Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күні, ал тауарларға декларация берілгенге дейін шығару жүргізілген тауарларға қатысты - тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеуді жүргізу талап етілсе, мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес төленетін (өндіріп алынатын) кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомасынан пайыздар тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылған күн аралығында көрсетілген сомаларға қатысты оларды төлеуді кейінге қалдыру берілгендей етіп төлеуге жатады. Көрсетілген пайыздар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес есепке жазылады және төленеді.
Егер кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы осы Кодекстің 253-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған болса, осы тармақта көзделген пайыздар кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңге есепке жазылмайды және төленбейді.
27-тарау. КЕДЕНДІК АУМАҚТАН ТЫС ҚАЙТА ӨҢДЕУ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
256-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны және қолданылуы
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың осындай тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлемей, осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кейіннен әкелуге арналған оларды қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетіледі.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін жоғалтады.
3. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін мыналарға:
1) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету жөніндегі шектеулермен ұштасқан, кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданыла отырып, бұрын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға не осындай тауарлардың бөліктеріне қатысты, егер мүндай тауарлар не олардың бөліктері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан оларды жөндеу үшін әкетілетін болса және кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру кезінде шетелдік тауарлар мәртебесі болса;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген:
осы Кодекстің 312-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау үшін уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға;
осы Кодекстің 360-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайда, халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты қолдануға жол беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінбестен кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылады.
5. Комиссия кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылмайтын тауарлар тізбесін айқындауға құқылы.
257-бап. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1.Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы берген және осы Кодекстің 261-бабында айқындалған мәліметтер қамтылатын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжаттың болуы тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары болып табылады. Егер кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін қолданудың мақсаты тауарларды жөндеу болып табылса, осындай құжат ретінде тауарларға арналған декларация пайдаланылуы мүмкін;
2) осы Кодекстің 263-бабына сәйкес, қайта өңдеу өнімдерін осы Кодекстің көрсетілген бабында айқындалғандай балама шетелдік тауарлармен ауыстыру жағдайларын қоспағанда, кеден органдарының кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мүмкіндігі;
3) тәуекелдерді басқару жүйесімен айқындалатын жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну;
4) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары болып табылады.
2. Мыналарды:
1) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімін;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен операцияларды, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасаған кезде осы Кодекстің 259-бабының ережелерін сақтау тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары болып табылады.
3. Осы тарауды қолдану мақсаттары үшін кеден органының Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіруі деп қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырағанын осы Кодекстің 260-бабында айқындалған тәсілдердің бірімен анықтау түсініледі.
258-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта айқындалған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі негізінде белгіленеді.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде тұлғаның өтініші бойынша ұзартылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту үшін декларант көрсетілген кедендік рәсімнің қолдану мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей, тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру жүргізілген кеден органына осындай ұзартудың қажеттігі туралы өтінішті ұсынып, осы құжатта көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартуды растайтын, уәкілетті мемлекеттік органның құжатын қоса береді.
Кеден органы декларанттың тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органында көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға тиіс. Кеден органы өтінішті қарау нәтижелері бойынша тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту не мұндай ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Көрсетілген кезеңде тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Кеден органы тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан, алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартуды растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжатын декларант ұсынбаған жағдайда, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартады.
Көрсетілген жағдайда, кеден органының лауазымды адамы кеден органының кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімін декларантқа жібереді.
Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру жүргізілген кеден органының лауазымды адамы тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартқан жағдайда, тауарларға арналған декларацияға тиісті өзгерістер енгізіліп, осындай өзгерістердің енгізілгені туралы декларант хабардар етіледі.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда, осындай кедендік рәсімнің қолданылуы осы Кодекстің 264-бабына сәйкес аяқталуға жатады.
259-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
тауарларды қайта өңдеуді немесе өңдеуді;
монтаждауды, жинауды, бөлшектеуді және шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды;
қалпына келтіруді, құрауыш бөліктерін ауыстыруды, жаңғыртуды қоса алғанда, тауарларды жөндеуді қамтиды.
260-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру
Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мақсатында мынадай тәсілдер:
декларанттың, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасайтын тұлғаның немесе кеден органдары лауазымды адамдарының Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына мөрлерді, мөртабандарды басуы, цифрлық және басқа да таңбалауды салуы;
Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары ауқымында егжей-тегжейлі сипаттау, фотосуретке түсіру, бейнелеу;
Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының және оларды қайта өңдеу өнімдерінің алдын ала іріктеп алынған сынамаларын және (немесе) үлгілерін салыстыру;
тауарларда бар таңбалауды, оның ішінде сериялық нөмірлер түріндегі таңбалауды пайдалану;
тауарлардың және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі жасалатын операциялардың сипатын негізге ала отырып, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасаудың технологиялық процесінде Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын пайдалану туралы, сондай-ақ қайта өңдеу өнімдерін өндіру технологиясы туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді қамтитын, ұсынылған құжаттарды зерттеу жолымен қолданылуы мүмкін өзге де тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.
261-бап. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу шарттары туралы құжат
1. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу шарттары туралы құжатты Қазақстан Республикасының кез келген тұлғасы алуы мүмкін.
2. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу шарттары туралы құжатта мынадай мәліметтер:
1) құжатты берген Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы туралы;
2) құжат берілген тұлға туралы;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жасайтын тұлға (тұлғалар) туралы;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары және оларды қайта өңдеу өнімдері туралы (атауы, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес коды, саны мен құны);
5) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын құжаттар туралы;
6) қайта өңдеу өнімдерінің сандық және (немесе) пайыздық мәндегі шығу нормалары;
7) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар және оларды жасау тәсілдері туралы;
8) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру тәсілдері туралы;
9) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі;
10) егер осылай ауыстыруға жол берілсе, осы Кодекстің 263-бабында айқындалғандай қайта өңдеу өнімдерін балама шетелдік тауарлармен ауыстыру туралы;
11) тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және осы кедендік рәсімнің қолданылуын аяқтау болжанатын кеден органы (кеден органдары) туралы;
12) қалдықтар, қалғандары және өндірістік ысыраптар туралы (атауы, тауарлар позициясы деңгейінде Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасына сәйкес коды, саны және құны);
13) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды пайдалану шарттарының сақталуы туралы;
14) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі екі жылдан аспауға тиіс.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі:
1) тауарларды қайта өңдеу өндірістік процесінің ұзақтығын;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қайта өңдеу өнімдерін іс жүзінде әкелу және оларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтайтын кедендік рәсімдермен орналастыру үшін қажетті уақытты қамтиды.
5. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап, ал тауарларды бірнеше партиямен кедендік декларациялау кезінде - тауарлардың бірінші партиясын кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап есептеледі.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
7. Уәкілетті мемлекеттік органдар беретін, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу шарттары туралы құжат нысанын, оны толтыру тәртібін және осындай құжатты беру, оған өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту, сондай-ақ оны кері қайтарып алу (жою) және (немесе) оның қолданылуын қайта бастау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
8. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат ретінде тауарларға арналған декларация пайдаланылған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы мәліметтерді декларант тауарларға арналған декларацияда көрсетеді.
262-бап. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы деп Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының белгілі бір көлемін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің саны және (немесе) пайыздық құрамы түсініледі.
2. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар белгіленген техникалық талаптарға сәйкес сипаттамалары іс жүзінде тұрақты болып қалатын тауарларға қатысты жасалса және сапасы өзгермеген қайта өңдеу өнімдерін алуға әкелетін болса, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары қайта өңдеу өнімдерінің стандартты шығу нормаларын белгілеуі мүмкін.
263-бап. Қайта өңдеу өнімдерін балама шетелдік тауарлармен ауыстыру
1. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операция жөндеу болып табылса, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларға қатысты жүзеге асырылатын болса, қайта өңдеу өнімдерін өздерінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша осындай қайта өңдеу өнімдеріне сай келетін шетелдік тауарлармен (бұдан әрі осы бапта - балама шетелдік тауарлар) кеден органының рұқсатымен ауыстыруға жол беріледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бұрын әкелінген және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың құрамына кіретін бөлшектерді, тораптарды, агрегаттарды ақаулы түрде кепілдік беріліп жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкеткен жағдайда, өздерінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша қайта өңдеу өнімдеріне сай келетін шетелдік тауарлар олардың ақаусыз болу және (немесе) тозу жай-күйі ескерілместен, балама шетелдік тауарлар ретінде қаралады.
2. Егер қайта өңдеу өнімдерін балама шетелдік тауарлармен ауыстыруға рұқсат етілетін болса, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгенге дейін осы балама шетелдік тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге жол беріледі.
3. Қайта өңдеу өнімдерін ауыстыратын тауарлар кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес жөндеуге арналған тауарларға қатысты бірдей не біртекті болып табылатын жағдайда, тауарларды жөндеу кезінде қайта өңдеу өнімдерін ауыстыруға жол беріледі. Бұл ретте тауарлардың ауыстырылатын бөліктері жаңа болуы да, бұрын қолданылған болуы да мүмкін.
4. Жөндеу алынған өнімге бастапқы өнімнің сипатынан елеулі түрде ерекшеленетін сипат беретін болса, тауарларды жөндеу кезінде қайта өңдеу өнімдерін ауыстыруға жол берілмейді.
5. Шарттың (келісімшарттың) тиісті ережелері және тауарларды жөндеуді жүзеге асыратын тұлғаның кепілдік берілген міндеттемелері тауарларды жөндеу кезінде қайта өңдеу өнімдерін ауыстыруға негіз болып табылады.
264-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан өтеусіз (кепілдік беріп) жөндеу үшін әкетілген тауарлардың қайта өңдеу өнімдерін - осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы, егер мұндай қайта өңдеу өнімдері ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығару кезінде осы тауарларды өтеусіз (кепілдік беріп) жөндеу себебі болған кемшіліктің (кемшіліктердің) болуы ескерілген тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылса, қайта өңдеу өнімдерін кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталмайды.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды экспорт кедендік рәсімімен немесе кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы;
2) осы Кодекстің 256-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы;
3) Комиссия айқындайтын жағдайларда, шарттарда және тәртіппен қайта өңдеу өнімдерін экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдері Қазақстан Республикасының аумағына міндетті түрде қайтарылуға жататыны белгіленсе, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталмайды.
4. Қайта өңдеу өнімдері бір немесе бірнеше партиямен кедендік рәсімдермен орналастырылуы мүмкін.
5. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолдану мерзімі өткен соң осы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылады.
6. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар оларды кейіннен коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйде қайта өңделетін жағдайды қоспағанда, өзге кедендік рәсіммен орналастыруға жатады. Бұл ретте қалдықтар деп тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлар деп түсініледі.
7. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде қайтарымсыз жоғалған және кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілген құны мен саны шегінде өндірістік ысыраптар деп таныған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайды.
8. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлардың қалдықтары шығу нормаларына сәйкес өзге де кедендік рәсіммен орналастырылуға жатады. Бұл ретте тауарлардың қалдықтары деп тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде пайдаланылмаған тауарлар түсініледі.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастырған тұлға бақылауды жүзеге асыратын кеден органына кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есепті ұсынуға міндетті.
Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есептің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
265-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) осы Кодекстің 264-бабына сәйкес кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанда, оның ішінде осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарларды және (немесе) қолданылуы тоқтатылған осындай кедендік рәсімді қолдану шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырғанда;