Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарға қолданылмайды.
5. Осы баптың 3-тармағында санамаланған Құжаттарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде, егер Құжаттардың әсеріне скринингтің нәтижелері бойынша мұндай өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің қажет емес екені белгіленсе, стратегиялық экологиялық бақылау жүргізілмейді.
6. Мыналар:
1) қаржы және бюджет салаларындағы құжаттар;
2) жалғыз мақсаты қорғанысты, ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету болып табылатын құжаттар міндетті стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуді талап етпейді.
53-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау сатылары
Стратегиялық экологиялық бағалау мынадай сатылардан тұрады:
1) осы Кодексте белгіленген өлшемшарттар негізінде, оның ішінде осы Кодексте көзделген жағдайларда - Құжаттың әсеріне скринингтің нәтижелері бойынша стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігін айқындау;
2) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындау;
4) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын бағалау;
5) Құжаттың жобасы бекітілгенге дейін оны стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке сәйкестігі тұрғысынан қарау;
6) Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсер етуінің мониторингі.
54-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуге жауапты субъектілер
1. Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты болады.
2. Құжаттарды әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкес жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын және мүдделі жұртшылықтың Құжатты әзірлеу мен бекітудің барлық кезеңінде қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға қатысу құқығын қамтамасыз етуге қатысады.
3. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындауды, стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу процесінде өзге жұмыстарды орындау мен өзге қызметтерді көрсетуді әзірлеуші мемлекеттік орган дербес өзі және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сыртқы сарапшыларды тарту арқылы қамтамасыз етеді.
55-бап. Құжаттардың әсеріне скрининг
1. Құжаттардың әсеріне скрининг осы баптың 3-тармағында белгіленген өлшемшарттар негізінде стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажет немесе қажет емес екенін айқындау мақсатында жүзеге асырылатын, Құжаттарды іске асыру кезінде қоршаған ортаға әлеуетті елеулі әсер етуін анықтау процесін білдіреді.
2. Құжаттардың әсеріне скрининг жүргізу осы Кодекстің 52-бабы 4 немесе 5-тармағының қолданылу аясына жататын барлық Құжат үшін міндетті.
3. Құжаттың әсеріне скрининг мынадай өлшемшарттардың негізінде жүргізіледі:
1) қоршаған ортаға әсер етуге байланысты тәуекелдерді ескеру және Құжаттың орнықты дамуға жәрдемдесу мақсаттарына сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігі тұрғысынан Құжаттың өзектілігі;
2) қызмет орны, түрі, ауқымдары, жағдайлары, табиғи ресурстар мен оларды пайдалану жағдайларының бар-жоғы ескеріле отырып, Құжат белгілейтін қызмет түрлерін іске асыру мүмкіндіктері;
3) мұндай Құжаттың өзге де Құжаттарды іске асыруға әсер ету дәрежесі;
4) Құжаттарды іске асыру кезінде, оның ішінде халықтың денсаулығына әсер ету тұрғысынан экологиялық тәуекелдер;
5) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын және халықаралық міндеттемелерін орындау тұрғысынан Құжаттың өзектілігі;
6) салдарлардың ықтималдығы, ұзақтығы, жиілігі және қайтымдылығы, салдарлардың шоғырланушылық сипаты, әсер етудің шамасы және кеңістіктікте созылуы (географиялық ауданы және оған қатысы бар халықтың саны) сияқты Құжатты іске асырудың экологиялық салдарларының ерекшеліктері;
7) Құжатты іске асыру кезендегі салдарлардың трансшекаралық сипаты;
8) Құжатты іске асырудың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желі элементтері, сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің табиғи ареалдары, тарихи-мәдени мұра объектілері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер үшін ықтимал салдарларының дәрежесі мен сипаты;
9) Құжаттың өзіне қатысты бұрын стратегиялық экологиялық бағалау жүргізілмеген не жүргізілсе де Құжатты іске асырудың барлық ықтимал экологиялық салдарларын жеткілікті түрде зерделеу қамтамасыз етілмеген ықтимал экологиялық салдарларын бағалау қажеттігі;
10) Құжатқа ұсынылатын, өзіне қатысты бұрын стратегиялық экологиялық бағалау жүргізілген өзгерістердің сипаты.
4. Құжаттардың әсеріне скрининг жүргізуді Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган Құжатты әзірлеудің бастапқы сатысында ұйымдастырады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжаттардың әсеріне скринингті:
1) осы Кодекстің 59 және 60-баптарында белгіленген тәртіппен және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес мүдделі жұртшылықтан және мүдделі мемлекеттік органдардан алынған ескертпелер мен ұсыныстарды;
2) осы Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз болған кезде трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу қажеттігін ескере отырып жүргізеді.
6. Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган Құжаттың әсеріне скринингке бастама жасау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мына құжаттарды:
1) Құжатты іске асырудың негізгі бағыттары мен мерзімдері туралы ақпарат қамтылған оның жобасын;
2) Құжатты іске асыру жоспарланатын аумақтың сипаттамасын;
3) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға, адамның өміріне және (немесе) денсаулығына әлеуетті әсер етуінің жалпы сипаттамасын жібереді.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттар алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оларды ресми интернет-ресурста орналастырады және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 59-бабына сәйкес мүдделі органдар ретінде айқындаған барлық мемлекеттік органға бұл туралы хабарлайды, ал әзірлеуші мемлекеттік орган осы мерзімде мүдделі жұртшылыққа бұл туралы осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен хабарлайды.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган алынған құжаттарды осы баптың 3-тармағында анықталған өлшемшарттар негізінде және мүдделі мемлекеттік органдардан және жұртшылықтан келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып қарайды, стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екені туралы қорытынды (бұдан әрі - Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытынды) дайындайды.
Егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжатты іске асырудың ықтимал экологиялық салдарларының елеулі емес екені туралы тұжырымға келсе, Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда осындай Құжатқа стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің қажет емес екені туралы тұжырым көрсетіледі.
Егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжатты іске асырудың ықтимал елеулі экологиялық салдарлары туралы тұжырымға келсе, Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда осындай Құжатқа стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігі туралы тұжырым көрсетіледі.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 10-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, әзірлеуші мемлекеттік органға Құжаттың әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыны жібереді және мұндай қорытындының көшірмесін ресми интернет-ресурста орналастырады.
10. Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу мерзімі осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган алған күнінен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.
56-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау
1. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау барысында Құжаттың сипаты мен мазмұнын негізге ала отырып, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке енгізілуге жататын ақпараттың көлемі мен тәптіштелу дәрежесі белгіленеді.
Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау:
1) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға, адамның өміріне және (немесе) денсаулығына әлеуетті әсер ету ауқымдарын айқындау;
2) Құжатқа енгізілуі мүмкін негізделген және іс жүзінде қолданылатын балама шешімдерді, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан ең үздік шешімдерді айқындау;
3) жұртшылыққа жоспарланатын Құжат, оған енгізілуі мүмкін ықтимал балама шешімдер және оны іске асырудан күтілетін нәтижелер туралы хабарлау;
4) нақты Құжатқа қатысты мүдделі жұртшылықты айқындау;
5) әзірлеуші мемлекеттік органды стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындауға арналған шығындарды негіздеуге қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
6) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу барысында алынуы қажетті бастапқы деректер мен басқа ақпараттың шеңберін айқындау;
7) жоспарланатын Құжаттың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қорғалуға жататын және жергілікті, ұлттық немесе халықаралық маңызы бар өзге де аумақтар мен объектілерге елеулі әсер етуін анықтау;
8) жоспарланатын Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ету ықтималдығын айқындау;
9) қоршаған ортаны қорғау саласында, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге байланысты, Құжатқа қатынасы бар және халықаралық, ұлттық және (немесе) жергілікті деңгейлерде белгіленген мақсаттарды анықтау мақсатында жүргізіледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 59 және 60-баптарына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдардан және жұртшылықтан алынған ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындауды жүргізеді.
3. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау тәртібі экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау нәтижелерін қорытынды (бұдан әрі - стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау туралы қорытынды) түрінде ресімдейді.
57-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп
1. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепте Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуі, сондай-ақ онда ұсынылған шешімдердің ақылға қонымды баламалары Құжаттың мақсаттары және географиялық қамтуы ескеріле отырып айқындалады, сипатталады және бағаланады.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің мазмұны стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкес келуге тиіс.
3. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп осы баптың 4-тармағында көрсетілген, заманауи білімдердің және бағалау әдістерінің деңгейіне, Құжаттың мазмұны мен тәптіштелу дәрежесіне сәйкес келетін ақпаратты қамтуға тиіс.
4. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепте:
1) Құжаттың мазмұнының, негізгі мақсаттарының қысқаша баяндалуы және оның басқа Құжаттармен байланысы;
2) қоршаған ортаның ағымдағы сапасын бағалау және оның Құжатты қабылдаудан бас тартқан жағдайда ықтимал өзгеруі;
3) Құжатты іске асыру елеулі дәрежеде қозғауы мүмкін аумақтардағы қоршаған ортаның сапасын бағалау;
4) қазіргі бар экологиялық проблемалар, Құжатты іске асыру кезінде, оның ішінде қоршаған орта сапасының халықтың денсаулығына әсер етуі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға әсер етуі тұрғысынан олардың тереңдеп кету немесе жаңа экологиялық проблемалардың пайда болу тәуекелі;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге байланысты, Құжатқа қатысы бар, халықаралық, ұлттық және (немесе) жергілікті деңгейлерде белгіленген мақсаттар, сондай-ақ Құжатты әзірлеу процесінде осы мақсаттарды және қоршаған ортаны қорғауға байланысты басқа да мәселелерді ескеру тәртібі;
6) Құжатты іске асырудың жанама, кумулятивтік, қысқа мерзімді, орташа мерзімді және ұзақ мерзімді, тұрақты және уақытша, оң және теріс салдарларды қоса алғанда, ықтимал елеулі экологиялық салдарларының сипаты;
7) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға кез келген елеулі жағымсыз әсер етуін болғызбау, азайту, орнын толтыру жөніндегі шаралар;
8) стратегиялық экологиялық бағалау барысында қаралған балама нұсқалардың арасынан Құжатта қабылданған шешімдерді таңдау негіздемесі және бағалау жүргізу процесін, оның ішінде бағалау процесінде қажетті әдістемелердің жоқтығына немесе білімде олқылықтардың болуына, ақпараттың немесе техникалық құралдардың жетіспеуіне байланысты кез келген қиындықтарды сипаттау;
9) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер ету мониторингінің бағдарламасы, онда оны жүргізу бойынша нақты шаралардың сипаттамасы;
10) Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсер етудің (олар болған кезде), мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың, оның ішінде трансшекаралық әсерді бағалау барысында алынған ескертпелер мен ұсыныстардың сипаттамасы;
11) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің осы тармақтың 1) - 10) тармақшалары бойынша қысқаша және қорытылған тұжырымдарды қамтитын және жұртшылықтың түсінуіне қолжетімді нысанда ұсынылған түйіндемесі қамтылуға тиіс.
5. Құжатты әзірлеу шеңберінде әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындауды, оның ішінде қажет болған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сыртқы сарапшыларды тарта отырып қамтамасыз етеді.
6. Әзірлеуші мемлекеттік орган сапаны бағалау үшін стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті әзірлеу мерзімін әзірлеуші мемлекеттік орган дербес өзі, осындай мерзім Құжат бекітілгенге дейін стратегиялық экологиялық бағалауды аяқтау және онда стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелерін ескеру мүмкіндігін қамтамасыз ету шартымен айқындайды.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеуші мемлекеттік органнан стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 59-бабына сәйкес мүдделі ретінде айқындаған барлық мемлекеттік органға бұл туралы хабарлайды, ал әзірлеуші мемлекеттік орган сол мерзімде мүдделі жұртшылыққа осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен бұл туралы хабарлайды.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп ресми интернет-ресурста орналастырылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын қабылдауды жүзеге асырады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеуші мемлекеттік органнан алынған стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтан келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, оның сапасы және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі экологиялық есептің қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын бағалау нәтижелері бойынша осы баптың 8-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қанағаттанарлық немесе қанағаттанарлықсыз сапасы туралы қорытынды шығарады.
Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасы қанағаттанарлықсыз деп танылған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысында есептің қанағаттанарлықсыз деп танылған аспектілерін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың алынған ескертпелері мен ұсыныстарына сілтеме жасай отырып нұсқау, сондай-ақ стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын қанағаттанарлық деп тану үшін оны пысықтау кезінде қабылдануы қажет шараларға қатысты ұсынымдар қамтылуға тиіс.
Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп қанағаттанарлықсыз деп танылған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган оны және қажет болған кезде Құжаттың жобасын пысықтайды және оларды осы бапта көзделген тәртіппен сапаға қайтадан бағалау жүргізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы негізінде сапасы қанағаттанарлық деп танылған стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп бар болған кезде ғана осы Кодекске сәйкес стратегиялық экологиялық бағалауға жататын Құжатты бекітуге жол беріледі.
11. Әзірлеуші мемлекеттік орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасы туралы қорытынды алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде осындай қорытындының көшірмесін ресми интернет-ресурста орналастырады және бұл туралы жұртшылыққа осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен хабарлайды.
