4) алименттер - бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат;
5) ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған бала (балалар) - ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айрылуына, хабарсыз кеткен деп танылуына, қайтыс болған деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелген деп танылуына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, бала тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның ішінде баланы тәрбиелеу немесе медициналық ұйымнан алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқоршылығы болмаған және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өз құқықтары мен мүдделерінің қажетті қорғалуын қамтамасыз етуге мұқтаж болған өзге де жағдайларда жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынан айрылған бала (балалар);
6) ата-анасы бас тартқан бала (ата-анасы бас тартқан балалар) - тиісті заңды құжаттарды ресімдеу жолымен оны одан әрі тәрбиелеуден, оқытудан, материалдық қамтамасыз етуден ата-аналары (ата-анасы) бас тартқан бала;
7) әке болуды анықтау - баланың анасымен некеге тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) адамның балаға қатысты әке болуын тіркеуші органның анықтауы не сот тәртібімен анықтау;
8) бала (балалар) - он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
9) бала асырап алу - нәтижесінде шығу тегі бойынша туыстарының құқықтары мен міндеттеріне теңестірілетін жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер туындайтын сот шешімі негізінде баланы (балаларды) отбасына тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны;
10) бала асырап алу жөніндегі агенттіктер - өз мемлекетінің аумағында балаларды асырап алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында осындай қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттелген коммерциялық емес шетелдік ұйымдар;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) бала қонақтайтын отбасы - барлық үлгідегі ұйымдардағы (білім беру, медициналық және басқалар), жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды білім беру процесіне байланысты емес кезеңдерде (каникулдар, демалыс және мереке күндері) тәрбиелеуге уақытша қабылдаған отбасы;
11) балалық шақ - кәмелетке толмаған адамдардың құқықтық жай-күйі;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11-1) баланы қабылдайтын отбасы - жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуге қабылдайтын отбасына орналастыру нысаны;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) баланың заңды өкiлдерi - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиешi және оларды алмастырушы басқа да адамдар;
13) жақын туыстар - ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;
14) жалған неке (ерлі-зайыптылық) - ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің отбасын құру ниетінсіз, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен қиылған неке (ерлі-зайыптылық);
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) жеке басты куәландыратын құжат - жеке басты сәйкестендіру мақсатында оның иесінің жеке басын және құқықтық мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін, жеке тұлғаның дербес деректері туралы тіркелген ақпараты бар белгіленген үлгідегі материалдық объект.
Жеке басты куәландыратын құжаттарға «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттар жатады;
16) жекжаттық - ерлі-зайыптылардың бірінің екінші жұбайының жақын туыстарына қатысы;
17) жетім бала (балалар) - ата-анасының екеуі де немесе жалғыз анасы (әкесі) қайтыс болған бала (балалар);
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 17-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-1) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйым - осы Кодексте белгіленген құзыретіне сәйкес жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, балаларды тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген және қабылдаған Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына тәрбиелеуге орналастыруға жәрдемдесуді өтеусіз негізде Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын және осы Кодексте белгіленген тәртіппен осындай қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттелген коммерциялық емес ұйым;
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен 17-2) тармақшамен толықтырылды; 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 17-2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-2) Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасыларына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі (бұдан әрі - Республикалық деректер банкі) - жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы, сондай-ақ жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасыларына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар туралы мәліметтер қамтылатын дерекқор;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 17-3) тармақшамен толықтырылды; 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 17-3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17-3) көпбалалы отбасы - құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, жалпы орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы немесе кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы;
18) Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган;
2020.02.07. № 356-VI ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
19) қамқоршылық - он төрттен он сегіз жасқа дейінгі баланың (балалардың), сондай-ақ құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
20) 2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
21) қорғаншылық - он төрт жасқа толмаған балалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
22) қорғаншы немесе қамқоршы - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тағайындалған тұлға;
23) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар - азаматтардың репродуктивтік қызметiн түзеуге бағытталған диагностика, емдеу және оңалту жөнiндегi медициналық іс-шаралар кешенi;
24) материалдық жағдай - жалақының, зейнетақының, басқа да табыстардың болуы немесе болмауы; олардың мөлшері; мүлкінің болуы; отбасының басқа да мүшелерінен материалдық көмек алуы немесе алмауы;
25) мүліктің шарттық режимі - ерлі-зайыптылардың неке шартымен белгіленген меншік режимі;
26) неке (ерлі-зайыптылық) - ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ;
27) неке (ерлі-зайыптылық) жасы - осы Кодексте белгіленген, адамның некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) құқығына жеткендегі жасы;
28) некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) ана - бала (балалар) туған, бірақ тіркеуші органдарда тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) әйел;
29) отбасы - некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;
30) отбасылық жағдай - некеде (ерлі-зайыпты) болу не болмау немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, жесірлік, балалардың немесе отбасының басқа да мүшелерінің болуы немесе болмауы;
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 30-1) тармақшамен толықтырылды; 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 30-1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
30-1) арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж бала (балалар) - Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын бала (балалар);
31) патронат - жетім балалар, ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен баланы (балаларды) тәрбиеге алуға тілек бiлдiрген адам жасайтын шарт бойынша отбасыларға патронаттық тәрбиеге берілетін тәрбие нысаны;
32) репродуктивтік денсаулық - адамның толымды ұрпақ туғызуға қабілетін көрсететін денсаулығы;
33) суррогат ана - суррогат ана болу шартына сәйкес тапсырыс берушілер үшін қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін құрсақ көтеретін және бала (балалар) туатын әйел;
34) суррогат ана болу - сыйақы төлене отырып, суррогат ана мен ерлі-зайыптылар арасындағы шарт бойынша, күні жетпей босану жағдайларын қоса алғанда, бала (балаларды) көтеру және туу;
35) суррогат ана болу шарты - некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және балалы болғысы келетiн адамдар мен қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану жолымен бала көтеруге және тууға өз келiсiмiн берген әйел арасындағы нотариатта куәландырылған жазбаша келiсiм;
36) туыстар - үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, «бала (қыз) асырап алу» және «бала асырап алу», «бала (қыз) асырап алушылар» және «бала асырап алушылар», «асырап алынған балалар (қыздар)» және «асырап алынған балалар», «бала (балалар)» және «бала», «ата-аналар (ата-ана)» және «ата-аналар», «ерлі-зайыптылар (жұбайы, зайыбы)» және «ерлі-зайыптылар» деген ұғымдардың мәні бірдей.
2-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасының негіздері
1. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
2. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы:
1) еркек пен әйелдің некелік (ерлі-зайыптылық) одағының еріктілігі;
2) отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі;
3) отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;
4) отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу;
5) балалардың отбасында тәрбиелену басымдығы, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық;
6) отбасының кәмелетке толмаған, қарт және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін басымдықпен қорғау;
7) отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, осы құқықтарды сот арқылы қорғау мүмкіндіктері;
8) отбасының барлық мүшелерінің салауатты өмір салтын қолдау қағидаттарына негізделеді.
3. Тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана танылады.
Діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиылған неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда тіркелген некеге (ерлі-зайыптылыққа) теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдарлар тудырмайды.
Еркек пен әйелдің, сондай-ақ бір жыныстағы адамдардың шын мәнінде бірге тұруы неке (ерлі-зайыптылық) деп танылмайды.
4. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) кезінде және отбасылық қатынастарда шығу тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, нәсiлі, ұлты, тiлі немесе діни көзқарасы немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады.
Азаматтардың неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарындағы құқықтары тек заң негізінде және бұл тек конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сол шамада шектелуi мүмкiн.
3-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасымен реттелетін қатынастар
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы:
1) отбасы мүшелері: ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы, ал Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында көзделген жағдайларда және шектерде басқа туыстар мен өзге де адамдар арасындағы құқықтар мен міндеттерді, мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды белгілейді;
2) некеге отырудың (ерлі-зайыпты болудың), некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтатудың және оны жарамсыз деп танудың шарттары мен тәртібін белгілейді;
3) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың нысандары мен тәртібін айқындайды;
4) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін реттейді;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органдардың функцияларын айқындайды.
4-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегiден өзгеше қағидалар белгiленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарына қолдану
1. Осы Кодекстің 3-бабында аталған, Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасымен реттелмеген отбасы мүшелері арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы қолданылады, өйткені бұл неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарының мәніне қайшы келмейді.
2. Осы Кодекстің 3-бабында көзделген қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе тараптардың келісімімен тікелей реттелмеген және оларға қолданылатын әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, бұл олардың мәніне қайшы келмейтіндіктен, мұндай қатынастарға ұқсас қатынастарды реттейтін (заң ұқсастығы) Қазақстан Республикасының неке-отбасы және (немесе) азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаған кезде, неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының неке-отбасы немесе азаматтық заңнамасының жалпы негіздері мен мәні және адалдық, парасаттылық пен әділеттілік талаптары (құқық ұқсастығы) негізге алынып, сондай-ақ заңның уақытқа, кеңістікке және адамдар тобы бойынша қолданылу қағидаттары сақтала отырып, айқындалады.
2-тарау. Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) құқықтарын жүзеге асыру және қорғау
6-бап. Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарында құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, азаматтар неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарынан туындайтын өздеріне тиесілі құқықтарды, оның ішінде осы құқықтарды қорғауға арналған құқықты өз қалауы бойынша пайдаланады.
Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) құқықтарының жүзеге асырылуы мен міндеттердің орындалуы отбасының басқа мүшелері мен өзге де құқық субъектілерінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін бұзбауға тиіс.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-бап. Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) құқықтарын қорғау
Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) құқықтарын қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
8-бап. Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарында талап арыздың ескіруін қолдану
1. Бұзылған құқықты қорғау мерзімі, осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, талап арыздың ескіруі неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарынан туындайтын талаптарға қолданылмайды.
2. Неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарынан туындайтын дауларды қараған кезде, талап арыздың ескіруін белгілейтін нормаларды қолдану кезінде сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын басшылыққа алады.
2-бөлім. Неке (ерлі-зайыптылық)
3-тарау. Неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) шарттары мен тәртібі
9-бап. Неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) шарттары
1. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі және олардың неке (ерлі-зайыптылық) жасына толуы қажет.
2. Осы Кодекстің 11-бабында көрсетілген мән-жайлар болған кезде неке қиылмайды (ерлі-зайыпты болмайды).
10-бап. Неке (ерлі-зайыптылық) жасы
1. Неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленеді.
2. Мынадай дәлелді себептер болған:
1) жүкті болған;
2) ортақ бала туған кезде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органдар неке (ерлі-зайыптылық) жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетеді.
3. Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер және олардың ата-аналары не қамқоршылары белгіленген неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендету қажеттігі туындайтын себептерді көрсете отырып, неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендету туралы өтініш беруі мүмкін.
4. Неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендетуге тек қана некеге отырушылардың (ерлі-зайыпты болушылардың) келісімімен жол беріледі.
5. Неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адамдар арасындағы немесе неке (ерлі-зайыптылық) жасына толған адам мен неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адам арасындағы некеге (ерлі-зайыптылыққа) неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адамдардың ата-аналарының не қамқоршыларының жазбаша келісімімен ғана рұқсат беріледі.
11-бап. Араларында неке қиылуына (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейтін адамдар
Некелесуге (ерлі-зайыпты болуға):
1) бір жынысты адамдардың;
2) олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдардың;
3) жақын туыстардың;
4) бала асырап алушылар мен асырап алынған балалардың, асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалардың;
5) соттың заңдық күшіне енген шешімі бойынша олардың біреуі болса да психикалық ауруы немесе ақыл-есі кемдігі салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында жол берілмейді.
12-бап. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдарды медициналық зерттеп-қарау
1. Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілерге медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық мәселелер және репродуктивтік денсаулық сақтау мәселелері бойынша консультация беруді және зерттеп-қарауды денсаулық сақтау ұйымдары және тек олардың екеуінің келісімімен ғана жүргізеді.
2. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдарды зерттеп қараудың нәтижелері медициналық құпия болып табылады және ол неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) ниеттенген адамға зерттеп қараудан өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін.
Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамның некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) басқа адамның денсаулығына қауіп төндіретін ауруының болуы ерекше жағдайлар болып табылады.
13-бап. Неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) тәртібі
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады.
Некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі тіркеуші органға келе алмайтын айрықша жағдайларда (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда тиісті ұйымның әкімшілігімен міндетті түрде келісіле отырып, некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткен соң жүргізіледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші орган құжаттамамен расталған дәлелді себептер болғанда, бұл мерзімді қысқартады немесе ұзартады.
Айрықша мән-жайлар (жүктілік, бала тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қауіп төнуі және басқа да айрықша мән-жайлар) болған кезде некені қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отырушылардың (ерлі-зайыпты болушылардың) қалауы бойынша өтініш берілген күні жүргізіледі.
3. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдіруші адамдар не олардың біреуі, сондай-ақ олардың заңды өкілдері тіркеуші органның неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартуына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
4-тарау. Некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтату
14-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтату
Некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтату өздеріне байланысты емес мән-жайлар салдарынан (қайтыс болу, олардың біреуін қайтыс болған деп жариялау немесе хабар-ошарсыз кеткен деп тану) не осы Кодексте белгіленген тәртіппен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу жолымен ерлі-зайыптылардың екеуінің де не біреуінің өз еркі бойынша іс-әрекеттер жасауы нәтижесінде ерлі-зайыптылар арасында заңдық қатынастардың тоқтатылуы болып табылады.
Ерлі-зайыптылар арасында некенің (ерлі-зайыптылықтың) тоқтатылуы ата-аналар мен осы некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалар арасындағы құқықтық қатынастарды үзбейді және тоқтатпайды.
15-бап. Ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуы, соттың оны қайтыс болды деп жариялауы немесе хабар-ошарсыз кеткен деп тануы салдарынан некенің (ерлі-зайыптылықтың) тоқтатылуы
1. Неке (ерлі-зайыптылық) ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болуы, сондай-ақ сот оны қайтыс болды деп жариялауы немесе хабар-ошарсыз кеткен деп тануы салдарынан тоқтатылады.
2. Сот қайтыс болды деп жариялаған немесе сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған жұбайы келген және тиісті сот шешімдері күшін жойған жағдайда ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша тіркеуші орган некені (ерлі-зайыптылықты) қалпына келтіруі мүмкін.
3. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезінде тараптарға (немесе тараптардың біріне) хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған жұбайы тірі екені белгілі болған жағдайларды қоспағанда, егер басқа зайыбы жаңадан некеге отырса (ерлі-зайыпты болса), некенің (ерлі-зайыптылықтың) қалпына келтірілуі мүмкін емес.
16-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу
1. Неке (ерлі-зайыптылық) ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша оны бұзу жолымен, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған жұбайының қорғаншысының өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) зайыбының жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде оның келісімінсіз бұзуға болмайды.
17-бап. Тіркеуші органдарда некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу
1. Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде тіркеуші органдарда неке (ерлі-зайыптылық) бұзылатын болады.
2. Егер ерлі-зайыптылардың біреуін:
1) сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;
2) сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;
3) сот әрекет қабілеті шектеулі деп таныса;
4) қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса, неке (ерлі-зайыптылық) ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша тіркеуші органдарда бұзылады.