Қазақстан Республикасының патент заңы
1999 ж. 16 шілдедегі № 427-I Қазақстан Республикасының Заңы
(2015.31.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2016 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылған редакция
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Патент заңы реттейтiн қатынастар
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
4-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган
4-1-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы мемлекеттiк монополия
5-бап. Өнеркәсіптік меншік объектілерін құқықтық қорғау
2-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектілерінің патентке қабілеттілігінің талаптары
6-бап. Өнертабыстың патентке қабiлеттiлiгiнiң талаптары
7-бап. Пайдалы модельдiң патентке қабiлеттiлiк талаптары
8-бап. Өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттілiк талаптары
3-тарау. Авторлар мен патент иеленушілер
9-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң авторы
10-бап. Патент иеленушi
4-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға ерекше құқық
11-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқығы мен мiндеттерi
12-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушылық болып танылмайтын әрекеттер
13-бап. Бұрын пайдалану құқығы және уақытша құқықтық қорғау
14-бап. Өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалануға құқық беру
15-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу
5-тарау. Қорғау құжатын алу тәртібі
16-бап. Қорғау құжатын беруге өтiнiм жасау
17-бап. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтінiм
18-бап. Пайдалы модельге патент беруге өтiнiм
19-бап. Өнеркәсiптік үлгiге патент беруге өтiнiм
20-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы
21-бап. Өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша өтiнiм құжаттарын түзету
22-бап. Өнертабысқа патент беруге өтінімге жасалатын сараптама
22-1-бап. Алып тасталды
23-бап. Пайдалы модельге патент беруге арналған өтiнiмге сараптама
24-бап. Өнеркәсiптiк үлгiге берiлетiн өтiнiмге сараптама
25-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн тiркеу және қорғау құжатын беру
26-бап. Қорғау құжаттарын беру туралы мәлiметтердi жариялау
27-бап. Өтiнiмдi қайтарып алу
28-бап. Өтiнiмдердi қайта өзгерту
6-тарау. Қорғау құжатының қолданылуын тоқтату және қалпына келтіру
29-бап. Қорғау құжатына дау айту
30-бап. Қорғау құжатының күшi жоқ деп танылуы және оның қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату
31-бап. Патенттің қолданылуын қалпына келтіру. Соңынан пайдалану құқығы
7-тарау. Авторлардың, өтініш берушілердің және патент иеленушілердің құқықтарын қорғау
32-бап. Апелляциялық кеңес
32-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
32-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау
33-бап. Дауларды сот тәртiбiмен қарау
34-бап. Авторлардың, өтiнiш берушiлердiң және патент иеленушiлердiң құқықтарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
8-тарау. Қорытынды ережелер
35-бап. Мемлекеттiк баж
36-бап. Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер
36-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
36-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін қайтарып алу және оның күшін жою
37-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шет елдерде патенттеу
38-бап. Шет елдік жеке және заңды тұлғалар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1-тарау. Жалпы ережелер
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқық - өнеркәсіптік меншік объектісін өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға патент иеленушінің мүліктік құқығы;
2) бюллетень - өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) еуразиялық өтінім - 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына сәйкес берілген өтінім;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды
2-2) еуразиялық патент - 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына сәйкес берілген патент;
3) зияткерлік меншік объектілері - зияткерлік қызмет нәтижелері және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді дараландыру құралдары;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қорғау құжаттары - өнертабыстарға, өнеркәсiптiк үлгiлерге және пайдалы модельдерге осы Заңға сәйкес берiлген патенттер;
5) 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) лицензиялық шарт - патент иеленуші (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) өнеркәсіптік меншік объектісін белгілі бір түрде уақытша пайдалану құқығын беру шарты;
7) өнеркәсіптік меншік объектілері - өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсіптік үлгілер;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектілері - қызметкер өзінің қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындау кезiнде жасаған өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер;
8) Париж конвенциясы - кейінгі өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге 1883 жылғы 20 наурыздағы өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясы;
9) патент иеленуші - қорғау құжатының иесі;
10) патентке қабілеттілік шарттары - өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтық қорғауды берудің осы Заңда көзделген шарттары;
11) патенттелген өнеркәсіптік меншік объектілері - қорғау құжаттары берілген өнеркәсіптік меншік объектілері;
12) патенттік сенім білдірілген өкілдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкілдігіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берілген Қазақстан Республикасының азаматтары;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды
13) халықаралық өтінім - 1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шартқа сәйкес берілген өтінім.
