - бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
4) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды жүргізу және (немесе) пайдалану үшін - барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарт;
5) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу үшін - жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) қолданылады.
Келісімшартты жасасу, орындау, өзгерту немесе тоқтату осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді; 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге арналған келiсiмшартты (шартты) және барлауға арналған үлгілік келісімшартты қоспағанда, келiсiмшарт құзыретті орган бекiтетiн жер қойнауын пайдалану түрлерi бойынша модельдiк келiсiмшарттарда көзделген нысан мен мазмұн бойынша жасалады.
Келісімшартта мынадай шарттар қамтылуға тиіс: келісімшарттың мақсаты, келісімшарттың қолданылу мерзімі, келісімшарттық аумақ, құпиялылық, еңсерілмейтін күш.
Келiсiмшарт: қол қойылатын бонусты төлеудiң мөлшерi мен шарттары жөніндегі; өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстардың мөлшерi мен шарттары жөніндегі; кадрлардағы жергiлiктi қамту жөніндегі; Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келiсiмшартты орындау кезiнде тартылған жұмыскерлерді оқытуға, олардың бiлiктiлiгiн арттыруға және оларды қайта даярлауға және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтарын құзыреттi органмен келiсiлген мамандықтар тiзбесi бойынша оқытуға жіберілетін шығыстардың мөлшерi жөніндегі; тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердегi жергiлiктi қамту жөніндегі; мердiгерлiк жұмыстармен айналысатын персоналды қоса алғанда, жұмысқа тартылған шетелдiк персоналға қатысты алғанда қазақстандық персонал үшiн еңбекке ақы төлеудiң тең жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі; тарату қоры жөніндегі; Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға осы Заңда белгiленген шығыстардың мөлшерi жөніндегі мiндеттемелерге қатысты ерекше шарттарды да қамтуға тиiс.
Қазақстандық кадрларды тарту жөніндегі міндеттемелер, мердiгерлiк жұмыстармен айналысатын персоналды қоса алғанда, жұмысқа тартылатын кадрлардың жалпы санынан пайыздық қатынасты, оның ішінде жылдар бойынша пайыздық қатынасты қамтуға тиіс. Тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердегi жергiлiктi қамтудың мөлшері жөніндегі міндеттемелер сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердің жалпы санынан пайыздық қатынасты қамтуға тиіс.
Бұрын келiсiмшарт тоқтатылған жер қойнауы учаскесiне келiсiмшарт жасалған жағдайда, жаңа жер қойнауын пайдаланушымен жасалатын келiсiмшарт, осы Заңның 72-бабының 10-тармағына сәйкес берiлген мүлiктiң құнын қоса алғанда, бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы және сенiмгерлiк басқарушы бұрын жүргiзген шығындарды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерді, сондай-ақ сенiмгерлiк басқарушыға сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемені қамтуға тиiс.
Келiсiмшарт талаптары жер қойнауын пайдаланушының өзi қабылдаған, оның iшiнде тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетiлетiн қызметтердегi және кадрлардағы жергiлiктi қамту жөніндегі, келiсiмшартта көзделген салықтық емес сипаттағы төлемдер жөніндегі мiндеттемелердi орындамағаны, тиiсiнше орындамағаны үшiн тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсiмпұлдар) мөлшерiн қамтуға тиiс.
Көмiрсутек шикiзатын өндiруге арналған келiсiмшарт жер қойнауын пайдаланушының iлеспе газды қайта өңдеу (кәдеге жарату) жөнiндегi мiндеттемелерiн қамтуға тиiс.
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орнын тапқан жағдайда, осындай кен орындарына қатысты өндіруге арналған келісімшарт ережелері осы Заңның 71-бабының 4-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірін қамтуға тиіс.
Келiсiмшарт басқа да ережелердi қамтуы мүмкiн.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Келiсiмшарт талаптарының Қазақстан Республикасы үшiн тиiмдiлiгi тiкелей келiссөздер қорытындылары бойынша не тендерге қатысу үшін конкурстық ұсыныста немесе аукционға қатысу үшін өтінімде белгiленген талаптардан төмен болмауы керек.
4. Бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша стратегиялық маңызы және (немесе) күрделі геологиялық құрылымы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты ғана жасалады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе:
барлауды жүргізу кезеңінде мұндай келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңдарында барлауға арналған келісімшарт үшін көзделген ережелер қолданылады;
кен орны табылып, бағаланғаннан және тиісті жобалау құжаттары белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін коммерциялық табумен байланысты өндіруге арналған айрықша құқықтың негізінде келісімшартқа өндіру сатысымен байланысты өзгерістер енгізіледі, содан соң мұндай келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңдарында өндіруге арналған келісімшарт үшін көзделген ережелер қолданылады.
5. Геологиялық немесе тау-кендік бөлу және жұмыс бағдарламасы, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарттарды (шарттарды) қоспағанда, келісімшартқа міндетті қосымшалар болып табылады.
