257-бап. Дауларды шешу
Осы Кодексті орындау бойынша жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар, Қор, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік корпорация арасында туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
21-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
258-бап. Негізгі ережелер
1. Қазақстан Республикасының мынадай салаларда:
мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау;
халықты жұмыспен қамту;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;
әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру салаларындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға және олардың сақталуын тексеруге бағытталған шаралар кешені әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау болып табылады.
2. Жеке тұлғалар және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
3. Берілген құзырет шеңберінде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды:
мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде әлеуметтік төлемдердің уақтылы және дұрыс тағайындалуы, Мемлекеттік корпорацияның алушыға әлеуметтік төлемдерді уақтылы және толық аударуы бөлігінде зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша - уәкілетті мемлекеттік орган;
мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау (жұмыс берушілердің міндеттері бөлігінде) және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша - мемлекеттік еңбек инспекциясы органдары;
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметтері бөлігінде зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган;
салық агенттері мен дара кәсіпкерлердің өзі үшін міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және (немесе) өсімпұлдарды есептеуді, ұстап қалуды және аударуды толық және уақтылы жүзеге асыруын бақылау бойынша мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы және бармай бақылау және жоспардан тыс тексеру нысанында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
259-бап. Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары, мемлекеттік еңбек инспекторлары, уәкілетті органдардың лауазымды адамдары жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларына:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік қорғау бас инспекторы - уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамы;
2) мемлекеттік әлеуметтік қорғау бас инспекторлары - уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдары;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік әлеуметтік қорғау бас инспекторы - уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған лауазымды адам;
4) мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары - уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған лауазымды адамдар жатады.
3. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес берілген бақылау функцияларын іске асырады.
4. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторына қызметтік міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
5. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының нұсқамаларын бақылау субъектілері орындауға міндетті.
260-бап. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 1-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген құқықтардан басқа:
1) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
2) тексеру субъектілерінен өздеріне жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті түсініктемелерді сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауға құқығы бар.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік әлеуметтік қорғау бас инспекторы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы тексеру нәтижелері негізінде бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою, олардың профилактикасы, оларды болғызбау, жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқама шығаруға құқылы.
3. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 3-тармағында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) тексеру нәтижелері бойынша уақтылы шаралар қабылдауға және әлеуметтік қорғау саласында бұзушылық фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген ден қою актілерін шығаруға;
2) әлеуметтік жұмыскер біліктілік талаптарына және арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, өздеріне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда әлеуметтік жұмыскерді жұмыстан уақытша шеттету туралы нұсқама шығаруға;
3) арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін фактілер анықталған жағдайда тексерілетін субъектінің лауазымды адамдары мен жұмыскерлерін жұмыстан уақытша шеттету туралы нұсқама шығаруға міндетті.
261-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға, сотқа шағым жасалуы мүмкін.
22-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
262-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған құқықтық қатынастар осы Кодекске сәйкес регламенттеледі.
2. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін айқындалған «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері осы Кодекстің 94-бабында көзделген мөлшерге сәйкес қайта есептелуге жатады.
3. Зейнетақы жинақтары зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру шеңберінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілген жеке тұлғалар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шоттары ашылған күннен бастап міндетті зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарға қосылған болып есептеледі.
Жинақтаушы зейнетақы қоры деп Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен лицензиясының қолданысы тоқтатылған, зейнетақы жарналарын және зейнетақы төлемдерін тарту жөніндегі қызметті жүзеге асырған заңды тұлға түсініледі.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы баптың 3-тармағына сәйкес зейнетақы жинақтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілген жеке тұлғалар алдындағы жинақтаушы зейнетақы қорларының барлық міндеттемелері бойынша құқықтық мирасқор болып табылады.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында атына жеке зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаның сұрау салуы бойынша, осы Кодекстің 55-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, осы баптың 3-тармағына сәйкес зейнетақы жинақтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған зейнетақы жинақтарының жинақтаушы зейнетақы қорында болу кезеңіндегі зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты төлемақы алмай ұсынады.
6. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) осы Кодекстің 27-бабы 2-тармағының бірінші абзацының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларды қоспағанда, төлеуші:»;
2) осы Кодекстің 256-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалардың төлемдерін қоспағанда, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық көлемде төленбеген сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе мерзімі өткен әрбір күн үшін (Қорға төленген күнді қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен төлеушінің аударуына жатады.»;
3) осы Кодекстің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу (есебіне жазу) және аудару, олар бойынша өндіріп алу, оларды сақтау және есепке алу, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, сондай-ақ шартты зейнетақы шоттарының құпиясы мәселелерін реттейтін нормаларының қолданысы тоқтатыла тұрсын.
7. Мыналардың:
1) осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 18) тармақшасы бірінші абзацының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, бұл абзац 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«18) әлеуметтік аударымдарды төлеуші (бұдан әрі - төлеуші) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші, дара кәсіпкер, соның ішінде шаруа және фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлға;»;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«18) әлеуметтік аударымдарды төлеуші (бұдан әрі - төлеуші) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші, дара кәсіпкер, соның ішінде шаруа және фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам.»;
2) осы Кодекстің 243-бабы 4) тармақшасының, 245-бабы 3-тармағының, 246-бабы 3-тармағының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
263-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Кодекстің 226-бабы 13-тармағының күші осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
3. Мыналар:
1) осы Кодекстің 17-бабы 1-тармағының 23), 24), 25), 26) тармақшалары, 78-бабы 2-тармағының төртінші және бесінші бөліктері, 85-бабы 1-тармағының бесінші және алтыншы бөліктері, 113-бабы 1-тармағының екінші бөлігі, 181-бабының 3-тармағы, 240-бабының 1-тармағының екінші және үшінші бөліктері, 243-бабының 5) тармақшасы, 244-бабының 2-тармағы, 245-бабының 4-тармағы, 246-бабының 4-тармағы, 248-бабы 9-тармағының 7) тармақшасы, 249-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады;
2) осы Кодекстің 35-бабы 2-тармағының 24) және 25) тармақшалары, 226-бабы 4-тармағының үшінші және төртінші абзацтары, 5-тармағы, 227-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшалары 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;
3) осы Кодекстің 138-бабының 5) тармақшасы, 142-бабының 2-тармағы, 156-бабы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;
4) осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 53) тармақшасы 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп белгіленсін.
4. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 40-баптың 5-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. Агенттер:
1) міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы есептеуге, ұстап қалуға (есептеуге) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге;
2) пайдасына міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын жеке тұлғалардың тізімдерін осы Кодекстің 255-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуға міндетті.»;
2) 122-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Шартты ақшалай көмек осы баптың 4-тармағында көрсетілген адамдарды (отбасыларды) қоспағанда, жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар табысы аз отбасыларға, оның ішінде қызметі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 213-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатыла тұрған дара кәсіпкерлер болып табылатын жеке тұлғаларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және (немесе) әлеуметтік бейімдеу қажеттілігі болған кезде көрсетіледі.».
3) 228-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры сақтандыру ұйымымен жасасқан зейнетақы аннуитеті шарты туралы мәліметтерді алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға міндетті.».
5. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 120-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегінің мөлшерін уәкілетті мемлекеттік орган статистика саласындағы мемлекеттік орган есептейтін халықтың медианалық кірісі негізінде мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты орташа есеппен жан басына шаққандағы пайыздық мәнде айқындайды.»;
2) 135-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған конкурстарға, стратегиялық әріптестікті іске асыруға Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырысқа, гранттарға және сыйлықақыларға қатысуға;»;
3) 136-бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«136-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі
1. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдардың тіркелімі - әлеуметтік қызметтер порталында өнім берушілер ретінде тіркелген ұйымдардың электрондық тізбесі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі - әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың электрондық тізімі.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың тіркелімі мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен ұйымдар мен мамандарды әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық нысанда есепке алу үшін қалыптастырылады.
3. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың тіркелімінде және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімінде қамтылған мәліметтер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар мен мамандардың келісімімен жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.»;
4) 139-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамға (отбасына) тұрғылықты жері бойынша Отбасының цифрлық картасының деректері негізінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға келісетіні туралы хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет арқылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін құжаттарды ресімдеуге жүгінген күн осы қызметті көрсетуге құжаттарды ресімдеуге келісім алған күн болып саналады.»;
6. 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 1-баптың 1-тармағының 75) және 79) тармақшалары мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«75) зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын жасына байланысты ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері;»;
«79) ең төмен зейнетақы мөлшері - осы Кодекстің 205-бабында көрсетілген адамдар үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері;»;
2) 202-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Қарттарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұрып жатқан және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі адамдарға жасына байланысты зейнетақы төлемдері:
1) егер осы нормаға сәйкес есептелген жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінен төмен болса, осы Кодекстің 210-бабының 6-тармағында көзделген көлемде;
2) осы Кодекстің 210-бабына сәйкес есептелген, жасына байланысты зейнетақы төлемдері мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінен кем емес көлемде жүргізіледі.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің тағайындалған мөлшерінің 70 пайызын аудару жеке банктік шотқа немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қолма-қол ақшаны бақылау шотына жүргізіледі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.»;
3) 210-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін талап етілетін еңбек өтілінен тыс жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғаяды, бірақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін кірістің 75 пайызынан аспайды.
Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің есептелген мөлшері толық көлемде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінен төмен болса, жасына байланысты зейнетақы төлемдері жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшерінде тағайындалады.»;
4) 216-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«6. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұрып жатқан және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері осы Кодекстің 213-бабына сәйкес тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жасына байланысты ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес мөлшерде жүргізіледі.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің тағайындалған мөлшерінің 70 пайызын аудару жеке банктік шотқа немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қолма-қол ақшаны бақылау шотына жүргізіледі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан шыққан жағдайда шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі толық көлемде қайта басталады.»;
5) 220-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарының сомасы осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жасына байланысты ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда бір рет төленеді.
7. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың:
1) «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының;
2) «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 5 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының;
3) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының;
4) «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының;
5) «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының;
6) «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының;
7) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының;
8) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының;
9) «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының;
10) «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 20 сәуір
№ 224-VІІ ҚРЗ