2-бап. Патент заңы реттейтiн қатынастар
1. Осы Заңмен өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүлiктiк, сондай-ақ оларға байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар реттеледi.
2. Интеллектуалдық меншiктiң өзге объектiлерiн (селекциялық жетiстiктер, интегралдық микротәсiм топологиялары, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылатын жерлердiң атаулары және басқалар) қорғау өзге заң актілерімен реттеледi.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Осы Заңның ережелерi қорғау құжаттарын уәкiлеттi орган берген өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттар негiзiнде патенттер берiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне қолданылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган
1. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайтын және өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгілердi қopғay саласындағы мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыруға қатысу;
2) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсiптiк үлгiлерге қорғау құжаттарын беру;
3) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 4-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 4-1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-1-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы мемлекеттiк монополия
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Белгіленген мерзімнен кейін конвенциялық басымдықты сұрата отырып өтінімдер қабылдауды; халықаралық өтінімді ұлттық фазаға ауыстыруды; формальды сараптама жүргізуді; мәні бойынша, сондай-ақ формуланың әрбір тәуелсіз тармағына біреуден артық қосымша сараптама жүргізуді; сараптаманың сауалына жауаптарды және төлемақыларды ұсынудың мерзімдерін ұзартуды және қалпына келтіруді; өнертабысқа немесе пайдалы модельге өтінімді қайта өзгертуді; өтінімді өтініш берушінің қатысуымен қарауды; өтінім құжаттарының қазақ тіліне немесе орыс тіліне аудармасының ұсынылу мерзімін ұзартуды, сұратылатын құжаттарды ұсыну мерзімдерін әрбір айға белгіленген мерзімі аяқталған күннен бастап он екі айға дейін ұзартуды, өтініш берушінің аударманы ұсыну бойынша өткізіп алған мерзімін қалпына келтіруді; өтінім материалдарына, қорғау құжатына, өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне өзгерістер енгізуді; бір үлгідегі өзгерістер енгізуді; халықаралық және еуразиялық өтінімдерді өңдеуді, тексеруді және салып жіберуді; өнертабыстың, пайдалы модельдің және өнеркәсіптік үлгінің патентке қабілеттілігін бағалау мақсатында техника деңгейін айқындау үшін ақпараттық іздестіру жүргізуді; автордың куәлігін, қосымшаларды және олардың телнұсқаларын беруді; қорғау құжатының қолданылу мерзімін күшінде ұстап тұруды, ұзартуды, қалпына келтіруді және қорғау құжатын күшінде ұстап тұру, ұзарту немесе қалпына келтіру туралы мәліметтерді жариялауды; бір және бір топ өнеркәсіптік меншік объектісіне қатысты кешенді кәсіпкерлік лицензия беру туралы шарттың сараптамасын тіркеуге өтінім қабылдауды; шарттарды тіркеу туралы мәліметтерді жариялауды; қосымша келісімдерге сараптама жүргізуді; ашық лицензия беруге өтінім қабылдауды; өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшірмелер ұсынуды; баспа және электрондық басылымдарды өткізуді және жариялауды; кепіл шартына сараптама жүргізуді қоса алғанда, өнертабыстарға, пайдалы модельдер мен өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдер қабылдау және өтінімдерге сараптама жүргізу, қорғау құжатын беруге құжаттар дайындау, қорғау құжатын беру туралы мәліметтерді жариялау, қорғау құжатын күшінде ұстап тұру жөніндегі функцияларды жүзеге асыру, қорғау құжаттарын басқаға беру және оларды алуға құқықты басқаға беру туралы шарттарға, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарға сараптама жүргiзу, Өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сараптама ұйымы жүзеге асырады.
2. Сараптама ұйымының қызметімен технологиялық байланысты қызметке:
1) өтінімнің (басым құжаттың) көшірмелерін, өтінім материалдарының көшірмелерін, қарсы қойылған құжаттардың көшірмелерін дайындау, қорғау құжаттары жөнінде анықтамалар, статистикалық мәліметтер ұсыну;
2) төлемдерді қайта есепке алу және растау жатады.
3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
5-бап. Өнеркәсіптік меншік объектілерін құқықтық қорғау
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар патентпен қорғалады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пайдалы модельге патент пайдалы модельге патент беруге өтінімге жүргізілген сараптаманың нәтижесі бойынша беріледі.
Өнертабысқа және өнеркәсіптік үлгіге патент өтінімге ресми сараптама және мәні бойынша сараптама жүргізілгеннен кейін беріледі.
Патент өнеркәсіптік меншік объектісіне басымдықты, авторлықты және айрықша құқықты куәландырады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді; 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Өнертабысқа патент өтiнiм берiлген күннен бастап жиырма жыл бойы қолданылады.
Қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке (улы химикатқа) жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бiрақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн.
Көрсетілген мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтінім берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғаш рұқсат алынған күнге дейінгі өткен уақытқа ұзартылады.
Пайдалы модельге патент өтінiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы қолданылады. Оның қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ үш жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн.
Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап он бес жыл бойы қолданылады. Оның қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн.
Өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзарту тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Өнертабыс пен пайдалы модельге қорғау құжатымен берiлетiн құқық қорғау көлемi олардың формуласымен, ал өнеркәсіптік үлгіге патентпен берiлетiн құқық қорғау көлемi бұйымның (макеттiң) кескiндерiнде ұсынылған және өнеркәсiптiк үлгiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген оның елеулi белгiлерiнiң жиынтығымен анықталады. Өнертабыс формуласына, пайдалы модельге түсiнiк беру үшiн сипаттамалар мен сызбалар пайдаланылуы мүмкiн.
Өнiмдер алу әдiсiне берiлген қорғау құжатының күшi тiкелей осы әдiспен алынған өнiмге де қолданылады.
Егер өзгеше дәлелденбесе, бұл орайда жаңа өнiм қорғау әдiсiмен алынған болып есептеледi.
5. Қорғау құжатын алу құқығы, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, қорғау құжатын иелену құқығы және қорғау құжатынан туындайтын құқықтар тұтас немесе iшiнара басқа адамға берiлуi мүмкiн.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Мемлекет құпия деп таныған өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне осы Заңға сәйкес құқықтық қорғау берiлмейдi. Өнеркәсiптiк меншiктiң құпия объектiлерiн пайдалану тәртiбiн уәкілетті орган айқындайды.
2-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектілерінің патентке қабілеттілігінің талаптары
6-бап. Өнертабыстың патентке қабiлеттілігiнiң талаптары
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер жаңа, өнертабыстық деңгейге жеткен әрi өнеркәсiпте қолдануға жарамды болса, өнертабысқа құқықтық қорғау берiлудi.
Егер ол техника деңгейi туралы мәлiметтерде белгiсiз болса, өнертабыс жаңа болып табылады.
Егер маман үшiн ол техника деңгейi туралы мәлiметтерден айқын кездеспейтiн болса, өнертабыс өнертабыстық деңгейде болады.
Техника деңгейi туралы мәлiметтер өнертабыс басымдық алған күнге дейiн дүние жүзiнде жалпы жұртқа мәлiм болған кез келген мәлiметтердi қамтиды.
Өнертабыстың жаңалығын анықтаған кезде техникалық деңгейi туралы мәлiметтерге бұрынырақтағы басымдықтары болған жағдайларда өнертабыстар мен пайдалы модельдерге (қайтып алынғандардан басқасы) Қазақстан Республикасында берiлген өтiнiмдер және Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстар мен пайдалы модельдер кiредi.
Егер өнеркәсiпте, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтауда және қызметтiң басқа да салаларында пайдалануға болса, өнертабыс өнеркәсiпте қолдануға жарамды деп табылады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Өнімге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнің штаммына, өсімдіктер немесе хайуанаттар клеткаларының көбеюіне), әдіске (материалдық объектімен іс-әрекетті материалдық құралдардың көмегімен жүзеге асыру процесіне), сондай-ақ белгілі өнімді немесе әдісті жаңа мақсатта немесе жаңа өнімді белгілі бір мақсатта қолдануға жататын кез келген саладағы техникалық шешімдер өнертабыс ретінде қорғалады.
3. Мыналар:
1) жаңалықтар, ғылыми теориялар және математикалық әдiстер;
2) шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдiстерi;
3) шартты белгiлер, кестелер, ережелер;
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) ақыл-ой операцияларын орындау, ойындарды жүргізу ережелерi мен әдiстерi;
5) есептегiш машиналарға арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң өзi;
6) ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi;
7) бұйымдардың тек сыртқы түрiне қатысты ұсыныстар;
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 8) тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыстар деп танылмайды.
4. Париж конвенциясына қатысушы мемлекет аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде өнертабыстың экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, өнертабысқа қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе одан бұл ақпаратты тікелей немесе жанама түрде алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi, өнертабысқа өтiнiм ол ашылған немесе көрмеге қойылған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса өнертабыстың патентке қабiлеттілігiне әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактiнi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
7-бап. Пайдалы модельдiң патентке қабiлеттілік талаптары
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Адамдарды немесе жануарларды емдеудің диагностикалық, терапиялық және хирургиялық тәсілдерін қоспағанда, өнімге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнің штаммына, өсімдіктер немесе жануарлар жасушаларының көбеюіне), тәсілге (материалдық объектіге қатысты әрекеттерді материалдық құралдардың көмегімен жүзеге асыру процесіне), сондай-ақ белгілі өнімді немесе тәсілді жаңа мақсат бойынша не жаңа өнімді белгілі бір мақсат бойынша қолдануға жататын, кез келген саладағы техникалық шешімдер пайдалы модельге жатады.
Егер жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болса, пайдалы модельге құқықтық қорғау берiледi.
Егер елеулi белгiлерiнiң жиынтығы техника деңгейi туралы мәлiметтерден белгiсiз болса, пайдалы модель жаңа болып табылады.
Техника деңгейi туралы мәлiметтер пайдалы модельге басымдық берiлген күнге дейiн жұртқа мәлiм болған, арыз берiлiп отырған пайдалы модель мақсаттас құралдар туралы дүние жүзiнде жарияланған мәлiметтердi, олардың Қазақстан Республикасында қолданылуы, сондай-ақ олардың неғұрлым бұрынырақта басымдығы болған жағдайларда Қазақстан Республикасында пайдалы модельдерге және өнертабыстарға (қайтарып алынғаннан басқа) берілген өтiнiмдер және Қазақстан Республикасында патенттелген пайдалы модельдер мен осы бағыттағы өнертабыстар туралы мәлiметтердi қамтиды.
Егер iс жүзiнде пайдалануға жарайтын болса, пайдалы модель өнеркәсiпте қолдануға жарамды болып табылады.
2. Париж конвенциясына қатысушы мемлекет аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде пайдалы модельдiң экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, пайдалы модельге қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе одан бұл ақпаратты тiкелей немесе жанама түрде алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi пайдалы модельге өтiнiм ақпарат жария болған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса пайдалы модельдiң жаңалығына әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактінi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
3. Осы Заңның 6-бабының 3-тармағында аталған объектiлерге қатысты шешiмдер пайдалы модельдер ретiнде қорғалмайды.
8-бап. Өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттілiк талаптары
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын өнеркәсіптік немесе қолөнер кәсібі өндірісі бұйымының көркем-конструкторлық шешiмі өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Өнеркәсiптiк үлгiге, егер ол жаңа, бiрегей болып табылса, құқықтық қорғау берiледi. Өнеркәсiптiк үлгi, егер бұйымның бейнелерінде көрініс тапқан және өнеркәсіптік үлгінің маңызды белгілерінің тізбесінде келтірілген оның маңызды белгілерінің жиынтығы өнеркәсіптік үлгіге басымдық берілген күнге дейін әлемде жалпы жұртқа қолжетімді болған мәліметтерден белгілі болмаса, жаңа болып табылады. Өнеркәсіптік үлгінің жаңалығын белгілеу кезінде Қазақстан Республикасында басқа тұлғалар бірдей өнеркәсіптік үлгілерге бұрын берген, кері қайтарып алынбаған өтінімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасында патенттелген өнеркәсіптік үлгілер (оларға басымдық берілген күннен бастап) ескеріледі. Өнеркәсіптік үлгі, егер оның маңызды белгілері бұйым ерекшеліктерінің шығармашылық сипатын айқындаса, бірегей деп танылады.
2. Мынадай шешiмдер:
1) бұйымдардың тек қана техникалық мiндеттерiне негiзделсе;
2) сәулет объектiлерiнiң (шағын сәулет нысандарын қоспағанда), өнеркәсiптiк, гидротехникалық және басқа да тұрақты ғимараттардың;
3) 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) сұйық, газ түріндегі, сусыма немесе сол сияқты заттардан тұратын тұрақсыз нысандағы объектілердiң;
5) қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн бұйымдардың шешiмдерi өнеркәсiптiк үлгiлер болып танылмайды.
Париж конвенциясына қатысушы мемлекеттер аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде өнеркәсiптiк үлгiнiң экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, өнеркәсiптiк үлгiге қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе осы ақпаратты алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi өнеркәсiптiк үлгiге өтiнiм ол ашылған немесе көрмеге қойылған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса, өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттілігiне әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактiнi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
3-тарау. Авторлар мен патент иеленушілер
9-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң авторы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.
2. Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторы (қосалқы авторы) болып есептеледi.
Қосалқы авторлардың тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы келісіммен белгiленедi.
Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға өзінің шығармашылық үлесін қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.
3. Авторлық құқық айыруға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады.