Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенция (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі № 545 қаулысы
(2012.25.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 10 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Гаага қаласында 1961 жылғы 5 қазанда жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенция ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Гаага қаласында 1961 жылғы 5 қазанда жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенцияның 1-бабында көрсетілген ресми құжаттар қосымшаға сәйкес, сол құжаттарға апостиль қою жолымен куәландырылады деп белгіленсін.
ҚР Үкіметінің 04.03.04 ж. № 272 қаулысымен 2005.28.01 № 73 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2012.25.06 № 833 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Апостиль қою бойынша өкілеттікке ие ұйымдар ретінде мына мемлекеттік органдар белгіленсін:
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі - әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі республиканың білім, ғылым органдары мен оқу орындарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі - көші-қон полициясының құрылымдық бөліністерінен шығатын ресми құжаттарға, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы мемлекеттік мұрағатынан шығатын мұрағаттық анықтамаларға және мұрағаттық құжаттардың көшірмелеріне;
Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінiң Ақпарат және мұрағат комитетi Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттарынан шығатын мұрағаттық анықтамаларға және мұрағаттық құжаттар көшірмелеріне;
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет (келісім бойынша) - сот органдарынан және атқарушылық іс жүргізу органдарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң құрылымдық бөлiмшелерiнен және (немесе) олардың аумақтық бөлiмшелерiнен шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы (келісім бойынша) прокуратура органдарынан, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнаулы мемлекеттік мұрағатынан шығатын мұрағаттық анықтамаларға және мұрағаттық құжаттар көшірмелеріне;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы мемлекеттік мұрағатынан шығатын мұрағаттық анықтамаларға және мұрағаттық құжаттар көшірмелеріне.
Аталған органдар өздерінің аумақтық органдарына апостиль қою жөніндегі өкілеттігін беруге құқылы.
3. Жоғарыда аталған мемлекеттік органдар заңнамамен белгіленген тәртіппен бір айлық мерзімде:
мемлекеттік органдардың өздерінің міндеттері мен функцияларын реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізсін;
апостиль қою тәртібін және шарттарын белгілейтін бірыңғай ережені әзірлесін және бекітсін;
апостиль қою жөніндегі функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларды ауыстыратын адамдар тобын айқындасын;
апостиль мөртаңбасын дайындау жөнінде шаралар қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Конвенция депозитарийі - Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне апостиль қою құқығы берілген органдар туралы хабарласын.
5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігімен және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен бірлесіп, апостиль қойғаны үшін алымдар алу мөлшері мен тәртібі туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне бір айлық мерзімде енгізсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 24 сәуірдегі № 545
қаулысына қосымша
____________________________________________________________________
APOSTILLE
(Convention de la Haye du 5 octobre 1961)
1. Ел: Қазақстан Республикасы
Pays, Country
Осы ресми құжатқа,
Le present acte public, This publi document
2. _________________________________________________ қол қойды
a ete signe par, has been signed by
3. _________________________________________________ ретінде
agissant en qualite de, acting in the capacity of
4. ___________________________________________________________
________________мөрімен/мөртаңбасымен бекітілді
est revetu du sceau/timbre de, bears the seal/stamp of
Куәландырылды, Atteste,
Certified
5. ______________ 6. _________________күні
a, at le the
7. кіммен ___________________________________________________
par, by
__________________________________________________________
8. sous № _____________________
9. Мөр/мөртаңба 10. Қолы _________________
Sceau/timbre, Seal/stamp Signature
_____________________________________________________________
Ескерту. Гаага қаласында 1961 жылғы 5 қазанда жасалған шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенцияда апостиль мөртаңбасының нысаны кемінде 9х9 см. мөлшеріндегі шаршы түрінде көзделген.
Апостиль мөртаңбасы мәтінінің қарпі оның таңбалануы мен оқылуының қолайлылығы үшін оның алаңы шегінде ұлғайтылатындай 13х13 см. мөлшерде болғаны жөн.
Атқарылу тілін, мәтінін және оның мөртаңбада орналасу ретін өзгертуге болмайды.
Мөртаңба мәтіні тек қана Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде толтырылады.