2. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсатында белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беру:
1) осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған белгіленіп отырған қызмет мен объектілер үшін, онда көрсетілген сандық шекті мәндерді (олар болған кезде) ескере отырып;
2) осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған, өздеріне қатысты бұрын қоршаған ортаға әсеріне міндетті бағалауды жүргізу қажет емес екені туралы тұжырыммен қоса, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізілген қызмет түрлеріне және (немесе) объектілердің қызметіне елеулі өзгерістер енгізу кезінде міндетті болып табылады.
Мұндай қызметті белгіленіп отырған қызметтің әсерлеріне скринингтен өтпей жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 68-бабының 5 - 11-тармақтарына, осы бапқа және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырады.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне скрининг жүргізу мерзімі белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда тіркелген күннен бастап жиырма екі жұмыс күнін құрайды.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне скрининг жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 68-бабының 9-тармағына сәйкес қарауға келіп түскен барлық ескертпе мен ұсынысты назарға алады.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытынды шығарады және екі жұмыс күні ішінде оның көшірмелерін ресми интернет-ресурста кейіннен орналастыра отырып, оны бастамашыға және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
7. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу қажет немесе қажет емес екені туралы тұжырымдар және олардың уәжді негіздемесі қамтылуға тиіс.
8. Егер белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу қажет екені туралы тұжырым жасалса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган скрининг нәтижелері туралы қорытындымен бірге бастамашыға осы Кодекстің 71-бабына сәйкес дайындалған қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыны жібереді.
9. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште белгіленіп отырған қызметті іске асырудың балама нұсқалары болған кезде, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда әрбір нұсқа бойынша жеке тұжырым жасалады.
10. Жеке және заңды тұлғалар белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
70-бап. Қоршаған ортаға елеулі әсер етудің өлшемшарттары
1. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде белгіленіп отырған қызметті және оның қоршаған ортаға ықтимал әсер етуінің елеулілігін сипаттайтын мынадай өлшемшарттар:
1) мыналар:
белгіленіп отырған қызметтің түрі мен ауқымы (өндіріс көлемі, қуаты және өздеріне қатысты осы Кодекске 1-қосымшаның 1-бөлімінде сандық шекті мәндер көзделген өзге де көрсеткіштер);
болжанатын объект орналастырылатын ауданда оның әсер етуін басқа белгілі (іске асырылған, жобаланатын, белгіленіп отырған) қызметтің әсер етуімен кумуляциялау;
пайдаланылатын табиғи ресурстардың түрлері мен саны,
түзілетін қалдықтардың түрлері мен саны,
қоршаған ортаның ластану және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілу қатерінің деңгейі,
Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының ережелерін ескере отырып, төтенше жағдайдың және (немесе) аварияның туындау қатерінің деңгейі;
биоәртүрлілікті жоғалту қаупінің деңгейі ескеріле отырып, белгіленіп отырған қызметтің параметрлері;
2) мыналар:
тиісті жерлердің ағымдағы нысаналы мақсаты және орнықты жер пайдалануды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары;
қатысы бар аумақтағы табиғи ресурстардың салыстырмалы өкілдігі, саны, сапасы және табиғи регенерациялауға қабілеті;
ландшафтың экологиялық орнықтылығының аумақтық жүйесіне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, экологиялық «дәліздерге» және жабайы жануарлардың миграция жолдарына, ландшафтың маңызды элементтеріне, тарихи-мәдени мұра объектілеріне, тарихи, мәдени немесе археологиялық маңызы бар аумақтарға, халық тығыз қоныстанған аумақтар мен жол берілетін шектен тыс жүктемені (бұрынғы жүктемені қоса алғанда) бастан кешіп отырған аумақтарға ерекше назар аудара отырып, табиғи ортаның жүктемені көтере алу қабілеті ескеріле отырып, қатысы бар аумақтың параметрлері;
3) әсер ету көлемін (аумақ пен халық саны), оның трансшекаралық сипатын (оның мемлекет шекарасынан тыс жерге таралуы тұрғысынан), мөлшерлерін, күрделілігін, ықтималдығын, ұзақтығы мен жиілігін, сондай-ақ салдарлардың қайтымдылығын (қоршаған ортаның немесе оның жеке объектісін бастапқы жағдайға жақын күйге дейінгі қалпына келтіру мүмкіндігі) ескере отырып, белгіленіп отырған қызметтің адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға әсер етуінің әлеуетті маңыздылығы қаралады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген өлшемшарттарды қарау экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
71-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау мақсаты қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында жинақталуға және зерттелуге тиіс ақпараттың тәптіштелу дәрежесін және түрлерін, зерттеу әдістерін және мұндай ақпаратты ықтимал әсер ету туралы есепте беру тәртібін айқындау болып табылады.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш тіркелген күннен бастап жиырма екі жұмыс күні ішінде, бірақ осы Кодекстің 68-бабы 9-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткеннен кейін осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер етуі міндетті бағалануға жататын қызметке қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың осы Кодекстің 68-бабының 9-тармағына сәйкес қарауға келіп түскен ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште қамтылған мәліметтердің негізінде қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытынды шығарады және оның көшірмелерін ресми интернет-ресурста орналастыра отырып, осындай қорытындыны бастамашыға жібереді.
3. Қамту саласын айқындау кезінде заманауи білім деңгейі, озық зерттеу әдістері, тиісті экономика саласындағы қазір бар техникалық мүмкіндіктер және қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректердің болуы ескерілуге тиіс.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыға қоршаған ортаға ықтимал әсерлердің түрін, оқшаулануын, сипаты мен ауқымын, сондай-ақ осы Кодекстің 68-бабының 10-тармағына сәйкес хаттамаға енгізілген мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып:
1) белгіленіп отырған қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің және оны жүзеге асырудың қоршаған ортаға әсерді бағалауды орындау кезінде зерделенуі тиіс балама нұсқаларына;
2) тәптіштелген зерделеуді талап ететін әсер ету түрлеріне және әсер ету объектілеріне;
3) әсерді бағалау саласына және оның әдістеріне қатысты ықтимал әсер ету туралы есепке қойылатын талаптар енгізілуі мүмкін.
72-бап. Ықтимал әсер ету туралы есеп
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкес бастамашы белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауға қажетті іс-шараларды өткізуді және олардың нәтижелері бойынша ықтимал әсер ету туралы есеп дайындауды қамтамасыз етеді.
2. Ықтимал әсер ету туралы есепті дайындауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар (бұдан әрі - ықтимал әсер ету туралы есепті жасаушылар) жүзеге асырады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау және ықтимал әсер ету туралы есеп жобасын дайындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды бастамашы өз есебінен қамтамасыз етеді.
4. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасында қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындының мазмұны ескеріле отырып:
1) өзіне қатысты есеп жасалған белгіленіп отырған қызметті сипаттау, оған қоса:
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнын сипаттау, оның геоақпараттық жүйеге сәйкес айқындалған, векторлық файлдары бар координаттары, сондай-ақ есеп жасалған кезде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнындағы қоршаған ортаның жай-күйін сипаттау;
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға қажетті объектілерді салу және пайдалану барысында жер санаты және жер пайдалану мақсаттары туралы ақпарат;
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға қажетті объектілердің қуатын, габариттерін (алып жатқан жерлердің ауданы, биіктігі) қоса алғанда, олардың көрсеткіштері туралы ақпарат, өндірістік процесс туралы, оның ішінде кәсіпорынның күтілетін өнімділігі, оның энергияға, табиғи ресурстарға, шикізат пен материалдарға деген қажеттілігі туралы мәліметтер;
қазіргі бар ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды, жабдықтарды кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарды және егер бұл жұмыстар белгіленіп отырған қызметті іске асыру мақсаттары үшін қажет болса, оларды орындау тәсілдерін сипаттау;
қаралып отырған қызметті жүзеге асыру үшін объектілерді салуға және пайдалануға байланысты қоршаған ортаға эмиссиялардың күтілетін түрлері, сипаттамалары мен саны, суға, атмосфералық ауаға, топыраққа, жер қойнауына әсер етуді, сондай-ақ дірілді, шулы, электромагниттік, жылулық және радиациялық әсер етуді қоса алғанда, қоршаған ортаға өзге де жағымсыз антропогендік әсерлер туралы ақпарат;
белгіленіп отырған қызмет шеңберінде объектілерді салу және пайдалану барысында түзілетін қалдықтардың, оның ішінде қазіргі бар ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды, жабдықтарды кейіннен кәдеге жаратуды жүзеге асыру нәтижесінде түзілетін қалдықтардың күтілетін түрлері, сипаттамалары және саны туралы ақпарат;
2) белгіленіп отырған қызметтің ерекшеліктері мен оның қоршаған ортаға ықтимал әсер етуін ескере отырып, оны жүзеге асырудың ықтимал нұсқаларын сипаттау, оған қоса:
белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы оны қолдану үшін таңдаған нұсқа, оны таңдауды негіздеу, басқа ықтимал ұтымды нұсқаларды, оның ішінде адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан неғұрлым қолайлы ұтымды нұсқаны сипаттау;
3) белгіленіп отырған қызметтің елеулі әсер етуіне ұшырауы мүмкін табиғи ортаның құрамдастары және өзге де объектілер туралы ақпарат, оған қоса адамдардың өмірі және (немесе) денсаулығы, олардың тұру және қызмет ету жағдайлары, биоәртүрлілік (оның ішінде өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі, генетикалық ресурстар, өсімдіктер мен жабайы жануарлардың табиғи ареалдары, жабайы жануарлардың миграция жолдары, экожүйелер), жер (оның ішінде жерді алып қою), топырақ (оның ішінде органикалық құрам, эрозия, нығыздалу, өзге де тозу нысандары), сулар (оның ішінде судың гидроморфологиялық өзгерістері, мөлшері мен сапасы), атмосфералық ауа, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жүйелердің климаттың өзгеруіне қарсы тұруы, материалдық активтер, тарихи-мәдени мұра объектілері (оның ішінде сәулет және археологиялық), ландшафтар, сондай-ақ көрсетілген объектілердің өзара іс-қимылы;
4) белгіленіп отырған қызметтің осы тармақтың 3) тармақшасында санамаланған объектілерге мыналардың:
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға, оның ішінде қазіргі бар объектілерге кейіннен кәдеге жарату бойынша жұмыстарды жүргізу қажет болған жағдайларда, оларға арналған объектілерді салу мен пайдаланудың;
табиғи және генетикалық ресурстарды (оның ішінде осы ресурстардың болуына және олардың орналасқан жеріне қарай жерді, жер қойнауын, топырақты, суды, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінің объектілерін, жабайы жануарлардың миграция жолдарын) пайдаланудың;
қоршаған ортаға эмиссиялар, қалдықтардың жинақталуы және оларды көмудің;
қолданыстағы және жоспарланған өндірістік және өзге де объектілерден кумулятивтік әсер етудің;
белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру процесінде техникалық-технологиялық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және өзге де жобалық шешімдерді, оның ішінде осы Кодексте көзделген жағдайларда - оларды қолданудың тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың нәтижесінде туындайтын ықтимал елеулі (тікелей және жанама, кумулятивтік, трансшекаралық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, оң және жағымсыз) әсер етуді сипаттау;
5) қоршаған ортаға эмиссиялардың, физикалық әсер етудің шекті сандық және сапалық көрсеткіштерін негіздеу;
6) қалдықтардың түрлері бойынша олардың жинақталуының шекті санын негіздеу;
7) егер белгіленіп отырған қызмет шеңберінде қалдықтарды көму көзделсе, қалдықтарды түрлері бойынша көмудің шекті көлемдерін негіздеу;
8) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру шеңберінде тиісінше белгіленіп отырған қызметке және оны жүзеге асырудың болжамды орнына тән авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау ықтималдығын айқындау туралы ақпарат, оларды болғызбау және жою жөнінде іс-шаралар жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, авариялар мен қауіпті табиғат құбылыстарының туындау тәуекелдеріне байланысты қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз әсер етуді сипаттау;
9) объектіні салу және пайдалану кезеңдері үшін көзделетін, белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға анықталған елеулі әсер етуін болғызбау, қысқарту, жеңілдету жөніндегі шараларды, оның ішінде қалдықтарды басқару бойынша ұсынылатын іс-шараларды, сондай-ақ ықтимал елеулі әсерді бағалауда беймәлімділік болған кезде, әсер етудің мониторингі (оған қоса белгіленіп отырған қызметті іске асырғаннан кейін іс жүзінде әсер етуге ықтимал әсер ету туралы есепте келтірілген ақпаратпен салыстырып жобадан кейінгі талдау жүргізу қажеттігі) бойынша ұсынылатын шараларды сипаттау;
10) қоршаған ортаға ықтимал қайтымсыз әсерді бағалау және осындай әсер етуге алып келетін операцияларды орындау қажеттігін негіздеу, оның ішінде қайтымсыз әсер етуден болатын ысыраптар мен осы ысыраптарды тудыратын операциялардан түсетін пайданы экологиялық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда салыстырып талдау;
11) белгіленіп отырған қызмет тоқтатылатын жағдайда оны жүзеге асырудың бастапқы сатысында айқындалған қоршаған ортаны қалпына келтіру тәсілдері мен шаралары;
12) қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту саласын айқындау туралы қорытындыда көрсетілген өзге де талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды сипаттау;
13) зерттеулердің әдіснамасын сипаттау және ықтимал әсер ету туралы есепті жасау кезінде пайдаланылған экологиялық ақпарат көздері туралы мәліметтер;
14) зерттеулер жүргізу кезінде туындаған және техникалық мүмкіндіктердің болмауына және заманауи ғылыми білімнің жеткіліксіз деңгейіне байланысты қиындықтарды сипаттау;
15) мүдделі жұртшылықтың қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысуына байланысты оған хабарлау мақсатында осы тармақтың 1) - 12) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қорыта отырып, қысқаша техникалық емес түйіндеме қамтылуға тиіс.
