5) қажет болған жағдайда, халықаралық шарттар жасасу жоспарланған келiссөздерге қатысушы тараптардың халықаралық құқық субъектiлігі туралы ақпарат;
5-1) келіссөздерге қатысқан тараппен екіжақты халықаралық шарт жобасы мәтінінің келісілгенін растайтын құжаттар;
6) қазақ және орыс тілдеріндегі, сондай-ақ басқа да жасасу тілдеріндегі халықаралық шарттардың жобалары;
6-1) халықаралық шарттардың жасалу тілдерінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми куәландырған олардың (депозитарий ресми куәландырған халықаралық шарттардың) көшірмелері;
6-2) халықаралық шарттардың жасалуына жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы ресми куәландырған олардың қазақ және орыс тілдеріне, егер олар жасалу тілі болып табылмаған жағдайда, аудармалары;
7) көпжақты халықаралық шарттарға қатысушы мемлекеттердің тiзбесi;
8) көпжақты халықаралық шарттарға Қазақстан Республикасының ықтимал ескертпелерiнің жобалары мен негіздемелерi;
9) көпжақты халықаралық шарттарға басқа мемлекеттер жасаған ескертпелердiң мәтiндерi, сондай-ақ басқа уағдаласушы тараптардың ескертпелерiне қарсы Қазақстан Республикасының ықтимал қарсылықтарының жобалары мен негіздемелері;
10) ратификациялауға жататын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша ғылыми сараптаманың нәтижелері қамтылуға тиіс.
7. Халықаралық шарттардың тең түпнұсқа мәтіндерінің біріне қазақ және орыс тілдеріндегі аудармаларының сәйкес болуын оны жасауға жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы қамтамасыз етеді.
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
6-бап. Шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар
Халықаралық шарттарды жасасу, олардың күшіне енуі, оларды орындау, өзгерту, тоқтата тұру және тоқтату мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы жүзеге асырылады.
2014.30.01. № 168-V ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-бап. Халықаралық шарттардың тілі
1. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасалады.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен екіжақты халықаралық шарттары келіссөздерге қатысушы тараптардың келісуі бойынша айқындалған тілдерде жасалады.
2. Көпжақты халықаралық шарттар келіссөздерге қатысушы тараптардың келiсуi бойынша белгiленетiн тiлдерде жасалады.
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Халықаралық шарттарға өзгерістер мен толықтырулар олар жасалған тілдерде ресімделеді.
8-бап. Халықаралық шарттарды дәйектеу, олардың мәтінін қабылдау және қол қою туралы, сондай-ақ осы актілердi жасасуға өкілеттiк беру туралы шешімдер
Халықаралық шарттарды дәйектеу, олардың мәтiнiн қабылдау, сондай-ақ қол қою туралы және осы актілердi жасасуға өкілеттiк беру туралы шешiмдердi тиiстi актi түрiнде:
1) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.
Халықаралық шартқа қол қою туралы тиiстi актi, егер мұндай халықаралық шартқа Қазақстан Республикасының Президентi қол қоятын немесе бұл халықаралық шартқа қол қою құқығын Қазақстан Республикасының Президентi шартқа тiкелей қол қояр алдында, басқа лауазымды адамға табыстаған, соның iшiнде ауызша табыстаған жағдайда, қабылданбайды;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан жасалатын халықаралық шарттарға қатысты, соның iшінде өз атынан осы актiлердi жасасу өкiлеттігін Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың басшыларына немесе олардың орынбасарларына беру туралы шешiмдердi - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасалатын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының бірiншi басшылары немесе оларды алмастыратын адамдар қабылдайды.
9-бап. Халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актiлердi жасасуға өкілеттiктер
1. Осы Заңның 8-бабына сәйкес қабылданған шешiмдердiң негiзiнде халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актiлердi жасасуға өкiлеттiктердi өкілеттiк сертификатын ресiмдеу арқылы Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі растайды.
2. Егер осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес халықаралық шартқа қол қою құқығын Қазақстан Республикасының Президенті оған тiкелей қол қояр алдында басқа лауазымды адамға табыстаса, мұндай лауазымды адамның өкілеттігін осы Заңның 8-бабында көзделген шешімді қабылдамастан, өкілеттік сертификатын ресімдеу арқылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі растайды.
10-бап. Халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актілерді өкілеттіктерсіз жасасу
1. Қазақстан Республикасының Президенті халықаралық шарттарды жасасуға қатысты барлық актілерді өкілеттіктерсіз жасасуға құқылы.
2. Осы Заңның 8-бабына сәйкес қабылданған шешімдердің негізінде мыналар:
1) халықаралық шарттарды жасасуға қатысты барлық актілерді жасасу мақсатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;
2) Қазақстан Республикасы мен өздерi тiркелген мемлекет арасындағы халықаралық шарттардың мәтiндерiн қабылдау мақсатында шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдiктерiнiң басшылары;
3) халықаралық конференцияда немесе халықаралық ұйымда немесе оның органдарының бірiнде халықаралық шарттың мәтінiн қабылдау мақсатында осындай конференцияда, осындай ұйымда немесе осындай органда Қазақстан Республикасы өз атынан өкілдiк етуге уәкілдiк берген өкілдер, Қазақстан Республикасының атынан өкiлеттіктерсiз өкілдiк етедi деп саналады.
11-бап. Ратификациялауға жататын халықаралық шарттар
Мынадай:
1) нысанасы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары болып табылатын;
2) орындалуы қолданыстағы заңдарды өзгертудi немесе жаңа заңдарды қабылдауды талап ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелердi белгілейтiн;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының өтуi туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше экономикалық аймағын және құрлықтық қайраңын межелеп бөлу туралы халықаралық шарттарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен аумақтық межелеп бөлiнуi туралы;
4) мемлекетаралық қатынастардың негіздерi туралы, қарусыздану немесе қару-жараққа халықаралық бақылау жасау, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер бойынша, сондай-ақ бітімгершілік халықаралық шарттар мен ұжымдық қауiпсiздiк туралы халықаралық шарттар;
5) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық бірлестiктер мен халықаралық ұйымдарға қатысуы туралы, егер мұндай халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарының бір бөлігін жүзеге асыруды оларға берудi көздейтiн болса немесе олардың органдары шешiмдерiнің Қазақстан Республикасы үшiн заңдық тұрғыдан мiндеттілігін белгiлесе;
6) мемлекеттік қарыздар туралы;
2014.10.12. № 264-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) гуманитарлық көмектен және дамуға ресми көмектен басқа, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы;
8) қол қою кезiнде келiссөздерге қатысушы тараптардың кейiннен оларды ратификациялау туралы келiскен;
9) егер халықаралық шарттарда мұндай келісім ратификациялау арқылы бiлдiрiлетiнi көзделсе, халықаралық шарттар ратификациялауға жатады.
12-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейiн олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау
1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжілiс Төрағасының, Парламент депутаттарының жалпы санының кем дегенде бестен бір бөлiгінiң, Премьер-Министрдің өтініштерi бойынша халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейiн олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігiн қарайды.
2. Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасалған жағдайда халықаралық шарттарды ратификациялау мерзiмiнің өту уақыты тоқтатыла тұрады.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп танылған халықаралық шарттарды ратификациялауға болмайды.
13-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстар енгізу тәртібі
1. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары осы Заңның 5-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне өз құзыретіндегi мәселелер бойынша халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстар жасайды.
2. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізеді.
14-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдар
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау туралы заңдарды Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентi қабылдайды.
15-бaп. Ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарды бекіту, қабылдау
Мемлекетiшілік рәсiмдердi жүргiзудi көздейтiн ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарды:
1) Қазақстан Республикасының атынан қол қойылғандарын - Қазақстан Республикасының Президентi;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметі атынан қол қойылғандарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітуге, қабылдауға тиiс.
16-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары осы Заңның 5-бабында көзделген тәртiппен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне - Қазақстан Республикасының атынан халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар;
2) Қазақстан Республикасының Yкіметіне Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар бередi.
2. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары осы Заңның 5-бабында көзделген тәртiппен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар бередi.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында және 2-тармағында көрсетілген ұсыныстарды қарайды және:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне - Қазақстан Республикасының атынан жасасылатын, ратификациялауға жатпайтын;
2) Қазақстан Республикасының Президентiмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Парламентiне - Қазақстан Республикасының атынан жасасылатын, ратификациялауға жататын;
3) Қазақстан Республикасының Парламентiне Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан жасасылатын, ратификациялауға жататын халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар енгiзедi.
17-бап. Халықаралық шарттарға қосылу туралы шешімдер
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы туралы шешiмдердi:
ҚР 2007.28.02. № 236-III Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қосылу Қазақстан Республикасының атынан немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан жүзеге асырылатын, ратификациялауға жататын халықаралық шарттарға қатысты, ратификациялау туралы заң қабылдау арқылы - Қазақстан Республикасының Парламентi;
2) қосылу Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылатын, ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарға қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
3) қосылу Қазақстан Республикасы Yкіметінiң атынан жүзеге асырылатын, ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2014.30.01. № 168-V ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
18-бап. Халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының уақытша қолдануы
1. Халықаралық шарттар немесе олардың жекелеген ережелерi олардың күшiне енуiне дейiн, егер бұл халықаралық шарттардың өзiнде көзделген болса немесе келiссөздерге қатысушы тараптар уағдаластыққа қол жеткiзген болса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады.
Уақытша қолдануды көздейтін халықаралық шартты ратификациялау туралы ұсыныс оны уақытша қолдану басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей, осы Заңның 5-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізіледі.
2. Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе немесе бұл туралы халықаралық шарттарға қол қойған шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қатысушы болғысы келмейтін ниеті туралы халықаралық шарттар өздеріне қатысты уақытша қолданылатын шет мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға осы баптың 3-тармағында көзделген шешімдердің негізінде хабарлама жолданған күннен бастап Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарды немесе олардың жекелеген ережелерін уақытша қолдануы тоқтатылады.
3. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардың немесе олардың жекелеген ережелерінің қатысушысы болғысы келмейтін ниеті туралы шешiмдердi осы Заңның 8-бабында көзделген тәртiппен халықаралық шартқа қол қою туралы шешiм шығарған Қазақстан Республикасының Президентi немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
19-бап. Көпжақты халықаралық шарттарға ескертпелер
1. Көпжақты халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оларға қосылу кезiнде халықаралық шарттардың талаптарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес оларға ескертпелер жасалуы мүмкiн.
2. Егер көпжақты халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, олар қалай жасалған болса, тап сондай тәртіппен ескертпелер кез келген уақытта алып тасталуы мүмкін.
3. Көпжақты халықаралық шартқа екiншi бір уағдаласушы тарап жасаған ескертпенi қабылдау немесе оған қарсылық бiлдiру көпжақты халықаралық шарттың талаптарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес ескертпенi реттеу нысаны құзыретiне жататын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органының қорытындысы негiзiнде жүзеге асырылады. Бұл қорытынды осы Заңның 3-бабында көзделген тәртіппен келісілуге жатады.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫН ОРЫНДАУ
20-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы әрбір халықаралық шартын Қазақстан Республикасының мiндетті және адал орындауына жатады.
2. ҚР 2007.28.02. № 236-III Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды.
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасы міндеттемелерінің орындалуын және құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықаралық шарттарға басқа да қатысушылардың өз міндеттемелерін орындауын қадағалайды.
5. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуына жалпы қадағалауды және бақылау жасауды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету мониторингі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2021.13.03. № 18-VІІ ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды
20-1-бап. Қазақстан Республикасының ратификацияланған қолданыстағы халықаралық шарттарының Қазақстан Республикасының заңдарымен арақатынасы
Қазақстан Республикасы ратификациялаған және қолданыстағы болып табылатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының оның заңдары алдында басымдығы болады және халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайлардан басқа кезде тікелей қолданылады.
21-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын оларға басқа қатысушылар бұзған жағдайда қолданылатын шаралар
1. Халықаралық шарттар жөніндегi міндеттемелердi оларға басқа қатысушылар бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен келiсе отырып, халықаралық құқықтың нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының өздерiнiң талаптарына сәйкес қажеттi шаралар қолдану туралы ұсыныстарды:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша - Қазақстан Республикасының Президентiне;
2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзедi.
2021.13.03. № 18-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын оларға басқа қатысушылар бұзған жағдайда, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларында көзделген өзге де жағдайларда:
1) халықаралық шарттардың қолданысы осы Заңның 28 және 29-баптарында көзделген тәртіппен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарды немесе олардың жекелеген ережелерін орындауды тоқтата тұруы түрінде осы Заңның 29 және 30-баптарында көзделген тәртіппен қарымта шаралар (қарсы шаралар) қабылдануы мүмкін.
22-бап. Халықаралық шарттарды жасасуға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Қазақстан Республикасының мүдделі орталық мемлекеттік органдары халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныс енгізген кезде сол бір мезгілде Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты енгізеді.
Егер халықаралық шартты іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса, халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсынысқа заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі.
Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мүдделі орталық мемлекеттік органына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтiк-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге немесе олардың қолданысын тоқтатуға Қазақстан Республикасының тиiсті халықаралық шарттары өзгертiлгеннен, толықтырылғаннан немесе олардың қолданысы тоқтатылғаннан кейiн ғана жол берiледi.
23-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының күшіне енуi
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары оларда көзделген немесе халықаралық шарттарға қатысушылардың арасында келісілген тәртiппен және мерзiмдерде күшiне енедi.
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫН ЖАРИЯЛАУ,
ТIРКЕУ, ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ САҚТАУ
2014.30.01. № 168-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жариялау
2021.13.03. № 18-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының күшіне енген, сондай-ақ уақытша қолданылатын халықаралық шарттары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені» жинағында және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің интернет-ресурсында жарияланады.
2. Қазақстан Республикасының Парламентi ратификациялаған, Қазақстан Республикасының күшiне енген халықаралық шарттары Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ресми басылымдарында жариялануға жатады.
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының қазақ және орыс тiлдерiнде тең түпнұсқа мәтiнi болмаған жағдайда; олардың қол қойылған тiлдегі тең түпнұсқа мәтіндерiнің бірi, сондай-ақ халықаралық шарттың қазақ және орыс тiлдеріндегі аудармасы жарияланады.
25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеу, есепке алу және сақтау
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң жүргiзуiнде болады.
Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын халықаралық ұйымдардың тиiстi органдарында тiркеудi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
2010.15.07. № 335-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының атынан және Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының түпнұсқалары немесе депозитарий ресми куәландырған көшiрмелерi оларға қол қойылған күннен немесе ресми куәландырылған көшiрмелерi депозитарийден алынған күннен бастап екi апта мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігіне сақтауға тапсырылады, ал Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелерін (депозитарий ресми куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелері негізінде) оларды жасасқан тілдерде оларға қол қойылған немесе депозитарийден алынған күннен бастап екi апта мерзiм ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі тұрақты түрде сақтау үшiн Қазақстан Республикасының тиiстi орталық мемлекеттік органдарына таратады.
4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының түпнұсқалары Қазақстан Республикасының тиісті орталық мемлекеттік органдарының мұрағаттарында сақталады. Осы халықаралық шарттардың ресми куәландырылған көшірмелері оларға қол қойылған не ресми куәландырылған көшірмелері депозитарийден алынған күннен бастап екі апта мерзім ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолданады.
26-бап. Депозитарий функцияларын жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының көпжақты халықаралық шарттарының депозитарийі функцияларын, егер осы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес мұндай функциялар Қазақстан Республикасында жүктелген болса, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз атынан жасалған көпжақты халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын, егер осы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес мұндай функциялар Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарына жүктелген болса, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
3. Көпжақты халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын орындайтын шет мемлекеттер органдарымен, халықаралық ұйымдармен немесе олардың басты атқарушы лауазымды адамдарымен хат-хабар алмасуды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫН ӨЗГЕРТУ,
ОЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ ЖӘНЕ ТОҚТАТА ТҰРУ
27-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын өзгерту
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына өзгерістер енгізу халықаралық шарттардың өздерiнде көрсетілген талаптарға, халықаралық құқық нормаларына және осы Заңның ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.