6. Келісімшарттардың талаптарында Қазақстан Республикасы құқығының келісімшарттар бойынша қолданылатын құқық болып табылатыны міндетті түрде көзделуге тиіс.
7. Келісімшарт қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Келісімшарт тараптарының келісімі бойынша келісімшарттың мәтіні өзге тілге аударылуы да мүмкін.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Жер қойнауын пайдаланушылардың, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттардың талаптарын орындауын бақылауды құзыретті орган жүзеге асырады.
Кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты жер қойнауын пайдаланушылардың барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттар талаптарын орындауын бақылауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттың талаптарын бұзған жағдайда құзыретті орган, ал кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттарға қатысты - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жазбаша түрде хабардар ете отырып, жер қойнауын пайдаланушының белгіленген мерзімде мұндай бұзушылықты жою жөніндегі міндетін атап көрсетеді.
Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап - алты айдан, қаржылық міндеттемелер бойынша - үш айдан, келісімшарттың өзге талаптары бойынша бір айдан аспауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы мұндай ұзартудың себептерін негіздей отырып ұсыныс жіберуге құқылы. Келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы
ұсынысты қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган он күн мерзімде жер қойнауын пайдаланушыны мұндай мерзімді ұзартуға келісім беретіндігі туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын береді.
Осы тармақта айқындалған мерзімде келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою анық мүмкін болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жасалады.
62-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасын дайындау
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасын конкурстың жеңімпазы не онымен келісімшарт тікелей келіссөздер негізінде жасалатын тұлға әзірлейді және ол келіссөздер арқылы құзыретті органмен немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісіледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың жобасы модельдiк келiсiмшарт, тiкелей келiссөздер хаттамасы немесе тендер жеңiмпазының конкурстық ұсынысы, аукцион жеңімпазының өтінімі және аукцион хаттамасы негiзiнде әзiрленедi.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасының ережелері келісімшарт талаптарына осы Заңда қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Барлауға, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың жобасы осы Заңның талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының бағалау жұмыстарының жобасын әзірлеу жөніндегі міндеттемелерін көздеуге тиіс.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге арналған келiсiмшарттың (шарттың) жобасын және осы Заңның 57-1-бабында көзделген тәртіппен жасалатын барлауға арналған үлгілік келісімшарттың жобасын қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың жобасы міндетті құқықтық сараптамаға жатады. Өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге арналған келісімшарттың жобасы да міндетті экономикалық сараптамаға жатады.
Сараптамалар келісімшарт ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан жүргізіледі.
Сараптамалық қорытындыларды тиiстi мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретi шегiнде мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттік орган тиiстi сараптаманы жүргiзуге қажеттi құжаттардың толық пакетiн берген кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде бередi.
Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол теріс немесе оң болуы мүмкін.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға мемлекеттік органның сараптамалық қорытындыда жазған ескертулерін жою мақсатында келісімшарт жобасын пысықтайды.
Көрсетілген ескертпелер жойылған жағдайда, мемлекеттiк орган қайталама сараптама жүргiзедi.
Құқықтық және (немесе) экономикалық сараптаманың ескертулерімен келіспеген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға өзінің дәлелді қарсылықтарын құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оларды келісім комиссиясында қарау үшін жіберуге құқылы.
Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынылған қарсылықтарды қарау үшін он күндік мерзімде келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясының құрамына құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының, ескертулер ұсынған мемлекеттік органдардың және келісімшарт жасасуға үміткер тұлғаның өкілдері кіреді. Келісім комиссиясы отырыс нәтижелері бойынша хаттамада көрсетілетін ұсынымдарды әзірлейді. Келісім комиссиясының ұсынымдары ескеріле отырып, келісімшарт қайталама сараптамаға жіберіледі.
4. 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 63-бап жаңа редакцияда
63-бап. Жұмыс бағдарламасы
1. Жұмыс бағдарламасы келiсiмшарттың мiндеттi бөлiгi (қосымшасы) болып табылады және жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 3-тармағында көрсетілген инвестициялық жобалау көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қажетті міндеттемелерін қамтиды.
Барлау үшін жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңның 57-1-бабында көзделген оңайлатылған тәртіппен берілген жағдайларда, жұмыс бағдарламасы жасалмайды.
2. Жұмыс бағдарламасына енгізілген инвестициялық жобалау көрсеткіштерін қозғайтын жобалау құжаттарының көрсеткiштерi өзгерген кезде, жұмыс бағдарламасына тиiстi өзгерiстер енгiзiлуге тиiс.
Жобалау құжаттарындағы өзгерiстерге байланысты жұмыс бағдарламасына өзгерiстердi келiсу жобалау құжатын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның бекiтуiмен бiр мезгiлде жүргiзiледi. Көрсетілген өзгерiстер жұмыс бағдарламасына жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен жұмыс бағдарламасы келiсiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыреттi орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы арасындағы келiсiмшартқа қосымша келiсiмге қол қою арқылы енгiзiледi.