4-параграф. Ұлттық алдын алу тетігі
143-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
1. Ұлттық алдын алу тетігі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар өз қызметі шеңберінде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерге және осы қатысушылардың баруы (бұдан әрі - алдын ала бару) үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарға барады.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін қоғамдық байқау комиссияларының және азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар болып табылады.
4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметін үйлестіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
144-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл құратын комиссия Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан сайлайды.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
1) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
2) ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларды іріктеу тәртібін;
3) алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардан топтар құру тәртібін;
4) алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
5) алдын ала бару қорытындысы бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртібін бекітеді.
3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауларға қарсы комитетінің Азаптау және басқа да қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.
145-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларға қойылатын талаптар
1. Мыналар:
1) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдіктілер немесе айыпталушылар;
3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұрған адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға берілген лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
146-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы:
1) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізуге;
3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала баруды жүзеге асыруға;
4) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының пікірі бойынша тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу жүргізуге;
5) алдын ала баруға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларға баруға;
6) азаптау және басқа да қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы өз қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.
147-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар өз өкілеттіктерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала баруға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарлар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
148-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының өкілеттіктерін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының өкілеттіктері:
1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініші болған;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
149-бап. Алдын ала барудың түрлері мен кезеңділігі
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала баруы:
1) төрт жылда кемінде бір рет тұрақты негізде жүргізілетін кезеңімен алдын ала бару;
2) алдыңғы кезеңімен алдын ала бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ алдын ала баруға жататын ұйымдардың әкімшіліктері тарапынан ұлттық алдын алу тетігі не қатысушылар әңгімелесу жүргізген адамдарды қудалаудың алдын алу мақсатында кезеңімен алдын ала бару аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;
3) азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарлардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала бару болып бөлінеді.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала бару мерзімдері мен алдын ала баруға жататын ұйымдардың тізбесін айқындайды.
150-бап. Алдын ала бару тәртібі
1. Алдын ала баруды Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға сәйкес Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала бару үшін топтарды құру кезінде ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала баруға жататын ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда алдын ала баруға жататын ұйымдар әкімшілігінің басшысы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазбаша хабар береді.
4. Әрбір алдын ала барудың нәтижелері бойынша Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша топтың атынан жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
151-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып, олардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасын дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасында:
уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар да қамтылады.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала бару жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.
152-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
153-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылармен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларға олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптау және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабар береді.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты іс жүргізуді немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді не қылмыстық істі қозғау туралы өтінішхатпен (арызбен) жүгінуге құқығы бар.
13-тарау. МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
1-параграф. Жалпы ережелер
154-бап. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары және міндеттері
1. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар:
1) әлеуметтік қорғалуға, оның ішінде абилитациялауға, оңалтуға, қоғамға интеграциялануға;
2) мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқу, білім алу үшін жағдайлармен қамтамасыз етілуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлеміне;
5) кәсіптік даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға;
6) инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне;
7) өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға;
8) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;
9) мемлекеттік және өзге ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген әлеуметтік-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.
2. Мүгедектігі бар адам:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде өзінің денсаулығының жай-күйі туралы толық және анық мәліметтерді беруге;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалатын тәртіппен профилактикалық медициналық қарап-тексеруден, скринингтік зерттеуден өтуге;
3) жеке бағдарламада ұсынылған іс-шараларды орындауға;
4) әлеуметтенуге және қоғамға интеграциялануға қатысуға міндетті.
155-бап. Медициналық-әлеуметтік сараптама
1. Адамның мүгедектігін, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу уәкілетті мемлекеттік органның барып немесе сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.
2. Дәрігерлік-консультативтік комиссия медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптама уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтік, кәсіптік және психологиялық деректерін сыныптауыш пен өлшемшарттарды пайдалана отырып талдау негізінде организмнің жай-күйін кешенді бағалау негізінде жүзеге асырылады.
4. Өтініш берушіге:
қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды тапсырған кезде;
құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған кезде;
медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барып куәландыруға тұрақты тіркелмеген орны бойынша жүгінген кезде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуден бас тартылады.
5. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қорытындысы бойынша тыныс-тіршілік санаттарының бірінің шектелуіне алып келетін организм функцияларының тұрақты бұзылуы болмаған жағдайларда мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленбейді.
6. Адамға мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде оның себептері, мерзімдері, әлеуметтік қорғау шараларына деген қажеттілік анықталады, сондай-ақ жеке бағдарламаның әлеуметтік және кәсіби бөліктері әзірленеді.
7. Организм функцияларының бұзылу дәрежесіне, тыныс-тіршілігінің шектелуіне, оңалту болжамына және әлеуетіне қарай мынадай санаттар:
1) мүгедектікті анықтау кезінде адамға:
жеті жасқа дейін - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе жеті жасқа дейін «мүгедектігі бар бала» санаты;
жеті жастан он сегіз жасқа дейін - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе он сегіз жасқа дейін «бірінші топтағы мүгедектігі бар бала», «екінші топтағы мүгедектігі бар бала», «үшінші топтағы мүгедектігі бар бала» санаттары;
он сегіз жастан асқанда - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайтадан куәландыру мерзімінсіз «мүгедектіктің бірінші тобы», «мүгедектіктің екінші тобы», «мүгедектіктің үшінші тобы» мүгедектік топтары;
2) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылуға алып келетін әлеуметтік тәуекел туындаған кезде - жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 30 пайыздан 100 пайызға дейінді қоса алғандағы мөлшерде 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға, он сегіз жасқа толғанға дейін, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толғанға дейін белгіленеді.
