6. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) Қордың кінәсінан уақтылы алынбаған не толық алынбаған жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің сомалары әлеуметтік төлемдерді алу құқығы туындаған күннен бастап өткен уақыт үшін мерзімдері шектелместен төленеді.
78-бап. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері
1. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін еңбекке қабілетсіздік күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады және Қордың активтері есебінен төленеді.
2. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын он екіге бөлу жолымен айқындалады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.
Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңдері орташа айлық кіріс мөлшерінің есебінен алып тасталады және орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезеңі басталардың тура алдындағы басқа айлармен ауыстырылады.
2-тармақтың төртінші және бесінші бөліктері 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
Еңбекке қабілетсіздік күндері санының коэффициенті жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты еңбекке уақытша жарамдылық туралы парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу жолымен айқындалады.
3. Сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен, әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген әлеуметтік аударымдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін кейінгі жүгінуі кезінде есепке алынбайды.
4. Егер төлеуші уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын мерзімдерде және жағдайларда артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды қайтаруды жүзеге асырмаған болса, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомасы есепке алынбайды.
3-параграф. Бала туғанда берілетін жәрдемақы
79-бап. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны алу құқығы
1. Бала туғанда берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген және өзінің туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар шетелдіктерге бала туған күннен бастап беріледі.
2. Бала туғанда берілетін жәрдемақы жүгінген күннен бастап тағайындалады. Екі және одан көп бала туған кезде бала туғанда берілетін жәрдемақы әрбір балаға тағайындалады және төленеді.
3. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін жүгіну мерзімдері бала туған күннен бастап он сегіз айдан аспайды.
80-бап. Бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері
1. Бала туғанда берілетін жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен мынадай:
бірінші, екінші, үшінші балаға - 38,0 айлық есептік көрсеткіш;
төртінші және одан кейінгі балаларға - 63,0 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
2. Бала туғанда берілетін жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.
4-параграф. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы
81-бап. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алу құқығы
1. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетелдіктерге беріледі.
2. Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда, тірі туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар.
3. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамында ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар есепке алынбайды.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі балаларға тағайындалмайды.
4. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы:
1) баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап ол бір жарым жасқа толғанға дейінді қоса алғанда;
2) асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар адамдарға (отбасыларға) - соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншылық белгіленген күннен бастап ол бір жарым жасқа толғанға дейін;
3) қандастарға - бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.
5. Бір жарым жасқа толмаған екі және одан көп балаға күтім жасалған жағдайда, бала күтіміне байланысты жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленеді.
6. Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, төлемдер баланың қайтыс болған айына қоса жүргізіледі.
7. Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін жүгінген жағдайда, бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың қайтыс болған айына қоса тағайындалады.
8. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін жүгіну мерзімдері бала туған күннен бастап он сегіз айдан аспайды.
82-бап. Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының мөлшері
1. Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен ай сайын мынадай:
бірінші балаға - 5,76 айлық есептік көрсеткіш;
екінші балаға - 6,81 айлық есептік көрсеткіш;
үшінші балаға - 7,85 айлық есептік көрсеткіш;
төртінші және одан кейінгі балаларға - 8,90 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
2. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.
83-бап. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
1. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу мынадай мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады:
1) алушының банктік шоты бойынша үш және одан көп ай бойы шығыс операцияларының болмауы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу ол тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
2) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен және бала бір жарым жасқа толғанға дейін кері оралған, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушыға Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұруға келген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
3) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушының сот бас бостандығынан айыру түрінде тағайындаған қылмыстық жазаны өтеуі туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың (балалардың) заңды өкіліне осы жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындалған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін төленеді;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемі ұсынылатын адамды қоспағанда, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұратыны және мемлекеттің толық қамтамасыз етуінде болуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу оны алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан шығарылған күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушыға қатысты хабарсыз кеткен адамдарды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін растайтын құжаттың немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің болуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың (балалардың) заңды өкіліне осы жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындалған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін төленеді;
6) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушыда шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжаттың немесе қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өтуі туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжат немесе қандас куәлігі берілген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
7) алушының қайтыс болғанын растайтын құжаттың болуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың (балалардың) заңды өкіліне осы жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындалған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін жүргізіледі.
2. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу ақпараттық жүйелерден алынған, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлардың аяқталғанын растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.
3. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеуді тоқтатуға:
1) баланың қайтыс болуы;
2) баланы мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне беру;
3) өтініш берушінің бала күтіміне байланысты жәрдемақыны заңсыз тағайындауға алып келген анық емес мәліметтерді ұсынуы;
4) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушыға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталуы;
5) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе ата-ана құқықтарын шектеу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою, қорғаншыларды өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету негіз болып табылады.
Бала (балалар) қайтыс болған жағдайда бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң тоқтатылады.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу осы тармақтың 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
5-параграф. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем
84-бап. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы
1. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем осы әлеуметтік төлемді алуға құқығы бар және қоса алғанда бала (балалар) бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасауды жүзеге асыратын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады
Бұл ретте, егер балаға күтімді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірнеше қатысушы жасаса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем көрсетілген адамдардың біреуіне ғана тағайындалады.
Екі және одан көп бала туған кезде бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап, баланы (балаларды) асырап алған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, бір жарым жасқа дейінгі балаға қорғаншылық тағайындалған жағдайларда, соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншы тағайындалған күннен бастап туындайды.
3. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау кезінде отбасы құрамында ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балаларды қоспағанда, тірі туған, асырап алған, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар, сондай-ақ қорғаншылыққа алынған балалар ескеріледі.
Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау кезеңінде отбасының құрамында ескерілмеген бала (балалар) анықталған жағдайда, Қор уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен балалардың жалпы санын ескере отырып, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшерін қайта есептеу туралы шешім қабылдайды.
4. Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін жүгінген жағдайда, әлеуметтік төлем баланың қайтыс болған айына қоса тағайындалады.
5. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау, сондай-ақ қайта есептеу үшін жүгіну мерзімдері бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған күннен бастап он сегіз айдан аспайды.
6. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау үшін жүгінген күннен кейін Қорға оны есептеуге қабылданған кезең үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, алушыға бала күтіміне байланысты тағайындалған әлеуметтік төлемнің мөлшері қайта есептелмейді.
7. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) Қордың кінәсінан уақтылы алынбаған не толық алынбаған бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің сомалары әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған күннен бастап өткен уақыт үшін мерзім шектелместен төленеді.
8. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі балаларға тағайындалмайды.
85-бап. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері
1. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін кірісті алмастыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады және ай сайын Қордың активтері есебінен төленеді.
Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын жиырма төртке бөлу жолымен айқындалады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.
Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңдері орташа айлық кіріс мөлшерінің есебінен алып тасталады және орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезеңі басталардың тура алдындағы басқа айлармен ауыстырылады.
1-тармақтың бесінші және алтыншы бөліктері 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
Кірісті ауыстыру коэффициенті 0,40-ті құрайды.
2. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері осы Кодекстің 76-бабына сәйкес ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, осы Кодекстің 82-бабына сәйкес бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды.
Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемге құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40 пайызынан аспауға тиіс.
3. Сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен, әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген әлеуметтік аударымдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау үшін кейінгі жүгінуі кезінде есепке алынбайды.
4. Егер төлеуші уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын мерзімде және жағдайларда артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды қайтаруды жүзеге асырмаған болса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу кезінде артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомасы есепке алынбайды.
86-бап. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
1. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем мынадай мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады:
1) алушының банктік шоты бойынша үш және одан көп ай бойы шығыс операцияларының болмауы туралы мәлімет. Бұл ретте әлеуметтік төлем ол тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
2) әлеуметтік төлемді алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем кері оралған алушыға:
кеткен елінде төлем алынбаған жағдайда - төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап;
кеткен елінде төлем алынған жағдайда - кеткен елінде төлем тоқтатылған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап қайта басталады;
3) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушының сот бас бостандығынан айыру түрінде тағайындаған қылмыстық жазаны өтеуі туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем баланың (балалардың) заңды өкіліне осы төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындалған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен кейін жүргізіледі;
4) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өтуі туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат, қандас куәлігі берілген күннен бастап қайта басталады;
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушыға қатысты хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін растайтын құжаттың немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің болуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем баланың (балалардың) заңды өкіліне төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындаған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен кейін жүргізіледі;
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушы болып табылатын хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының тоқтатылуын немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісінің күшіне енгенін растайтын құжаттың болуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем баланың (балалардың) заңды өкіліне не қорғаншы болып тағайындалған адамға төлем тоқтатыла тұрған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап қайта басталады;
7) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап қайта басталады;
8) өтініш берушінің бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшерін негізсіз айқындауға алып келген анық емес мәліметтерді ұсынуы туралы мәлімет. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күнінен бастап осы Кодекске сәйкес айқындалған мөлшерде қайта басталады.
2. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем төмендегі жағдайлар туындаған ай өткен соң тоқтатыла тұрады:
1) бала (балалар) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне берілген жағдай. Бұл ретте бала (балалар) отбасына берілген күннен бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем қайта басталады;
2) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда ата-ананың ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген жағдай. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем баланың (балалардың) заңды өкіліне осы төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындалған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен кейін жүргізіледі. Ата-ана құқықтары қалпына келтірілген кезде бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем соттың ата-ана құқықтарын қалпына келтіру немесе ата-ана құқықтарын шектеудің күшін жою туралы шешімі күшіне енген күннен бастап қайта басталады;
3) қорғаншылар Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда өз міндеттерін атқарудан босатылған немесе шеттетілген жағдай. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем қорғаншы болып тағайындалған адамға немесе қорғаншы мәртебесі қалпына келтірілген адамға әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап жүргізіледі;
4) алушы қайтыс болған (соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі күшіне енген) жағдай. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем баланың (балалардың) заңды өкіліне осы төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап не қорғаншы болып тағайындалған адамға қорғаншылық белгіленген күннен бастап, бірақ әлеуметтік төлемді тоқтата тұрған күннен кейін жүргізіледі.
3. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем осы төлемді алу құқығы сақталған жағдайда, бала бір жарым жасқа толғанға дейін ақпараттық жүйелерден алынған, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлардың аяқталғанын растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.
4. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем мынадай негіздер бойынша:
1) бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң;
2) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда, бала асырап алу туралы шешім жарамсыз деп танылған немесе оның күші жойылған ай өткен соң;
3) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушының бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беруіне байланысты тоқтатылады. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем өтініш берілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады;
4) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушының бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешім қабылдауға негіз болған анық емес құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем ол тағайындалған күннен бастап тоқтатылады.