5. Ықтимал әсер ету туралы есепте қамтылған мәліметтер ақпараттың сапасы жөніндегі талаптарға сәйкес болуға, оның ішінде анық, дәл, толық және өзекті болуға тиіс. Ықтимал әсер ету туралы есептерде қамтылған ақпарат, осы баптың 8-тармағында көрсетілген ақпаратты қоспағанда, жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.
6. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытынды шығарған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылуға тиіс. Бастамашы көрсетілген мерзімді өткізіп алған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға әсерді бағалау процесін тоқтатады, бастамашыға ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қайтарады және оған белгіленіп отырған қызмет туралы жаңа өтініш беру қажеттігі туралы хабарлайды.
7. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын әзірлеу аяқталғаннан кейін ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының бастамашысы немесе бастамашымен шарт бойынша әрекет ететін құрастырушысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға:
1) ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының сапасына бағалау жүргізу және мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын, қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерін және осы Кодекстің 73-бабының 19-тармағында көзделген жағдайда сараптама комиссиясының хаттамасын ескере отырып, оны пысықтау қажеттігін айқындау мақсатында осы есептің жобасын;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарымен келісілген қоғамдық тыңдауларды өткізу орындары, күндері мен басталу уақыты көрсетілген ілеспе хатты немесе осы Кодекстің 73-бабына сәйкес өткізілген тиісті қоғамдық тыңдаулардың қол қойылған хаттамасын;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3) есепте коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болған кезде осы баптың 8-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды жібереді.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Есепте коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болған кезде ықтимал әсер ету туралы есептің бастамашысы немесе бастамашымен шарт бойынша әрекет ететін құрастырушысы осы баптың 7-тармағына сәйкес оның сапасын бағалау мақсаты үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе осы Кодекстің 73-бабына сәйкес қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру мақсаты үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына ұсынылатын ықтимал әсер ету туралы есептің жобасымен бірге:
1) ықтимал әсер ету туралы есептің жобасында жария етілуге жатпайтын нақты ақпаратқа нұсқау және көрсетілген ақпараттың қандай заңмен қорғалатын құпияға жататынын түсіндіру берілуге тиіс өтінішті;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының тиісті ақпарат алып тасталуға және «Құпия ақпарат» мәтініне ауыстырылуға тиіс екінші көшірмесін ұсынады.
Бұл ретте жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсатында тиісінше қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары жұртшылықтың осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген ықтимал әсер ету туралы есептің көшірмесіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге тиіс.
Ықтимал әсер ету туралы есепте көрсетілген қоршаған ортаға эмиссиялардың, физикалық әсер етудің сандық және сапалық көрсеткіштері туралы, сондай-ақ түзілетін, жинақталатын және көмілуге тиіс қалдықтар туралы ақпарат коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпия деп танылмауға тиіс.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары бастамашы көрсеткен ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын жіберген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдар ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына өз ескертпелері мен ұсыныстарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жазбаша нысанда (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде мүдделі мемлекеттік органдардан алынған жазбаша нысандағы (қағаз немесе электрондық жеткізгіштердегі) ескертпелер мен ұсыныстарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында осы Кодекстің 76-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері жөніндегі қорытындымен бірге орналастырылатын жиынтық кестеге енгізеді.
73-бап. Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына қатысты қоғамдық тыңдаулар
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бастамашы ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оның сапасына бағалау жүргізуді бастағанға дейін немесе жүргізу процесінде қоғамдық тыңдауларға шығаруға тиіс. Қоғамдық тыңдаулар осы бапқа және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына (бұдан әрі - қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары) сәйкес өткізіледі.
Қоғамдық тыңдаулар ықтимал әсер ету туралы есеп жобасының сапасына бағалау жүргізу процесі басталғанға дейін аяқталған жағдайда, мұндай жоба қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберілуге тиіс.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бастамашы қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру мақсатында:
1) қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарымен қоғамдық тыңдауларды өткізу орнын, күні мен уақытын келіседі;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына ресми интернет-ресурстарда орналастыру үшін:
ықтимал әсер ету туралы есептің жобасын;
есепте коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болған кезде осы Кодекстің 72-бабы 8-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды;