Қазақстан Республикасының
Заңы
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы
(2014.29.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 19 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі жеке және заңды тұлғаларға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде олардың құқықтары мен міндеттерін іске асырудың құқықтық тетіктерін айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) құқықтық ақпарат беру - Қазақстан Республикасы заңнамасының мәселелері бойынша ауызша, жазбаша нысандарда, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында не көріп танысу түрінде ақпарат ұсыну арқылы белгіленбеген тұлғалар тобына көрсетілетін, мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрі;
2) құқықтық консультация беру - мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға ауызша және жазбаша консультациялар нысанында, оның ішінде арыздарды, шағымдарды, өтінішхаттарды және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасау мәселесіне қатысты консультациялар нысанында көрсетілетін, мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрі;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегі - заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіпте тегін негізде көрсетілетін заң көмегі;
4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілер - мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесі - заң көмегіне мемлекет кепілдік берген құқықты іске асырудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтық негіздері мен тетіктері;
6) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - халыққа құқықтық көмек пен заң қызметтерін көрсету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
Осы Заңның күші жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
4-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің негізгі қағидаттары
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету:
1) заңдылық;
2) мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегіне мұқтаж жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің басымдығы;
3) мемлекет кепілдік берген, көрсетілетін заң көмегіне теңдей қолжетімділік және оның сапасы;
4) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілетін мәселенің құпиялылығын қамтамасыз ету;
5) тиімді мемлекеттік реттеу және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету сапасын сақтауын бақылау қағидаттарына негізделеді.
5-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясат
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясат жеке және заңды тұлғалардың мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін алу құқықтарының кепілдіктерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, техникалық, ақпараттық, аккредиттеу, лицензиялық-бақылау шаралары мен өзге де шаралардың жиынтығымен қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
3. Қазақстан Республикасында қызметінің негіздері, тәртібі мен шарттары заңда белгіленетін мемлекеттік адвокатура енгізілуі мүмкін.
6-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрлері
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) құқықтық ақпарат беру;
2) құқықтық консультация беру;
3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық ізге түсу органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.
7-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілер
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін:
1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар;
2) осы Заңда, «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіпте адвокаттар;
3) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте нотариустар;
4) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке сот орындаушылары көрсетеді.
8-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
2. Осы Заңның 6-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мемлекет кепілдік берген заң көмегі мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін алуға құқығы бар тұлғаларға Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу заңнамасында және «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте көрсетіледі.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.
4. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның өкілі оның мүддесіне орай заңда белгіленген тәртіпте өтініш жасап жүгіне алады.
9-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның:
1) мемлекет кепілдік берген заң көмегіне теңдей қол жеткізуге;
2) өз құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген заң көмегінің көрсетілу шарттары туралы ақпарат алуға;
3) тегін заң көмегі көрсетілуі үшін мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілерге жүгінуге;
4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте алуға немесе оны алудан бас тартуға;
5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілердің іс-әрекеттеріне не әрекетсіздігіне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте шағым жасауға;
6) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялылығына құқығы бар.
2. Өзіне осы Заңның 6-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтініш жасап жүгінген тұлға:
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) өзінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етеді;
3) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) өзiне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
11-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) көрсетілетін заң көмегі сапасының критерийлерін бекітеді;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегінің барлық түрлері бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылады;
4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілердің қызметін үйлестіреді, сондай-ақ көрсетілетін заң көмегінің сапасын бақылауды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасына, заң көмегінің көрсетілу көлемінің толықтығы мен сапасына мониторинг жүргізеді;
7) халықты мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы құқықтық сауаттандыруды және оларға құқықтық ақпарат беруді қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және интернет-ресурста мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесінің жай-күйі туралы ақпараттың кемінде жарты жылда бір рет жариялануын қамтамасыз етеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерiнде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Мемлекеттік органдардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібі
Мемлекеттік органдар құқықтық ақпарат беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін өз құзыреті шегінде «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпте көрсетеді.
13-бап. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібі
1. Адвокаттар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілер ретінде осы Заңда, «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіпте жеке тұлғаларға мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін көрсетеді.
2. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.
Адвокаттардың ауылдық елді мекендерде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуін облыстың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттарды іріктеу критерийін Республикалық адвокаттар алқасы бекітеді.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын 1 желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді. Тізімде адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, атаулары мен адвокаттық қызметті жүзеге асыру орны көрсетіледі.
Аумақтық әділет органы жыл сайын 25 желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымында жариялайды және өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
4. Аумақтық әділет органы жыл сайын 15 желтоқсаннан кешіктірмей адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.
Уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып әзірлейтін және бекітетін келісім нысанында адвокаттардың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында тұратын халықты көрсетілетін заң қызметтерімен толыққанды қамтамасыз ету жөніндегі міндеті және оның шарттары қамтылуға тиіс.
5. Адвокаттар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей адвокаттар алқасына өздері көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есеп ұсынады. Есептің нысанын уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітеді.
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын 20 шілдеден және 20 қаңтардан кешіктірмей, аумақтық әділет органына Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы жиынтық есепті ұсынады.
Облыстың адвокаттар алқасының жиынтық есебі ауылдық елді мекендердің мемлекет кепілдік берген заң көмегімен қамтамасыз етілуі туралы ақпаратты қамтиды.
14-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту
1. Егер арыз беруші өтінішінің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпарат беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
2. Мынадай шарттардың бірі болған кезде:
1) арыз беруші осы Заңның 8-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санатына жатпаса;
2) арыз беруші өтінішінің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру және өкілдік ету түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту дәлелді болуға тиіс және оған жоғары тұрған органға, прокуратураға не сотқа шағым жасалуы мүмкін.
15-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың еңбегіне ақы төлеу мөлшерін, тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
16-бап. Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасының сақталуын бақылау
Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы шілденің 3-і.
№ 122-V