Кезекті қайта куәландыру мерзімі бар мүгедектігі бар адамға жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі осы әлеуметтік қауіп бойынша мүгедектік мерзімі аяқталғанға дейін белгіленеді;
3) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауға байланысты өндірістік жарақат алған және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыскерге - кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 5 пайыздан 100 пайызға дейінді қоса алғанда 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.
Кезекті қайта куәландыру мерзімі бар мүгедектігі бар адамға кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі өндірістік жарақат және (немесе) кәсіптік ауру бойынша мүгедектік мерзімі аяқталғанға дейін белгіленеді.
8. Мүгедектіктің және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесінің мынадай себептері:
1) жалпы ауру;
2) жұмыста мертігу;
3) кәсіптік ауру;
4) бала кезінен мүгедектік;
5) жеті жасқа дейінгі балалардың мүгедектігі;
6) жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың мүгедектігі;
7) тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган себеп-салдарлық байланысты белгілеген жағдайда қызметтік міндеттерін атқару кезінде, әскери қызмет өткеру кезінде, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық объектілердегі авариялардың зардабын жою кезінде не ядролық объектілердегі авариялық жағдайлар салдарынан алған, әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқаруға байланысты емес жазатайым оқиғаның салдарынан болған жаралану, контузия, мертігу, ауру не әскери және қызметтік борышын орындауға байланысты емес ауру;
8) тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган себеп-салдарлық байланысты белгілеген жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, оның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезіндегі радиациялық әсер етудің салдарынан және (немесе) олардың зардаптарынан болған мүгедектік айқындалады.
Осы тармақтың 7) және 8) тармақшаларындағы мүгедектік себептері себеп-салдарлық байланысты анықтаған уәкілетті органның келтірген тұжырымына қатаң сәйкестікпен шығарылады.
9. Еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауға байланысты өндірістік жарақат алған және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыскерлер үшін кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесінің мынадай себептері:
1) жұмыста мертігу;
2) кәсіптік ауру белгіленеді.
10. Мүгедектігі бар және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамдар мүгедектіктің және еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің белгіленген мерзімдерін сақтай отырып, қайта куәландырудан өтеді.
11. Жүргізілген медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелерімен келіспеген жағдайда адам және (немесе) оның заңды өкілі уәкілетті мемлекеттік органға жүгінеді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің шешімдеріне шағымдануды қарауды және медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімі жүзеге асырады.
12. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамасы және оны бақылау бөлімі медициналық-әлеуметтік сараптамаға анық емес құжаттарды ұсыну және (немесе) сараптама қорытындысын негізсіз шығару фактісі анықталған кезде хаттама ресімдейді, оның негізінде бақылау бойынша қайта куәландырылғанға және сараптама қорытындысы шығарылғанға дейін мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге байланысты төлемдер мен жәрдемақылар тоқтатыла тұрады.
13. Төтенше жағдай кезеңінде қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспаған және төтенше жағдай кезінде басталған және көрсетілген мерзімде қайта куәландырудан өтпеген адамдар үшін мүгедектік, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің және жеке бағдарламалардың мерзімдері төтенше жағдайдың қолданылу мерзіміне автоматты түрде ұзартылады.
Төтенше жағдай режимі қолданысының аяқталу айы толығымен есептеледі.
156-бап 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
156-бап. Сырттай проактивті куәландыру ерекшеліктері
1. Сырттай проактивті форматта мүгедектік және еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленген кезде уәкілетті мемлекеттік орган медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге сараптамалық қызметтер көрсетуге келісімшарт негізінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларын тартады.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімін жүргізу тәртібін, сондай-ақ тізілімге енгізуді және одан шығаруды уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау тәртібі мен өлшемшарттарын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтерге тарифтерді уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
5. Сырттай проактивті куәландыру уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындаған нозологиялық нысандар тізбесі бойынша жүргізіледі.
157-бап. Жеке бағдарлама
1. Жеке бағдарлама мүгедектік белгіленген мерзімге мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттіліктерін бағалау негізінде әзірленеді және ол уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен организм функцияларын қалыптастыруға, дамытуға, қалпына келтіруге және (немесе) организмнің бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларының орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтік, кәсіптік шаралар кешенін қамтиды.
2. Жеке бағдарламада уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адам мұқтаж техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің атаулары да қамтылады.
3. Мүгедектігі бар адамға жеке бағдарламаның іс-шаралары тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу үшін кепілдік берілген сома және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемі шегінде тегін және (немесе) өтеулі негізде көрсетіледі, оны төлеуге мүгедектігі бар адам немесе жұмыста мертігуіне немесе кәсіптік ауруға шалдығуына кінәлі жұмыс беруші қатысады.
2-параграф. Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту
158-бап. Мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары
1. Мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары - мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ акцияларының жүз пайызы мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мынадай шарттарға сәйкес келген жағдайда, осындай бірлестіктер мен ұйымдар:
мүгедектігі бар адамдардың орташа жылдық саны жұмыскерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құрайды;
мүгедектігі бар адамдарға еңбекақы төлеу шығыстары бір жылға еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құрайды.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар: