278-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторларға қатысты қызметiнiң жариялылығы және инвестициялық қызметтi жүзеге асыруға байланысты ақпаратқа инвесторлардың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
1. Инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми хабарлары және нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жарияланады.
2. Дауыс беретін акцияларының он пайызынан аз (қатысушылардың жалпы дауыс санының он пайыз дауысынан аз) мөлшерде инвестицияларды жүзеге асырған инвесторларды қоса алғанда, заңды тұлғаларды тiркеу, олардың жарғылары, жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелердi тiркеу, берiлген лицензиялар туралы ақпаратқа, сондай-ақ олардың инвестициялық қызметтi жүзеге асыруына байланысты және коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтымайтын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де ақпаратқа инвесторлардың еркiн қол жеткiзуi қамтамасыз етiледi.
279-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi
1. Инвестордың мүлкiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншiгiне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда жол берiледi.
2. Мемлекет меншiгiне алынған кезде инвесторға Қазақстан Республикасының мемлекет меншiгiне алу туралы заңдарын шығару нәтижесінде оған келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы толық көлемде өтейдi.
3. Инвестордың мүлкiн реквизициялау оған мүлiктiң нарықтық құнын төлей отырып жүзеге асырылады.
Мүлiктiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындалады.
4. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаға ол сот тәртiбiмен дау айта алады.
5. Реквизициялаудың жүргiзiлуiне себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде инвестор сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ бұл ретте мүлiк құнының төмендеуiнен болған ысырапты ескере отырып, өзi алған өтемақы сомасын қайтаруға мiндеттi.
280-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға өтуі
Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты оған берiлген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша инвестордың пайдасына төлем жүргiзетiн болса және көрсетілген инвестицияларға инвестордың құқықтары осы шет мемлекетке не ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк органға өтетін болса (талаптар берiлетiн болса), Қазақстан Республикасында құқықтардың осылай өтуі (талаптардың берiлуi) инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) ол белгiлi бiр шарттық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.
2-параграф. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау
281-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты
1. Экономиканы дамыту үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, қазақстандық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты болып табылады.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау мынадай шаралардың біреуін немесе бірнешеуін беруді білдіреді:
1) «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды қолдап отыру;
2) осы Кодекстің 282-бабында көзделген тәртіппен инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторға жәрдем көрсетуі;
3) аумағында инвестордың қызметі жүзеге асырылатын жергілікті атқарушы органдардың инвесторға жәрдем көрсетуі;
4) инвестор жүзеге асыратын қызмет құзыретіне жататын уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға жәрдем көрсетуі;
5) осы тарауда көзделген инвестициялық преференцияларды беру.
Пайдалы қатты қазбаларды қайта өндеу туралы келісім бойынша мемлекеттік преференциялардың түрлері, шарттары және оларды беру тәртібі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалады.
2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу ескеріліп жүзеге асырылады.
Қарсы міндеттемелер инвестициялық жобада көзделген қызмет түріне қарай:
егер инвестициялық жобада көзделген қызмет түрі осы Заңмен реттелсе, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану жөніндегі қағидаларға сәйкес;
«Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша - инвестициялар тарту жөніндегі саясат саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде белгіленеді.
282-бап. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды инвестициялық келісімшарттарды жасасу және олардың орындалуын бақылау бойынша жүзеге асырады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдар жүзеге асыратын, инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды қолдап отыру жөніндегі қызметті үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады.
4 - 6. 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін инвесторлық виза алуға инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өтінішхат береді.
8. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мүдделi заңды тұлғалар тарапынан кепiлдік берілген тапсырысты қамтамасыз етуде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестор арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвесторларға жәрдем көрсетеді.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды; 2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен 8-1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 8-1-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8-1. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін жобаны инвестициялық деп айқындау тәртібін белгілейді.
9. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн ережемен реттеледi.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 282-1-баппен толықтырылды
282-1-бап. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты
1. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты деп инвесторлардың құжаттарды жинау мен даярлауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейтін, инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ өзге ұйымдар көрсететін басқа да қызметтерді алуда инвесторларға жәрдемдесудің орталықтандырылған нысаны түсініледі.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Инвесторлар үшін «бір терезені» ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекітеді және олар «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтерді алу үшін экономиканың нақты салаларында инвестициялар мөлшерін, сондай-ақ:
1) Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторды қолдап отыруды ұйымдастыру;
2) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның орталық және өңірлік деңгейлерде инвестициялар тарту үшін инвестициялық жобаларды қолдап отыруды ұйымдастыру мәселесі бойынша инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
3) инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың инвестициялар тарту мәселелері бойынша шетелдік мекемелермен, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
2026.19.06. № 320-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2026 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) инвесторлардың инвестициялық қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін мемлекеттік және басқа да қызметтерді көрсету процесін мониторингтеу, сондай-ақ инвестициялар тарту үшін инвестициялық жобаларды қолдап отыруды мониторингтеу;
2026.19.06. № 320-VIII ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5) инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастыру шеңберінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның Ұлттық палатамен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік және басқа да қызметтерді көрсетуге жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрықпен инвесторларға осы қызметтерді көрсету шеңберінде өзара іс-қимыл жасау және мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда оларды қолдап отыру үшін жауапты тұлғаларды айқындайды.
3. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдар инвесторлар үшін «бір терезе» шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар алдында инвестордың өтінішін қарау туралы өтінішхат беруге және мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға мемлекеттік және басқа да көрсетілетін қызметтерді алу бөлігінде инвесторлардың құжаттарын енгізуге құқылы.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 282-2-баппен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
282-2-бап. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері
1. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.
2. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері:
1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргізеді;
2) инвесторлардың қызметін қолдап отыруды қамтамасыз етеді, оның ішінде инвесторлардың мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарымен, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерімен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен кездесулерін ұйымдастырады, инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдар, конференциялар мен семинарлар өткізеді, жұмыс істеп тұрған және перспективалы инвесторлардың дерекқорын қалыптастырады және жүргізеді, туындайтын мәселелерді шешуде инвесторларға жәрдемдеседі;
3) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілетеді, оның ішінде инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат береді;
4) инвесторлармен келіссөздердің қорытындылары бойынша қол жеткізілген ресми уағдаластықтардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді;
5) инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға мониторинг жүргізеді;
6) инвесторлардың мемлекеттік қызметтерді, сондай-ақ өзге ұйымдар көрсететін басқа да қызметтерді алуын қолдап отыру бөлігінде инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
7) өнеркәсіптік өнімді, оның ішінде басым тауарлар тізбесіне сәйкес өндіруге инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізеді.
2024.30.12. № 149-VIII ҚР Заңымен 282-3-баппен толықтырылды (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
282-3-бап. Инвесторлар тізілімі
1. Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызмет туралы деректерді пайдалану үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторлар тізілімін жүргізеді.
2. Инвесторлар, инвестициялардың сомалары, инвестициялық жобалардың түрлері, оларды іс кезеңдері туралы мәліметтерді және Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызмет туралы басқа да мәліметтерді қамтитын цифрлық дерекқор инвесторлар тізілімі болып табылады.
3. Инвесторлар тізілімі инвестициялық жобаларды кешенді қолдап отырудың бірыңғай цифрлық жүйесі болып табылатын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада қалыптастырылады, оны құруды, басқаруды және техникалық қолдауды инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдары инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға инвесторлар және олардың инвестициялық жобалары туралы мәліметтердің ұсынылуын, сондай-ақ цифрлық объектілерінің Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада инвесторлар тізілімімен интеграциялануын қамтамасыз етеді.
5. Инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу мен пайдалану, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның жұмысын ұйымдастыру, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының цифрлық объектілерін интеграциялау тәртібін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
283-бап. Инвестициялық преференциялар ұғымы және түрлері
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Мыналарға:
1) инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына;
2) инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде технологиялық жабдықты инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде импорттайтын лизингтік компанияларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін атаулы сипаттағы артықшылықтар инвестициялық преференциялар болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысуымен құрылған заңды тұлға.
2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Инвестициялық преференциялар мынадай инвестициялық келісімшарттардың:
1) инвестициялар туралы келісімнің;
2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің;
3) оңайлатылған инвестициялық келісімшарттың талаптарына сәйкес жобаның мазмұнына қарай беріледі.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда; 2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Салықтар бойынша инвестициялық преференциялар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен салықтар бойынша инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімдерді қарау негізінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша беріледі.
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өтінім бойынша шешімі осы Кодекстің 292-бабына сәйкес өтінімге берілген материалдарды қарау, сондай-ақ құзыретіне өтінімде көзделген қызметтің басым түрі жататын уәкілетті органның қорытындысы ескеріле отырып, ал өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалыптастырылатын өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау да ескеріле отырып қабылданады.
2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Инвестициялық преференциялар осы баптың 2-тармағында көзделген инвестициялық келісімшарттардың біреуі бойынша ғана беріледі.
4. 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Инвестициялық келісімшарттар жасасқан тұлғаларды инвестициялық келісімшарттардың талаптары шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемесін орындаудан толық босатуға жол берілмейді.
2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 283-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
283-1-бап. Инвестициялар туралы келісім
1. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлғасы арасында инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялар туралы келісім болып табылады, онда мыналар көзделеді:
1) кемінде айлық есептік көрсеткіштің екі жүз мың еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған басым туристік аумақтарда ұзақ мерзімді активтер түрінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді құру;
2) кемінде айлық есептік көрсеткіштің бір миллион еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа объектілерді құру;
3) кемінде айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - жаңа өндірістік объектілер салу үшін жаңа өндірістерді құру;
4) кемінде айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - негізгі құралдарды өзгертуді көздейтін жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту;
5) бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
жоба республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан тыс жерде іске асырылса;
ұсынылатын қызметтер халықаралық стандарттарға сай «үш», «төрт», «бес» жұлдыз санаттарына сәйкес болса;
он және одан көп шет елде кем дегенде бір мың қонақүйі бар халықаралық қонақ үй желісімен кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) немесе франшиза шарты жасалса, заңды тұлғаның кемінде айлық есептік көрсеткіштің бір миллион еселенген мөлшеріндегі инвестицияларымен - жаңа қонақүйлерді салу, жұмыс істеп тұрған қонақүйлерді кеңейту және (немесе) жаңарту (реконструкциялау).
Осы баптың мақсатында айлық есептік көрсеткіш деп республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге өтінім берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш түсініледі.
2. Инвестициялар туралы келісімде инвестициялар туралы келісім жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген преференцияларды беру шарттары мен тәртібі айқындалады, сондай-ақ инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғалар үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді.
Инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғалар үшін қарсы міндеттемелер болмаған кезде инвестициялық преференциялар берілмейді.
3. Инвестициялар туралы келісім тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қызметтің белгілі бір басым түрлері бойынша жүзеге асырылады.
4. Инвестициялар туралы келісім шеңберінде инвестициялық преференциялар мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:
1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы алушы болып табылады;
2) заңды тұлға инвестицияларды осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлерде жүзеге асырады;
3) заңды тұлға:
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымы;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын ұйым;
«Астана Хаб» қатысушысы;
«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы;
спирттің, алкоголь өнімінің, темекі бұйымдарының барлық түрлерін өндіруші;
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимдерін қолданатын салық төлеуші болып табылмайды;
4) құйма өнім өндіруді қоса алғанда, машина жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасын қоспағанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі жиырма алты пайыздан аспайды;
құйма өнім өндіруді қоса алғанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - машина жасау саласындағы Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан аспайды.
Мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды, бұған құйма өнім өндіруді қоса алғанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап жиырма жылдан аспайтын мерзімді құрайтын машина жасау саласындағы инвестициялық басым жобалар кірмейді. Мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл шарт орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға алып келеді.
Осы тармақшаның ережелері мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қабаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асыратын жағдайда қолданылмайды;
5) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессиялық жоба шеңберінен тыс жүзеге асырылады.
5. Қызметтің мынадай түрлері бойынша инвестициялар туралы келісімдер жасасуға тыйым салынады:
1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет;
2) акцизделетін өнімді өндіру және (немесе) көтерме саудада өткізу;
3) лотерея өткізу;
4) ойын бизнесі саласындағы қызмет;
5) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызмет;
6) банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа) қоса алғанда, қаржы саласындағы қызмет;
7) аудиторлық қызмет;
8) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіптік қызмет;
9) цифрлық майнинг бойынша қызмет;
10) кредиттік бюролардың қызметі;