324-бап. Жұмыскердiң материалдық пайда түрiндегi кірісі
Мыналар, оның ішінде:
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 196 абзац жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жұмыскерге тауарларды өткізу кезінде - жұмыскерге өткізілген тауарлардың құны мен олардың баланстық құны немесе оларды сатып алу бағасы арасындағы теріс айырма;
жұмыскерге жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде - жұмыскерге өткізілген жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен қосылған құн салығының және акциздердің тиісті сомасы ескеріле отырып, жұмыс берушінің осындай жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстарының жалпы сомасы арасындағы теріс айырма жұмыскердің салық салуға жататын материалдық пайда түріндегі кірісі болып табылады.
Осы тармақшаны қолдану мақсатында сатып алу бағасын Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді жүзеге асырмайтын салық төлеушілер пайдаланады;
2) жұмыскерге борыш сомасын есептен шығару кезінде - жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша борыш сомасын немесе жұмыскердің оның алдындағы міндеттемесін есептен шығару;
3) сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының сомасын төлеу кезінде - жұмыс берушiнің өз жұмыскерлерiнің, оның ішінде жұмыскерлер жасасқан сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге шығыстары;
4) жұмыскерге шығындарды өтеу кезінде - жұмыскердің жұмыс берушiнің қызметiмен байланысты емес шығындарын өтеуге жұмыс берушiнің шығыстары жұмыскердiң салық салуға жататын, материалдық пайда түріндегі кірісі болып табылады.
325-бап. Өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 201 абзац жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс қосылған құн салығы мен акциздердің тиісті сомасы ескеріле отырып, мынадай мөлшерде айқындалады:
мүліктің баланстық құны;
мұндай мүліктің баланстық құны болмаған жағдайда, мүліктің жеке тұлғаға берілуіне негіз болған шартта немесе өзге құжатта айқындалған мүлік құны.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 204 абзацпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Өтеусіз алынған жұмыстар және (немесе) көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс қосылған құн салығының тиісті сомасы ескеріле отырып, салық агентінің осындай жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстары мөлшерінде орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны түрінде айқындалады.
326-бап. Зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс
Салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріске бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) салық төлеушілердің:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;
ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт талаптарына сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан;
2) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты жерге кеткен Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғаларына;
3) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты жерге кеткен Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғаларына;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалған зейнетақы жинақтары түрінде жеке тұлғаларға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамды жерлеуге арналған біржолғы төлем түрінде жеке тұлғаларға жүзеге асыратын төлемдер жатады.
327-бап. Дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі кіріс
Мыналар салық салуға жататын, дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі кіріс болып табылады:
1) осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында айқындалған, төленген (төлуге жататын) дивидендтер;
2) төленген (төлуге жататын) сыйақылар;
3) төленген (төлуге жататын) ұтыстар.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін салық салуға жататын, дивидендтер түріндегі кіріске сенімгерлік басқару құрылтайшысының сенімгерлік басқарудан түсетін, сенімгерлік басқарушы болып табылатын заңды тұлғадан алған таза кірісі де жатады.
328-бап. Стипендия түріндегі кіріс
Салық агенті:
Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәдениет, ғылым қайраткерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыскерлеріне және басқа да жеке тұлғаларға төлеуге тағайындаған ақша сомасы салық салуға жататын, стипендия түріндегі кіріс болып табылады.
329-бап. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс
Мыналар салық салуға жататын, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс болып табылады:
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 226 абзац өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын, сақтандыру сыйлықақылары:
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебінен;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 228, 229 абзацтар жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
жеке тұлға өз пайдасына;
жұмыс беруші жұмыскердің пайдасына төлеген сақтандыру төлемдері;
2) осындай шарттар мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайларда төленетін өтеу сомалары;
3) сақтандыру ұйымы жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері сомасының осы баптың 1) тармақшасында көрсетілмеген қаражат есебінен төленген сақтандыру сыйлықақыларының сомасынан асып кетуі.
2-параграф. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер
330-бап. Мүліктік кіріс
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын мүліктік кірісіне мыналар жатады:
1) жеке тұлға осы Кодекстің 331-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
2) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алынған мүлікті өткізуден түсетін кірісі;
3) жеке тұлға осы Кодекстің 333-бабында көрсетілген мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 238 абзац жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
4) дара кәсіпкер және (немесе) бірыңғай жинынтық төлемді төлеуші болып табылмайтын жеке тұлға мүлікті салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға) беруден алған кіріс;
5) талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі (ғимараттағы) үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс;
6) шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің осы Кодекстің 334-бабында көрсетілген өзге активтерді өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс.
2. Осы баптың 1-тармағы 1), 2) және 3) тармақшаларының ережелері жеке тұлғаларға, оның ішінде шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.
3. Мүліктік кіріс дара кәсіпкердің кірісі, жеке практикамен айналысатын адамның кірісі болып табылмайды.
331-бап. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс
1. Жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды:
1) меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері;
2) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
3) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бақ шаруашылығын жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген, Қазақстан Республикасының аумағындағы, нысаналы мақсаты бар жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
5) Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық алтын;
6) осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгенді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік;
7) бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 262 абзац жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) эмитенттері Қазақстан Республикасында тіркелген бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда), цифрлық актив, Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 263 абзацпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Ерлі-зайыптылардың біреуі осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жылжымайтын мүлікке құқықтарды мұраға алған кездегі құн өсімін айқындау мақсаттары үшін осы тармақшаларда көрсетілген кезең ерлі-зайыптылардың осындай мүлікке ортақ бірлескен меншік құқығы тіркелген күннен бастап айқындалады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.
3. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
4. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беру нәтижесінде сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен салық төлеуші тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын сатып алған құн арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
5. Жеке тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетілген, бұрын осы Кодекстің 681-бабының 2-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне енгізілген немесе бұрын осы Кодекстің 238-бабына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс айқындалған мүлікті өткізген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өтеусіз алынған мүліктің бұрын кіріске енгізілген құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
6. Жеке тұрғын үйді өткізетін тұлға салған жеке тұрғын үй, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген, мұра, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік өткізілген жағдайларда (осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда), мүлікті өткізу бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс. Осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайда осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде не нарықтық құнды айқындаудың осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімі сақталмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген, мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған басқа да жағдайларда, мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік бойынша - мүлікті өткізу бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады;
2) осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша - мүлікті өткізу бағасы (құны) мен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы неғұрлым кеш күндердің біріне:
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күнге;
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннің алдындағы соңғы күнге айқындаған құн кадастрлық құн (бағалау құны) болып табылады;
3) осы баптың 1-тармағының 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша - осындай мүлікті өткізу бағасы (құны).
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 276 және 277 абзацтар жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғаның өзі салған, өткізетін ғимарат, ғимараттың бір бөлігі өткізілген кезде осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен осындай ғимаратты, ғимараттың бір бөлігін салу үшін сатып алынған жер учаскесінің құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Ғимараттың бір бөлігін өткізу кезінде жер учаскесінің құны ғимараттың өткізілетін бөлігіне пропорционалды түрде айқындалады.
Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын, бұрын жеке тұрғын үйден реконструкцияланған ғимарат өткізілген жағдайда, осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны жеке тұрғын үй ретінде сатып алу құнының арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
8. Жеке тұлға осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген, бұрын осындай тұлға Қазақстан Республикасының аумағына әкелген мүлікті өткізген жағдайда, мыналар оны сатып алу бағасы (құны) болып табылады:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағында механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге құжатта көрсетілген баға (құн) мен тауарларға арналған декларацияда көрсетілген және осындай механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді әкелу кезінде төленген қосылған құн салығы мен акциздің сомалары;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге құжатта көрсетілген баға (құн) мен импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі салық декларациясында көрсетілген және осы Кодексте белгіленген тәртіппен төленген қосылған құн салығы мен акциздің сомалары.
9. Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1) сатып алу (салым) бағасы (құны) болған жағдайда - өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу (салым) бағасы (құны) арасындағы оң айырма. Жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздарды өткізу кезінде сатып алу құны опционды орындау бағасы мен опционның сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады;
2) мүлікті сатып алу (салым) бағасы (құны) болмаған жағдайда - мүлікті өткізу бағасы (құны).
Ескертпе.
Осы баптың және осы Кодекстің 333-бабының мақсатында заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген, бірақ нақты енгізілген салым мөлшерінен аспайтын құн жарғылық капиталға салым құны болып табылады.
332-бап. Жеке тұлғаның мүлікті өткізуден Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірісі
1. Егер осы бапта және осы Кодекстің 331-бабында өзгеше белгіленбесе, мүлікті өткізу құны жеке тұлғаның мүлікті өткізген кезде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірісі болып табылады.
2. Жеке тұлғаның мүлікті өткізген кезде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірісі мынадай:
1) құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі;
2) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлікті өткізген кезде мүлікті өткізу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
3. «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жария етілген, сатып алу бағасы (құны) болмаған және жария еткені үшін алым төлеу жөніндегі міндеттеме орындалған мүлікті жария еткен адам оны өткізген жағдайларда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өткізілетін мүлікті жария еткені үшін алымды есептеуге теңгемен айқындалған бағалау құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
4. Борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, жеке тұлғаның бағалы қағаздар өткізген кезде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірісі өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
5. Жеке тұлғаның борыштық бағалы қағаздар өткізген кезде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірісі дисконттың амортизациясы және (немесе) өткізу күнге сыйлықақы ескеріле отырып, купонды есепке алмай өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
6. Жеке тұлғаның қатысу үлесін өткізген кезде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірісі өткізу құны мен сатып алу (салым) құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
7. Осы баптың 2-тармағының ережесі мынадай жағдайларда:
1) жылжымайтын мүлік жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында болса;
2) жылжымалы мүлікке құқықтар немесе жылжымалы мүлік бойынша мәмілелер жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген болса, қолданылмайды.
8. Егер осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген кірістер жеңілдікті салық салынатын мемлекеттегі көздерден алынса, осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылмайды.
9. Осы баптың 2, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері:
1) мүлікті сатып алу құнын (салым құнын);
2) мүлікті өткізу құнын;
3) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органының мүлікті және (немесе) мүлікке меншік құқығын және (немесе) мүлік бойынша мәмілені тіркегенін растайтын құжаттар негізінде қолданылады.
333-бап. Жеке тұлғаның мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде беруі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс
1. Жеке тұлғаның мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде беруі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті берген кезде туындайды:
1) меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері;
2) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бақ шаруашылығын жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
3) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бақ шаруашылығын жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген нысаналы мақсаты бар жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
5) инвестициялық алтын;
6) осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгенді қоспағанда, жылжымайтын мүлік;
7) мемлекеттік тіркеуге жататын, бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған механикалық көлік құралдары және тіркемелер;
8) бағалы қағаздар, қатысу үлестері, сондай-ақ туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда).
2. Осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма жеке тұлғаның құн өсімінен түсетін кірісі болып табылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.
3. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлік жарғылық капиталға салым ретінде берілген кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.