58-бап. Құжатты стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке сәйкестігі тұрғысынан қарау
1. Стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп осы Кодекстің 57-бабының 10-тармағына сәйкес қанағаттанарлық деп танылғаннан кейін әзірлеуші мемлекеттік орган қажет болған кезде стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің тұжырымдарын ескере отырып, Құжатты пысықтауды жүзеге асырады.
2. Әзірлеуші мемлекеттік орган осы баптың 1-тармағына сәйкес Құжатты пысықтағаннан кейін Құжаттың жобасын қоғамдық тыңдауға шығарады.
Қоғамдық тыңдаулар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларына сәйкес өткізіледі.
59-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар
1. Құжатты іске асыру кезінде өздерінің функцияларын қозғайтын мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мүдделі мемлекеттік органдарға жатады.
2. Әрбір нақты жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Бұл ретте барлық жағдайда мүдделі мемлекеттік органдар қатарына міндетті түрде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, сондай-ақ өздерінің аумағы шегінде Құжатты іске асыру болжанатын әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары енгізіледі.
3. Құжаттардың жекелеген түрлері үшін міндетті түрде мүдделі мемлекеттік органдар қатарына жатқызуға жататын мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың тізбесі мұндай Құжаттарды әзірлеу және бекіту тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.
4. Мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар:
1) Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу;
2) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын айқындау;
4) Құжаттың жобасы бекітілгенге дейін оны осы Кодекстің 57-бабының 10-тармағына сәйкес сапасы қанағаттанарлық деп танылған стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке сәйкестігі тұрғысынан қарау кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың ескертпелері мен ұсыныстарын алу, қарау және ескеру процесін білдіреді.
5. Мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар осы бапқа және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Құжаттың әсеріне скрининг, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын айқындау барысында алған мүдделі мемлекеттік органдардың барлық ескертпесі мен ұсынысын, егер мұндай ескертпелер мен ұсыныстар экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген тиісті мерзімдер ішінде ұсынылса, қарауға міндетті.
Осы бапқа сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар қатарына жатқызылған мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар осы Кодекстің талаптарына және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес өз ескертпелері мен ұсыныстарын не олардың жоқ екені туралы хатты ұсынуға міндетті.
7. Мүдделі мемлекеттік органдармен осы бапқа сәйкес жүргізілген консультациялардың нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялардың хаттамасын жасайды, онда олардан алынған барлық ескертпе мен ұсыныс көрсетіледі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдарға стратегиялық экологиялық бағалаудың тиісті сатыларында олардың ескертпелері мен ұсыныстарының қалайша ескерілгені, сондай-ақ жекелеген ескертпелер мен ұсыныстардың ескерілмеу себептері туралы ақпарат беруге міндетті.
8. Мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялардың хаттамалары жұртшылықтың назарына осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдермен жеткізіледі.
60-бап. Мүдделі жұртшылықтың стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуге қатысуы
1. Мүдделі жұртшылық:
1) Құжат жобасына қатысты - стратегиялық экологиялық бағалаудың кез келген сатысында;
2) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттігіне немесе қажет еместігіне қатысты - осы Кодекстің 55-бабында көзделген сатыда;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті қамту саласына қатысты - осы Кодекстің 56-бабында көзделген сатыда;
4) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасына қатысты - осы Кодекстің 57-бабында көзделген сатыда;
5) Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсерлері мониторингінің бағдарламасына қатысты осы Кодекстің 63-бабында көзделген сатыда ескертулер немесе ұсыныстар білдіруге құқылы.
2. Әзірлеуші мемлекеттік орган қолда бар баламалар қатарынан шешімдердің нұсқаларын таңдау мүмкін болатын Құжаттарды әзірлеудің бастапқы кезеңінен бастап стратегиялық экологиялық бағалаудың барлық сатысында мүдделі жұртшылықтың осы Кодекс талаптарына және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әзірлеуші мемлекеттік орган мүдделі жұртшылықтың стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуге қатысуын:
1) мүдделі жұртшылықты айқындау;
2) мүдделі жұртшылықтың стратегиялық экологиялық бағалаудың барлық сатысында уақтылы және тиісті тиімділікпен ескертпелер мен ұсыныстар енгізуге мүмкіндік беретін ақылға қонымды мерзімдер белгілеу;
3) осы Кодексте көзделген жағдайларда мүдделі жұртшылыққа осы баптың 5-тармағында көзделген тәсілдермен хабарлау;
4) мүдделі жұртшылықтың сұрау салулары негізінде оған ақпарат беру;
5) мүдделі жұртшылыққа трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу жағдайларында оның консультациялар жүргізуге қатысу мүмкіндігі туралы хабарлау;